Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Алтын унитаз немесе Атауальпа салымы

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Алтын унитаз немесе Атауальпа салымы ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Жуынды нәжіс ағатын унитазын алтыннан салған адамдардың миын ақтарып көргім келеді осы. Бұл паталоганатомның қиялы емес - ол да алтындатылған шығар, бәлкім. 

Осындайда дүние-теңіздің суы ащы, оны ішкен сайын шөлдей бересің, бір қанбайсың деген ғұламалардың сөзі еріксіз еске оралады. Өзі адам кедей болып тұрғанда "шіркін-ай, бай болсам, өзім тақылеттес кедейлерге садақа беріп, жағдайын жасап, анау бір мектептің терезесін салып, тегін балалар алаңын жасар едім" деп түрлі қиялды сан тарапқа сабылтады. Тілейді. Соған сай тірлігін жасайды. 

Адам бай болғанда сол тілек пен қиялды дүниенің мастығы жеңеді екен. Көбіне. Егер сенімің мен ішкі рухани тірегің "тағы бір жаңа Коенигсеггті, тағы бір мароккалық сұлуды, тағы бір Фиджидегі вилланы" көру деген ессіз дәмеге айналып кетпесе, айналаңдағы шын достарың сол алтын унитаздың ішінен су ішетін қуларға айналып кетпесе... әрине. 

Кедей болған қиын – себебі, отбасынның толық хақын беру қиын. Қарапайым ғана тәніне күтім жасай алмай, тісіңді жуатын паста таппай қалудың өзі әрине қасірет. 

Бай болған қиын – себебі, тек отбасынның ғана хақын беріп, артығымен берілген байлықтан үлесі бар қоғам, айналаң, мемлекетің тыс қалады. Аманатқа қиянат жасап жіберуің ғажап емес. Өзіне берілген мөлшерді білмей қалып, өзгенің меншігін қарпып алуың ғажап емес.

Жалпы, бай болғанда ештеңе де ғажап емес... Әлдебір президенттің алтын унитазын көріп әртүрлі хаотикалық ойлардың келгені ғой, айып етпессіздер :)) 

Осы тұста кейбір дүниенің қайырсыздығына байланысты тарихтан әйгілі Атауальпа сатып алуын (выкуп) еске салғым келеді. 1533 жылы инктердің көсемі Атауальпа испан басқыншыларының қолына түсіп қалады да, испандар мынадай шарт қояды: Барынша көп алтын мен күмісті әкеліңдер. Тайпалар әкеледі - жиналған алтын мен күмістен үлкен бөлмеде адамның көтерілген қолы көрінбей қалады. Қазіргі өлшеммен, бұл 5993 келі алтын және осыдан 2 есе көптеу күміс. 

Бірақ сөйткен Атауальпа бәрібір испандардың қолынан өлтірілді. Өлгенде де алдымен өртейтін болған. Бірақ христиандыққа мойынсұнсаң жеңіл өлім - гаррота арқылы қылқындырып өлтіреміз деген ұсыныс жасаған. Ол қабылдады - ол өлтірілді. Солай. 

Осындай сұмдық олжа Америкаға анталаған еуропалықтардың басқыншылығын үдетіп, жергілікті тайпалардың жойылуына алып келді. Бәрінің тілегі алтынға баю болды. Атауальпаның бәрібір өлгені анау, ал Испания бюджетіне қосылған осы алтынның 5-тен 1 бөлігінің өзі аса үлкен инфляция тудырды. Қысқасы, қай жағынан да қайырсыз болған алтындар көсемге де, басқыншы елдің бюджетіне де, не жергілікті тайпаларға да пайдасын бермеді. 

Түйінін қалай түйіндесем екен? Бай болудан ешкім шектемейді. Мемлекет те, дін де, мораль да... Бірақ бай болу бақыт та емес.... 

Бір сөзбен: "Алтынның түбіне ешкім жеткен жоқ қой, Алтын жеткен түбіне талайлардың" (Мұхтар НИЯЗОВ).  




Join Telegram