Ресейлік тарихшылар КСРО Батыры Маншүк Мәметова шай құйған самаурынды павлодарлықтарға берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ресейлік тарихшылар КСРО Батыры Маншүк Мәметова шай құйған самаурынды павлодарлықтарға берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мұндай құнды жәдігерді Павлодарға "Майдан жолы" іздестіру отряды әкелді. "Ресейлік тарихшылар берген бұл самаурын - біз үшін ең құнды экспонат. Соғыс жылдарында ол самаурын қазақтардан құралған жүздік атқыштар бригадасына тиесілі болған. Мәншүк Мәметованың жауынгерлерге дәл осы самаурыннан шай құйып беріп отырғаны туралы да дерек бар", - деді баспасөз мәслихатында "Майдан жолы" отрядын құрған Жұмабек Қамзин.
Оның сөзіне қарағанда, самаурын ресейлік Невель қаласы тұрғындарының павлодарлық іздестіру тобына жасаған сыйы. Өз кезегінде топ мүшелері әлгі самаурынды облыстық өлкетану мұражайына тапсырған. Мұражайға сондай-ақ, қазақ атқыштар бригадасына тиесілі баян да тапсырылды.
"Біз Невельде үш апта кеңес жауынгерлерін қайта жерлеуді қалыпқа келтіру жұмыстарына қатыстық. Таң атқаннан күн батқанша еңбек еттік, үзіліс тым аз болды. Тек қолымыз босаған уақыттарда ғана осы самаурыннан біз де шай іштік", - деді отряд мүшесі Рафаель Мұхамеджанов. Енді бұл экспонаттар басқа да жәдігерлермен бірге аймақтық өлкетану мұражайындағы экспонттар қатарын толтыратын болады.