2025 жылғы 14 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірінде 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Толық ақпаратты Көлік министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, модернизация және реконструкция жұмыстары аясында вокзал ғимараттарын қалпына келтіру мен жөндеу, сондай-ақ, инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары атқарылмақ.
"Жөндеу жұмыстары аяқталған соң вокзалдардың өткізу қабілеті артып, заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйелер мен арнайы сервистер пайда болады деп күтіледі", – деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар арасында жоғары сұранысқа ие туристік локацияларда орналасқан 21 теміржол вокзалы да жөндеу жұмыстарымен қамтылды.
"Ірі қалалардағы вокзалдармен қатар, елді мекендер мен шалғай аудандарда орналасқан нысандарды да қамтыдық. Мәселен, Шығыс Қазақстан өңіріндегі барлық 5 вокзал, Ақмола облысында – 16, Атырау облысында – 9, Алматы облысында – 5, Ақтөбе облысында – 7, Абай облысында – 10, Жетісу облысында – 8, Батыс Қазақстан өңірінде – 4, Қарағанды облысында – 11 және басқа да өңірлердегі вокзалдар да жаңартылады", – деді көлік вице-министрі.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!