Димаштың қаламақысы пәлендей болыпты деген сөздер шын­дыққа еш жанаспайды - Қанат Айтбаев

07 Наурыз 2017, 18:58
0
Димаштың қаламақысы пәлендей болыпты деген сөздер шын­дыққа еш жанаспайды - Қанат Айтбаев - © instagram.com/kudaibergenov.dimash
© instagram.com/kudaibergenov.dimash

Димаш Құдайбергеннің қаламақысы пәлендей болыпты деген сөздер шын­дыққа еш жанаспайды. Бұл туралы әншінің әкесі Қанат Айтбаев "Айқын" газетіне берген сұхбатында айтты. 

Айта кетейік, осыған дейін бірқатар БАҚ-та Қытайдағы жұлдызды сәттен кейін Димаш Құдайбергеннің тойларда ән айту бағасы бірден 15 мың долларға өсіп кеткені жайлы жазылған еді. 

"Димашты өнер жолына бағыттағанда оған тойдан табыс тапқыза қояйық деген ниетіміз әу бастан болған емес. Кейбір сарыжағал ақпарат құралдары айтып жүргендей, Димаштың қаламақысы пәлендей болыпты деген сөздер шын­дыққа еш жанаспайды. Біз ондай ақпарат берген жоқпыз, тап қазіргі сәтте біздің басты мұратымыз сайысты нәтижелі аяқтау, басқаны ойлайтын мүмкіндік те жоқ. Ата-ана ретіндегі басты арманымыз - ұлымыздың азамат болғанын көру. Егер ол үйге жүлделі оралып жатса, онда еңбегіміздің еш кетпегені. Бұл өзі үшін - үлкен қуаныш, ал біз үшін - мақтаныш", - деді Қанат Айтбаев. 

Мұнымен қатар, әншінің әкесі Димаш Құдайбергеннің қытайлық конкурсқа қатысуы жайлы, конкурсқа қатысу идеясының қайдан шыққанын айтып берді. 

Оның айтуынша, I'm a Singer конкурсы жайлы Ертай Нүсіпжанов есімді азамат хабарлаған. 

"Өткен жылы Ертай Нүсіпжанов атты азамат хабарласып, Қытай елінде өтетін осынау сайыстың ғаламтордағы сілтемесін жіберіп: "Бірнеше әншілердің әндерін конкурстың ұйымдастырушыларына жолдамақ едім. Димаштың орын­дауындағы әндерді де жіберсем, қалай қарайсыз?" деп сұрады. Сайысты интернет арқылы саралап көріп, ұсынысқа қарсы болмадым. Кейінірек Димаш Қытай еліне барып, ұйымдастырушылар тарапынан өткізілген іріктеу кезеңіне қатысып келді. Ол жақтағы мамандар әншілердің музыка саласындағы деңгейін тексеріп, қатысқан өнер додаларымен танысып, дауыс­та­рының мүмкіндігін зерттеп, жалпы ин­теллектуалдық деңгейіне дейін зер­делеп көреді екен. Жан-жақты сұрып­таудан өткеннен кейін, Димаш қаңтар айында басталатын осы байқауға жолдама алды. Конкурстың күрделілігі сол, сайысқа өнер әлемінде талай асулардан өтіп, әбден шыныққан, тыңдармандарының қошеметіне бөленген кәсіби әншілер қатысады. Өнерпаздарға қойылатын талаптар да қатаң. Конкурс қатысушылары бекітілген әнді нақышына келтіре орындай алуы өз алдына, шығарманың табиғатын жан-жақты ашып, түрлі қырынан таныта алуы керек. Әр кезеңнің арасы - бес-алты күн. Осы мерзім ішінде жаңаша аранжировка жасап, оркестрге лайықтап партитураға түсіріп, өзіңе бейтаныс, бөгде тілдегі әуеннің мәтінін жаттап, жан дүниеңе сіңіре білу қажет. Бұл - аса қиын процесс", - дейді ол.

Айтбаев осыдан кейін Димаш Құдайбергенге қолдау білдіргендерге алғыс білдірді. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Димашқа ел азаматтары, өнерде жүрген ағалары, достары көмегін көрсетуде. Қасында жүрген досы Алпамыс Шаримов, Оралда Ерлан Бекчурин, Ақтөбеде Бақытбек Зейнелов, Атырауда Бауыржан Ақтаев, Алматыда Ұлықпан Жолдасов, Астанада Дмитрий Валерьевич сынды азаматтар бірлесіп, Димаштың белгілеп берген ән құрылымына сәйкес, әр кезеңнің шығармаларының аран­жировкасына атсалысып, нотасын қағазға түсіріп, өңдеп, Қытайдың оркестріне уақытылы беріп жіберуде. Нәтижелерін өздеріңіз тыңдап жүрсіздер. Мәдениет және спорт министрлігі, Димаш оқитын Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы, Ақтөбе облысының басшылығы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осынау сын сағатта Димашқа тілекші болып отырған қалың көпшіліктің бәріне алғысым шексіз", - деді әншінің әкесі.

Сондай-ақ, ол Лара Фабианмен кездесудің мерзімі әлі нақтыланбағанын айтты. "Лара Фабианмен кездесудің мерзімі әлі нақтыланған жоқ. Қазіргі конкурс ол туралы ойлауға да мұрша берер емес. Егер сайыстан кейін ондай мүмкіндік болып жатса, Фабианға міндетті түрде қазақы нақыштағы дүние сыйлайтынымыз анық", - дейді сұхбатта Қанат Айтбаев.

Еске салайық, алдағы сенбіде, яғни 11 наурызда Hunan TV арнасында Димаш Құдайберген I'm a Singer байқауының сегізінші кезеңінде өнер көрсетеді.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай