23 наурыз 2018 11:00

Дәмді көженің құпиясы неде?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© astana.gov.kz © astana.gov.kz

Наурыз - жыл басы, айналаның жаңару тұсы. Бұл кезде табиғат ұйқысынан оянып, үйдегі тіршілікке жан бітеді.


Наурыз - жыл басы, айналаның жаңару тұсы. Бұл кезде табиғат ұйқысынан оянып, үйдегі тіршілікке жан бітеді.

Көктемгі мерекені жеті түрлі тағамнан әзірленетін көжесіз елестету мүмкін емес. Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының тілшілері 93 жастағы әжей дайындаған мерекелік сусынның дәмін татып, оның көне де ерекше құрамын біліп қайтты.

Әйнеш апаның шаңырағында Наурыз мерекесін ерекше қастерлейді. 93 жасар қарияның балалары, немерелері мен шөберелері ақ жаулықты анасын ортаға алып, Ұлыстың ұлы күнін барлығы бірге қарсы алуға тырысады. 

Жылда осы күні қарт ана таң атысымен ерте тұрып, Наурыз көжені әзірлейді екен. Ол қонақтарының келген уақытында сусынның дайын болуының қамын жасайды. Сол себепті бұл іске ешкімді араластырмайды да.

"Біз кішкентайымыздан әжелеріміздің жанында жүріп, осы сусынды қалай пісірілетінін көріп жүрдік. Әйелдердің әрқайсысы Наурыз көжені әртүрлі дайындайды ғой. Мысалы, мен көже қышқыл болсын деп еттің сорпасына құртты езіп қосамын. Сонда құрттың тұзы да сорпаға жақсы сіңіп, көже татымды бола түседі. Кезінде менің анам осылай істейтін. Кейбір келіншектер сорпаға құртты емес, айранды қосады", - деп бөлісті Әйнеш Самтыкова.

"Кезінде Наурыз көжені далада тайқазанға пісіретінбіз. Көже дайын болған соң, оны жиырма-отыз шақты адам бірнеше кеселеп ішетін еді. Бастысы, ет піскенге дейін оны ұзақ қайнату керек. Сүрленген ет болса, тіпті жақсы", – деді әжей дастархан көжені кесеге сапыра құйып. 

Ол Наурыз көжені ыдысқа толтырып құйып берілетінін айтты. Бұл - "жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын" деген белгіні білдіреді.  

"Сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады", - деді Әйнеш апа.

Наурыз көже әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыс, құттың жоралғысы ретінде дастарханға өзге де ұлттық тағамдармен қоса міндетті түрде қойылады. Самтыковтардың ішетін Наурыз көжесі өзгеше, әрине. Қарт ананы құрмет тұтатын отбасы үлкен дастархан басында жиналып, әңгімеге дүкен құрады, хал сұрасады, қуаныштарымен бөліседі.

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 448.15   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети