11 қараша 2019 16:05

Олар өз білімін бөлісуде жомарт - Twitter-де тәжірибе алған қазақстандық

Камила Долаева Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

 Айгерім Кунадилова Айгерім Кунадилова

АҚШ-тың тек әйелдерге арналған TechWomen атты бағдарламасы бар. Оған Орта Азия, Африка және Таяу Шығыс елдерінен STEM салаларында қызмет етенін әйел адамдар қатыса алады. Бірнеше мыңның ішінен топ жарып, соңғы жаңа технологиялар мен байланыс құралдары өмірге келетін, әлемнің Apple, HP, Google, INTEL сынды ең алып компаниялары орналасқан Кремний алқабында (Silicon Valley) тегін тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болған қазақстандықтар да бар. Олар алтау. Мысалы отандасымыз Айгерім Кунадилова Twitter компаниясы мен ондағы мамандардың жұмысымен танысқан. Ол Tengrinews.kz тілшісіне бұл компания мен оның Қазақстандағы болашағы және АҚШ бағдарламасы жайлы айтып берді.


АҚШ-тың тек әйелдерге арналған TechWomen атты бағдарламасы бар. Оған Орта Азия, Африка және Таяу Шығыс елдерінен STEM салаларында қызмет етенін әйел адамдар қатыса алады. Бірнеше мыңның ішінен топ жарып, соңғы жаңа технологиялар мен байланыс құралдары өмірге келетін, әлемнің Apple, HP, Google, INTEL сынды ең алып компаниялары орналасқан Кремний алқабында (Silicon Valley) тегін тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болған қазақстандықтар да бар. Олар алтау. Мысалы отандасымыз Айгерім Кунадилова Twitter компаниясы мен ондағы мамандардың жұмысымен танысқан. Ол Tengrinews.kz тілшісіне бұл компания мен оның Қазақстандағы болашағы және АҚШ бағдарламасы жайлы айтып берді.

TechWomen - жаратылыстану, технология, инженерлік-техникалық ғылымдар және математика (STEM) саласындағы мамандар үшін бес апталық кәсіби білім алмасу бағдарламасы. Оны толығымен Америка құрама штаттары қаржыландырады.

Техникалық білімсіз TechWomen бағдарламасына қалай өтті?

 

Айгерім Кунадилова халықаралық IELTS, TOEFL және басқа емтихандарға дайындаумен айналысады, онлайн оқыту платформасының негізін қалаушы. Кезінде Алматы мен Нұр-Сұлтанда оффлайн оқыту мектептерінен бастап, айтарлықтай жетістіктерге жетсе де, ары қарай даму керек деген оймен онлайн режимге көшкен. Айгерім Кунадилова техникалық мамандықта білім алмаған, десе де TechWomen бағдарламасына іріктеуден өте алған.

"Мен арнайы платформа құрастыра бастадым, ал командам оқыту контентін жасады. Осылайша алғашқы онлайн курстарымызды сата бастадық. 30-ға жуық адам тіркелді. Бастамамыз жаман болмады. Әрине, оқу орталығымызға келіп жүрген клиенттеріміздің бір бөлігін жоғалтып та алдық. Олар негізінен мектеп оқушылары болды. Десе де жаңа аудиторияға ие болдық, олар: оффлайннан гөрі онлайн оқу ыңғайлы деп санаған жас мамандар мен тестке дайындалу үшін жақсы мектептері жетіспейтін аймақтардағы балалар. Бүгінде бізде Ресей, Украина, Беларусь және Орталық Азияның басқа да елдерінің оқушылары бар", - дейді ол.

Даму үшін кәсіби дағды мен тиісті орта жетіспеген

 

Айгерім Кунадилова бұрыннан халықаралық бизнес құруды армандаған екен. Бірақ Қазақстанда онлайн мектеп ашқанмен, одан ары қалай дамуын білмеген, айтуынша, ол үшін кәсіби дағды мен дұрыс орта жетіспеген.

"Мен әлемнің бастамашыл адамдары жиналған Кремний алқабының қалай жұмыс істейтінін, өзім миллиондардың өмірін өзгертетін жобаны қалай құру керегін түсінгім келді. Сондықтан TechWomen бағдарламасына түйіндемемді жібердім. Техникалық білімім болмаса да, мен онлайн жобамды бастауға батылым жеткені үшін және оның жемісін көре бастағаным үшін конкурстан өттім деп ойлаймын. Себебі сұхбат барысында менің платформам туралы және оған деген жоспараларымды көп сұрады. Tech business негізін салғысы келетін барлық қыз-келіншектерді міндетті түрде бұл бағдарламаға бағын сынап көруге шақырамын", - дейді ол.

Twitter атмосферасы жақсы

 

Іріктеу барысында үміткерлер өзі тәлімгерлік бағдарламасын (mentorship program) өткісі келетін компанияларды таңдайды екен. Сонымен қатар, олармен жұмыс істеу бұл компаниялардың менторларына неге қызық болатынын жазу керек.

"Мені Twitter таңдағанына қуаныштымын, өйткені бұл 4,5 мың қызметкер жұмыс істейтін "ірілердің ішіндегі шағын компания". Ол Facebook, Google, Salesforce-тарға қарағанда әлдеқайда шағын болғанымен, IPO-ға шыққан және өзінің күрделі ішкі ұйымдастыру жүйесі бар үлкен бірлестік. Сонымен қатар, Twitter-де командада жұмыс істеуге қолайлы жақсы атмосфера бар. Олар өз тәжірибесі мен білімін бөлісуде жомарт", - дейді ол.

Twitter нені үйретті?

 

Ол Twitter-де үйренгенін Қазақстанда жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтады.

"Тәлімгерлік бағдарламада - әркімнің өз бизнесі үшін үйренгісі келетін саланы бірге анықтайтын менторы болады. Калифорниядағы Ycombinator, 500 startups сынды атақты акселераторлар туралы естіген шығарсыз. Онда компания негізін қалаушылар бизнес дамыту жолдарын үйретеді және инвесторлар алдында ұсыныс айтуға мүмкіндік береді. Осы бағдарламадағы тәжірибем акселераторға ұқсас болды, онда мен Twitter мамандарына жобамды дамыту бойынша сұрақтарыммен жүгіндім. Сонымен қатар, Twitter, Periscope, Maracana (Twitter қарамағына кеткен білім платформасы) негізін қалаушылармен және компания менеджерлерімен кездесіп, тілдестім. Мұнда онлайн мектебімді жақсартуға, командаға бағдарламашыларды таңдау және басқа мәселелерім бойынша өте құнды кеңестер алдым", - дейді Айгерім Кунадилова.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aigerim Kunadilova (Temir) (@ai_temir)

Қазақстандағы Twitter жайлы деректер

 

Кейіпкеріміз Қазақстандағы Twitter туралы бірнеше қызықты деректі бөлісті.

"Амал не, Қазақстанда Twitter Жапония, Мысыр, Нигерия және басқа да көптеген елдердегідей аса танымал емес. Десе де, кәсіби ортада, әлемде, адамдарды жұмысқа қабылдарда Twitter және LinkedIn аккаунттарын қарайды. Қазақстандықтар арасында ең белсенді пайдаланушылар 18-25 жаста. Әйелдер көп тіркелген, бірақ engagement category бойынша ерлер белсенді", - дейді Айгерім Кунадилова.

Қазақстандықтарды Twitter-де көбіне K-pop әншілері мен олардың жаңа әндері қызықтырады екен. Одан әрі, танымал парақшалардың көшін Азаттық радиосы жалғастырады. Үшінші орында cybersport тақырыбы тұр.

Twitter-дегі кездесулер

 

Қазақстандық келіншек Twitter мен Square (fintech) компанияларының негізін қалаған Джек Дорси мен жарнама кірістері бойынша бас директор Брюс Фолкпен кездесуі туралы да айтты.

"Екеуі де бизнесті қандай да бір проблеманы шешуі тиіс және оны жай ғана бизнес үшін құрудың қажеті жоқ деп түсінеді. Компанияның негізін қалаушылар мәселені терең зерттеп, оны шешу үшін ресурстар (команда, ақша) іздеуі тиіс. Бұрын бізге ол үшін ең бастысы техникалық дағдылар болып көрінетін, ал кездесуден кейін сыни ойлаудың ең маңыздысы екенін түсіндім", - дейді ол.

Оның айтуынша, сұрақ қоя білу, сыни ойлау және шалыс басудан қорықпау өте маңызды.

"Дорси сияқты адамдар әрқашан өзгеден ерекше болып көрінеді және бұл солай. Олар шығармашылықпен айналысады, әр нәрсеге қызығады, білімге құмар, жиі саяхаттайды. Оның мұншалықты харизмасы бар немесе өте тартымды адам деп айта алмаймын. Қызметкерлері оған өз ұстанымдарына деген сенімі үшін және болашаққа көз жүгірте алу қабілеті үшін сенім артады. Осындай көшбасшылардың бірімен жүздесіп, тілдескеніме өте қуаныштымын", - дейді Айгерім Кунадилова.

Twitter саяси сипаттағы жарнамаға ресми тыйым салған алғашқы компания

 

Twitter кедергісіз қарым-қатынас жасауға және ақпарат алмасуға мүмкіндік беруге қызмет етеді. Олар әлемдегі 330 миллион адамның тілдесуіне сау орта қалыптастырған.

"Кей елдерде Twitter пайдаланушыларды тартумен белсенді айналысады. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстан бұл платформаны аса белсенді қолдана бермейді. Twitter - бренд қалыптастыруда, оны танымал етуде қуатты құрал, оған назар аударған жөн", - дейді келіншек.

Айгерім Кунадилованың айтуынша, қазір бүкіл әлемде Желі қолданушыларының жеке деректерін сақтау және пікіріңді қауіпсіз бөлісе алатын платформа құру мәселесі өткір қаралып жатыр.

"Сонымен қатар, жарнамамен табыс табатын әлеуметтік желі кемсітетін сипаттағы немесе сайлауға әсер ететін жарнама науқанына жол бермеуі тиіс. Twitter - өз платформасында саяси сипаттағы жарнамаға ресми тыйым салған алғашқы компания. Маған олардың философиясы өте қатты ұнайды", - дейді ол.

Бұл тағылымдаманың артықшылығы - ментормен қарым-қатынас бірнеше жылға жалғасады екен. Енді Айгерім Кунадилованың бағдарлама қатысушысы ретінде, істеген жұмысының нәтижелерін бөлісіп, жобалар бойынша есеп жіберіп отырады және Twitter-дегі тәлімгерлерімен байланыста болуы тиіс. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aigerim Kunadilova (Temir) (@ai_temir)

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.73   490.7   4.76 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети