14 шілде 2016 09:56

Шығыс Қазақстан облысында археологтар тарихи маңызы зор жаңалық ашты

ПОДЕЛИТЬСЯ

© 24.kz © 24.kz

Шығыс Қазақстан облысында археологтар тарихи маңызы зор жаңалық ашты, - деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.


Шығыс Қазақстан облысында археологтар тарихи маңызы зор жаңалық ашты, - деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Берел жазығындағы екінші қорғаннан алтынмен апталған 7 аттың сүйегі мен бір адамның мүрдесі табылды. Ғалымдардың пайымдауынша, табылған мүрде өз заманының аса ықпалды тұлғанікі болуы ықтимал. Сондықтан бұл жәдігерлердің әлемдік артефакт үшін алатын орны ерекше болмақ екен.

Археологтардың болжауынша, алтынмен апталған бұл аттар сақ дәуіріне тиесілі. Номері екінші қорғаннан әзірше 2 аттың сүйегі аршылды. Археолог Зейнолла Самашевтың айтуынша, мұнда тағы сондай 5 аттың сүйегі жатыр. Қазба жұмыстары кезіндегі ең маңыздысы басына үлкен құмыра төселген адамның мүрдесі болып тұр. "Жерленуіне қарап оны сақ заманындағы абыройлы тұлға болған деп есептеуге болады", - дейді ғалымдар. Әзірге археологтар мүрдені толық ашқан жоқ.

Археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашевтың айтуынша, бұл еліміздің ширек ғасырлық мерейтойына сый тартқысы келіпті. "Биыл археологиялық қазба жұмыстары Берелде жалғасқан болатын. Номірі 2-ші обадан аса құнды олжалар тауып отырмыз. Ұлттық тарихымыздың сол ақтаңдақ шақтарының барлығын шешетін жақсы құндылықтар табылып жатыр. Әлі де табылады", - деді ғалым.

Сонымен қатар, телеарна тілшілерінің мәліметінше, ені - 4, ұзындығы 5 метр болатын қорған 7 метр тереңдікте жатыр. Жалпы, Берел жазығында 100-ден астам қорған шоғырланған. Осыдан 18 жыл бұрын осы жерден табылған тарихи мұраларды бүгінде облыстағы ұлттық мұражай ұжымы көздің қарашығындай сақтап келеді.

"Бұл жәдігерлер әсіресе шетелдіктерді таң қалдырады. Сақ мәдениетінің даму кезеңіндегі экспонаттарға Қытай, Корея, Жапониядан келген туристер таңдана қарап, ерекше қызығушылық білдіреді", - деді облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Галина Суворова. 

Берелден табылған баға жетпес экспонаттарды насихаттау мақсатында болашақта сол жерде аспан асты мұражайы ашылмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінетін болды. Ал алдағы жылдары өңірдегі барлық археологиялық қазба жәдігерлерін топтастыратын мұражай кешені салынбақ.

"Бес жылдың ішінде біз Өскеменде мұражай салуымыз керек. Оған тамаша мүмкіндігіміз бар. Аз уақыттың ішінде тамаша ғимарат салып, мыңдаған кісі қазақтың тамаша жеріне келуі керек", - деді облыс әкімі Даниал Ахметов. 

Тілшілердің мәліметінше, биыл облыста үш бірдей аумақта археологиялық зерттеулер жүріп жатыр. Қыркүйек айында Орталық Азия мен Еуропадағы белгілі ғалымдар қатысатын халықаралық конференцияда осы жұмыстардың нәтижесі баяндалады. Дәл сол уақытта 2-ші қорғаннан табылған мүрде мен жылқы сүйектеріне генетикалық сараптама жүргізілмек.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.12   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети