Вьетнамның Фукуок аралына жол тартқан шетелдік туристер енді сапар алдында электронды декларацияны алдын ала толтыруы тиіс. Жаңа талап 2026 жылғы 1 маусымда күшіне енді және ол Фукуок халықаралық әуежайы арқылы келетін барлық шетелдік жолаушыға қатысты, деп хабарлайды Tengri Travel.
VisasNews ақпаратынша, бұл жаңашылдық Вьетнамда жолаушылар туралы мәліметтерді алдын ала ұсыну жүйесін - Pre-arrival Information (PAI) енгізу аясында жүзеге асырылды. Ел билігі бұл цифрлық процедура шекаралық бақылаудан өтуді жеделдетіп, келген бойда күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.
Бұған дейін жүйе 2026 жылғы 15 сәуірден бастап Хошимин қаласындағы Таншоннят халықаралық әуежайында тестілік режимде жұмыс істеген болатын. Енді бұл бағдарламаға Фукуок та қосылды.
Туристер үшін не өзгерді?
Жаңа ережелерге сәйкес, жолаушылар ұшуға дейін ресми мемлекеттік порталда электронды нысанды толтыруы қажет. Мұны Вьетнамға баратын рейс жөнелтілгенге дейін үш күннен ерте емес уақытта жасауға болады.
Сондай-ақ баламалы нұсқа да қарастырылған - рейске тіркелу кезінде әуе компаниялары немесе әуежай қызметкерлері ұсынатын QR-кодты сканерлеуге болады.
Сауалнамада жеке мәліметтерді, паспорт деректерін, ұшу туралы ақпаратты, сондай-ақ виза немесе елге кірудің өзге де негіздері туралы мәліметтерді көрсету қажет.
Нысанды жібергеннен кейін жүйе жеке QR-кодты қалыптастырады. Оны смартфонға сақтап қою немесе скриншот жасап алу керек. Фукуокқа келген соң бұл кодты иммиграциялық қызмет мамандарына көрсету талап етіледі.
Қандай құжаттар қажет болады?
Декларацияны толтырмас бұрын саяхатшыларға мыналарды дайындап қою ұсынылады:
- қолданылу мерзімі алты айдан асатын паспорт;
- әуе рейсінің деректері;
- Вьетнамда тұратын мекенжайы;
- жұмыс істеп тұрған электронды пошта мекенжайы.
Көрсетілген e-mail тапсырылған декларацияға қатысты хабарламаларды алу үшін пайдаланылады.
Билік өкілдері сауалнаманы толтыруды ұшуға дейінгі соңғы сағаттарға қалдырмауға кеңес береді. Бұл рейске тіркелу немесе келгеннен кейінгі процедуралардан өту кезінде туындауы мүмкін қиындықтардың алдын алуға көмектеседі.
Сонымен қатар алдын ала декларация толтыру стандартты шекаралық бақылауды алмастырмайды.
"Ол саяхатшыларға ақпаратты алдын ала ұсынуға мүмкіндік беріп, келген бойда деректерді өңдеуді жеделдетуге көмектеседі, алайда жолаушылар бұрынғысынша Вьетнам билігі тарапынан паспортты, елге кіру негіздері мен болу шарттарын тексеруден өтуге міндетті", - деп атап өтілген жүйе жұмысы туралы түсіндірмеде.
Фукуокқа визасыз кірудің ерекше ережесі
Фукуок аралында Вьетнамға барудың жалпы ережелерінен өзгеше, жеке жеңілдетілген кіру режимі сақталған.
Шетел азаматтары бірқатар шартты орындаған жағдайда аралда 30 күнге дейін визасыз бола алады. Бұл жеңілдік бағыты тек Фукуокпен шектелетін және елдің басқа аймақтарына баруды көздемейтін саяхатшыларға қолданылады.
PAI жүйесінде мұндай туристер үшін бөлек - Phu Quoc Visa Exemption опциясы пайда болды. Оны аралдың арнайы визасыз режимін пайдаланатын жолаушылар декларация толтыру кезінде таңдауы тиіс.
Сарапшылар бұл ережені Вьетнамның электронды визасымен шатастырмау керектігіне назар аудартады. Егер саяхат жоспарында елдің басқа қалаларына, мысалы, Хошимин, Ханой, Дананг немесе өзге бағыттарға бару болса, туристер өздеріне визасыз режимнің, электронды визаның немесе кірудің басқа санатының сәйкес келетінін алдын ала тексеріп алуы қажет.
Құжатты қашан тексеруі мүмкін?
Толтырылған декларацияның бар-жоғы тек келген кезде ғана тексерілмеуі мүмкін.
Хабарламада әуе компаниялары мен ұшу қызметінің өкілдері процедурадан өткені туралы растаманы тіпті рейске отырғызуға дейін сұрата алатыны айтылған. Бұл әсіресе Фукуоктың арнайы визасыз режимін пайдалануды жоспарлаған жолаушыларға қатысты.
Сондықтан саяхатшыларға декларацияның жүйеде сәтті тіркелгеніне, ал QR-кодтың сақталғанына және сапардың кез келген сәтінде көрсетуге дайын екеніне алдын ала көз жеткізу ұсынылады.