Реклама +7(700) 388 81 09
  1. Басты
  2. Оқы

Көз тимесін!

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Көз тимесін! ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Қате таптыңыз ба?

Сол күні Бекзатты «Хабар» арнасының ұжымы түгел алдынан шығып қарсы алдық. Әуежайдан түскен бетте оны Тілекең (Тілеуқабыл Мыңжасаров) іліп кетіп, біздің тікелей эфирге алып ұшып жеткен. Ұзын бойлы ақсары жігіт арсалаңдап келіп бәрімізбен құшақтасып амандасты. Құшақтағанда қабырғаңды қаусатардай қысып жіберді. Қызы бар, жігіті бар барлығымыз артынан қалмадық. Жалғыз емес екен. Жанында әкесі мен шешесі бар. Әкесі мен Бекзат студияға кіріп кетті де, біз сырттан бақылап тұрдық. Сол күнгі сұхбат сұмдық болды. Шырылдаған телефонда маза жоқ. Қазақ жерінің барлық түкпірінен көрермен ыстық лебізін батыр ұлдарына аямай төкті-ау келіп... Жиырма жастағы балаң жігітке бұл да күтпеген құбылыс екені байқалып тұр. Өзіне деген миллиондардың ықыласын алғаш рет сезінгендіктен бе әйтеуір, жымиып күле берді. Оған қарағанда әкей тіс қаққан екен. Көп сауалдарға өзі жауап беріп отырды. Манадан бері байқамаппын, Бекзаттың мамасы менің жанымда, елеусіздеу бұрышта отыр екен. Көзінен тарам-тарам жас ағып, қолының саусақтарын шытырлатып отырғандай болды. Қатты толқып отырғанын байқадым. Бірдеңені күбірлеп айта бергендей. Жақынырақ барып тұрғанда анық естілді.

– Жаным-ай, көз тиіп кетпесе екен! Көз тиіп кетпесе екен... Аман болсын!

Бұл сурет кейін Бекзаттан абайсызда айрылып қалғанда көз алдыма талай мәрте келгендігін несін жасырайын. Ана жүрегі сезімтал деген осы да. Айқайлап қуанбады. Астамсынбады. Тек, баласының амандығын ғана тілеп еді...

 

...Бұл сурет кейін талай жұлдыздардың атақты көтере алмай аяғы шалынысып жатқан кездерінде көз алдымнан өтті. Кеше ғана Пекин Олимпиадасында айды аспанға шығарған өзіміздің Баха, Бақыт Сәрсекбаев Шымкентте «түнгі көбелекпен» сайран құрып, мас болып, ақшасын жоғалтып қонақ үйде төбелес шығарғанда тағы да есіме түсірдім. Оның алдында бапкерімен соттасты. Ырымшыл халықпыз ғой. Сол Бахаға да көз тиді ме деймін. Көз тимесе, сау адам, жай адам емес халықтың адамы осындай тірлік істер ме еді? Көздеріңізге абай болыңыздаршы, көрермен!




Join Telegram