Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 310.83
EUR / KZT - 349.96
CNY / KZT - 45.13
RUB / KZT - 5.50

Бердібектің рухы

19 Ақпан 2014, 15:24
0

 Несін жасырамыз, қалам ұстаған қасқалардың Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларымен өспегені кем де кем шығар. Мен де солардың бірімін. Кітап оқуға жарап қалған шақтан бастап Бердібектің шығармаларын жата-жастанып оқыдым. Оның біздің ауыл жақтан екендігін естігенде жүрегімді қуаныш пен мақтаныш кернегені де шындық. Бесінші оқып жүрген кезім болса керек. Әкемнің сыйласып жүрген інішегі Нұрлыбек көкеміз таңертеңгі апақ-сапақта біздің үйге кіріп шықты. Асығыс екен. Өзі – аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. Нан ауыз тиіп, келген шаруасын айтып кетуге ыңғайланғанда, бір әңгіменің шетін шығарды.

 
– Аға, Алматыдан Бердібек Соқпақбаев келді. Мен ол кісіні Қостөбе, Сүмбе жаққа апарып келемін. Кешке аупарткомның залында оқырмандарымен кездеседі. Келіңіз!..
– Жарайды, көрерміз, – деді әкем.
 
Нұрлыбек ағамыз кеткен соң әкемізге жат та келіп жалынайын. Қатты көргім келіп тұр. Сұрайтын да нәрселерім көп еді...
– Балаларға болмайды, – деді әкем, – аупарткомның күзетшілері кіргізбейді...
...Жолым болмады. "Балалық шаққа саяхатты" кеудеме қысып, тірі жазушыны көре алмайтындығыма өкініп қала бердім.
 
...Кешке қарай кездесуге барғандардың бірнешеуі біздің үйге жиналғаны есімде. Шай үстінде сыбырлап әңгіме айта бастады.
– Енді не болар екен? – деді Нұрлыбек көкеміз. – Артық сөйлемеуін маған тапсырып еді... Қараптан қарап күйіп кетпесем болғаны...
– Шындықты айтты, – деді әкем, – соғыс жылдарында елде кәрі-құртаң еркектің дәуірі жүргенін көзімізбен көрдік қой... Жесір әйелдерге қорлығы өтті олардың. Ақсақ-тоқсақтардан бала туып алған әйелдер аз ба? 
– Енді... бүкіл елдің алдында "Мен Совет өкіметіне қарсымын" деп... Сұмдық-ай... Не болар екен?
Нұрлыбек көкеме шай батпай ұзақ үнсіз отырып қалды.
 
...Кейін әкем айтып берді ғой. Бердібек ағама ауыл тұрғындары соңғы шыққан "Өлгендер қайтып келмейдіге" қатысты сұрақтар қойыпты. Кітаптың керемет екендігін, бірақ соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің кейбір ащы шындықтары неге жазылмағандығын жазушыға жолдаған екен.
– Сұрақ дұрыс қойылды, – депті Бердібек ағамыз. – Мен бар шындықты романда жазғанмын. Жесірлерді қорлаған ақсақ-тоқсақтарыңды да... Бәрін қиып тастады... Бұл мемлекет шындықты айтқызбайды. Мен Совет өкіметіне қарсымын!
Қайран менің кумирім-ай! Көп ұзамай белгісіз жағдайда қайтыс болды деген хабарын естідік. Өлімі жұмбақ болды. Әлі де жұмбақ...
 
...Мен Бердібек ағамды көре алмадым. Бірақ, отыз жылдан астам уақыт өтсе де әкем айтқан оның сол сөздері құлағымда тұр. Тіпті, кейде ағамның сол сөздері өмірлік мәнін әлі де жоғалтпағандай болып кетеді. Шырқыраған шындықты шығара алмай жатсам Бердібектің рухы дем бергендей, маған...
 
Айтпақшы, биыл менің жазушы пайғамбарым 90 жасқа толады...

Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай