Алматыда 51 жастағы әйел тұңғыш бала сүйді

16 Наурыз 2017, 09:21
0
Алматыда 51 жастағы әйел тұңғыш бала сүйді -

Алматыда 51 жастағы әйел тұңғыш бала сүйді. Қаладағы перинатология орталығында 30 жылдан бері құрсақ көтере алмай келген келіншек, дүниеге қыз бала әкелді, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.

Дәрігерлердің айтуынша, бұл жастағы әйелдердің алғаш рет босануы - ерекше құбылыс екен. 

Тұңғышын бауырына басып, айналып-толғанып жатқан Сандуғаш Құсметаева бұл қуанышты сәтті тура 30 жыл күткен. 51 жасында алғаш рет сәби сүйген ана, ұзақ жылдан бері бала көтере алмай келген. Отағасы екеуі бір перзентке зар болып, бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Тіпті, емшілердің де алдынан өтіп, ұзақ уақыт ем қабылдаған. Тағдырдың мұндай сынына төзе білген отбасында 30 жылдан соң сәби дүниеге келді.

"Осы күнге де жеттік, әуелі Алланың арқасы. Алладан тілеп отырдық әр уақытта, үмітімізді үзбедік. Сол қызық қуанышқа міне жеттік деп ойлаймыз. Алланың арқасы деп айтамын әрине біріншіден. Не айтайын, қуаныштымын әрине. Осы енді өмірде өзім сияқты әйелдерге, отбасыларға, аналарға үміт үзбесін дегім келеді", - деді Алматы облысының тұрғыны, Сандуғаш Құсметова. 

Перзентіне зарығып жеткен ана қуаныштан көз жасына ерік берді. Әйелінің көңіліне медеу болып, 30 жылдан бері қолдау көрсетіп келген отағасы да қазір толқып жүр. 51 жасында алғаш құрсақ көтерген Сандуғаш Құсметаева Қаскелең қаласында тұрады екен. Ол Алматыдағы перинатология ғылыми орталығына жергілікті дәрігерлердің жолдауымен 1-наурызда түскен. Ал, 9 наурыз күні босанып, өмірге қыз баланы әкелді.

"Бұл ерекше жағдай. Осы жастағы әйелдердің алғаш рет бала көтеруі өте сирек кездесетін құбылыс. Сондықтан, қауіп-қатері де жоқ емес. Көп жағдайда әйелдердің денсаулығы 30-дан кейін бала көтеруге жарай бермейді. Бірақ, Сандуғаш  өте жақсы күтінген. Әрі, Алматы облысы дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған. Осының арқасында, аман-есен босанды", - деді Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы "Ана мен бала" бөлімінің меңгерушісі, Камиль Самитов. 

Дәрігерлер ана мен баланың денсаулығына қауіп келтірмеу үшін, кесір тілігін жасапты. Бүлдіршіннің салмағы 3 келіден асқан. 

Қазір кішкентай бүлдіршін мен оның анасының жағдайы қалыпты. Дәрігерлер оларды үйлеріне шығарып салуды жоспарлап отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, бұл жастағы әйелдің құрсақ көтеруі елімізде соңғы 10 жылдықта тіркелген алғашқы жағдай екен. 

Дәрігерлердің мәліметінше, елімізде бала туу көрсеткіші айтарлықтай артыпты. Мәселен, 1998 жылы Қазақстанда босану көрсеткіші 227 мың 400 болса, былтырғы жылы бұл сан 398 мыңнан асқан. Ал, 1998 жылдан 2015 жылға дейін 5 млн 593 мыңнан астам босану дерегі тіркеліп, 5 млн 593 мың 573 бала өмірге аман-есен келген.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай