Сапар алдында құжат жоғалту саяхатшылар үшін ең қолайсыз жағдайлардың бірі. Ең ұқыпты жолаушылардың өзі жеке куәлігін немесе паспортын ең ыңғайсыз сәтте – үйде, қонақүйде немесе дәл ұшар алдында жоғалтып алуы мүмкін. Tengritravel.kz осындай жағдайда не істеу керек және жолаушыларда қандай мүмкіндіктер бар екенін білді.
Ішкі рейстер
Астана әуежайының баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстан ішіндегі рейстерде бұл жағдайдан шығудың жолы бар.
"Жолаушы eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады. Бұл деректер ресми түрде мойындалған және әуе компаниялары рейске тіркелу мен отырғызу кезінде құжатты қабылдайды", – деді әуежай өкілдері.
Осылайша, егер құжаттың өзі жоғалып кетсе, бірақ телефон жолаушының жанында болса, ел ішінде ұшуға кедергі туындамауы тиіс.
Халықаралық рейстер
Шетелге сапарларда жағдай қиынырақ. Көптеген бағыт үшін шетелдік паспорт шекарадан өтуге мүмкіндік беретін жалғыз құжат.
"Кейбір жағдайларда қолданыстағы виза да қажет. Паспорт болмаған жағдайда жолаушы рейске жіберілмейді, өйткені құжаттарды тексерусіз мемлекеттік шекараны кесіп өту мүмкін емес. Бұдан бөлек, баратын ел де паспорт пен (қажет болған жағдайда) визасыз жолаушыны кіргізбейді", – деп нақтылады Астана әуежайының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ресей мен Қырғызстанға қазақстандықтар жеке куәлікпен бара алады. Жақында мұндай мүмкіндік Арменияға сапарлар үшін де пайда болды. Дегенмен, кез келген жағдайда бірден әуежайдағы Lost&Found бөліміне хабарлап, әуе компаниясын ескерткен жөн.
Егер құжаттар шетелде жоғалса
Паспорт Қазақстаннан тыс жерде жоғалған жағдайда қиындықтар арта түседі. Мұндай кезде:
- Ең жақын консулдыққа немесе Қазақстан елшілігіне жүгіну керек.
- Жоғалғаны туралы хабарлап, қайтуға арналған куәлік рәсімдеу қажет. Бұл құжат Қазақстанға кіруге және тұрғылықты жеріне жетуге мүмкіндік береді.
"Паспорт Қазақстаннан тыс жерде жоғалған жағдайда азаматтар ҚР консулдық мекемесіне жүгінеді. Онда оларға Қазақстанға кіруге және ел аумағында тұрғылықты жеріне жетуге жарамды қайтуға куәлік беріледі. Келгеннен кейін қысқа мерзімде уәкілетті органдарға паспортты қалпына келтіру үшін жүгіну қажет", – деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тәжірибелі саяхатшылар құжат жоғалту дерегін жергілікті полицияда тіркетуді де ұсынады. Бұл жөніндегі анықтама жаңа құжаттарды рәсімдеу кезінде қажет болуы мүмкін.
Саяхатшыларға кеңес
Астана әуежайында сапар алдында барлық қажетті құжаттың бар-жоғын алдын ала тексеріп, оларды сапар барысында сенімді жерде сақтаудың маңызына назар аударды.
Тәжірибелі саяхатшылар мынадай кеңестер береді:
- құжаттарды ақшадан және техникадан бөлек сақтау;
- паспорттың көшірмесін және суреттерін жасау;
- барған елдегі Қазақстан консулдықтарының мекенжайы мен байланыс нөмірлерін алдын ала біліп алу.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!