- 1990-шы жылдың маусым айында Зайсан зілзаласы болғанда мен сенің Марқакөліңнің орталығы болған Алексеевкада аудандық ауруханада аяғымнан баса алмай үшінші қабатта жатқанмын, - деді Келдекең біздің үйде шай ішіп отырған бір жолы.
- 1990-шы жылдың маусым айында Зайсан зілзаласы болғанда мен сенің Марқакөліңнің орталығы болған Алексеевкада аудандық ауруханада аяғымнан баса алмай үшінші қабатта жатқанмын, - деді Келдекең біздің үйде шай ішіп отырған бір жолы.
- Үшінші қабатта жатқан бала-шаға жер-дүние сілкініп қоя бергенде жандарын қоярға жер таппай шырылдағанда, дүрліккен жұртқа басу айтып, сабырға шақырып, бәрі түсіп болған соң, жаралы аяғыңды сүйрелей ең соңында өзің далаға шыққаныңды кейін куә адамдар баяндап беріп еді. «Семейден келген бір әртіс жігіт ерлік көрсетіп, сүріне-қабына қашқан адамдарға жөн сілтеп тұрды», - деп.
Келдекең кеңкілдеп күлді: «Е-е, ол оқиғаны естіген екенсің ғой. Сол батырың мен боламын!».
Осы кеште ол сона-ау алыста қалған, түнде білте шамның жарығымен асық ойнап, күндіз талды ат қып мініп жарысқан, шіркін, сол бір балдәурен балалық шағы туралы сарытап сағынышқа толы әуезбен сыр шерткен болатын.
– Ертеректе шалдар балаларға «Батырлар жырын» оқытушы еді. Мен соның шет жағасын көрдім. 5-6 сыныпта оқып жүрген кезімде «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс батыр» сияқты бірталай жырды жатқа білетінмін. Ол – теледидардың жоқ кезі. Атам күн сайын кешке жыр оқытып қоятын. Сонда байқағаным, жай ғана мақаммен оқысаң, жатталмайды, ал әндетіп оқысаң, тез сіңеді, тыңдарманға да керемет ұғынықты болады, - деп бастап еді әңгімесін Келдекең.
Келдекеңнің арғы бабаcы Өлмесек азды-көпті малы, қазіргіше айтқанда, бірер отар қой, 5-6 үйір жылқысы бар, малшы ұстаған, өзі ескіше бала оқытқан, ауқатты адам болған. Өзі өмірден озғанда, шаруасына шаңырақ иесі - Фазыл иелік еткен. Кеңес өкіметі орнап, «бай-манаптар» кәмпескеге іліккенде, бұл әулет те бәлшебектің құрығына түскен.
Кеңестен көңілі қалған Фазыл ағайын-туыс, руластарымен Қытай аспақ болады. Соның алдында Еренқабырғаның арғы жағын бетке алып бара жатқан тоғыз жүз шаңырақ ақнайман руының елін қызылдар жолда тынығып жатқан жерінде тірі жан қалдырмай қырып тастағанын естіген соң тежеледі. Марқакөлдің Қарашілік ауылы маңында «Ақнайман қырылған» дейтін, сол қызылдар салған топалаңнан қалған белгі - қалың қорымның ізі әлі бар.
Содан заман ағымын сезген Фазыл ақсақал туыстарын бастап, көрші Марқа өңірінің Ақбұлақ елді мекенінде жаңадан ашылып жатқан, «Горный» алтын руднигіне жұмысқа орналасып, 1947 жылға дейін Горный ауылында тұрған.
Соғыс бітіп тұрмыс оңала бастағанда еліне қайтуды ойлап, 1947 жылдары ұлдары Қожа мен Раузаны, қызы Бағдатты ертіп, Күршім ауданының Құйған ауылына көшіп келеді. Сол жерде екі ұлына келін алып, қызын ұзатқан. Қожа, Раузаның балаларының бәрі Құйған ауылында дүниеге келген. 1957-1958 жылдары совхоздар құрылған кезде «Қалғұты» совхозының жаңадан ашылған №3 фермасына көшіп барған. Ол - бүгінгі Жылытау ауылы.
Толық нұсқасын "Алаш айнасы" сайтынан қараңыз