13 желтоқсан 2018 21:33

Отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесі өміршеңдігін дәлелдеді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін, 13 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: қорытындылар, сын-тегеуріндер, даму келешегі" тақырыбында дөңгел үстел ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Бүгін, 13 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл: қорытындылар, сын-тегеуріндер, даму келешегі" тақырыбында дөңгел үстел ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"БЖЗҚ" АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева өзінің кіріспе сөзінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жемісті жұмыс істеп жатқандығын және даму келешегі айқын екендігін атап өтті.

"2018 жылдың 1 желтоқсанына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылар мен алушылардың 10 миллионнан астам жеке зейнетақы шоттары ашылған. Оларда 9,1 триллион теңге сомасында зейнетақы жинақтары шоғырландырылған. Жүйе іске қосылғаннан бері оған зейнетақы жарналары ретінде барлығы 6,6 триллион теңге аударылды. Ал төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударылған жинақтардың жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрады. Жинақтардың үштен бірінен астамы салымшылар мен алушылардың шоттарына инвестициялық басқарушылардың күшімен инвестициялық табыс ретінде келіп түскен", - деп статистика келтірді Нұрбибі Наурызбаева.

Сондай-ақ, дөңгелек үстелде заманауи жинақтаушы зейнетақы жүйесі алдында ашықтық, инвестициялық табыстылық мәселелерімен қатар, Қазақстан үшін өзектілігі артып жатқан бірқатар сын-тегеуріндер жайлы айтылды. Бұл халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне барынша тарту, сонымен қатар жоғалтқан еңбек табысының орнын басу коэффициентін арттыру.

Жиын барысында Қазақстанда өмір сүру ұзақтығының туралы статистикалық мәліметтер айтылды. БЖЗҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаеваның мәліметінше, 2017 жылғы мәліметтер бойынша, өмір сүру ұзақтығының орташа жасы 73 болса, оның ішінде ер адамдар - 69 жас, ал әйелдер арасында - 77 жас екен. 

Ал БЖЗҚ-ның шетелдік мамандарды тартуымен жүзеге асырылған зерттеуіне сәйкес, зейнетке шыққан ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы 81 жас болған, яғни зейнетке шыққаннан кейін 18 жыл, әйелдер арасында болса 82,2 жас немесе зейнетке шыққаннан кейін 24 жыл. 

Мұнымен бірге, отырыста 2017 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ның сараптамасына сәйкес, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі зейнетақы төлемдерін алушылардың орташа ауыстыру коэффициенті 43 пайыз болғаны айтылды. Мұнда базалық және ортақ зейнетақы ескерілген. Жинақтаушы құрамдауыш есебінен ауыстыру коэффициентін ұлғайтуға 2020 жылдан бастап енгізілетін шартты-жинақтаушы құрамдауыш - жұмыс берушілердің өз жұмыскерлерінің пайдасына аударатын 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары елеулі түрде ықпал ете алады.

Көтерілген мәселелердің тағы бірі зейнетақы активтері табыстылығының өсу қарқыны болды. Қордағылардың мәліметінше, бұған зейнетақы активтерін басқару сапасының артуы ықпал еткен. 

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Зейнетке шығу барысында инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына мемлекет кепілдік берген.

ҚР Ұлттық банкі 2016 жылдан бастап, зейнетақы активтерін инвестициялық басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізді. Инвестициялық декларация жаңартылды, зейнетақы активтері инвестициялануы мүмкін деген қаржы құралдарының мінездемелері нақтыланды. Бұл ретте қаражатты басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыты мен қаржы құралдарының түрлерін айқындау - 2016 жылдан бастап, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңеске жүктелген.

Соның арқасында зейнетақы активтерін басқару сапасы едәуір артқан. Сәйкесінше зейнетақы активтерінің табыстылығы инфляция деңгейінен жоғары болып жатыр. Бұл қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемін, сәйкесінше Қордан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға септігін тигізіп жатыр. 

Портфельді одан әрі әртараптандыру және табыстылықты арттыру мақсатында активтердің бір бөлігі сенім білдірілген сыртқы басқарушыларға кезең-кезеңмен беріліп жатыр. 

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушы сарапшылар Қазақстанның бұдан 20 жыл бұрын зейнетақы реформасын жүргізуі қоғам және экономика үшін маңызды қадам болғанын атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, осы өткен 20 жыл бойында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халықтың әл-ауқатын арттыру жолында өз жолын тауып, қоғамның айнымас бөлігіне айнала білді.

Сонымен қатар, бүкіл әлем елдерінің жинақтаушы зейнетақы жүйесі форматына өтіп, жаңа сатыға көтерілгендіктен бұл жүйені одан әрі дамыту қажеттілігі айтылды. Жүйенің табыстылығы көп жағдайда елдегі экономикалық ахуалға тәуелді екендігі белгілі. Өйткені экономиканың нақты салаларының өсуі еңбек өнімділігі мен халық табысының артуына септігін тигізеді дейді сарапшылар.

Айта кетейік, БЖЗҚ бастамасы бойынша ұйымдастырылған форум-кеңес түріндегі шараға Қор қызметкерлері және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының өкілдері, сондай-ақ кәсіподақтар, кәсіпкерлер палатасы мен жүйенің бастауында тұрған тұлғалар, жетекші сарапшылар, саясаттанушылар, экономистер, БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелері, журналистер және салымшылар қатысты.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети