Реклама +7(700) 388 81 09
< Назад к документу

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 4 шiлдедегi № 134-VII ҚРЗ

            ЗҚАИ-ның ескертпесі!
            Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне:

      53-баптың 1-тармағының 12) тармақшасы мынадай мазмұндағы он екінші абзацпен толықтырылсын:

      "стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты орындауға жұмсалатын шығыстар.".

      2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      78-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылығын осындай қызметті жүзеге асыратын, қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы ынталандырады.".

      3. 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:

      139-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырады және өткізеді.

      Кандидаттың волонтерлік қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның жеке қабілеттері мен кәсіби даярлығын ескере отырып, азаматтық қызметке кіру кезінде ескеріледі.".

      4. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      1) 50-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "50-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру

      Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға беру Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      2) 53-баптың 6-тармағындағы "мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуына мониторинг жүргізу" деген сөздер "мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 1-бап мынадай мазмұндағы 236-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "236-1) стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар – мынадай:

      әскери іс-қимылдар және олардың салдарларын жою;

      төтенше жағдайлардың туындауы, алдын алу және салдарларын жою;

      жаңа аса қауіпті инфекциялық аурулардың туындау, таралу қатері және олардың салдарларын жою;

      қолайсыз химиялық, биологиялық, радиациялық факторлардың әсері салдарынан болған аурулар мен зақымданулардың профилактикасы, оларды диагностикалау, емдеу, сондай-ақ олардың салдарларын жою;

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ең болмағанда біреуіне қатысты шектеуші экономикалық шараларды енгізу жағдайында мүше мемлекеттердің нарықтарында дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың болмауы немесе болмау қатері жағдайларында медициналық қолдануға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар;";

      2) 7-бапта:

      97) тармақшада:

      "іске асыру," деген сөздер алып тасталсын;

      "оны" деген сөз "нәтижелерін" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 104-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "104-1) стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындайды;";

      3) 8-баптың 19) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі мен сапасына қанағаттануы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырады, оның іске асырылуына мониторинг және нәтижелеріне бағалау жүргізеді;";

      4) 12-баптың 2-тармағының 32) тармақшасында:

      5) 23-бапта:

      1-тармақтың 5) тармақшасы алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Стратегиялық маңызды дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 13) тармақшамен толықтырылсын:

      "13) дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдері.";

      6) 233-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы субъектілер дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланатын дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдерін көтерме саудада өткізуді қоспағанда, дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдерін көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынады.";

      7) 245-баптың 7-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын.

      6. "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      39-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы "құрылтайшы" деген сөзден кейін ", қамқоршылық кеңес" деген сөздермен толықтырылсын.

      7. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" 2005 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы";

      2) кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты іске асыру, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.";

      3) 1-бапта:

      3-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар саласындағы мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган) – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік гранттарды қалыптастыру және олардың тиімділігін бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган, оның ішінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар;";

      мынадай мазмұндағы 5-2), 5-3), 5-4) және 5-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-2) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру – мемлекеттік органдардың мемлекеттік гранттардың бағыттарын айқындау, мемлекеттік гранттар үшін бюджет қаражатын жыл сайынғы және (немесе) орта мерзімді жоспарлау және айқындау рәсімін жүргізу жөніндегі қызметі;

      5-3) мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалау – жобаларды іске асыру барысында алынған нәтижелерді, олардың қойылған мақсаттар мен күтілетін нәтижелерге сәйкестігін талдау процесі;

      5-4) стратегиялық әріптес – стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес конкурстық іріктеуден өткен, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған шарт жасалған үкіметтік емес ұйым;

      5-5) стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс – орталық атқарушы органдар жалпыұлттық басымдықтарды іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражат;";

      7-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1) үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант (бұдан әрі – грант) – үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы оператор азаматтық бастамаларды қолдау, әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға беретін қаражат;";

      7-5) тармақша "тапсырысты" деген сөзден кейін ", стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) 2-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.";

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Осы Заңның күші оператордың қатысуынсыз гранттар беруге байланысты туындайтын қатынастарға, сондай-ақ "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында реттелетін гранттар беру процесінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.";

      5) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру қағидаттары

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) заңдылық;

      2) Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік міндеттерді шешуге қатысуы;

      4) үкіметтік емес ұйымдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету;

      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру процесінің жариялылығы мен ашықтығы.";

      6) 4-бап мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;

      1-2) стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың бағыттарын айқындайды;";

      7) 4-1 және 4-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-1-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, оның іске асырылу мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға ақпараттық, консультативтік, әдістемелік қолдау көрсетеді;

      3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, оның іске асырылу мониторингі және нәтижелерін бағалау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

      5) мемлекеттік органдар қалыптастыратын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тақырыптарын өзінің интернет-ресурсында орналастырады;

      6) жыл сайын 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат ұсынады;

      7) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларын бекітеді;

      8) Үйлестіру кеңесін құрады, ол туралы ережені және оның құрамын бекітеді;

      9) орталық мемлекеттік органдардың құзыретіне жататын мемлекеттік гранттар бағыттарының тізбесін Үйлестіру кеңесінің қарауына жібереді;

      10) Үйлестіру кеңесінің мемлекеттік гранттардың бағыттары бойынша ұсынымдарын олардың құзыретіне сәйкес орталық мемлекеттік органдарға жібереді;

      11) оператордың өз қызметінің нәтижелері туралы есебін қарайды және оның нысанын бекітеді;

      12) сыйлықақылар беру қағидаларын бекітеді және оларды беруді жүзеге асырады;

      13) стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларын әзірлейді;

      14) жыл сайын 1 ақпанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметін орталық атқарушы органдар ұсынатын ақпарат негізінде стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың нәтижелері туралы ақпарат береді;

      15) Қазақстан Республикасының Үкіметіне стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      16) "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-бабының 5-тармағына сәйкес ұсынылатын мәліметтерді Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізу үшін тексеруді жүзеге асырады;

      17) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын қалыптастыру тәртібін айқындайды;

      18) Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорын жүргізуді жүзеге асырады;

      19) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4-2-бап. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Орталық мемлекеттік органдар:

      1) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, оның іске асырылу мониторингін және нәтижелерін бағалауды жүзеге асырады;

      2) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде кеңестер құрады;

      3) уәкілетті органға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы жөніндегі ақпаратты ұсынады;

      4) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарланатын тақырыптарын және іске асырылуы жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижелерін бағалауды өздерінің интернет-ресурстарында орналастырады;

      5) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, консультативтік, әдістемелік қолдау көрсетеді;

      6) өздерінің құзыреті шегінде оператор арқылы мемлекеттік гранттар береді және оператордың мемлекеттік гранттардың іске асырылу нәтижелері туралы есебін қарайды;

      7) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;

      8) Үйлестіру кеңесінің ұсынымдары негізінде бағыттары мен қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік гранттарды қалыптастырады;

      9) стратегиялық әріптестерді конкурстық іріктеуді жүргізеді және стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес олармен шарттар жасасады;

      10) стратегиялық әріптестердің жасалған шарттарға және стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес міндеттемелерді орындауын бағалауды жүзеге асырады;

      11) жыл сайын 1 желтоқсанға дейін уәкілетті органға стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың нәтижелері туралы ақпарат ұсынады;

      12) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 9) – 11) тармақшаларында көзделген әрекеттер Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға қолданылмайды.

      2. Жергілікті атқарушы органдар:

      8) мемлекеттік гранттар бағыттарының тізбесін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің қарауына шығарады;

      9) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестердің ұсынымдары негізінде бағыттары мен қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік гранттарды қалыптастырады;

      10) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      8) 4-3-баптың 2-тармағының бірінші бөлігі "мониторингінің нәтижелері," деген сөздерден кейін "сондай-ақ стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың нәтижелері," деген сөздермен толықтырылсын;

      9) 5-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру салалары";

      1-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру мынадай салалар бойынша жүзеге асырылады:";

      15) тармақшадағы "жәрдемдесу бойынша жүзеге асырылады." деген сөздер "жәрдемдесу;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 16) тармақшамен толықтырылсын:

      "16) волонтерлік бастамаларды дамыту және қолдау.";

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру:

      1) өмірлік қиын жағдайда жүрген адамға (отбасына) көмек көрсету;

      2) жануарларға жауапты қарауды қалыптастыру, оның ішінде жануарларға арналған панажайларды қолдау салалары;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша да жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс салалары шеңберінде тақырыптар қалыптастырылады.";

      "4. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылады.";

      10) 5-1-баптағы ", сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар беретін мәліметтер" деген сөздер алып тасталсын;

      11) 6-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс осы Заңға және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Осы Заңның 5-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген салалар бойынша жарғылық мақсаттарға сәйкес қызметті жүзеге асыратын әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысуға жіберіледі.";

      12) 6-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-1-бап. Гранттар

      1. Гранттар:

      1) бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік гранттар;

      2) бюджеттен тыс қаржыландыру көздерінен берілетін мемлекеттік емес гранттар болып бөлінеді.

      2. Мемлекеттік гранттар мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) қысқа мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі үш айдан бір жылға дейін құрайтын, қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен кем емес және үш мың еселенген мөлшерінен аспайтын гранттар;

      2) орта мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі бір жылдан екі жылға дейін құрайтын, қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш мың еселенген мөлшерінен кем емес және он мың еселенген мөлшерінен аспайтын гранттар;

      3) ұзақ мерзімді гранттар – іске асыру мерзімі екі жылдан үш жылға дейін құрайтын, қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен кем емес, мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру үшін қажетті материалдық базасы бар үкіметтік емес ұйымдарға берілетін гранттар.

      3. Мемлекеттік гранттар оператор арқылы мемлекеттік грант беруге арналған шартқа сәйкес үкіметтік емес ұйымдар әзірлеген әлеуметтік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін беріледі.

      4. Мемлекеттік гранттар:

      таратылу процесіндегі;

      банкрот деп танылған;

      атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар;

      мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде тұрған;

      мүлкіне тыйым салынған;

      экономикалық қызметі тоқтатыла тұрған;

      басшылары, құрылтайшылары мемлекеттік органның және (немесе) оператордың уәкілетті тұлғаларының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары, жекжаттары болып табылатын;

      басшылары, құрылтайшылары террористік әрекетке қатысы бар тұлғалардың тізіміне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген үкіметтік емес ұйымдарды қоспағанда, Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына енгізілген үкіметтік емес ұйымдарға конкурстық іріктеу негізінде беріледі.

      5. Мемлекеттік грантты алған үкіметтік емес ұйымдар алынған қаражаттың:

      1) қысқа мерзімді және орта мерзімді гранттар үшін он пайыздан аспайтын;

      2) ұзақ мерзімді гранттар үшін бес пайыздан аспайтын бөлігін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және институционалдық дамытуға пайдалана алады.

      6. Мемлекеттік емес гранттар беруге және есептілікке қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес оператор мен жеке немесе заңды тұлғалар арасында жасалған шарттың талаптарында айқындалады.

      7. Мемлекеттік гранттарды бағыттары мен келесі қаржы жылына арналған қаржыландыру көлемі бойынша қалыптастыру, оператордың үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік грант алуына конкурстық іріктеу жүргізуі мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес мемлекеттік органдар жүргізетін мемлекеттік гранттардың тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады.";

      13) 6-2-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасындағы "азаматтық қоғам институттарының" деген сөздер "үкіметтік емес ұйымдардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мемлекеттік гранттарды қалыптастыру, беру, мониторингтеу және олардың тиімділігін бағалау қағидаларына сәйкес мемлекеттік гранттардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыруға;";

      14) 6-3-бапта:

      2-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Дәл сол бір үкіметтік емес ұйым бір салада ғана сыйлықақы алуға ұсынылуы мүмкін.";

      5-тармақтың бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бір саладағы сыйлықақы бір немесе бір мезгілде бірнеше ізденушіге берілуі мүмкін.";

      15) 6-4-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "жүзеге асырылуына" деген сөздер "іске асырылуына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) мынадай мазмұндағы 6-5-баппен толықтырылсын:

      "6-5-бап. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс

      1. Орталық атқарушы органдар уәкілетті органға стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарынан туындайтын стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың бағыттарын айқындайды.

      3. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың әрбір бағыты бойынша стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес конкурстық іріктеу негізінде бір ғана стратегиялық әріптес айқындалады.

      4. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс орталық атқарушы орган мен стратегиялық әріптес арасында стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.

      5. Стратегиялық әріптестің кінәсінен шартта белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және (немесе) стратегиялық әріптес өз міндеттемелерін жүйелі түрде орындамаған жағдайларда, шарт стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен тиісті орталық атқарушы органның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен бұзылуға жатады.

      6. Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер актісін орталық атқарушы орган және азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидаларына сәйкес құрылған комиссия қабылдайды.";

      17) 7, 8 және 9-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты, мемлекеттік гранттар мен сыйлықақыларды қаржыландыру және олардың бюджет қаражатын пайдалану

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты, мемлекеттік гранттар мен сыйлықақыларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру үшін көзделген бюджет қаражаты осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартта, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты орындауға арналған шартта, мемлекеттік грант беруге арналған шартта белгіленген мақсаттарда және тәртіппен пайдаланылады.

      8-бап. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар беруді бақылау

      Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстың орындалуын, гранттардың пайдаланылуын және сыйлықақылар беруді бақылауды уәкілетті орган, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      9-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.".

      8. "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-баптың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны беру тәртібі мен қағидаларын белгілейді;";

      2) 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларына ие болған шығармашыл қызметкерлерді және мәдениет қызметкерлерін, сондай-ақ аса дарынды жас шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалады.";

      3) 31-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыру Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ филантроптық қызмет және (немесе) демеушілік қызмет және (немесе) меценаттық қызмет есебінен жүзеге асырылады.".

      9. "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      17-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер, арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған конкурстарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы заңнамасына сәйкес қатысуға;".

      10. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 10) тармақшасындағы "іске асыруды, іске асыру" деген сөздер "оның іске асырылу" деген сөздермен ауыстырылсын.

      11. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      75-бап мынадай мазмұндағы 15-тармақпен толықтырылсын:

      "15. Коммуналдық мүлік қайырымдылық және волонтерлік ұйымдарға осы баптың 3-тармағының үшінші бөлігінде көзделген тәртіпке сәйкес кейіннен сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.".

      12. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-баптың 6) тармақшасындағы "іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың" деген сөздер "оның іске асырылу мониторингін және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) 29-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингін жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар өз бастамасы бойынша және өз есебінен жүргізеді.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша да жүргізіледі.".

      13. "Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 4-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес кірістері жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен алып тасталған қызметті жүзеге асыру кезеңдері;";

      2) 15-баптың 3-тармағының бірінші бөлігі "кезеңі үшін" деген сөздерден кейін ", "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес кірістері жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен алып тасталған қызмет үшін" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 16-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "олардың тура алдындағы немесе олардан кейінгі" деген сөздер "көрсетілген кезеңнің тура алдындағы немесе одан кейінгі" деген сөздермен ауыстырылсын.

      14. "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      бүкіл мәтін бойынша "іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың" деген сөздер "оның іске асырылу мониторингін және" деген сөздермен ауыстырылсын.

      15. "Қайырымдылық туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының ЗаңынаЗаңына:

      1) 1-бапта:

      2), 4), 4-1), 4-2) және 4-3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) демеушілік қызмет – демеушінің осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес демеушінің атын көпшілікке танымал ету шарттарымен демеушілік көмек көрсету жөніндегі қызметі;";

      "4) ерікті қайырмалдықтар – пайдаланушыларға олардың әлеуметтік сипаттағы мәселелерін шешу үшін берілген ақша, сондай-ақ өзге де мүлік;

      4-1) корпоративтік қайырымдылық – кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі ерікті қызметі;

      4-2) кіші отан – аумағында жеке тұлға туған және (немесе) өз өмірінің бір бөлігін өткізген Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі;

      4-3) кіші отанға қолдау көрсететін адам – кіші отанға қолдау көрсететін жеке тұлға;";

      мынадай мазмұндағы 4-4) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-4) кіші отанды қолдау – патриотизмге негізделген, кіші отанға қолдау көрсетуге бағытталған ерікті қызмет;";

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) қайырымдылық волонтері – қайырымдылық ұйымымен немесе пайдаланушымен Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде өз тәжірибесін, арнайы дағдыларын, білімін, икемін, жеке байланыстарын қолдану арқылы қаражат жинауға қатысатын жеке тұлға;";

      мынадай мазмұндағы 10-1), 11-1) және 18) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10-1) қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган – қайырымдылық саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      "11-1) қаражат жинау – ерікті қайырмалдықтарды және (немесе) қайырымдылық көмекті тарту процесі;";

      "18) электрондық қайырымдылық – электрондық тәсілмен жүзеге асырылатын ақша түріндегі ерікті қайырмалдықтарды тарту жөніндегі қызмет.";

      2) 3-баптың 1-тармағы "Қайырымдылық жасаушылар", "қайырымдылық жасаушылардың,", "қайырымдылық жасаушының" деген сөздерден кейін тиісінше ", қайырымдылық ұйымдары", "қайырымдылық ұйымдарының және", ", қайырымдылық ұйымының" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 4-бапта:

      "2. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар мен құрылыстар, жануарлар мен өсімдіктер қайырымдылық объектілері болады.

      3. Қайырымдылық жасаушылар, қайырымдылық ұйымдары және қайырымдылық волонтерлері қайырымдылық субъектілері болып табылады.";

      "4. Қайырымдылық субъектілері мен объектілері көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.";

      4) 1-тарау мынадай мазмұндағы 4-1 және 4-2-баптармен толықтырылсын:

      "4-1-бап. Электрондық қайырымдылық

      Электрондық қайырымдылыққа байланысты ақша аударымдарын қайырымдылық жасаушылар және (немесе) қайырымдылық ұйымдары Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасының талаптарына сәйкес көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер арқылы электрондық тәсілмен жүзеге асырады.

      4-2-бап. Корпоративтік қайырымдылық

      1. Корпоративтік қайырымдылықты дамыту туралы шешім қабылдаған жағдайда кәсіпкерлік субъектілері қайырымдылық көмек көрсету жөніндегі ішкі құжаттарды әзірлейді.

      2. Ішкі құжаттар қайырымдылық көмектің қағидаттарын, негізгі бағыттарын, пайдаланушыларға оны көрсету тәртібін, кәсіпкерлік субъектісі бюджетінің шығыс бөлігін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      3. Көрсетілетін қайырымдылық көмектің мақсаттары осы Заңның 2-бабына сәйкес айқындалады.";

      5) 6-бапта:

      2-тармақтағы "қайырымдылық жасаушылардың" деген сөздер "қайырымдылық субъектілерінің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қайырымдылық жасаушылар филантропиялық және (немесе) демеушілік және (немесе) меценаттық қызметті және (немесе) кіші отанға қолдау көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асырған кезде, қайырымдылық ұйымдары қайырымдылықты жүзеге асырған кезде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай алады.

      5. Мемлекеттік органдардың бюджет қаражаты есебінен қайырымдылықпен айналысуға, сондай-ақ қайырымдылық жасаушы немесе қайырымдылық ұйымы бекіткен қайырымдылық бағдарламасына біржақты тәртіппен өзгеріс (өзгерістер) енгізуге құқығы жоқ.

      6. Мемлекет қайырымдылық субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы қайырымдылықты ынталандырады.";

      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Мемлекет қайырымдылық ұйымдарына "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті кейіннен сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен сенімгерлік басқаруға беру түрінде қолдау көрсетеді.";

      6) 7-бапта:

      1-тармақ "қайырымдылық жасаушылар" деген сөздерден кейін ", қайырымдылық ұйымдары" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-тармақ алып тасталсын;

      7) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:

      "7-1-бап. Қайырымдылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган:

      1) қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) қайырымдылық саласындағы жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) қайырымдылық саласындағы құрметті атақ беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4) қайырымдылық саласындағы құрметті атақ береді;

      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";

      8) 8-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) қаражат жинауды жүзеге асыруға;";

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті.

      Есепте қайырымдылық бағдарламасын орындау шеңберіндегі кірістер мен шығыстар, қол жеткізілген мақсаттар туралы қысқаша ақпарат қамтылуға тиіс;";

      9) 11-бапта:

      1-тармақ "Қайырымдылық жасаушы" деген сөздерден кейін "немесе қайырымдылық ұйымы" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақ "Қайырымдылық жасаушы" деген сөздерден кейін "немесе қайырымдылық ұйымы" деген сөздермен толықтырылсын;

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Пайдаланушыға өз мүлкін берген қайырымдылық жасаушының немесе қайырымдылық ұйымының одан осы мүлікті пайдалану туралы есепті талап етуге құқығы бар.

      4. Қайырымдылық жасаушыдан немесе қайырымдылық ұйымынан нысаналы сипаты бар қайырымдылық көмек ретінде ақша алған пайдаланушы қайырымдылық жасаушының немесе қайырымдылық ұйымының талап етуі бойынша осы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес қайырымдылық жасаушы немесе қайырымдылық ұйымы және пайдаланушы арасындағы шарттық қатынастарда айқындалған мерзімдерде және тәртіппен есеп береді.";

      10) 12-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) қайырымдылық гранттары;";

      11) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-бап. Қайырымдылық бағдарламасы

      1. Қайырымдылық бағдарламасын қайырымдылық жасаушы және (немесе) қайырымдылық ұйымы әзірлейді, бекітеді және орындайды.

      2. Қайырымдылық бағдарламасы мақсаттарды, міндеттерді, іске асыру кезеңін, болжамды кірістер мен шығыстар сметасын қамтиды.

      3. Қайырымдылық жасаушы және (немесе) қайырымдылық ұйымы бір немесе бірнеше қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруы мүмкін.

      4. Қайырымдылық бағдарламасының орындалуы қайырымдылық жасаушының және (немесе) қайырымдылық ұйымының есебімен расталады.";

      12) 19-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бір жүз миллион теңгеден аз соманы құрайтын нысаналы капиталды (эндаументті) басқаруды ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы жүзеге асырады.";

      13) 20-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қайырымдылық гранттарының саны мен мөлшерін осы Заңның 19-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы немесе басқарушы компания белгілейді.";

      14) 21-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Нысаналы капиталды (эндаументті) тарату туралы шешімді осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің бірі болған кезде ұйымның құрылтай немесе ішкі құжаттарында осыған уәкілеттік берілген қайырымдылық ұйымының басқару органы қабылдайды.";

      15) 22-бап мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) Қазақстан Республикасының медициналық мекемелерінде және (немесе) шетелде шұғыл ақылы емделуге мұқтаж жеке тұлғалар;";

      16) 23-баптың 2, 3 және 4-тармақтары алып тасталсын;

      17) мынадай мазмұндағы 23-1-баппен толықтырылсын:

      "23-1-бап. Қайырымдылық волонтері

      1. Он сегіз жастан асқан адам қайырымдылық волонтері бола алады.

      2. Қайырымдылық волонтерінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде қайырымдылық ұйымының немесе пайдаланушының пайдасына қаражат жинауды жүзеге асыруға құқығы бар.

      3. Қайырымдылық волонтері қайырымдылық ұйымына немесе пайдаланушыға жасалған шартқа сәйкес қаражат жинау туралы есеп беруге міндетті.

      4. Мемлекеттік қызметшілер қайырымдылық волонтерлері бола алмайды.";

      18) 28-баптың 2) тармақшасы алып тасталсын.

      16. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-бапта:

      2-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Заңның 14-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 9) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, қорға өздері үшін аударымдар және (немесе) жарналар төленбеген адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алу үшін қорға төленбеген кезең үшін, бірақ төлем күнінің алдындағы он екі айдан асырмай, республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде әрбір ай үшін жарналар төлеуге міндетті.";

      мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:

      "3-2. Осы Заңның 14-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 9) тармақшасында көзделген, қорға жарналар төлемеген адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алу үшін қорға мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) төлем күнінен кейінгі он екі ай кезең үшін республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде, әрбір ай үшін;

      2) төленбеген кезең үшін, бірақ төлем күнінің алдындағы он екі айдан асырмай, республикалық бюджет туралы заңда ағымдағы қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызы мөлшерінде әрбір ай үшін жарналар төлейді.".

      17. "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      18-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.".

      18. "Волонтерлік қызмет туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      5) тармақшадағы "жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүдделерінде" деген сөздер алып тасталсын;

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган – волонтерлік қызмет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) корпоративтік волонтерлік – ұйым қызметкерлерінің өз ұйымының қолдауымен әртүрлі волонтерлік бағдарламаларға (жобаларға) және волонтерлік акцияларға ерікті ұжымдық қатысуы.";

      2) 4-баптың 2-тармағының 5) тармақшасындағы "жоба іс-шараларын" деген сөздер "волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) және волонтерлік акцияларды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 6-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) корпоративтік волонтерлік;";

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушының волонтерлерді тарту кезінде немесе волонтерлік ұйымның волонтерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарт жасасуға құқығы бар.";

      4) 1-тарау мынадай мазмұндағы 6-1-баппен толықтырылсын:

      "6-1-бап. Корпоративтік волонтерлік

      1. Ұйымдар корпоративтік волонтерлікті дамыту туралы шешім қабылдаған жағдайда волонтерлік қызметті жүзеге асыру жөніндегі ішкі құжаттарды әзірлейді.

      2. Корпоративтік волонтерліктің ішкі құжаттары корпоративтік волонтерлік қызметтің қағидаттарын, негізгі бағыттарын және оны жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      3. Корпоративтік волонтерліктің мақсаттары осы Заңның 4-бабына сәйкес айқындалады.";

      5) 8-бапта:

      1-тармақтың 6) және 8) тармақшалары алып тасталсын;

      2-тармақ алып тасталсын;

      6) 9-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың волонтерлік қызметті ұйымдастыру бөлігіндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;";

      3) және 4) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      4) волонтерлік қызметті қолдау және волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға қатысуға және волонтерлік акцияларды өткізуге тарту тәртібі жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлейді;";

      5) және 7) тармақшалар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7-1) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізеді;

      7-2) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін өзінің интернет-ресурсында орналастырады;";

      7) 10-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы және 2-тармағының 3) тармақшасы алып тасталсын;

      8) 11-баптың 3) тармақшасы "(жобалар) және" деген сөздерден кейін "волонтерлік" деген сөзбен толықтырылсын;

      9) 12-бапта:

      2-тармақтың үшінші сөйлемі алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Он сегіз жасқа толмаған волонтерлерді:

      1) дүлей зілзалалардың, экологиялық, техногендік және басқа да апаттардың, әлеуметтік жанжалдардың, жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккен адамдарға; құқық бұзушылық құрбандарына, босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға көмек көрсетуге қатысуға; сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарларын жоюға жәрдемдесуге;

      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 1) және 2) тармақтарының негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда, сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап жүрген немесе ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге;

      3) ауыр жұмыстарға, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстарға тартуға болмайды.";

      3-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) волонтерлік қызметті тоқтату.

      Волонтермен азаматтық-құқықтық шарт жасалған жағдайда, волонтерлік қызметті тоқтату осы шартқа сәйкес жүзеге асырылады;";

      5) тармақшадағы "қауіпті, зиянды және қолайсыз өндірістік факторлармен" деген сөздер "ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстармен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) тармақшадағы "қатысуға құқығы бар." деген сөздер "қатысуға;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 10), 11) және 12) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ балдары тең болған жағдайда жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткен патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісі болған кезде артықшылық алуға;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық қызметке кірген кезде волонтерлік қызметінің есепке алынуына құқығы бар.

      Сондай-ақ азаматтық қызметке кірген кезде кандидаттың жеке қабілеттері мен кәсіби даярлығы ескеріледі;

      12) халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуге қатысуға құқығы бар.";

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Волонтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шартта көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыра алады.";

      10) 14-бапта:

      7-тармақтағы "қауіпті, зиянды және қолайсыз өндірістік факторлармен" деген сөздер "ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстармен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:

      "9. Волонтерлік ұйым өз ұйымында волонтерлердің есебін жүргізуге құқылы.";

      11) 16-баптың 2-тармағы алып тасталсын;

      12) 17-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Мемлекет волонтерлерді "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік наградалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда мемлекеттік наградалармен наградтау арқылы волонтерлік қызметті ынталандырады.

      4. Мемлекет волонтерлік ұйымдарға "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті кейіннен сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен сенімгерлік басқаруға беру түрінде қолдау көрсетеді.".

      19. "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      20-баптың 4-тармағында:

      үшінші бөлікте:

      "алынған кіріс" деген сөздерден кейін ", "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен алып тасталған кіріс" деген сөздермен толықтырылсын;

      орыс тілінде өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      оныншы бөлік "айналысу кезеңдері" деген сөздерден кейін ", "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 51) тармақшасына сәйкес кірістері жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерінен алып тасталған қызметті жүзеге асыру кезеңі" деген сөздермен толықтырылсын.

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 13 және 19-тармақтарын;

      2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 7-тармағының 3) тармақшасының жетінші, сегізінші және он бірінші абзацтарын, 5), 6) тармақшаларын, 7) тармақшасының он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, отыз үшінші, отыз төртінші, отыз бесінші және отыз жетінші абзацтарын, 8) тармақшасын, 9) тармақшасының он бесінші және он алтыншы абзацтарын, 16) және 17) тармақшаларын;

      3) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 18-тармағы 6) тармақшасының бесінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Назад к документу

Заңдар - Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар, дәрілік қамтамасыз ету және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (өзгертулер 04 шілде 2022) Z2200000134

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 340761
    Қазақ тілінде 168857
    Орыс тілінде 169904
    Ағылшын тілінде 2000
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Nur-Sultan уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы