Базалық зейнетақы тағайындау жаңа әдіспен есептеледі - Назарбаев

31 Қаңтар 2017, 08:33
10
Базалық зейнетақы тағайындау жаңа әдіспен есептеледі - Назарбаев - © Tengrinews.kz
© Tengrinews.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік қамтамасыз ету саласында және денсаулық жүйесіндегі өзгерістер жайлы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент Жолдауының мәтініне сәйкес, білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс. "Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет", - делінген Жолдаудың мәтінінде.

Сонымен қатар, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында да өзгерістер күтіледі. "Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді", - делінген Жолдауда.

Назарбаевтың айтуынша, елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл - 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. "Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек. Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға өсіріледі", - деді Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керектігін айтты. "Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40 пайызынан 50 пайызға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс", - делінген жолдауда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауының мәтіні бүгін жарияланды.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (10)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай