Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Қыпшақтың мұңы

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Қыпшақтың мұңы ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

...Соңғы аптада Қырым татарлары туралы көп оқып, естігендіктен бе кеше түсіме Қырымның қырық батырының бірі кіріпті. Қайсысы екені есімде жоқ. Тек, қаһарлы жүзі, қатулы қабағы, қарлыққан дауысы есімде қалыпты. Өсиет айтып жатыр екен деймін... 

...Бізді қырым татарлары дейді. Бірақ біз Дешті қыпшақ дейтін елденбіз, –дейді түсімдегі батыр. Біздің бабаларымыз Еуропаны тітіреткен. Орыс тарихшылары бізді "половецтер" деп те атайды. Ей, қазақ, біз бәріміз көк түркінің ұрпағымыз. "Қырымның қырық батыры" саған да, маған да ортақ. Қобыландыны сен де, мен де батыр бабамыз санаймыз. Қазтуғанның жырлары саған да, маған да рух береді. Біз бес ғасыр ешкімге бас имеген, қазір менменсіп жүрген кейбіреулерді алдымызға жығып, алым төлеткен ер халық едік. Он төртінші ғасырда Мәскеуді жер бетінен тып-типыл ғып өртеп жіберген де біз болатынбыз. Қырым біздің қонысымыз еді. "Қырым" деген саған да, маған да ортақ сөз. Біздер, қыпшақтар "қыр" сөзін қасиетті санаймыз. Қара теңіз бен Каспийді жағалаған үстіртті бір кезде біз қыр дедік. Өзіміз қыр баласы едік... Қыр баласы еркіндікті сүйеді... 
 
...Ей, қазақ, тыңда мені! Көк түркінің ұрпағы – сол қырым татарлары он сегізінші ғасырда орыс империясының қол астына өтті. Оған себеп – бізде бірлік болмады. Алтын Орданың ханы Тоқтамысты құртқан басқа емес, өзіміз болдық. Түрік сұлтаны Баязиттің басынан бағын ұшырған да өзінің көк түрігі – Ақсақ Темір еді ғой... Ей, қазақ мен мұның бәрін саған сабақ болсын деп айтып отырмын. Сол орыс империясының қолтығына кірген соң қырым қыпшақтары – татарлар үшін "қаралы ғасыр" басталды. Қыр баласы қырғынға ұшырады. Сол ғасырда халқымның тең жартысы Түркиеге ауып кетті. Қырымда қалғандары азып-тозды. Басқа ұлттар көбейді. Кеңес үкіметі орнаған соң автономия болдық деп бөркімізді аспанға аттық. Қуаныш ұзаққа созылмады. Сталиндік зұлматтың кезінде онсыз да аз зиялылардың бәрі атылып кетті. Неміс келгенде үміттендік. Аман қаламыз ба деп едік. Өйткені біз өте аз болатынбыз. Неміс кеткен соң Сталин Қырымнан қуды. Тоз-тоз болып кеткенімізді білесің. Тозған деген осы шығар, Түркиеде бес миллион, өзбек пен қазақта, болғар мен румында бір миллион қаңғып жүрсе... Қырымда қалғанымыз – екі жүз елу мың ғана... Тоқсан бірде қырға қайта келе бастадық. Тағы да үміт жанғандай болды. Тарыдай шашылған бауырларды жинай бастағанда – жағдайымыз мынау. Бізді қазір ұлт ретінде ешкім елеп жатқан жоқ. Өйткені біз тым азбыз. Он екі пайыз қырым татарын қайтсін! Одан ұлы ұлттар тұрғанда... Ей, қазақ, мен мұның бәрін саған бекер айтып жатқан жоқпын. Біз көргенді сен де көргенсің. Сен де тарыдай шашырадың. Бірақ, бізге қарағанда сенің әлі де қыр баласы болып қалуыңа мүмкіндігің бар. Сен егемен елсің. Өз жеріңде отырсың. Тек біздің қателіктерді қайталама! Бір-біріңді жағадан алма! "Бір жағадан бас, жеңнен қол" шығаратын кезің бұл. Олай істемесең біздің тағдыр сені де күтіп тұр. Бөлініп жүріп бөріге жем болдық. Сені де бөрі жемесін. Қырымның қырық батырының ұрпақтары жер бетінен жойылмасын. Аранын ашқан айдаһардан абай бол! 
 
...Тер-тер болып оянғаным рас. "Түлкінің бірдеңесі" дейтіндей емес... мына түсім ой салып кетті....
 



Join Telegram