25 желтоқсан 2014 23:11

Әншілер Жаңа жыл мерекесін қайда қарсы алады

ПОДЕЛИТЬСЯ

©Tengrinews.kz иллюстрациясы ©Tengrinews.kz иллюстрациясы

Қазақстан шоу-бизнесінің өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне жаңа қой жылын қайда және қалай қарсы алатыны туралы әңгімелеп берді. Елге танымал әншілеріміздің дені Жаңа жыл мерекесін балалық шақ ұғымымен байланыстырып, балғын шақтарын сағына еске алды. Өнер иелері қой жылының келуін ерекше атап өтуге жоспарлар құрып отыр. 


Қазақстан шоу-бизнесінің өкілдері Tengrinews.kz тілшісіне жаңа қой жылын қайда және қалай қарсы алатыны туралы әңгімелеп берді. Елге танымал әншілеріміздің дені Жаңа жыл мерекесін балалық шақ ұғымымен байланыстырып, балғын шақтарын сағына еске алды. Өнер иелері қой жылының келуін ерекше атап өтуге жоспарлар құрып отыр. 

Досымжан Таңатаров мерекеде жақындарын құттықтап шығады.

Фото baq.kz сайтынан алынды

©baq.kz

"Жаңа қой жылын үйде, отбасыммен бірге қарсы аламын", - деді Таңатаров. Айтуынша, Жаңа жыл ол үшін - жылдың ауысуы ғана. Дегенмен ол "Жаңа жылды жалпы, әркім өз отбасымен, реті келсе, достарымен, жақын туыстарымен дастарқан басында қарсы алуы тиіс", деп есептейді. "Өз басым үй-үйді аралап жақындарымды құттықтап шығамын, бірақ бұл мерекеде мен сыйлық жасамаймын", - деді ол. Тengrinews.kz тілшісі одан есінде жақсы сақталған жаңажылдық оқиға туралы сұрады. "Менің ойыма бірден балалық шағым келеді. Жаңа жылды мектепте беретін сыйлық үшін қатты күтуші едік, сол кездегі алма мен мандариндердің иісі мен дәмін ұмыту мүмкін емес. Мектептен алған алманы үйге әкелсең, жасыра алмайтынсың, бәріміз бөлісіп жейтінбіз, себебі сол бір алманың иісі бүкіл үйдің ішін алып кететін, ал қазір қап-қап алма қойсаң да, ондай иіс шықпайды. Бір алма алу үшін бар өнерімізді салып ән айтып, би билейміз, әрине, ол сәттер мәңгі есте қалады", - деді ол.

Қарақат Әбілдина табиғаттың аясында отырыс ұйымдастырады.

Фото homebook.kz сайтынан алынды

©homebook.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдинаға достары "Жаңа жылда шетелге барайық" деген ұсыныс айтыпты. "Бірақ менің балаларым әлі кішкентай. Сондықтан Астананың шетінен үлкен үйді алып, достарымыздың басын қосып, шана теуіп, аққала жасап, атқа мініп, дәмді тамақ ішіп, табиғаттың аясында отырыс ұйымдастыруды жоспарлап қойдық", - дейді ол. Әншінің әзірше сыйлық алуға мұршасы бола қоймапты. "Жалпы, Жаңа жыл мені балалық шақпен көп байланыстырады. Себебі мен ауылда жылда-жылда Ақшақар болатынмын. Ол кезде қазіргідей дайын тәж де, костюм де жоқ, бәрін қолдан тігетінбіз. Картон қағазды қиып тәж жасап, оның үсіне мақтаны жапсырып, түрлі-түсті шыныны үгітіп, оны мақтаның үстіне жапсыратынбыз, мұның барлығы кешегідей есімде. Тағы бір естен кетпейтін жайт, ол - Аяз Атаның берген сыйлығының ішінен шығатын бір тал апельсин. Біздің Жаңаарқа - жеміс-жидектің өңірі емес, апельсинді сол кезде ғана бір көріп қалатынмын", - дейді әнші. Айтуынша, Жаңа жыл - балалардың ғажайыпты күтетін мейрамы, сондықтан "Жаңа жылда балаларымның әкесі Аяз Ата болып, мен Ақшақар болып, тақпақтарын айтқызамыз", - деді Әбілдина.

Тамара Асар биылғы мерекеде тұңғыш рет теледидар сатып алады.

Фото kulsari.ulty.ru сайтынан алынды

©kulsari.ulty.ru

Тамара Асар да Жаңа жылды отбасымен қарсы алады, ол да әлі сыйлық алып үлгермеген. "Мен негізі теледидар көрмейтін адаммын, үйімде теледидар жоқ. Туыстарым Жаңа жылда қонаққа келеді, бірақ бір шарт қойды, егер теледидар алмасаң, үйіңе бармаймыз деді, енді теледидар алуға тура келеді", - дейді ол. Студент кезіндегі Жаңа жылы әншінің есінен кетпейді. "18-19 жасымда Жаңа жылды қарсы аламыз деп, достарымызбен бір жерде жиналдық. Ол кезде қазіргі "хлопушка" жоқ, бірақ мен тауып, оны біреу алып қояр деп жатақханадағы төсегімнің астына тығып жүргем, дәл сол күні ұмытып кетіппін. Бәріміз дастарқанға отырып, Жаңа жылға жарты сағат қалғанда "хлопушка" есіме түсті. Такси ұстап жатақханаға барып, пиротехникамды алып барғанша Жаңа жыл өтіп кетті. Сөйтіп ол шартылдақты таксиден түсіп, бағананың жанында жалғыз атқаным есімде", - деп жауап берді.

Меруерт Түсіпбаева Жаңа жылда ақша үлестіреді.

Фото әншінің Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды

©facebook.com

Әдетте Жаңа жылды баласымен шетелде қарсы алатын Меруерт Түсіпбаева биыл ешқайда бармайды. "Себебі жақында берілген "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" деген атақ алғанымды атап өткім келеді", - дейді ол. Бұл мерейлі дастарқанға достары, туыстары, әріптестері мен журналистер шақырылады. "Мен сыйлық бергеннен гөрі, сыйлық алғанды жақсы көретін адаммын, бірақ көбінесе сыйлықты ақшалай беремін. Жақындарыңның нені қалайтынын білмейсің ғой, сондықтан ақша берген дұрыс деп есептеймін, ал ұлыма не сұраса, соны сатып алып беремін", - дейді ол. Өткен жылы Жаңа жыл мерекесін баласымен бірге атақты адамдардың үйінде қарсы алыпты. "Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, сол Жаңа жылды ешқашан ұмытпаймын. Орыстар айтпақшы, Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, солай өткізесің деген рас сияқты. Себебі биылғы жыл аса жемісті болды. Атаққа ие болдым, балам туылғанда қазақ-түрік лицейінде оқыса деп армандаған едім, сол арманым орындалды, баламмен сол бір құтты үйде Жаңа жылды қарсы алып едім, "Жақсыдан - шарапат" демекші, жұғысты болып, бұл жыл бізді жақсылыққа кенелтті", - дейді Түсіпбаева.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 446.49   490.7   4.75 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети