01 қаңтар 2020 09:43

Мереке түні кезекшілікке түсіп қалатын мамандардың әңгімесі

© pixabay.com © pixabay.com

Нейрохирург, өрт құтқарушысы және патрульдік полиция қызметінің инспекторы Жаңа жыл қарсаңына түскен кезекшіліктері кезінде болған қызықты оқиғаларын еске алды, - деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.


Нейрохирург, өрт құтқарушысы және патрульдік полиция қызметінің инспекторы Жаңа жыл қарсаңына түскен кезекшіліктері кезінде болған қызықты оқиғаларын еске алды, - деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.

Нейрохирург Нұржан Әжібековтің айтуынша, ол осымен үшінші жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатыр екен. Бұл құбылыс ол үшін үйреншікті. Отбасы да отағасын қолдап, өз ісінің шеберіне ренжімейді. Керісінше, бастысы - адам өмірін сақтап қалу екенін түсінеді. Ақ халатты абзал жан № 4 клиникалық ауруханасында істегеніне 8 жыл болған. Бір жылдың ішінде нейрохирург 150-ден астам ауыр ота жасаған екен. Мейрам қарсаңында екі ота жасау жоспарланып қойыпты.

"31 желтоқсан және одан басқа мейрамдарды осы жерде өткіземіз. Үшінші жыл ота жасайтын бөлмеде қарсы алып келемін. Ол үшін еш өкінбеймін. Жарым да түсіністікпен қарайды. Біздің бөлім ең ауыр болып саналады. Мұнда түрлі науқастардың да келетінін айта кетейін. Тіпті бірнеше жері сынғандар да түсіп жатады. Жұмыстың жауапкершілігі өте жоғары. Мамандығым өзіме ұнайды", - деді Алматы қаласы № 4 ҚКА нейрохирургі Нұржан Әжібеков.

Ал өрт-құтқарушысы Әділжан Құдайқұловтың айтуынша, бірде жаңа жыл мейрамында Медеу ауданындағы тұрғын үйден өрт шығып, өз басын қауіпке тігіп, үй иесін құтқарып қалған.

"Балалар 8-қабатта қалып қойған еді. Пәтер түтіндегеннен кейін, балконға шығып алған. Анасы төменде болды. Жігіттер шұғыл қимылдап, жеткіншектерді түсіріп алдық. Біздің жұмыста ең маңыздысы - адам өмірі", - дейді Алматы қаласы № 5 ӨҚБ өрт-құтқарушысы Әділжан Құдайқұлов. 

Патрульдік полиция қызметінің инспекторы Мадияр Бекежан жаңа жылды өз үйінде соңғы рет қашан қарсы алғаны есінде емес екенін айтты. Алайда, мамандығын сүйеді. Полицей болуды бала кезінен армандаған Мадияр Бекежанның қоғамдық тәртіпті қадағалап жүргеніне 10 жылдың жүзі болған екен. Осы уақыт аралығында қарумен атысқандарды құрықтап, мас жүргізушіні ұстау сынды оқиғалар болып тұратынын жеткізді. Оның төрт баласы бар. Инспектордың сөзінше, үлкен қызы өзі секілді тәртіп сақшысы болғысы келеді екен. 

"Отбасым, ата-анам және балаларым мені қолдайды. Жұмыстан қашан келеді екен деп, тағатсыздана күтеді. Үлкен қызым, табалдырықты аттай сала бірден фуражкамды алып, ала таяқпен ойнайды. Өскенде полиция қызметкері боламын", - дейді Алматы қаласы ПД патрульдік полиция қызметінің инспекторы Мадияр Бекежан.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.22   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети