Келімбетов: Ислам қаржыландыруын дамыту үшін заңнаманы өзгерту қажет

03 Қыркүйек 2014, 16:07
0
Келімбетов: Ислам қаржыландыруын дамыту үшін заңнаманы өзгерту қажет - Қайрат Келімбетов. ©pm.kz
Қайрат Келімбетов. ©pm.kz

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов ислам қаржыландыруын дамыту үшін қазақстандық заңнаманы өзгертуді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ол IV Ислам қаржысы жөніндегі конференцияда мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір Ұлттық банк ислам қаржыландыруын белсенді енгізіп жатқан елдердің тәжірибесін үйренуге кірісті. "Ұлттық банк бұл индустрияны дамытуға қаржылық жағдай жасауға дайын", - деп мәлімдеді ол. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта жетілдіруді және жақсартуды қажет ететін үш шешуші бағыт анықталды.

"Біріншіден, адами капитал. Бұл бағытта біз ислам қаржысы мәселелері бойынша халықаралық деңгейдегі мамандарды дайындауды жоспарлап отырмыз. Ол үшін арнайы гранттар бөлінді және Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан қаржыландыру болады. Бұған қоса, Алматы мен Астанада ғана емес, елдің басқа да аймақтарында тұрғындарды ислам қаржыландыруы негіздеріне оқытуға көңіл бөлінеді", - деді Келімбетов.

Ол екінші бағыт қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мен ислам қаржы инфрақұрылымдарын дамыту екенін атап өтті. Қазақстан бұл үшін Ислам даму банкімен техникалық көмек алу туралы келісімге қол қойған. "Бұл мәселелерді іске асыру кезең-кезеңмен жүргізіледі, өйткені біздің қай бағытта жүретінімізді түсініп алу қажет. Мысалға, Малайзия мен Түркияға 30 жылға жуық уақыт қажет болды, бұл елдерде ислам банкингінің үлесі 20,5% болды", - деді ол.

Келімбетов Қазақстанда ислам қаржыландыруын дамытудың келесі бағыты маркетинг пен осы нарыққа қатысушы елдерді тарту болатынын айтты. "Біздің мақсатымыз - Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия қаржы институттарын тарту", - деді ол. 


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай