Үйде немесе кеңседе еш кедергісіз жұмыс істейтін қарапайым пауэрбанк ұшақ бортында үлкен қауіп көзіне айналуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, биіктікте аккумулятордың болмашы зақымдануының өзі оның қызып кетуіне және өртенуіне әкеп соғуы ықтимал, деп хабарлайды Tengri Travel тілшісі "Газетаға" сілтеме жасап.
Пауэрбанк неге қауіпті саналады?
Техника ғылымдарының докторы Андрей Затонский кез келген пауэрбанктің ішінде литий-ионды аккумулятор мен электроника болатынын түсіндірді. Мұндай батареялар қуатты жақсы сақтайды, бірақ қызып кетуге, соққыға және ішкі зақымдануға өте сезімтал келеді.
Мәселе мынада: құрылғы сырттай бүтін көрінгенімен, құлап қалу немесе қатты қызу салдарынан оның ішінде жасырын ақау болуы мүмкін.
Биікте батареяға не болады?
Пермь политехникалық университетінің мамандары ұшақтағы жағдай "жердегіден" өзгеше екенін атап өтті. Ұшу кезінде электроникаға қысымның ауытқуы, діріл және температураның өзгеруі әсер етеді.
Егер аккумулятор зақымдалған болса, мұндай жүктемелер "жылудың артуы" деп аталатын қауіпті реакцияны тудыруы мүмкін, салдарынан батарея тез қыза бастайды.
Бұдан әрі процесс өте жылдам дамиды: ішінде газ бөлініп, температура көтеріледі, сөйтіп құрылғы тұтанып, тіпті жарылып кетуі мүмкін.
Неге қуаттау кезінде қауіп жоғары болады?
Сарапшылардың айтуынша, ұшу кезінде пауэрбанкті пайдалану батареяға түсетін жүктемені одан әрі арттырады. Қуаттау кезінде құрылғы арқылы ток жүреді, демек, аккумулятордың қызуы заңдылық.
Ұшақта жағдайды қиындататын тағы бір жайт – гаджеттердің көбіне орындық қалтасында, рюкзакта немесе сөмкеде жатуы, ол жерлерде салқындату жоқтың қасы.
Мұндай жағдайда шамалы қызып кетудің өзі қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.
Пауэрбанктің телефоннан айырмашылығы неде?
Литий-ионды аккумулятор смартфондарда да, ноутбуктерде де бар, бірақ оларда қорғаныс жүйелері көбірек болады. Егер құрылғы қызып кетсе, ол автоматты түрде өшіп қалады немесе пайдаланушыға ескерту жасауы мүмкін.
Пауэрбанкте, әсіресе арзан модельдерде қорғаныс деңгейі төмен. Соның салдарынан олар артық жүктеме мен зақымдануға неғұрлым бейім келеді.
Сарапшылар не ұсынады?
Мамандар мынадай кеңес берді:
- ұшақта аса қажеттілік болмаса, пауэрбанкті пайдаланбау;
- сапар алдында олардың күйін мұқият тексеру;
- зақымдалған немесе қызып кететін құрылғыларды үйде қалдыру.
Әуе компанияларда қандай ереже қолданылады?
Бұған дейін FlyArystan пауэрбанкті тасымалдау ережелерін жаңартқан болатын. 7 мамырдан бастап келесідей шектеулер қолданылады:
- 100 ватт-сағатқа дейін – шектеусіз тасымалдауға болады;
- 100-ден 160 ватт-сағатқа дейін – тек әуе компаниясының келісімімен;
- 160 ватт-сағаттан жоғары – мүлдем тыйым салынған.
Бұл ретте пауэрбанкті тек қол жүгімен тасымалдауға рұқсат етіледі. Оларды багажға өткізуге болмайды.
Ұшу кезінде құрылғыларды пайдалануға және гаджеттерді қуаттауға бұрынғыша тыйым салынады.