Қай өңірлерде сәбидің шала тууы жиі тіркеледі: Қазақстан бойынша статистика

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жаңа туған нәресте Фото:depositphotos.com

Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық бала уақытынан бұрын дүниеге келеді, бұл барлық сәбидің 5–6 пайызы. Денсаулық сақтау министрлігі шала тууға не әсер ететінін және мұндай сәбилер қай өңірлерде көп екенін айтты, деп хабарлайды TengriHealth.


Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық бала уақытынан бұрын дүниеге келеді, бұл барлық сәбидің 5–6 пайызы. Денсаулық сақтау министрлігі шала тууға не әсер ететінін және мұндай сәбилер қай өңірлерде көп екенін айтты, деп хабарлайды TengriHealth.

Қазақстандағы бала туу көрсеткіші және шала туған сәбилер статистикасы

Денсаулық сақтау министрлігі біздің сауалға берген жауабында бала туудың ең көп көрсеткіші 2021 жылы тіркелгенін (445 875) хабарлады. Одан кейін туу көрсеткіші біртіндеп төмендеп, 2025 жылы 332 мыңға жуық бала дүние есігін ашты.

Бұл ретте Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық сәби мерзімінен бұрын туады. Мұндай жағдайлардың үлесі жалпы санның 5–6 пайызын құрайды және кейінгі жылдары тұрақты болып қалып отыр. Бұл халықаралық көрсеткіштерге сәйкес келеді.

"Кейінгі бес жылда елімізде 142 мыңға жуық сәби шала туған. 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы мерзімінен бұрын босану үлесі 8 пайыз азайды", - делінген жауапта.

Бұл ретте Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім деңгейі 7,5 еседен астам төмендеді. Егер 1990 жылы бұл көрсеткіш 1000 тірі туған балаға шаққанда 23 пайыз болса, 2025 жылы 3,1 пайызға жетті.

Министрлік бүгінде бұл сандар Орталық Азиядағы ең төменгі көрсеткіш екенін және еуропалық орташа деңгейге сәйкес келетінін атап өтті.

Мерзімінен бұрын босану себептері мен күрделі жағдайлар

Мамандардың айтуынша, мерзімінен бұрын босану себептері сан алуан. Олардың қатарында ананың аурулары, жүктілік кезіндегі асқынулар, жас ерекшеліктері және басқа да факторлар бар.

"Дүниеге келгенде салмағы өте төмен, яғни 1000 грамнан аз балалар - пациенттердің ең күрделі санаты. Олардың үлесі барлық жаңа туған сәбилердің 0,3–0,4 пайызы болады. Нақты сандарға сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда осындай 1356 сәби дүниеге келді", - деп нақтылады министрліктегілер.

Қай өңірлерде сәбидің шала тууы жиі тіркеледі?

Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, салмағы өте төмен балалардың ең көп саны ірі өңірлер мен туу көрсеткіші жоғары қалаларда тіркеледі.

2025 жылы келесі өңірлер алда болды:

  • Алматы - 13 пайыз,
  • Түркістан облысы - 12 пайыз,
  • Астана - 8,7 пайыз,
  • Алматы облысы - 8,3 пайыз,
  • Шымкент - 8,1 пайыз,
  • Қызылорда облысы - 7,3 пайыз,
  • Ақтөбе облысы - 4,4 пайыз,
  • Маңғыстау облысы - 4,1 пайыз.

Денсаулық сақтау министрлігі мұндай балаларды күтіп-бағудағы ілгерілеушілікті баса айтады:

"Егер заманауи неонаталдық қызметтің қалыптасу кезеңінің басында мұндай балалардың тірі қалу мүмкіндігі өте төмен болса, бүгінде салмағы өте төмен балалардың бір жасқа дейін аман қалу көрсеткіші 53 пайызға жетті".

Министрлік өлім-жітімді азайтудың басты факторларының бірі ретінде перинаталдық көмек көрсетудің өңірлік жүйесін дамытуды және неонаталдық көмек көрсету стандартының қабылдануын атайды.

Денсаулық сақтау министрлігі өте ерте туған сәбилерді күтіп-бағудағы жетістіктерге қарамастан, олардың бір бөлігі алдағы уақытта ұзақ бақылауды қажет ететінін атап өтті.

Халықаралық мәліметтер бойынша, салмағы өте төмен балалардың 10–20 пайызында болашақта денсаулығына қатысты түрлі мәселе туындауы мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанда былтыр 335 мың бала дүниеге келгені хабарланған болатын. Қазақстандық әйелдер орта есеппен 29,9 жасында босанса, алғашқы сәбиін шамамен 25,3 жасында дүниеге әкеледі.

Тағы оқыңыз: “Нағыз сиқыр“. Мыңдаған қазақстандық әйелді босандырған дәрігерді не таңғалдырады?

Қазақстандағы ең танымал және ең сирек кездесетін есімдер белгілі болды

TengriEdu