Бортпроводниктер жолаушылардың ұшу кезіндегі мазаны алатын әдетіне шағымданды. Экипаж мүшелерінің айтуынша, көптеген саяхатшы назар аударту үшін оларды әлі де қолмен түртіп жатады, деп хабарлайды Tengri Travel.
New York Post ақпаратынша, мәселе тек жеңіл түртуде ғана емес. Авиакомпания қызметкерлерінің айтуынша, стюардтар мен стюардессаларды үнемі итеріп, қолдарынан ұстап, формасынан жұлқылап, тіпті шымшып алатын көрінеді.
Америкалық бортсеріктер Мишель Монтес, Джошуа Бойд және Дарион Фой бұл мәселенің жұмыстың бір бөлігіне айналғанын атап өтті.
"Мұндай жағдай болмаса, бұл таңсық дүниеге айналды деуге болады. Кез келген авиакомпаниядағы кез келген әріптесіңізбен сөйлесіп көріңіз - бәрі де мұның шектен шыққан тітіркендіргіш әрекет екенін растайды. Біз бұған үнемі тап боламыз", - дейді Монтес.
Дарион Фой мұндай жағдайларға барлық дерлік авиакомпания қызметкерлері кезігетінін айтты. Бұл ретте кейбір саяхатшылар ашықтан-ашық дөрекілікке барады - бортсеріктің өзі бөксесінен түрту сияқты әдепсіз әрекеттерге бірнеше рет тап болған.
Кейбір бортпсеріктер жұмыс кезінде оларға қол тигізбеуді сұрайтын арнайы белгішелер мен жапсырмалар таға бастаған.
Экипаж мүшелері көптеген жолаушының әлі күнге дейін өздерін мейрамханадағы даяшыны немесе қонақүй қызметкерін шақырғандай ұстайтынын атап өтті. Ал бортсеріктер көмек қажет болса, жай ғана сөзбен жүгіну немесе шақыру түймесін басу жеткілікті екенін ескертеді.
"Сіз мейрамханаға кіріп, даяшы қызды түрткілей бастамайтын шығарсыз", - дейді Southwest Airlines бортсерігі әрі кәсіподақ өкілі Сэм Уилкинс.
Экипажбен байланысу үшін әр ұшақта арнайы шақыру түймесі қарастырылған, бірақ ең дұрыс жолы - жай ғана сыпайы сөйлесу.
"Қажетіңізді алу үшін маған қол тигізудің қажеті жоқ. Мен тек сіздің сыпайы дауысыңызды естігім келеді", - деді Джошуа Бойд.
Олардың айтуынша, жеке кеңістікті бұзу көбіне үлкен жанжалдарға ұласып жатады.
Осындай оқиғалардың бірі 2025 жылдың тамыз айында Pobeda Airlines әуе компаниясының Новосібір - Мәскеу рейсінде болды. БАҚ мәліметінше, ұшақ көтерілгеннен кейін жолаушылардың бірі өзін агрессивті ұстап, айналасындағыларды қорқыта бастаған.
Экипаж әйелді тыныштандыруға тырысып, оған борттағы өзін-өзі ұстау ережелері жазылған жадынаманы берген, алайда ол құжатты жыртып, лақтырып жіберген. Кейінірек жағдай ушығып кетті: БАҚ деректері бойынша, жолаушы телефонын қайтарудан бас тартқан екі бортсерікті ұрып жіберген.
Жарияланған кадрлардан өзге жолаушылардың экипажға әйелді ұшақтан шыға беріс жерде ұстап тұруға көмектескені көрінеді. Ұшақ қонғаннан кейін ол полицияға тапсырылды.
Тағы бір шулы оқиға 2023 жылы Ryanair әуе компаниясының Манчестер - Барселона рейсінде болған. Бортсерік Хлоя Харрисон ұшу кезінде мас күйдегі футбол жанкүйерлерінің агрессивті мінез-құлқына тап болғанын айтып берді.
Бортта алкоголь мен сыра таусылғанда, мас ер адамдар стюардессаға шүйліккен. Амандасу кезінде оның есімін естіп алған олар балағат сөздер айтып, сырт келбетіне қатысты орынсыз қалжыңдар жіберіп, тіпті дәретханада оңаша қалуды ұсынған.