Тегеран Еуропалық Одақтың Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына байланысты санкциялар енгізу туралы шешіміне мән бермейді. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Иран Еуропаның бұл саяси әрі екіжүзді қадамына ешқандай мән бермейді, Ормуз бұғазындағы егемендікті қамтамасыз етуге бағытталған стратегиясын жүзеге асыруды жалғастыра береді", - деп жазды Гариб-Абади X әлеуметтік желісінде.
Дүйсенбі, 8 маусымда Еуропалық Одақ кеме қатынасы еркіндігіне төнген қауіпке байланысты жаңа санкциялық режим аясында Иранға қарсы алғаш рет шектеулер енгізді.
"Брюссельде ЕО-ға мүше елдер Ормуз бұғазы арқылы өтуге кедергі келтіруге қатысы бар ирандық жеке және заңды тұлғаларға қарсы санкцияларды мақұлдады. Бұл ретте ЕО кеме қатынасы еркіндігі саласындағы өзінің жаңа санкциялық режимін алғаш рет қолданды", - деді ЕО дипломатиясының басшысы Кая Каллас.
Ол қажет болған жағдайда бұл санкциялық режимнің болашақта да қолданылатынын айтты.