07 қараша 2019 16:27

Қазақ жүктіліктің алғашқы үш айын неге құпия ұстаған

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж. Дудин С.М. Қазақтар. Қазақстан, Семей обл. 1899 ж.

Қазақта әйелдің аяғы ауыр болса, түрлі ырымдар жасап, дәстүрлер өткізген. Ауыр көтертпеген, арықтан аттатпаған, сиыр сауғызбаған. Этнограф Болат Бопайұлы қазақта жүкті әйелді күйеуі мен енесінің қалай күткенін Тengrinews.kz тілшісіне айтып берді.


Қазақта әйелдің аяғы ауыр болса, түрлі ырымдар жасап, дәстүрлер өткізген. Ауыр көтертпеген, арықтан аттатпаған, сиыр сауғызбаған. Этнограф Болат Бопайұлы қазақта жүкті әйелді күйеуі мен енесінің қалай күткенін Тengrinews.kz тілшісіне айтып берді.

"Әйелдің жерігі қанбаса..."

Маманның сөзінше, әйелі жүкті болған уақыттан бастап күйеуі ерекше қамқор болған.  

"Су, темір, жүк немесе қап секілді ауыр көтертпейтін. Жүк көтерсе, баласы түсіп қалады, су көтерсе, суегіз болады деген. Аяғы ауыр әйелді жалғыз жарым алыс жолға жібермеген, көрші-қолаңдарға да беталды қыдыртпайтын болған. Күйеуі де, енесі де жүкті әйелдің қас-қабағына қарап отырған. Оның себебі - аяғы ауыр әйел ренжісе, кейін баласының мінезі жаман болады деп сенген. Ал ол қап не темір секілді ауыр көтерсе, іштегі баланың өсіп-жетілуіне зиян болады деген. Сондай-ақ әйелдің жерігі қанбаса, бала кем туады деп қараған. Сондықтан оның көксеген нәрсесін тауып берген", - дейді ол.

Болат Бопайұлының сөзінше, бәрі де аяғы ауыр әйелдің көңіліне кірбің түсірмеуге тырысқан.

"Әйелдің жүкті екенін білген күннен бастап оны көркем әуен, күй, аңыз-әңгімелер тыңдауға, тамаша табиғат құшағында жүруге, әдемі суреттерді көруге, дәмді тағамдарға баулыған. Мұның бәрі құрсақтағы баланың жақсы дамып, дүниеге аман келуі үшін жасалған. Анасы арқылы баланың денсаулығын жақсартуға, көңіл-күйін көтеруге тырысқан", - дейді этнограф.

"Жүктіліктің алғашқы үш айы қатерлі"

Ол әйелдің жары мен енесінен бөлек, көрші-қолаңдары, туыстары да қамқор болғанын айтады. Сондай-ақ, қазақ жүктіліктің алғашқы айларын қатерлі санаған.

"Құрсақ шашу шашып, құрсақ той жасап, туғандарынан сүйінші сұраған. Аяғы ауыр әйелдің бастапқы үш айы қауіпті кезең, баланың орнықпаған кезі деп санап, бөтен адамдарға естіртпеген. Алғашқы үш айда жүкті әйел кең киімдер киіп, басқалардан аяғы ауыр екенін құпияда ұстаған", - дейді Болат Бопайұлы.

Жүкті болған кезде үкі қауырсынын тағу, күміс теңге тағу, тұмар тағу секілді дәстүрлер орындалған. Бұл тіл мен көз тимесін деген амалы екен.

"Аяғы ауыр әйелді арықтан, керулі тұрған арқаннан аттатпайды, сиыр саудырмайды, сүзеген малдардың, иттің қасына жақындатпайды", - дейді ол.

Әйел босанған соң қалжа береді

Маман әйел босанған соң қалжа дәстүрі болатынын айтады. Қалжа деп босанған келінге арнап таңдалған малды айтады.

"Әйел босанарға таяу күндері аяқ-қолы бүтін ақсарбаз қойды қалжаға дайындап қоятын болған. Әйел босанған түні сол қалжаны сойып, оның оң жақ асық жілігі мен барлық мүшесін асады да, әйелге қалжа жегізетін болған. Қазақта "Менің де анам бір күні қалжа жеген" деген ұғым содан пайда болған. Қалжа жеген әйел қалжырамайды, кеткен қаны толығады деп есептеген. Кейін туыс-туғандарды шақырып, қалжадан ауыз тигізген", - дейді этнограф.

Болат Бопайұлының айтуынша, әйелі босанғаннан кейін күйеуі естелікке сыйлықтар берген.

"Алтын сырға, күміс, білезік, алтын алқа немесе құндыз секілді бағалы киімдер, ат мінгізген. Бала қарақұлақтанғанша әкесі алыс сапарға кетпеген. Қасында қамқоршы болған. Себебі ата-анасы қатар баққан бала бақытты болады деп сенген. Оның үстіне, толғақтан кейін әйел әлсіз болады, қасына демеу керек", - деп қорытындылады этнограф.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.77   490.7   4.81 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети