Өзбекстанда химиялық зауытта жарылыс болды: Қаза тапқандар бар 23 ақпан 2017, 23:45

23 ақпанда Өзбекстандағы азотты тыңайтқыштар өндіретін "Ферғанаазот" АҚ химиялық зауытында жарылыс болды, қаза тапқандар бар. Бұл туралы Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сайтында хабарланды.
"23 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 16.30-да Ферғанадағы "Ферғанаазот" АҚ химиялық зауытында жөндеу-монтаж жұмыстары кезінде жарылыс болды. Қаза тапқандар бар", - делінген хабарламада. Бірақ онда қаза тапқандардың саны көрсетілмеген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, зардап шеккендердің отбасына қажетті көмек көрсетілетіні айтылады.