Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Ұжымдық проблемамыздың бірі - адамның өз орнын білмеуі

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Ұжымдық проблемамыздың бірі - адамның өз орнын білмеуі ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Қоғамдағы орнын нақты білетін адамнан айналып кетпейсіз бе. Біздің ұжымдық проблемамыздың бірі осы - адамның өз орнын білмеуі. Не шектен тыс ақылдымсып, паңсынып, тәкаппарланып кетеміз. Не тым төмендеп, өзімізді қор санап, сәтсіздікті тумысында жабысқан серігіндей көріп, налып кетеміз. "Маған кім қарап жатыр" деп, олпы-солпы жүру немесе қалыптан тыс қымбат киімге ұмсынып, шама жетпейтін деңгейдегі, болмысымызға сай емес тауарға жәдігөйлік танытамыз. Зындықтанамыз. Не нәрсенің де ортасын ұстану, орныңды нақты білу деген де мінездегі даналық екен ғой. Бұл көре-жүре келетін құбылыс па, әлде туа бітті қасиет пе...

Бір адамдар болады, "мен бетке айтамын", "менің мінезім жаман" деп, өзінің қорсылдақтығын қоғамның қажетіне сай деп білетін. Меніңше, бұл жоғарыда айтқан өз орнын біле бермейтін шайпау адамның қасиеті. Бетке айтыпсың, ал не болды? Азар болса, қышырың қанар, бірақ сөз естіген танысыңның түріне қарашы. Әлбетте, бұдан былай сені жақсы көріп кетпес және саған шын сырын ашып, дос тұтпас. Мінезім жаман дейді. Жамандықпен мақтанып мұратқа жетіп пе адам? Меніңше, жалқау, шыдамсыз, қайратсыз адам ғана "мінезі жаман", "бетке айтқыш" келетін секілді. Өйткені, ол даналық қылуға, бетке айтып, тойтарып тастап емес, ілесе жүріп, жағдайын түзесуге, септесіп сең бұзысуға ерінеді. Тәкапарлықты тұмшалар мәмілешілдіктің сабырына төзе алмайды. Ал енді мұндай "мінезі жаман", "бетке айтқыш" адамнан айналасы әр уақыт аулақ жүруге тырыспай ма? Қайта олар даналық қылып, "әй, осы көк соққанды қойшы, үндемей-ақ қояйық", "қазір бұрқылдап шығады бұ жынды" деп, кейбір дүниені өткізіп жіберіп құтылады, сірә. Бұл соған қопаңдап, ит мінезін мақтан етіп, өзімен әуре. Осындай адамдардың көбі қазір елге ақыл айтып, жоқтан дау тұтатып, әділет сүймек.

Әділдіктің мизамы не дейді? Ол - әркім өз орнын нақты біліп, соған сай қарекет қылғанды мәртебе демей ме. Адам өзі әділ болғанда, қоғам соған сай тұрмай ма. Естіген-білген әңгімеден түйгенім осы.




Join Telegram