Алматылықтарға тауды қоқыстан тазартуға Жорабек есімді робот көмектеседі

02 Наурыз 2016, 15:21
0
Алматылықтарға тауды қоқыстан тазартуға Жорабек есімді робот көмектеседі - © Tengrinews.kz
© Tengrinews.kz

Алматыда жаңа  "Қоқысқа шабуыл" маусымы басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қаланың 1000 жылдығына арналған ауқымды эко-шара 2 сәуірде Алма-Арасан шатқалында өтеді. "Қоқысқа шабуыл" эко-марафонының негізгі мақсаты - Алматының табиғи аймақтарында демалушылардың назарын экология мәселесіне аудару. Бұл күні тауға демалуға келген әрбір адамға ұлттық саябаққа кірер ауызда эко-қалта мен жолсерік беріледі. Шараны ұйымдастырушылар ең жауапты демалушыларды сыйлықтармен қуантады. Қоқыс салынған қалталарды демалу аймағынан шыға берісте Жорабек есімді робот қабылдап алады.

Экологиялық марафонды ұйымдастырушы Айнұр Сәлімбаеваның айтуынша, акция алматылықтарды туған қала табиғатына өз бетімен қамқорлық жасауға шақырады. Осы маусымда ұйымдастырушылар 200 тонна қоқыс жинап, адамдарға өзінен қалған қоқыстарды жинап жүруге үйретуді мақсат етіп отыр.

Марафонға Алматы қаласының кез келген қонағы мен тұрғындары қатыса алады. Бұл үшін 1 сәуірге дейін шараны ұйымдастырып жатқан "Бауыржан" қайырымдылық қорының сайтында өтініш қалдыру керек. 

Айта кетейік, "Қоқысқа шабуыл" акциясы алғаш рет 2015 жылдың күзінде өткізілген болатын. Ол кезде 6 мың демалушы Алма-Арасан және Бутаковка шатқалдарынан 17 мың тоннадан аса қоқыс жинаған. Шараға қатысушылардың айтуынша, тауда пластик және шыны бөтелкелер, мүшеқаптар мен тамақ салынған қалталар көп кездескен.

Іле-Алатауы табиғатты қорғау саябағы мамандарының мәліметінше, Ұлттық саябақтағы қоқыстардың 90 пайызын қазақстандық туристер тастайды екен. Жыл сайын Іле-Алатауы ұлттық саябағы аумағынан полигонға 5 мың текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар және аптасына 30 тонна қоқыс апарылады. Алматының таулы аймақтарында жыл сайын 200 мыңға жуық адам демалады екен.


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай