16 қазан 2019 09:47

Экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте не айтылды?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© akorda.kz © akorda.kz

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтер баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Мемлекет басшысының пікірінше, стратегиялық бағдарламаларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті - халықтың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады.

Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, "Қазақстан-2050" Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты.  

Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда сараптамалық жұмыстарды түбегейлі күшейту керек екенін атап өтті.

Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.

"Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы - 1,5 есеге, 2025 жылы - 2 есеге арттыруы қажет", - деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 саланы қалыптастыру керек екенін айтты.

"Индустриаландыру барысын жергілікті және шетелдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустриаландыру идеясының беделіне нұқсан келтіруге болмайды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.

"Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ  мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әрекеттерін үйлестірудің жеткіліксіздігі - жүйелі проблемалар болып саналады", - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірлерінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін дамытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ, экономиканың барлық салаларында ұлттық тауарларды жеткізу жүйесін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.

"Бізде экспортқа қолдау көрсететін негізгі 3 оператордың, атап айтқанда, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "KazakhExport" ұлттық компаниясы және QazTrade компаниясының көптеген тетіктері бар. Экспортқа қолдау көрсетудің барлық шараларын "бірыңғай терезеге" біріктірудің қажеттілігі жөнінде айтып жүрміз. Мен Үкіметке шетелге тауар шығарушылар арасында кәсіби сауалнама жүргізіп, проблемалық тұстары мен қордаланған мәселелерді анықтауды, осының негізінде мемлекеттік қолдаудың тетіктерін қалыптастыруды тапсырдым. Сіздер ұйымдастырушылық шешімдер де қабылдайды деп сенемін", - деді Президент.

Мемлекет басшысы фискалды саясат жөнінде айта келе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайту қажет деген пікір білдірді. Дегенмен оған аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана жүгіну керек екенін айтты.

"Үкімет бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне назар аударуы қажет. Ұлттық банк Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың түсімін арттыру мақсатында қаражатты басқару жолдарын қайта қарастыруға міндетті. Активтерді дұрыс басқару Ұлттық қордың көлемін айтарлықтай арттыра алады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.

"Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр секторының 50 пайыздан астамы - банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек", - деді Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредиттік саясат Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл өз кезегінде нарыққа қатынасушылар мен тұрғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттардың алдын алады.

Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

"Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімділік өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент негізгі басымдықтар мен қабылданған шешімдер өз дәрежесінде іске асса, экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасын арттыруға, сонымен қатар, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети