Арнайы жоба

Журналистер шатыр жамауы тиіс емес. Әлде тиіс пе? Tengrinews өз кейіпкерлеріне көмектесе алды ма

Журфакта жаңа келген студенттерге әдетте ең алдымен айтылатын нәрсе: «Журналистер шатыр жамауы тиіс емес». Мұның мәні – журналистиканың міндеті ақпаратты жинау және тексеру, оны түсінікті әрі пайдалы материалға айналдыру, түсіндіру, талдау, бірақ көмек керек болған барлық адамға жеке барып көмектесу емес.

Адамдар, шатырлар және журналистер


Неге дәл шатыр? Себебі 1990-2000 жылдары (ал Кеңес заманында журналистиканың міндеттері өзгеше болды) журфактың бірінші курс студенттерін осылайша үйрететін. Ол кезең – үлкен әлеуметтік бейберекетсіздік пен дағдарыс уақыты еді. Бұрынғы кеңестік елдер дәл сол Кеңес Одағының күйреуінен кейін ес жиып алуға тырысып жатқан. Мәселелер өте көп болды, олар жайлы жаза беруге тура келетін, соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары жаппай ағып жатқаны туралы да.

Редакцияларда көмек сұраған зейнеткерлер, әже-аталар мен басқа жастағы адамдардан құралған тірі кезек пайда болатын. Оларды алаңдатқан мәселелер –«зейнетақыны кешіктіріп жатыр»; «ауруханаға жатқызбайды»; «емдеуге ақша жоқ»; «ПИК (КСК) шатырды жөндемейді – пәтерде тізеден су».

Сонымен қатар, көбіне дәл БАҚ ең көп негативті, хейт пен талап–арызды қабылдайтын әрі қазір де қабылдайды. Бірақ қиындықтарды туындататын журналистика емес, олар – жинақталған және шешілмеген проблемалардың салдары; журналистика тек оларды көзге көрінетін етеді, диагноз қояды.

Ал неге шатырды жамауға жапа–тармағай кіріспеу керек? Біріншіден, журфактарда оған үйретпейді, екіншіден, тілші бәріне жеке көмек көрсете алмайды. Оның жұмысының мәні – мәселені тіркеу (мәселе аталып айтылмайынша, ол жойылмайды), себептерін анықтау, жауаптыларды белгілеу және сол жауаптылар ақыры бәрін түзетуі үшін соны жазу.

Содан бері біраз нәрсе өзгерді: шатыр мәселелері азайды, бірақ басқалары әлі көп. Енді оқырмандар редакцияға «аяқтап» келмейді, әділетсіздік туралы шағымдарын редакциялық WhatsApp-чаттарға жазады. Және кәсіби ортада журналистиканың пәрменділігі жөнінде пікірталастар баяғыдан бері жүріп келеді.

Анықтама: Журналистиканың пәрменділігі– журналистік материалдың қоғамға, мемлекеттік органдарға, ұйымдарға немесе жекелеген адамдарға нақты ықпал ету қабілеті. Ол жарияланым –заңдар немесе билік шешімдерінің өзгеруі, бизнес пен әлеуметтік институттардың реакция танытуы, қоғамдық талқылау немесе зардап шеккендердің көмек алуы сынды нақты нәтижеге әкелгенде көрінеді.
Қазір қалыпты ұстанымға айналды: егер жарияланымнан кейін нәтиже болса (өзгерістер, сондай–ақ адамдарға көмек), демек, БАҚ жұмысы қоғамдық тұрғыда маңызды әрі тиімді – ол тек хабарлап қоймай, өмірге әсер етеді.

Биыл Tengrinews.kz-ке 15 жыл. Қоғамда, өмірде, тұрмыста болған барлық өзгерістер біздің көз алдымызда өтті. Біз де өзгердік – редакциялық телефондарды вацапқа алмастырдық, 2010 жылы әртүрлі тақырыпта жазсақ, 2022 жылы әрқалай жаздық, қателестік және түзеттік.

Осы уақыт ішінде сайтта 445 000 материал жарияланды. Солардың арасында адам тағдыры мен қайғысы туралы мыңдаған оқиға болды, және көп ретте сол жарияланымдардан кейін ол қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік туды.

«Бізге не боларын білмедім…»



АВТОР

Юлия Сарачакова

Біздің командамызда 10 жылдан бері продюсер Юлия Сарачакова жұмыс істейді. Біз оны «блистательная Юлия Владимировна» дейміз, ал жеделдік үшін (біз жаңалық жасаймыз ғой) – жай ғана ЮВ деп атаймыз. Продюсер – журналистерге ақпарат жинауға көмектесетін, фактілерді тексеретін, қолы жетпейтін шенеуніктердің байланыстарын табатын (ЮВ–да бүкіл әлемнің телефон нөмірлері бар сияқты) және кейіпкерлерді іздейтін адам. Сіз Tengri–де оқыған көптеген кейіпкерді дәл осы Юлия Владимировна тапқан, әрі сол адамдардың көбіне шын мәнінде көмек көрсетілген.
«Біз мұны істеуге тиіспіз бе?» Бұл әлі де пікірталас тудыратын сұрақ – ресми түрде, әрине, жоқ. Журналистика көмек көрсетуі тиіс пе дегенде ЮВ бірден бұл өте күрделі тақырып екенін мойындайды. Бұған талас жоқ. «Көмекке мұқтаж кейіпкерлер туралы материал жариялау – әрдайым үлкен жауапкершілік. Редакцияға кейде алдап–арбағысы келетін, пайда тапқысы келетін, компромат арқылы бизнес–мүддесін шешкісі келетін адамдар да жиі жүгінеді. Әрбір жағдай тексеруді, фактчекингті, зерттеуді қажет етеді және тәуекелдермен келеді», – дейді ол.
«Бірақ бәрі адал болса және біз жарияланымымызбен жағдайға ықпал етіп, мәселені шеше алсақ – қалай көмектеспейміз?» – деп бірден қосады біздің продюсер және осы кәсібіміздің пайдалы екенін аса айқын сездірген бір оқиғаны еске алады.
Қазақстандық ерлі–зайыпты Дарья мен Иван Васильевтер 2018 жылы Түркияға демалуға барған. Дарья жүктіліктің 24-аптасында болатын. Бөтен елде оның толғағы ерте басталып кетеді. Ауруханаға бара жатқанда Қемердегі жанармай бекетінің әжетханасында Иванның босандыруымен қыз бала дүниеге келеді. Одан кейін анасы мен сәби Анталиядағы клиникалардың біріне жатқызылды. Бірақ кейін ерлі–зайыптылар Алматыға қайтуға мәжбүр болып, бала Түркияда қалады.
Иван мен Дарья Васильевтер түрік клиникасындағы қыздарына барған сәт, 2018 жыл. Фото кейіпкерлердің өздері ұсынған.
«Бұл оқиға олар үшін мүлде күтпеген, өте драмалық жағдай болды, – деп еске алады продюсеріміз Юлия Сарачакова. – Олар мұндай болады деп ойламаған, қыздары мерзімінен әлдеқайда ерте дүниеге келеді деп күтпеген. Бір қуанарлығы – түрік дәрігерлері сәбиді аман алып қалды. Бірақ сәбиге әрі қарай өте қымбат реабилитация қажет болды: 20 мың доллардан астам қаржы төлеу керек еді. Төленбесе, баланы ата-анасына бермейтін, яғни ата-анасы емнің ақысын өтей алмағандықтан, қыз Түркиядағы жетімханаға жіберілуі мүмкін еді. Олар мүлде абдырап, не істерлерін білмеді. Мен баланың анасымен тұрақты байланыста болдым. Біз бұл тақырыпта бірнеше мақала жариялағаннан кейін, аты-жөнін жарияламауды қалаған бір адам түрік клиникасына 20 мың доллар аударды», - деді ол.
Нәтижесінде баланы ата–анасына қайтарды. Юлия Владимировна әлі күнге дейін сол қыздың анасы Дарьямен хабарласып, бір–бірін мерекемен құттықтап тұрады.
«Ең қуаныштысы –біздің жұмысымыз, жариялаған материалдарымыз біреудің өмірін жақсы жаққа өзгерткен сәт. Әлгі қыздың оқиғасындағыдай, жұмыстың нәтижесін көргеннен артық бақыт жоқ, –дейді продюсеріміз. –Қыз қазір ата-анасының қасында. Иә, денсаулығында қиындықтар бар. Бірақ біз анасы Дашамен сөйлескен сайын ол: «Мен өмірімді бұл баласыз елестете алмаймын. Ол – өмірімнің мәні. Сіздердің көмектеріңіз үшін қатты ризамын, жәрдемдеріңіз болмағанда жағдайымыз не боларын елестете алмаймын», –дейді.

«Сенімнің, бірліктің және мейірімнің көрінісі»


Тағы бір бақытты аяқталған оқиға – біздің ЮВ жұмыс істеген – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, 76 жастағы Какен Қамзин туралы материал.

Ол алаяқтардың құрбаны болып, пәтерінен және барлық жинаған қаржысынан айырылды. Кибералаяқтар белгілі схема бойынша жұмыс істеген: оның дербес мәліметтерін қолға түсіріп, жинағанын шешіп алып, оларды «қорғау үшін» арнайы шотқа аударуға сендірген, содан соң оның атына рәсімделген «кредитті жабу үшін» баспанасын сатуды талап еткен.

Психологиялық қысымның әсерімен ақсақал мәміле рәсімдеп, түскен 31 миллион теңгені курьерге беріп жібереді. Ол алаяқтыққа түскенін өзінің пәтеріне полициямен бірге жаңа қожайындар келгенде ғана білген.

Осыдан кейін студенттер қаражат жинауды ұйымдастырып, профессордың пәтерін сатып алған отбасыға бір айға пәтер жалдап берді – алаяқтар тек Какен Қамзинді ғана емес, екінші тарапты да алдап соққан. Жалпы шығын 38 800 000 теңгені құрады.
Фото: facebook.com/kaken.kamzin
Бұл жағдайды біз 8 тамызда егжей–тегжейлі баяндадық, ал 11-і күні бір қайырымды адамның Какен Қамзинге 23 миллион теңге сыйлағаны белгілі болды. Ал студенттері тағы 9,5 миллион теңге жинады.
«Профессор Қамзинге келсек, – дейді Юлия Сарачакова, – өкінішке қарай, аға буын қазіргі таңда алаяқтардың алдында қорғансыз. Адамгершілік тұрғысынан да бұл кісіге қатты жаным ашыды: жасының ұлғаюында пәтерсіз, көшеде қалуы мүмкін еді. Жақсы болғаны – сондай адам табылып, тағы да анонимді түрде келіп, жетпей тұрған 23 миллионды төлегісі келетінін айтты. Бұған қатты қуандым».
Қайырымды адамның профессордың басына түскен ауыр жағдайды қалай білгені – біздің порталдағы жарияланымды көрді ме, әлде әлеуметтік желіден жинау туралы ақпаратты көрді ме – нақты белгілі емес, әрі, маңызды да емес. Дегенмен оның қызы ақпараттық қолдау үшін редакцияға алғыс айтты. Бірақ бұл оқиға басқа дүниені көрсетті. Ол туралы – Какен Қамзиннің өзі өте жақсы айтып берді:
«Бұл жай ғана материалдық көмек емес, нағыз сенімнің, бірліктің және мейірімнің көрінісі… Енді біз бүкіл соманы сатып алушыға қайтарамыз және үйді атыма қайта рәсімдеуді бастаймыз», – деп жазды ол Facebook–та қаржы жинаудың тоқтатылғанын хабарлап.

Жұмыстың мәні бар кезде



АВТОР

Әсел Сатаева

Әсел Сатаева — Tengrinews.kz–тің төзімді қызметкері. Редакцияның іргетасы қаланған кезден жұмыс істейді, соңғы бірнеше жылда – өңірлік тілшілер желісінің шығарушы редакторы, яғни Қазақстанның өңірлеріндегі тілшілеріміз дайындаған материалдарды үйлестіреді және жариялайды.

Шығарушы редактор – шынын айтқанда, оңай жұмыс емес. Бұл нағыз ауысым: таңертең ерте жаңалықтарды оқуға кірісесің, ал сыртта қараңғы түскенде барып аяқтайсың. Жарияланғанның бәріне жауаптысың.
Кейде – әсіресе төтенше жағдай, өрт, тасқын, шабуыл, яғни әдеттен тыс оқиға болған күндері – тамақ ішуге ғана емес, тіпті дәретханаға баруға да уақыт жоқ. Оқырманды жедел ақпараттандыру керек, олар күтеді. Қаласаң да, қаламасаң да – барлық трагедияны өзіңнен өткізуге тура келеді.
«Осы уақыт ішінде мен адамдар, тағдырлар, олардың проблемалары туралы өте көп оқиға естіп, көрдім. Және олардың басым бөлігі үлкен қалалардың қарбаласында көзге ілінбей қалады. Біз шағын ауылдар мен кент тұрғындарының мәселелері туралы – олардың таза сусыз өмір сүретіні немесе дәрі–дәрмек пен азық–түлік үшін ондаған шақырым жүретіні жайлы – жазғанда, бұл жай ғана ескертпе жолдары емес. Бұл – көмек туралы айқай–аңсар, ол материал шыққаннан кейін биліктегілерге естіледі деп әрдайым үміттенемін», – дейді Әсел журналистиканың пәрменді болуы тиіс пе деген сұраққа жауап бере отырып. – «Көбіне осындай жарияланымдардан кейін көптен күткен шешімдер қабылданып, жол жөнделеді, жарық тартылады, жаңа әлеуметтік нысандар ашылады».
Олжурналистерді –қолдауға мұқтаждар мен оны көрсете алатындардың арасындағы дәнекер деп атайды: «Және бір өмір бір мақаланың арқасында жақсарса, демек, біздің жұмысымыздың шынымен мәні бар».

Әселдің жанын ерекше толқытқан бір оқиға бар – қарағандылық Лилия Мансурова туралы.

Жас әрі сұлу қыз Лилия өз қаласында волонтер болып, ата-анасы бас тартқан, түрлі дерттері бар арнайы интернаттағы балаларға көмектесіп жүрді. Ол олар үшін қайырымдылық көмектер мен мерекелік шаралар ұйымдастыратын. Жыл сайын Жаңа жылда Ақшақар кейпінде сол интернатқа келіп, достарының арасынан Аяз ата болуға дайын адамды табатын. Олар бірге балаларды құттықтап, сыйлықтар тарататын. Лиля мен оның серіктестері дәл солай 1 қыркүйек қарсаңында да акциялар өткізіп, балаларды мектепке дайындады. Лиля өмірін осылай өткізіп, қолдан келгеннің бәрін жасап көмектесуге тырысты.
Лилия Мансұрова. Фото материал кейіпкерінің өзі ұсынған.
2021 жылы оның онкологиялық ауруы бар екені анықталды.
«Есімде, біз материал жасадық. Бұл Ренат Ташкинбаевтың материалы (Tengrinews.kz–те көп жыл еңбек еткен белгілі репортер – ред. еск.). Мақала «Жақсы қыз Лиля. Ол өзгелерге көмектесті, енді оған көмектесу керек» деп аталды. Лилияның Кореядағы еміне қаражат қажет болды. Адамдар қолдарынан келгенінше ақша жинады», – дейді Әсел.
Осыдан кейін Лилия Мансұрова ремиссияға өтті, қазір бәрі жақсы, дейді Әсел:
«Біз Ренат екеуміз онымен кездескен де едік. Ол – мақаланың авторы ретінде, мен де материалдар жасадым. Ол бізді үйіне шақырды. Және – осылайша бірнеше материалдың үлкен рөл атқарғаны үшін шексіз алғыс айтты. Әрине, ол оған 100 теңге, мың теңге және одан көп, аз аударған барлық оқырмандарға да алғысын білдірді».

«Алла разы болсын сізге»


Жуырда Әсел павлодарлық тілшімізбен бірге ауыр науқас ұлымен бірге тұратын Гүлзат Ихсанова туралы мақала жариялады. Аль–Таир Ихсанов дүниеге келген алғашқы күндерінен бастап өмір үшін күресіп келеді. Босану кезіндегі жарақаттар оны инсульт пен миокард инфарктісін қоса алғанда, жиырмаға жуық диагнозға әкелген.

Ол әрбір секунд сайын жантүршігерлік ауырсынуды басынан өткереді және тек анасымен бірге ғана өмір сүріп келеді. Гүлзат қашықтан екі жерде жұмыс істейді, бірақ табысының дерлік бәрі емге кетеді. Ақша үнемі жетпейді. Ол микрокредит алады, сосын алдыңғысын жабу үшін тағы бірін алады. Жиі әлеуметтік желілер арқылы қайырымды адамдардан көмек сұрауға мәжбүр болады. Жиналған әр теңге үшін павлодарлық ана Instagram–парақшасында түбіртектер мен құжаттарды қоса тіркеп, есеп береді.
Гүлзат Ихсанованың фотосы
Тамызда ол ұлының емделуіне кеткен шығындардың толық есебін жариялады.
«Менде бес микрокредит бар, сәуірде 224 мың теңге алдым, әр он күн сайын төлеу мерзімін ұзартамын. Мамырда тағы 210 мың теңге пайызбен алдым, төлеу мерзімдері өтіп кетті. Қазір микрокредит бойынша қарыз –жарты миллион теңгеден асады. Тағы дерлік екі миллион теңге кредит қарызым бар. Ай сайын мүгедектігіне берілген 10 миллион теңге тұратын пәтердің ипотекасын төлеймін. Плюс коммуналдық төлемдер», – деп егжей–тегжейлі жазды Гүлзат.
Ол бұл қадамға қайырымдылық пен қаржы жинауларына көлеңке түсірген жанжалдар тізбегіне байланысты барды: «Перизат Қайрат» ісі, сондай-ақ соншалық дабыралы болмаса да, көпшілікке белгілі Астанадағы ата-аналарға қатысты іс –олар баласын емдеуге 1 млрд теңгеден аса қаражат жинаған. Емнің ақысын өтегеннен кейін қалған ақшаны сән-салтанатқа, жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға, тіпті букмекерлік бәстерге жұмсаған.

Өз есебімен Гүлзат оның миллиардтар жинамайтынын, дәл сол секілді қымбат терапия қажет балалардың ата–аналарының көбісі де олай істемейтінін атап көрсеткісі келді.
«Шын мәнінде, оның баласы енді жүруге де, қозғалуға да қабілетті бола алмайды, бірақ соған қарамастан ол ұлын қатарға қосудың бір жолын табуды көздейді. Біз осы қайсар әйел туралы, жүрегі мықты бала туралы жаздық, ол да өмір үшін тырмысып келеді, – деп бөліседі жарияланымды әзірлеген Әсел. – Гүлзат үйінде тұтас реанимациялық бөлме жасап, ұлын қарап–қағып отырғанын, оны жалғыз тәрбиелейтінін айтқан. Ақшаның жетпейтіні түсінікті, сол себепті ол қарыз бен кредитке көміліп қалған. Соған қарамастан, ешқашан шағымданған емес, бірдеңе талап еткен де жоқ – тек осының бәрін нәзік иығымен қалай көтеріп жүргенін баяндады».
Tengrinews.kz–те материал шыққаннан көп ұзамай Гүлзаттың қарыздарын жабуға көмектескені белгілі болды. Ол мұны редакцияға өзі хабарлады:
Скриншот из переписки

«Мен өзім соншалық шабыттанып, олардың жасағына кірдім»



АВТОР

Иван Сухоруков

Иван Сухоруков – тамаша тілші, ол Астананың (сол жерде тұрады) іргесіндегі ауыл-аймақтар мен Қазақстанның қиыр-қиырына сапар шегіп, өмір, ритм, айшықты детальдар мен нағыз адам тағдырлары бар репортаждар әкеледі.

Биыл ол іздеу–құтқару жасағы «Асар» жұмысы туралы репортаж түсірді. Бұл – Қазақстанның із–түзсіз жоғалған адамдарын іздеумен айналысатын волонтерлері. Жалақысыз, марапатсыз. Күндіз–түні, тәуліктің кез келген уақытында істейді.
Ванямен сұхбатта волонтерлер тәжірибелерімен бөлісіп, іздеу барысында болатын жағдайларды – трагедиядан шабыттандыратын сәттерге дейін – баяндады. Сондай–ақ өздеріне қатты жетіспейтіні – дәл сондай волонтерлер, адамдар екеніне назар аудартты.

Журналист материалға сол сәтте ішінде шамамен 30 адам бар WhatsApp–топқа сілтеме қосты. Осыдан кейін олардың қауымдастығы 10 есе өсті. Енді әр апта сайын жедел түрде кез келген сәтте іздеуге шығуға дайын жаңа волонтерлер қосылып отырады.
«Жаңа келген көптеген волонтер топта тура осылай жазды: «Мен бұл қозғалыс туралы Tengrinews жарияланымдарының арқасында білдім», «Мен де солай білдім», – деп шабыттана әңгімелейді біздің тілші Ваня Сухоруков. – Адам қанша көп болса, соғұрлым жақсы – мысалы, олар бөліне алады. Орман алқабын «тазалап» сүзгілеу сияқты іздеулер болады – мұндайда ештеңе назардан тыс қалмауы үшін өте көп волонтер керек. Бір ұзын желі болып тұрып, алға жылжисың. Ол үшін команданың үлкен болғаны аса маңызды. Жарияланымның арқасында команда соншалық өсті, енді олар көп волонтер қажет іздеулерге шыға алады».
«Асар» жасағы туралы видеорепортаждан кадр – журналистер волонтерлермен бірге іздеуге қатысып жатыр
«Одан да маңыздысы, сол түні ол операторымен бірге «Асар» жігіттерімен түсірілімге шыққанда, олардың еңбегінен соншалық әсер алып, командаға қосылғысы келген».
«Әрине, олар қарсы болған жоқ. Анкета толтырып, мені жоғалған адамдар жөніндегі барлық шұғыл іздеу хабарламалары жіберілетін топқа қосты. Енді қолым босаған, іздеу де қажет сәт тоғысқанда, жолға шығуға дайынмын. Жігіттердің «жаңадан келгендерге жол болады» деген ырымдары бар: іздеуге жаңалар қосылған күндері іздеген адамның бірі міндетті түрде табылады дейді. Біз біреуді табамыз деп үміттенемін».

«Енді мен өмір сүргім келеді»


Біздің әріптестеріміздің әрқайсысының сөзді іске айналдырған осындай тәжірибесі мен жарияланымдары бар.

Мәселен, 2024 жылдың соңында редакция Жетісайдағы жеті жасар бала туралы жазды. Жергілікті тұрғындар оны көшеде көрген – жалғыз өзі үлкен арбаны итеріп бара жатыр екен. Бала мектепке бармайтыны және құжаты жоқ екені анықталды. Балаға көмектесу және ата-анасының жағдайын түсіну үшін біз мемлекеттік органдарға жүгіндік. Оның кішірек інісі бар екені, әрі оның да құжаты жоқтығы белгілі болды. Бірқатар жарияланымнан кейін әлеуметтік қызметтер анасын тауып, балаларды уақытша орналастыруға арналған арнайы мекемеге жеткізді. Анасына құжаттарын рәсімдеуге уақыт берілді. Нәтижесінде балалар туу туралы куәліктерін алып, біраз уақыттан соң аналарына қайтарылды.

Құжат мәселесі ақтөбелік 72 жастағы зейнеткер Валентина Бердинада да болды. Бір кезде оның кеңестік үлгідегі паспорты болған, бірақ ол құжатты жоғалтып алып, қайта қалпына келтіре алмаған. Осылайша құжатсыз 20 жылдан аса өмір сүрді: әуелі жұмысқа тұра алмады, кейін зейнетақы рәсімдей алмады. Қарт әйел ескі үйде тұрды, қарыздарына байланысты онда жылу да, электр де болмады. Көршілер мен волонтерлер көмектесіп, азық-түлік жеткізіп тұрған.

Әжей туралы материал 50 мыңнан астам қаралым жинап, үлкен резонанс тудырды. Волонтерлерге хабарласып, көмектескісі келетіндер көбейді. Қазақстандықтар бүкіл ел болып әжейдің электр энергиясы бойынша қарызын жапты, содан кейін жарық қосылды. Сондай-ақ оған электр шәйнек пен жылытқыш сыйға тартылып, көп азық-түлік әкелінді. Сол кезде әжей былай деген еді:
Фото Tengrinews.kz
«Қазір маған бәрі көмектесіп жатыр. Бұрын мен әрдайым жалғыз болатынмын, орындыққа жайғасып, отыра беретінмін. Жауап қатқандарға рақмет. Енді мен өмір сүргім келеді».
Ал, 2025 жылдың басында Валентина Бердинаға жеке куәлік берілді. Ол зейнетақы рәсімдеп, үйіне газ қосуды бастады.

Редакция үшін қымбат бір материал ертеректе – 2017 жылы шықты. «Астананың Жақсылық клубы» онкологиялық дертке шалдыққан баланың арманын орындады. Волонтерлер Захиддин Мухатдинов есімді баладан хат алып, оның видеоблогер болуды және танымал вайнер Territima-мен (Темірхан Асылбек) кездесуді армандайтынын білген. Ол кезде Захиддин анасы екеуі екі жыл бойы Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының онкология бөлімшесінде ем алып жүрген.

Арман орындалды. Біздің тілшілер балақайдың кумирімен кездесуін түсіріп алды. Бейнероликте Захиддин бұл тосын сый үшін бәріне шын жүректен алғыс айтады. Біраз уақыттан соң оның анасы біздің тілшімен хабарласып, ұлының өмірден өткенін айтты. Бірақ оның айтуынша, өте маңыздысы – ұлы туралы естелік қалды: бақытты жымиып тұрған бейнекадрлар.

БАҚ-тағы жариялылық кейде тек адамдардың жеке мәселелерінде ғана емес, тұтас қоғамға, ұйымдарға, тіпті жануарларға да көмектеседі. 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде Алматыдағы Көк-Төбе жанындағы питомник қызметкерлері нысанға кіре алмай, жануарларды – Қазақстан үшін сирек және экзотикалық түрлерді қоса алғанда, ондаған түрді – төрт күн бойы азықтандыра алмады. Сол кезде питомник иесі Мария Нестеренко редакцияға жүгінді:
«Жануарлар азықсыз, сусыз отыр. Егер ғимараттарда жарық өшірілсе, онда жылусыз да қалады. Қандай күйде екенін білмейміз және ол жерге бара алмаймыз. Паркке жақындасаң оқ атады, бүкіл периметр бақылауда. Террористер телемұнараны бірнеше рет басып алуға талпынған, енді күш құрылымдары ешкімді өткізбейді, ал жануарлар жем-шөпсіз қалды».
Төрт күннен кейін қызметкерлер рұқсат алып, питомникке кірді. Барлық жануар тірі екен.

Біз журналистиканың пәрменділігі және редакция үшін шынайы нәтижені не деп санауға болатынын Tengrinews.kz ақпарат қызметінің директоры, бас редактор Олжас Мұрзағалиевтен де сұрадық. Ол – расында, ешқашан ұйықтамайтын адам сияқты көрінеді: түнгі бірде де, таңғы алтыда да байланыста. Оқиғалар уақыт таңдамайды, ал ол сайтта (және тек сайтта емес) жарияланған дүниенің бәріне жауапты.

Телефонын әлдебір «супербатареяға» қосып қойғандай – бір сәт те тыным жоқ: біреу қоңырау шалады, біреу жазады. Әрине, Олжас Алтайұлы жарияланымдардан кейін ренішті шенеуніктер хабарласқанда оны ұнатпайтынын айтып күңкілдейді. Егер материалға мемлекеттік қызметшілер реакция білдіріп, адамдардың өмірінде бірдеңе өзгерсе -оның риза болып қалатыны да жасырын емес.

Бұл туралы уақыты тығыз болғандықтан, егжей-тегжейлі айтып үлгермеді. Бірақ таңғы 8:00-де Астанадағы бір кабинеттен келген кезекті ашулы хабарламаны алға жіберді: онда тағы да «неге мұндай қатаң сын, біз бұл мәселе бойынша енді ғана жұмысқа кірістік» деген сарында жазылған.

Өз тарапынан Олжас Алтайұлы: «Маған мұндайды таңертеңнен жазып жатса, демек, бәрі жұмыс істеп тұр», – деп қосты.

Және фирмалық смайлик - :)

P.S.


Бірақ шын мәнінде бұл материал — біздің қандай жақсы екеніміз туралы емес, оқырмандар туралы. БАҚ резонанс арқылы көмектесе алады, ал резонансты аудитория тудырады. Ал біздің аудитория – сіздер. Бізбен 15 жыл бойы бірге болған әрбіріңізге, тіпті қосымшамызды кеше ғана жүктегеніңіз үшін де рақмет!
Семья Шахмаровых. Фото Турар Казангапов
Бұл – сіздер, оқырмандар: Ақсай қаласындағы Шахмаровтар отбасына бір айда миллиард (!) теңге жинап, кішкентай ұлдарына спинальды бұлшықет атрофиясын емдеуге арналған әлемдегі ең қымбат дәріні алуға мүмкіндік бердіңіздер. Бұл – сіздер, мұқтаж жандардың несиелерін жаптыңыздар, емге қаражат жинадыңыздар, киім мен азық-түлік сатып алып бердіңіздер, волонтер болдыңыздар, шенеуніктерге жақсырақ жұмыс істеуі үшін қоғамдық қысым көрсеттіңіздер.

Келіңіздер, әлеміміздің «шатырын» сәл де болса жақсарту үшін бірге жамайық.

Биыл Tengrinews.kz-ке 15 жыл. Қоғамда, өмірде, тұрмыста болған барлық өзгерістер біздің көз алдымызда өтті. Біз де өзгердік – редакциялық телефондарды вацапқа алмастырдық, 2010 жылы әртүрлі тақырыпта жазсақ, 2022 жылы әрқалай жаздық, қателестік және түзеттік.

Осы уақыт ішінде сайтта 445 000 материал жарияланды. Солардың арасында адам тағдыры мен қайғысы туралы мыңдаған оқиға болды, және көп ретте сол жарияланымдардан кейін ол қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік туды.

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button