Үстірт қорығында сирек кездесетін итаю фотоға түсірілді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми парақшасына сілтеме жасап.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкері А.Пулатов Қазақстанның шектеулі аумағында ғана кездесетін сирек жыртқыш — итаюды (Mellivora capensis) фотоға түсіріп алған.
"Итаю Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Үстіртте терең шатқалдарды, карстық қуыстарды, сайлар мен өсімдіктері әртүрлі учаскелерді, соның ішінде сексеуіл, баялыш және қараған өскен жерлерді мекендейді. Бұл жануар негізінен ымырт пен түнде белсенді, бірақ қыста күндіз де аңғарылуы мүмкін. Итаю жылына бір рет көбейеді, ал суық күндерде қысқа мерзімді ұйқыға кетеді", - делінген хабарламада.
Қорық қызметкерлерінің жұмысы арқасында итаю сияқты сирек кездесетін жануарлар туралы жаңа деректер анықталып жатыр. Бұл Үстірт қорығының биоалуантүрлілікті сақтау ісіндегі маңыздылығын көрсетеді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!