Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Сәби

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Сәби ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Есенқұл Жақыпбек!..

Биологиялық жаратылысы күтпеген жерден кілт үзілгенмен, әдеби-рухани коды келер дәуірлерге жазылған осы бір аяулы есім сонау Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз заманында немесе Ілияс Жансүгіровтің жалаға толы дәуірінде, яки Жамбыл мен Кенен сөз суырған кезеңде, Қасым, Тоқаш, Мұқағалилар мұңға жүкті заманда өмір сүрген секілді әсер қалдыра береді. Неге-дүр?!

Жетім өкпесі желпілдеп, қос қапталынан өлең боратып жүріп, ХХІ ғасырдың қақпасын күзеткендіктен бе, әлде қайталанбас бітімді қарапайым қалыбына амалсыз сыйдырып, көрпесі жұқа ғұмырын кенеттен суытып, қапелімде Ұзын-

ағаштың көшесінен көрінбей, ғайыптың құсына айналып кеткендіктен бе? Бәлки, ол шын мәнінде киелі сөз өнері жаратылған кезден бастап әр дәуірде өмір сүрген ұлылармен рухтас, мұңдас, сырлас, үндес болғандықтан шығар?

Қалай десек те, қазақ көркем әдебиеті мен саз өнерінің тарихында Суықтөбенің баурайында өмірге келіп, Алатаудың биігінен алты Алашқа өлең ұшырған Есенқұл Жақыпбек ныспылы біртуар ақынның болғаны даусыз!

Миығына мың қатпарлы сыр жасыра жүріп, әнтек жымиып қойып, өн-бойыңа жылы ағыс құятын, айдың арғы бетіндегі әлдебір тылсым әлемді алпыс екі тамырыңда ойнатып, өзі өмір сүрген уақыттың ұр-шығын азаматтық, әлеуметтік, лирикалық кеңістікте еркін иірген Есенқұлдай ақын санаулы һәм некен-саяқ.

Әдетте, ақын-жазушының мерейтойы қарсаңында әріптестері жылы лебіз білдіріп, шығармашылығын қопарып, аршып, талдап, баға беріп жатады. Әрине, бұл адамгершілік-кісілік, сәулелі тұстарды көру тұрғысынан тәуір қадам. Жұмыр басты пенде болған соң, оның үстіне талантты шығармалар жазып жүрсең маңайыңнан жылы сөз күтетінің де даусыз. Есенқұл ағамыздың шығармашылығы туралы тіршілігінде мақалалар аз жазылған жоқ және көп те жазылған жоқ. Көбіне журналистикаға жаңа араласып жатқан қыз-жігіттердің күнделікті күйбең тіршілік пен жаңа жыр немесе бір әннің өмірге келу тарихынан әрі аспайтын сауалдарға құрылған сұхбаттары жиі жарияланды. Олай болатын себебі де бар, өйткені, түрлі жиын-кеш-терде Есенқұл Жақыпбектің маңайына жастар үйір болды. Тіпті, екі сылтау, бір себеппен Ұзынағаштағы үйіне, редакцияға Алматыдан өнерлі жастар күн құрғатпай іздеп баратын.

Алайда, кез келген талантты қаламгердің ең бірінші сыншысы – ақынның өзі. Ұяттан үш күн бұрын туған кез келген қоғамда өз арыңмен бетпе-бет қалған ақжарма сезімдердің ғана таразы-табағы тең тартады. Қапысыз ақтарыласың, жіберген кемшіліктерің мен жеңілістеріңе опынасың, бір бас артық тұстарыңа шаттанасың. Жылайсың, күлесің, өзіңді-өзің қайрайсың, сосын қайтадан тіршіліктің диірменімен кете барасың.

«Тазқара құстың тағдыры» атты өлеңдер жинағындағы Есағаңның өзі туралы, өмір жайлы, өлең хақында жазған хамсасын жиі оқимын. Оқыған сайын, оқи бергің келеді. Боямасы жоқ, қарапайым да аңғал, бір сәт ұлы, бір сәт қорғансыз, сәл нәрседен көңілі қалып, жоқ нәрсеге қуанатын, жыр жазған күні жұбанатын ақынды сол жерден табасың. Бірлік пен Ұзынағаштың ортасын жол қылып, сы-быз-ғысының ұшына бозторғай қондырған жанармай таситын арбакештің артында жасырынып жатқан сары баланы сағынасың. Бір сәт көз алдыңызда бала Есенқұлдан дана Есенқұлға айналып бара жатады, күтпеген жерден пенделіктің бешпетін қайта киіп, тауқыметтің керзі етігін тырп-тырп сүйретіп, аракідік күрсініп бара жатқан ақынмен қайта қауышасың. Батыс пен Шығыс мидай араласып, құндылықтардың орны ауыс-қан дәл қазіргідей найзағайға нан пісіріп жатқан алмағайып уақытта кейінгі ұрпақтың бойында адам жанын тебірентер Есенқұл-сезімнің, сәби көңілдің жоқтығына налисың. Балауса, бұлаң, риясыз, есепсіз мінездерді іздейсің...

Есенқұл Жақыпбек дүние жалғанның алдан тосар әлеуметтік «заң-дылықтарына» еріксіз бағынды. Опасыз тірліктің тізгіні Есенқұл жырауды да алаңсыз ноқталады. Күрмеуге келмейтін, айналып-толғана алмайтын аядай кеңістігінде шырмалып, маталып, іштей күйзелді. Оны сондай күйзелістерден кеудесіндегі жанартау ғана құтқара алды. Жанартау-жыры атқақтаған кезде оның алдына жан шыққан емес. Жайшылықта кісі бетіне келмейтін ақын қолына қалам алғанда күллі әлемнің әміршісі секілді «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс, өмір өрнектері мен замана ырғағын қалауынша ойнатып, теорияның терісін илеген ғалымдар түзген әдеби норма-ларға да, буын-бунағыңа да бағынбай, емін-еркін көсілетін сұрапыл сөз зергері екеніне қапысыз сенесің. Буыны артық кетіп, бунағы кем түсіп, ой қайталап, сөз қайталап, күнделікті өмірдегі ауызекі сөздермен өлеңге өзек жалғату – Есағаң жаратқан кәнігі туындыға ғана жарасады. Әгәрәки, шумақтарды шымыр иіріп әуестенген, әр буынға бір түнеп, ұйқасқа үш түнеп, бір ойды қатар қондырмайтын, «екі шоқып, бір қарайтын» сақа ақындарымыз Есенқұлша сөз өретін болса, айдың жарығымен адам жанын жаралауға шебер сыншыларымыз артына шам алып түсер еді. Өйткені, ол өлеңнің бастауын ғана білген ақын. Аяқталар сәтін шабытқа тапсырған, жол-жоспар құрып, бармақ бүгіп отырған шайыр емес. Ол ақпа-төкпе сезімнің, ақтарылып келген жырдың аңғарындағы мұрап секілді еді. Ол өлеңді кірпіш секілді қалаған жоқ, құйды!

Материалдың толық нұсқасын "Алаш айнасынан" оқи аласыздар.




Join Telegram