Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

ҚАНАТТЫ ТАҢДАҒАН - ХАЛЫҚ. БАСҚА НЕ КЕРЕК?!

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ ҚАНАТТЫ ТАҢДАҒАН - ХАЛЫҚ. БАСҚА НЕ КЕРЕК?! ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Құрметті, Руслан Меделбек мырза!

Сізді сырттай білемін. Жалпы спорт жағында жазып жүрген біліміңіз қуантады. Ол ендігі өзіңіз үшін. Бірақ соңғы кездері сіздің жазған мақалаңызды ел болып талдап жатқанын көрдім. Аса мән бермеген едім, бүгін көзім түсті. Құныттап қарап шықтым. Енді төтесіне көшейік...

Қанат пен Головкинді салыстурға болмайтыны айдан анық. Спорттағы мансабы мен жеткен жетістігін сарапқа салсақ, Генаның "герой" екені өтірік емес. Ел емес, әлем көріп отыр. Ал Қанат енді қанаттанып келе жатқан спортшы. Баяғыда қанатын қырқып тастамай жіберу керек еді, "қазақ" деп ешкім елемеді. Өз күшімен еңбектеп жеткен жетістігін де сіз жоққа шығара алмайсыз. Әлі жауырыны жерге тиіп, мұрыны жеңілістің иісін иіскеп көрген жоқ. "Қанаттың өзі де түсінер, Головкиннің деңгейіне жету үшін көп еңбек ету керектігін". Сіздің осы сөзіңіз ғана көңіліме қонды. Қалған жазғандарыңыз мынау: Қанат Ислам қандай жетістікке жетті, жыл спортшысы болатындай? Бокс әлемінде аты жөні белгісіз екі латын америкалық боксшыны жеңгені үшін бе?

Головкинді әлемдік басылымдар "Жыл боксшысы" деп жатқанда біздің елдің сайттарында рейтинг жинау үшін ұйымдастырған сауалнамада Қанат Исламның жеңіске жетуі - халықтың әлі спорттағы жеңісті ұлттық құндылық деп есептейтінін анық көрсетеді. Мойындау да ерлік, Қанат Ислам мен Геннадий Головкиннің қазіргі атағы мен жетістігі жер мен көктей. “Қанат Ислам Қазақстанда жыл спортшысы атанып, халық таңдауында Головкинді басып озды” деп жаңалық жазып, “жыл үздігін” қолдан жасаудың орнына "барды бар, жоқты жоқ" деп объективті түрде бағалаған жөн-ау…

Не әңгіме мынау?! Бір өзіңіз болып халықтың қалауына қарсы келетіндей қандай жетістікке жетіп едіңіз, Қанаттың қай жері ұнамай қалды? "Халықтың әлі спорттағы жеңісті ұлттық құндылық деп есептейтінін анық көрсетеді" депсіз. Қазақ үшін қай жерде болмасын алдымен ұлттық құндылық биік тұратын белгілі. Сіз де қазақсыз, ендеше сізге де қатысы бар. Гена алар асуын асып, ендігі жерде тау қопарып, тас жарып жүрген спортшы. Оны әлем мойындап отыр. Енді бөрік ішінде тонның ішкі бауындай болып, өзіміздің қазағымызды қолдап ынталандырып отырсақ, сіз журналист басыңызбен шоу жасағыңыз келді ме білмеймін, аяқ асты осындай дүниені жазуға ниет білдіріпсіз. Түсінемін, білікті журналист ретінде қарабайыр халықтың ұлттық идеологиясы сізді қынжылтуы мүмкін. Бірақ ол ҰЛТ қой. Ұлтының ұланы ұрандап жүрсе жаман ба?! Сіз айтқан Головкин ғана емес, Илья, Подобедова, Чиншанло, Винокуровтарды қазақ болмаса да, шетке теуіп тастадық па?! Жоқ! Қайта басымызға көтердік. Өйткені солар ғой біздің туды көкке көтеріп жүрген. Ал Қанат әлдеқайда біз үшін қаны жақын болған соң оны құрмет тұту ұлттық парызымыз. Біз АҚШ емеспіз, ұлты жоқ әркімге жәутеңдеп, есіре беретін. Ұлттық болмысы бар кезде, ұлттың сөзін сөйлеуге бармыз. Ендеше Қанат өзінің алған атағына лайық. Лайық деп тапқан танысы әлде артқы есігі емес, халқы.

Руслан аға, ініңіз ретінде қатты айтып жіберсем айтып етпеңіз. Бірақ мен ұлттың ұланы қалап емес, ұлты қалап берген сыйға қарсы келген, қолдаудың орнына қисық сөйлегендерді кешіре алмайды екем. Қанат қана емес, дені қазақ шықса бөркімді аспанға атам. "Жыл адамы" атанған кім, Қанат! Ендеше, соған лайық. "Көппен көрген ұлы той" дейді қазақ. Тойдың шырқын бұзып, берекесін кетірмейік. Көп батырады.

Екеуін салыстыруға жоқпын. Бірақ мен үшін қазақтың мүддесі артық. Генаны да таң атпай тұрып көретін жанкүйердің бірі менмін. Мен екеуін де қолдаймын. Бірақ сіздің жазбаңыз басқа дүние.

Артық кетсем тағы да кешірім сұраймын. "Қарға қарғаның көзі шұқымайды" демекші, бауырыма басар ағамсың. Ал менікі, айтпаса сөздің атасы өледінің өлшемі...

Құрметпен, ініңіз Марғұлан АҚАН




Join Telegram