Реклама +7(700) 388 81 09
< Назад к документу

Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2005 жылғы 18 ақпан

       Құрметті қазақстандықтар!
       Ардақты ағайын!

  1. Бiз неден бастадық?

      Бiздiң өмiрiмiздi түбегейлi өзгертiп, Қазақстан тәуелсiздiкке ие болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының тарихқа озғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Сана мен сезiмнің шиеленiсi мен ширығуы жағынан бұл ерекше жылдар болды. Бұл  бiздің мемлекетімiздің алдағы жүрер жолын айқындайтын аса маңызды шешiмдер қабылданған жылдар болды, сол кезде қабылданған бiр ғана бұрыс шешiм  елiмiздiң жүрер жолының бағыт-бағдарын елеулi өзгерiске ұшыратуы әбден ықтимал еді. Осы уақыттың iшiнде халық менің елiмiзге басшылық етуiме өзiнiң шынайы сенiмiн білдiрдi. Мен болсам, Сiздердің сенiмдерiңiздi ақтауға тырысып, бiздің стратегиялық бағытымыздың негiзгi бағдарларын әр жыл сайын өздерiңiзбен бiрге саралап келемiн.
      Мiне, бүгiн, араға он бес жылдай уақыт салып, мен сiздердi  бiздiң бiрлесе атқарған жұмысымыздың  қорытындысын шығаруға шақырып отырмын. Бiздiң  мақтан тұтарлық iстерiміз  жеткiлiктi.
      Бiз неден бастадық, жол басында қолымызда не болды, сол кездегi бiздiң нақты мүмкiндiктерiмiз қандай едi?
       Әлеуметтiк-экономикалық және саяси ахуал шын мәнiнде сын көтермес күйде еді . Қазақстанның экономикалық және саяси мүмкiндiктерi сырттан осылай бағаланды: экономикасы әлжуаз, қазынасы бос, саяси жүйесi балаң, Кеңестер Одағы заманының Конституциясы бойынша өмiр сүрiп жатқан, одан бар болғаны белгілi бiр әскери әлеует қана еншiлеген ел саналдық.
      Былайғы дүние бiздi көзге де iлген жоқ, әлемдiк қоғамдастықты бiздiң ядролық қару-жарағымыз ғана алаңдатты.
      Ендi 20-25 жылдан кейiн мемлекеттiк басқарушылардың жаңа ұрпағы  "Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму Стратегиясының"  қорытындысын шығарып, бiздiң әуел бастағы әлеуетiмiздi және өзгерiстердің нәтижесiн елеп-екшер болса: "Шынымен, солай болды ма екен", - деп таң-тамаша қалары анық.
      Сонда олардың бiзге қызыға қарарына көзім әбден жетедi. Бiздiң батылдығымызға, жiгерiмiзге, қабiлетiмiзге, сайып келгенде, еркiндiгiмiзге қайран қалары анық. Өйткенi, бүгiнгi күнi бiз жасаған дүниені рухы күштi жандар ғана жасай алатын едi.
      Бiз алдымызға  анық та айқын мақсат қойдық: бiз жақсы өмiр сүргiмiз келдi, бiз еркiндiкке ұмтылдық, бiз бәрiнен де бұрын балаларымыз бен немерелерiмiздің лайықты өмiр сүруiн қаладық . Бұған сiздер мен бiздер өз ғұмырымыздың бiраз жылдарын арнадық. Еңбегiмiз еш кеткен жоқ,  бiз бүгiнгiдей биiкке көтерiлдiк .
      Өзiмiздiң төл теңгемiз айналысқа енген, экономикалық тәуелсiздiгiмiз аныққа шыққан 10 жыл кезеңдi алайықшы. Бұл 10 жыл - елiмiздi тұрақты еткен, экономикамызды өркендеткен төл  Конституциямыздың  да мүшелдi мерекесi.

  2. Бiз жалпы iшкi өнiмдi екi есе ұлғайтып, бiрлесiп тағы
да бiр Қазақстан орнататындай межеге жақындадық

        2.1. Бiз ойдағыдай жұмыс iстеп жатқан нарық экономикасын
            құрдық

       Экономиканы түпкiлiктi реформалауға бағыт ұстап, бiз қысқа мерзiмнiң iшiнде нарықтық реформаларды жүргiзе бiлдiк, тиiстi заңнамамызды жасауға қол жеткiздiк . Бүгiнгi таңда Қазақстанда нақтылы жұмыс iстеп тұрған нарықтық экономика бар.
      Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз жетi жүз доллардан сәл ғана асса, 2004 жылдың соңында ол  екi мың жетi жүз  долларға жеттi, ендеше биылғы жылы бiздiң жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiмiмiз ендi  үш мың доллардай  болады деген болжамымыз бар.
      Мен 2010 жылы жан басына шаққанда жалпы iшкi өнiмдi  5800 АҚШ долларынан  асатын мөлшерге, яғни Чехия, Венгрия, Польша, Малайзия сияқты елдердiң бүгiнгi деңгейiне, ал 2015 жылы шамамен 9000 АҚШ доллары мөлшерiне жеткiзуге күшiмiз жетедi деп санаймын. Жалпы, сатып алу қабiлетiнiң шамасы жағынан бұл цифрларға бiз қазiрдiң өзiнде жақынбыз.
      Бiз елiмiздің жалпы iшкi өнiмiн 2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы екi есе ұлғайтуды жоспарласақ та, бұл көрсеткiшке 2008 жылы-ақ жететiнiмiзге сенiмiмiз мол.
      Бүгiн экономикалық өсудің негiзгi көзi елдің шикiзат әлеуетiн пайдалану болып отыр. Көмiрсутегi шикiзатын өндiру көлемiн 1985 жылмен салыстырғанда бiз  225 пайыз ұлғайтуға  қол жеткiздiк, ал былайғы дүниеде ол небәрi 1,3 есе шамасында ғана өстi.
      Экономикаға  30 миллиард АҚШ долларындай тiкелей шетел инвестициясы тартылды . Бұл өте жоғары көрсеткiш. Бүгiнгi Қазақстанның  тұрақты, тиiмдi әрі сенiмдi  әрiптес екені барша инвесторларға әлдеқашан аян, ақиқат.
       Қазақстанның қаржы жүйесi де топжарғандар қатарында танылды , ал мұны жетекшi халықаралық сарапшылардың өздерi мойындап отыр.
      Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып,  тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуды қамтамасыз ету , сыртқы қолайсыз факторларға тәуелдi болмау  үшін  Ұлттық қор  құрды.
      Бүгiнгi күнi Ұлттық қорда 5,3 миллиард доллар жинақталып отыр. Ұлттық қорды қоса есептегенде, елiмiздiң алтын-валюта резервтерi, тұтас алғанда, 14 млрд. АҚШ долларынан асып түстi. Осыдан 10 жыл бұрын бұл жайында армандаудың өзi қиын едi.
      Біз ашық сыртқы сауда саясатын дәйектi жүргізiп келеміз. Айталық, 2004 жылы сыртқы сауда айналымы көлемiнiң оң сальдосы 7 миллиард доллардан асатын 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өстi деген сөз.
      Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында негізiнен Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының ауқымымен шектелген бiздің сыртқы саудамыздың географиясы да біршама тарамдала түстi.
      Қазақстан тауар айналымының құрылымында 2004 жылы Еуропалық одаққа мүше елдер, Ресей, Швейцария мен Қытай алғашқы орындарға шықты.
      Осылайша бiз өзiмiздiң әлемдiк экономиканың бөлінбес бөлiгiне айналып, жаhандық бәсекелестiк арнасына еркiн енгенiмiзге анық көз жеткiздiк.

        2.2. Бiздiң өмiрiмiз жақсара бастады.

      Бүкiл дүниежүзiлiк банктiң жiктемесi бойынша қазiргi уақытта Қазақстан кiрiсi орта деңгейдегi елдердiң тобына кiредi.
      Егер  өмiр сапасының  негiзгi көрсеткiштерiн салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кiрiсi 5 есе; ал орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгi табыс мөлшерi 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшерi 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кiсiнiң жасайтын салымының көлемi тиiсiнше 35 және 37 есе өскенін көремiз. Биылғы жылы кепiлдi тегiн медициналық көмек көлемiне жұмсалатын мемлекеттiң шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өстi.
      Экономикамыздың қарқынды өсуi  мемлекеттiк шығыстардың әлеуметтiк бағдарлануын  едәуiр кеңейтуге мүмкiндiк бердi, мұның өзi экономикамыздың айтарлықтай бекемдiк деңгейiне жеткенiн айғақтайды.
       Бiз айрықша қысқа мерзiмнің iшiнде елiмiздің дәл орталығында жаңа астанамызды тұрғыздық . Көрген жанның бәрi Астана көркiне тәнтi болып жүр. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

       2.3. Бiз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерiнiң
           тәжірибесiн және өзiмiздiң көпұлтты әpі көп дінді
           қоғамымыздың ерекшелiгiн ескерiп, Батыс демократиясының
           қағидаттарына сай келетін тәуелсiз мемлекетiмізді
           орнаттық

      Бiз демократия жол басы емес, алдағы мақсатымыз екенін ешқашан естен шығарғамыз жоқ. Бiз демократияны декретпен енгiзуге болмайтынын, оны өз өзегiңнен өткiзу керек екенiн бiлдiк.
      Қазақстан мемлекеттілігi бiржолата орнықты. Бiздiң елiмiз өз саяси дамуының үлгiсi жағынан Батыс демократиясына және әлеуметтiк iлгерiшiлдiгi мен саяси саналуандығы бүкiл әлемге танылған "жаңа" азиялық демократия дегенге де жақын.
      Бiз  саяси өмiрiмiздi ырықтандыру  жөнiнде де айтарлықтай табыстарға жеттiк. Бұл тұста мыналарды айтсақ та жеткiлiктi:
      - Қазақстанда демократиялық институттардың дамуы дәйектi жүргiзiлiп келедi; еркiн демократиялық сайлаулар үнемi өткiзiледi; тежемелiк әрi тепе-теңдiк негiзiнде билiк тармақтарының ара-жiгiн ажырату қағидаты жүзеге асырылып жатыр;
      - Қазақстанда саяси саналуандық және көппартиялылық орныққан; кез келген қазақстандық кез келген қоғамдық және саяси бiрлестікке еркiн кiре алады;
      - 5 мыңнан аса үкiметтiк емес ұйымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғам институттары мен құрылымдары жасақталып, жұмыс iстеуде;
      - Қазақстанда тәуелсiз сот жүйесiнiң негiздерi қаланып, заңның үстемдiгi дәйектi қамтамасыз етiлiп келедi. Бiздiң қоғамда сот жүйесiне деген сенiм барған сайын арта түсiп отыр;
      - Қазақстанда сөз бостандығы қамтамасыз етiлген, цензура жоқ; мемлекеттiк емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс iстеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркiндiгiн шектеу әрекетi байқалғанын, сонда мен дүдәмал заң жобасына тоқтау салғанымды естерiңiзге сала кеткiм келедi, сөйтiп мемлекет өзiнiң баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтынын тағы да қуаттап бердi;
      - Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында маңызды қадамдар жасалып, елеулi нәтижелерге қол жеттi; Адам құқықтары жөнiндегi Уәкiл институты құрылды; Қазақстан адам құқықтары жөнiндегi халықаралық конвенцияларға қосылды. Құрамы жөнiнен көрнектi әрi беделдi Демократия мен азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi Ұлттық комиссия жұмыс iстейдi;
      - Қазақстанның кез келген азаматы елден шыға да және қайтып орала да алады;
      - бүгiн кез келген қазақстандықтың өзiнiң қалауына қарай қызметпен шұғылдануға құқығы бар;
      - әркiмнің өз балаларын тиiмдi деп тапқан жерлерде оқытуға құқығы бар;
      - әрбiр қазақстандықтың сайлауға және сайлануға құқығы бар;
      - Қазақстан дiни сенiм-наным бостандығын қамтамасыз етiп, конфессиялар аралық келiсiм мен дiни теңқұқылық саясатын дәйектi жүргiзiп келедi. Бiзде түрлi конфессиялардың бейбiт қатар өмiр сүруі қамтамасыз етiлген әрi дiни экстремизмге қарсы дәйектi күрес жүргiзiледi. Астанада өткiзiлген Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң съезi елiмiздiң бiтiмгершiлiк әлеуетiнің өсiп келе жатқанының айқын айғағына айналды;
      - Қазақстанда өлiм жазасына мораторий енгiзілген;
      - бiз Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстың буындау тамырын құрттық;
      - Қазақстан ТМД-да бiрiншi болып  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiнде заң  қабылдады әрi бұл бағытта алдағы уақытта да жалғаса беретiн дәйектi жұмыс жүргiзiлiп келедi.
       Осыдан 10 жыл бұрын мұның бiрi де болып көрмеген едi, ал бүгін өмiр бойы осылай болып келе жатқан сияқты .
      Осының бәрi де қуатты президенттік билiк институтының сақталуымен ұштасып, елiмізге  өткен дәуiрдiң сарқыншақтарын еңсеріп, Достастық мемлекеттерiнің көпшiлігіне қарағанда, неғұрлым жоғары қарқынмен даму үшін мүмкiндіктер туғызған  шығар деп санаймын.
      Сөйтiп, бiз бүгін  саяси жүйенi жаңартудың белгiлi бiр белесiне көтерiлдiк . Өткен жылы бiзге келіп қайтқан ЕҚЫҰ төрағасы Соломон Пассимен кездесуіміз кезінде ол: "Соңғы жылдары Қазақстанда демократиялық реформалардың айрықша iлгерi басқаны байқалып отыр", - деп атап көрсеткен едi.

       2.4. Біз Қазақстанды Орталық Aзияның көшбасшысына,
           халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке,
           есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы
           белсене күресетін мемлекетке айналдырдық.

      Біз  қаруланбау мен ядролық қарусыздану  жолын таңдап алып, әлемдiк қауымдастықтың алдында өңiрлiк қауiпсiздiк факторына айналдық, Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонын өз еркімен жапты.  Әлемдегі төртінші ракеталық-ядролық әлеуетінен бас тартып, күллi дүниеге үлгі көрсетті.
      Қазақстан  Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердiң бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды .
      Бiздiң елiмiздiң әлемдiк аренадағы есiмi Азиядағы Өзара iс-қимыл мен сенiм шаралары жөнiндегi кеңестi шақыру туралы ұсынысымен тiкелей астасып жатыр десек, асыра айтқандық емес. Өзіндік төлтума құжат - Сенім шараларының каталогын қабылдаған Сыртқы істер министрлерінің Алматыдағы соңғы кездесуі - мен 1992 жылдың өзінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жасаған бастаманың ойдағыдай іске асуының жақсы айғағы.
      Егер 1991 жылы әлемдiк қоғамдастықтың iс жүзiнде Қазақстанға қандай да бiр ықыласы аумай келсе, бүгiнгi күнi Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр.
      Таяуда белгiлi Ресей ғалымы, академик А. Аганбегян атап көрсеткендей "Қазақстан мен Қытай сияқты екi ел бүгінгi таңда жоғары экономикалық даму қарқынына жетiп отыр".

        2.5. Бiз қайда бара жатырмыз?

      Мен жүзеге асқан бастамаларымызды баяндап бердiм. Біз  бiрлесе отырып, еркiн экономика мен ерiктi ұлт жасақтау  жолында алға жылжуымызға қажеттi берiк негiз қаладық.
      Қазақстан бүгiн әлемнiң ең серпіндi дамып келе жатқан елдерiнің бiрiнен саналады, бұл да барша жұрт таныған ақиқат.
      Қымбатты отандастарым! Сiздер менiң ұлттың бастаушысы болуыма сенiм жүктеп қана қойған жоқсыздар, сiздер әрдайым менiң жанымнан табылып, сөздеріңiзбен де, iстерiңiзбен де менi әрдайым қолдап отырдыңыздар, сол үшiн де мен сiздерге шын көңiлiммен ризамын.
      Бiздiң болашағымызды мен өзiме қалай елестетемiн?
       Елiмiздiң экономикалық және саяси дамуындағы түбегейлi жаңа кезең, Қазақстанды одан әрi жаңарту мен демократияландыру  - бiздiң күн тәртiбiмiздегi мәселе осындай.
      Сондықтан да алдағы уақытта менiң күш-жiгерiм:
      - мемлекеттiліктi нығайтуға, Қазақстанды осы заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет ретiнде дамытуға;
      - елiмiздегi және өңiрдегi бекем тұрақтылықты нығайтуға; өңiрлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға;
      - жаhандану талаптарына сәйкес экономиканы серпiндi дамытуға және шикiзаттық емес секторларды iлгерiлетуге баса ден қоя отырып, жаңа технологияларды дамытуға;
      - бiлiм берудi, кәсіптік даярлық пен әлеуметтiк саланы ХХI ғасырдың деңгейiне көтеруге;
      - азаматтық қоғамды дәйектi дамыта беруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге;
      - қазақ халқының моральдық және рухани құндылықтарын одан әрі дамыта беруге;
      - дiни негiздегi жатсынбаушылық пен конфессиялар аралық келiсiмдi қамтамасыз етуi;
      - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске;
      - лаңкестікке, есірткі саудасына, кез келген түрдегі экстремизмге қарсы жаһандық күреске бағытталады.
      Ендігі бір айтқым келетін жәйт: Қазақстан бүгін Еуропа мен Азия арасындағы коммуникациялар легінің түйіскен тұсында тұр. Біздің міндет - осынау бірегей геосаяси жағдайымызды өз  еліміз бен халықаралық қоғамдастықтың мүддесі үшін  ұтымды пайдалану.
      Бүгін мен өзіміздің бұдан былайғы жаңғыруымызды  жеделдетудің  нақтылы жоспарын ұсынғым келеді. Соған сәйкес біз өзіміздің  2010 жылға дейінгі кезеңге  арналған іс-қимылымызды реттейтін боламыз.

  3. Қазақстанның жеделдетілген экономикалық және
әлеуметтiк прогресi

      Қазақстан өз азаматтары үшін өмір сүрудiң жоғары стандарттарын жасай отырып, әлемнiң тиімді дамып келе жатқан елдерінің  қатарына қосылуға тиіс. Біз мұны ұлтымыз бен экономикамыз бәсекеге қабiлеттi болған жағдайда ғана iстей аламыз.

       3.1. Инновациялық экономика құру және шикізаттық емес
           секторды дамыту

      Бiз экономиканы диверсификациялауға бағытталған  Индустриялық-инновациялық стратегияны  iске асыра бастадық. Бұл болашақтың бағдарламасы.
      Біз бәсекеге қабілетті экономиканың үлгісін таңдай отырып, бәсекелестiккe қарымы мол басым салаларды дамытуға кiрiстiк, сол арқылы қазақстандық кластерлер жүйесiнiң дамуына жол аштық.
      Биылғы жылдың ортасына қарай біздің қолымызда нарықтың туризм, мұнай-газ машиналарын жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсiбi, көлік-логистикалық қызмет көрсету, металлургия және құрылыс материалдары сияқты салаларда кемінде  5-7 кластерін жасау мен дамытудың жоспары  болуы керек деп санаймын. Ел экономикасының шикізаттық емес салалардағы ұзақ мерзімдік мамандануын, міне солар айқындайтын болады.
      Біз өзiмiздi жаңа технологиялар мен жаңа экономика әлеміне енгізетін экономикалық дамуды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесі -  Ұлттық инновациялық жүйе  жасауды қолға алдық.
      Индустриялық-инновациялық дамудың инфрақұрылымы қазiрдiң өзiнде қалыптасты. Мемлекеттiк даму институттарын капиталдандыру жыл басында 730 млн. АҚШ долларын құраса, инвестициялық жобалар портфелі 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларынан асып отыр.
      2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылса, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты.
      Бiздiң стратегиялық мiндетiмiз - бәсекеге қабiлеттi елдердiң қатарынан лайықты орын алу. Сондықтан да мемлекет пен жеке меншiк сектор өзара сенiм мен тиімділікке негiзделген әріптестік қатынастарын жолға қоюы керек.

        3.2. Шағын және орта бизнес туралы

      Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсiпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы iшкi өнiмнiң 50 пайыздан астамын бередi.
      Сондықтан да бiздiң  шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытудың түбiрiнен жаңа идеологиясын түзуiмiз қажет. Бiз кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын iске асыру үшiн қолайлы жағдай туғызуымыз  керек.
      Әрбiр iскер қазақстандық осы ортаға кiрiгiп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиiс.
      Қазақстандықтардың бастамашылығына кең өрiс ашу үшiн жағдай жасалды, кәсiпкерлер ендiгі жерде осы мүмкiндiктердi пайдалана бiлсе игi!
      Мен өңiрлердi экономикада өршiл болуға шақырамын.
      Ендiгi жерде жаңа идеологияға сәйкес заңнаманы сапалық жағынан жақсарту мiндет.
      Қысқасы, сөзден iске көшетiн, мемлекеттiк кәсiпорындар мен мегахолдингтердiң, ең алдымен iрi  мемлекеттiк компаниялар мен монополиялардың өздерiне үйлеспейтiн мiндеттерін шағын және орта бизнеске беру  жөнiндегi жұмысты тындыратын сәт туды. Сол арқылы бiз бизнеске тың тыныс ашамыз.
      Бұл ретте бiрқатар стратегиялық маңызды мемлекеттiк компаниялар акцияларының пакеттерiн басқаруды арнайы құрылатын мемлекеттiк холдинг компаниясына беру қажет. Әлбетте бұл шараларға қарсыласу да, сөзбұйдаға салу да болмай қоймайды. Бiрақ Үкiметтiң батылдық танытып, бұл iске мықтап кiрiсетiн кезi келдi.
      Келесi бiр мәселе туралы. Даму банкi мен Инвестициялық қорға барлық кәсiпкерлердiң қолы жете бермейдi. Сондықтан " Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры " өзiндiк бiр " үлкен қаржылық  маркетке " айналуға тиiс. Бiз Қорға  биылғы жылы республикалық бюджеттен қосымша 10 млрд. теңге бөлемiз , сонда шағын бизнес субъектiлерiн кредиттеу мүмкiндiгi 25 млрд. теңгеге дейiн өседi. Биылдан бастап, банк кредиттерiне кепiлдiк беру мен сақтандыруды жүзеге асыруды қолға алу керек. Мұның өзi қомақты мемлекеттiк қолдау болмақ.

        3.3. Аграрлық мәселелер

      Биыл  үш жылдық  аграрлық азық-түлiк бағдарламасын  iске асыру аяқталады. Бiз елiмiздегi аграрлық бизнестi мемлекеттiк реттеу мен қолдау жүйесiн негізiнен қалыптастырдық. Үстіміздегі жылы ғана ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға республикалық бюджеттен 57,9 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінеді. Бұл рекордтық сан.
      "Агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" заң қабылдау қажет.
       Алдағы уақытта Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз, біз бұл мәселені талай мәрте талқылаған болатынбыз, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабылеттілігіне айрықша талаптар қоятын болады . Ендігі жерде ауыл шаруашылығы шикізатын өндіру мен өңдеу саласында кластерлік бастамашылықты іске асыру арқылы  аграрлық өндірісті индустрияландыруға  айрықша назар аудару қажет деп санаймын. Жеке меншiк сектордың назарын нақ осыған аудару керек, сондай-ақ кредиттердi де, атап айтқанда, агроиндустриялық саясат арнасында осында тарту керек.

        3.4. Қаржылық сектор мәселелерi

      Қаржы секторын одан әрi дамыту үшiн қазiр  құнды қағаздар нарығын дамыту  мен 2005-2007 жылдары  жинақтау зейнетақы жүйесiн дамыту  бағдарламалары қабылданды. Ендi тек жұмыс iстеу керек.
      Банктердiң қызметi ашықтықтың айтулы өнегесi болуға тиiс. Ең алдымен, мұның меншiк құрылымы мен аффилирленген тұлғалар туралы мәлiметтерге қатысы бар. Банк қабылдайтын шешiмдерге елеулi ықпалы бар барлық тұлғалар уәкiлеттi органның келiсiмiн ала отырып, өздерiнiң мәртебесiн нақтылай түсулерi керек. Банктердiң инвестициялық қызметiне қойылатын талаптарды топтасу негiзiнде ретке келтiру қажет. Аффилирленген тұлғалармен жасалатын мәмiлелер банктердi тәуекелге барғызбауы шарт. Қаржылық қадағалау агенттігінiң бұл жұмысты батыл жүргiзуi мiндет.

       3.5. XXI ғасыр деңгейiнде бiлiм беру мен кәсiптік даярлау

      XXI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық. Бiздiң  болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндiрiстерi үшiн кадрлар қорын  жасақтауымыз қажет. Осы заманғы бiлiм беру жүйесiнсiз әрi алысты барлап, кең ауқымда ойлай бiлетiн осы заманғы басқарушыларсыз бiз инновациялық экономика құра алмаймыз.
      Демек, барлық деңгейдегi  техникалық және кәсiптiк білім берудi  дамытуға бағытталған тиiстi шаралар қолдануымыз шарт.
      Қазақстан жоғары оқу орындарының мiндетi - әлемдiк стандарттар деңгейiнде бiлiм беру. Ал жетекшi оқу орындарының дипломдары күллi әлемде танылуға тиiс. Олар мұны iстеуге мiндеттi.
      Бiздiң  әрбiр қазақстандықтың жоғары білiм алуына нақтылы кепiлдiк беруiмiз  керек.
      Студенттердiң оқуын бюджеттен қаржыландырудың бiрыңғай жүйесiн құру мақсатында Үкiметке бiлiм беру кредиттерiнiң есебiнен  бiлiм беруге арналған кредиттердiң мөлшерiн 50 пайызға арттыруды  тапсырамын.
      Сонымен бiр мезгiлде осы аталған кредиттердiң қайтарылуына мемлекеттiң кепiлдiгiн беруді қамтамасыз ете отырып,  екінші деңгейдегі банктер арқылы студенттерге кредит бөлудің осы заманғы жүйесін  жасау керек.
      Үкіметтің каникул кездерінде студенттерге тұрғын үйлер тұрғызатын құрылыс отрядтарында жұмыс беру, елiмiздi көгалдандырудың "Жасыл ел" бағдарламасын өрiстетiп, бұл игiлiктi iске студенттердi қатыстыру мәселесiн нақтылы қарауы мiндет.
      Ендi  оқытушылар жайында . Олардың проблемалары да бiзге жақсы мәлiм, бұл проблемалар шешiлiп те жатыр, алайда бәрiн бiр сәтте шешiп тастау да мүмкiн емес. Бiлiм және ғылым министрлiгi Жоғары оқу орындарының ассоциациясымен бiрлесiп,  профессор-оқытушылар құрамына қолдау көрсету жүйесiн  ойластырғаны жөн. Айталық, қазiрдiң өзiнде кез келген шетелге тәжiрибеден өтуге баруды қарастыратын әрi бiр жыл бойы ғылыми зерттеулер жүргiзуге берiлетiн гранттың мәртебесiне ие "Үздiк оқытушы" мемлекеттiк стипендиясын тағайындауға болар едi.
      Менiң тапсырмам бойынша биылғы жылы Қазақ Ұлттық университетi мен Еуразия ұлттық университетiне  20 шетелдiк оқытушы кеңесшілер тарту  үшiн 2 млн. доллар бөлiндi. Ендеше Батысқа танымал өзiмiздiң үздiк мамандарымызды дәл осылайша неге марапаттамасқа!
      Өзiмiз зәру болып жүрген әрi кадрларды сырттан шақыруға мәжбүр етiп отырған  техникалық мамандықтарды  бiрiншi кезекте дамыту керек деп санаймын.
      Бәрi де мектептен басталады. Сондықтан бiздiң 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшiп, педагогтардың  кәсiптiк деңгейiн, оқулықтар мен бiлiм беру бағдарламаларының  сапасын арттыруымыз керек.
      Бiз  мұғалiм мамандығының беделi мен абыройын қайтаруға  мiндеттiмiз.

        3.6. Ана, бала, аға ұрпақ

      Бiздiң стратегиямыздың маңызды мәселесi -  қоғамның ең бiр әлсiз қорғалған мүшелерiнің - балалардың, олардың аналарының және аға ұрпақтың өмiрiн лайықты қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселелердi шешу үшiн қаражат аямайтын болады . Бiз балалар мен жүктi әйелдердi дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнiнде нақтылы шаралар қабылдадық, ендi оларды iске асыратын боламыз.
      2003 жылдан бастап, перзенттiң дүниеге келуiне байланысты бiржолғы жәрдемақы төленiп келедi.
      Биылғы жылдан бастап, бiз  әлеуметтiк қамсыздандырудың  идеологиясы барынша қарапайым  үш деңгейлiк жүйесін  қалыптастыруға бағытталған әлеуметтiк реформаларды тереңдетудiң үш жылдық бағдарламасын iске асыруды қолға аламыз. Бiрiншiден, бұл мемлекет кепiлдiк беретiн негiзгi әлеуметтiк төлемдер. Екiншiден, бұл мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру. Ақыр аяғында, бұл кейiннен әлеуметтік төлемдерге айналатын азаматтардың ерікті жинақтаулары. Міне, осындай үш бастау азаматтарымыздың қарттық кезеңін лайығымен қамсыздандыруға тиісті жағдай туғызады.

        3.7. Тұрғын үй мәселелері

      Ендігі бір өзекті міндет -  тұрғын үй проблемасын жеделдете шешу . Баспананың болмайынша, түтін түтетіп, бала өсіру қиын.
      Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер жауапкершілікті өздеріне алып, қолдарынан не келетінін қазақстандықтарға көрсетсін. Тұрғын үй құрылысы -  біздің экономикамызды алға сүйреуші қуатты күш .

        3.8. Рухани даму мен конфессиялар аралық келiсiм

       "Мәдени мұра" бағдарламасын  iске асыруды жалғастыра беру, сөйтiп өткендi пайымдау арқылы  қазiргi заман мәдениетiн  жан-жақты дамыту қажет.
      Бiз осы саланы мемлекеттiк қолдаудың толымды бағдарламасын қалыптастыруымыз керек.
      Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі - еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.
      Қазақ топырағы арқылы барлық әлемдiк дiндер өткен, сондықтан да жатырқаушылық немесе дiни фанатизм сезiмi бiзге жат. Осынау рухани дәстүр, Жаратушының қандай жолмен болса да түскен сөзiне жүрегімiздiң ашықтығы - Қазақстандағы конфессиялар аралық татулықтың аса маңызды тұғырларының бiрi. Бiз өзiмiздiң жатсынбас тұрпатымызбен, этностар аралық, конфессиялар аралық татулығымызбен және өзара үндесуiмiзбен күллi әлемге танымалмыз.  Елiмiздiң өсiп келе жатқан бiтiмгершiлiк әлеуетi алдағы уақытта да мұқият сақталып, дамытыла бередi .

        3.9. Жоғарыда айтылған сөздердiң бүгiнгi күнi әрбiр
           отбасы үшiн, әрбiр қазақстандық үшiн мәнiсi неде?

      1. Биылғы жылдан бастап, бiз iс жүзiнде әрбiр отбасының мүддесiне игi ықпалын тигiзетiн  2005-2007 жылдарға арналған әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету бағдарламасын  iске асыра бастадық.
      2.  Үстімiздегі жылдан  бастап, бiз жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейiнгi  балаларды дәрi-дәрмекпен , ал  жүктi әйелдердi  - құрамында темiр мен йоды бар препараттармен амбулаториялық деңгейде тегiн қамтамасыз ететiн боламыз.
      3.  2006 жылдан бастап , диспансерлiк есепте тұратын және амбулаториялық деңгейде жеңiлдiк шарттары қолданылатын  балалар мен жасөспiрiмдердi  дәрi-дәрмекпен тегiн қамтамасыз етуге көшуiмiз керек.
      4.  2006 жылдан бастап , аз қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейiнгi балаларына ай сайынғы жәрдемақылар төленуге, 4 және одан көп бiрге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар  көп балалы аналарға , "Алтын алқа", "Күмiс алқа" немесе I және II дәрежелi "Ана даңқы" белгiлерiмен  марапатталған аналарға  арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылардың мөлшерi  4000 теңгеге дейiн  көбейтiлуге тиiс.
      5. Бiз  нәрестенiң тууына байланысты  бiр жолғы жәрдемақыларды қазір де төлеп келеміз. Енді соларға қосымша бұрын жоспарланғандай  2007 жылдан емес, 2006 жылғы 1 шілдеден бастап, бір жасқа дейінгі сәбиді күту жөнінде мемлекеттiк жәрдемақылар  енгiзу қажет деп санаймын.
      6. Биылғы  1 шiлдеден  бастап, бiз барлық зейнеткерлерге, еңбек өтiлiне, жалақысы мен тағайындалған зейнетақысының мөлшерiне қарамастан,  3000 теңге мөлшерiнде қосымша негізгі зейнетақылық төлем  жасайтын боламыз. Осылайша ең төменгi зейнетақының мөлшерi негiзгi зейнетақылық төлеммен бiрге  9200 теңгенi  құрайтын, ал зейнетақының орташа мөлшерi  12 мың теңгеден асатын  болады.
      7. Биылғы 1 шiлдеден бастап, бiз  жоғары оқу орындары студенттерi , сондай-ақ  орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары оқушылары  стипендияларының мөлшерiн 2 еседен астам өсiретiн боламыз.
      8. Бiз ең лайықты деген жастардың  шетелдерде білім алуларына  жәрдем жасаймыз.  Жыл сайын үш мың үздiк студентке  "Болашақ" бағдарламасының шеңберiнде әлемнiң iлгерi жоғары оқу орындарында  бiлiм алулары үшiн  республикалық бюджеттен қаражат бөлiнетiн болады.
      9. Бiзде инженерлер мен технологтар бола алатын және болуды қалайтын дарынды жастар көп.  Бiлiм беру гранттары мен кредиттерi  - мемлекеттiң оларға көрсететiн нақты көмегi осындай. Жеке меншiк секторын мен осы iске белсене қатысуға шақырамын.
      10.  Коммерциялық банктердiң студенттерге таяудағы 5 жылда бөлетiн кредиттеріне мемлекеттiк кепiлдiк беру жүйесiн  iске асыру үшiн қосымша 2 млрд. теңге, оның iшiнде биылдың өзiнде 600 млн. теңге бөлу қажет.
      11. 2006 жылдан бастап  мүгедектердiң барлық топтарына және жасына байланысты жәрдемақы алушыларға, сондай-ақ мемлекеттiк арнаулы жәрдемақы алушыларға мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларды қосымша 1000 теңгеге  арттыру қажет деп санаймын. Биылдан бастап, бұл жәрдемақылардың едәуiр арттырылғаны мәлiм.
      12. 2006 жылдан бастап,  асыраушысынан айырылған 247 мың отбасына  300-ден 1000 теңгеге дейiнгі сомада қосымша қолдау жасау қажет.
      13. Биылғы 1 шiлдеден бастап,  бюджет саласының қызметкерлерi  - мұғалiмдердiң, дәрiгерлердiң, мәдениет пен әлеуметтiк қамсыздандыру қызметкерлерiнiң жалақысын орта есеппен  32 пайыз  көтеру қажет деп санаймын. Ал 2007 жылдан бастап орта есеппен  30 пайыз  көтеру қажет.
      14. Негiзiнен алғанда жалақы мемлекеттiк қана емес, жеке меншiк секторда да өсуге тиiс. Осыған орай  биылғы 1 шiлдеден бастап, ең төменгi жалақы мөлшерiн 9200 теңгеге дейiн  өсiру қажет.
      15.  Мемлекеттiк қызметшiлердiң , сондай-ақ бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің  жалақысын биылғы 1 шілдеден орта есеппен 32 пайызға, ал 2007 жылдан бастап тағы да 30 пайызға көтеру , сөйтіп біртіндеп оның мөлшерін жеке меншік секторына жақындата беру керек деп санаймын.
      16. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шеңберінде бюджеттен бөлінген қаражаттың есебінен ғана халықтың әлеуметтік қорғалатын топтары үшін  1600 пәтер салу  және ипотекалық бағдарлама бойынша халықтың қолы жететін арзан  11700 пәтер  салу қажет.
      17. Тұтас алғанда қаржыландырудың барлық көздері арқылы үш жыл ішінде біздің  12 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 195 мың пәтер  салуымыз керек. Бұл тұрғын үй құрылысы екi есе өседi деген сөз.
       Осы айтылғандардың бәрiн де бiз iске асырамыз, өйткенi экономикамыздың жағдайы осындай мүмкiндiктер берiп отыр .
      Экономикамызды жолға қойғаннан кейiн, азаматтарымыздың жағдайын жақсартатын күннiң туатыны жайында мен әрдайым айтып келген едiм. Мен өзiмнiң уәдемдi орындап келемiн.
      Экономикалық және әлеуметтiк жедел жаңару бағыты Қазақстанның экономикалық және әлеуметтiк дамудағы өзiнiң көшбасшылығын одан әрi сақтап, сол арқылы капиталды, инвестициялар, технологиялар мен бiлiмдi, бiлiктi кадрларды тарту орталығына айналуына мүмкiндік туғызуға тиiс.
      Кәсiпкерлер бiздiң оларға қалыпты жағдай туғызып, артықшылықтар беретiнiмiздi, бiзде бизнестiң қауiпсiз әрi келешегi мол екенiн бiлгендерi жөн. Ғалымдар мен жоғары біліктi мамандар өз еңбектерiне бiзде тиiсiнше сый-сияпат көрсетiлетiнiне сенiмдi болу керек. Өнер адамдары өз қызметi лайықты бағаланатындықтарын сезiнуi тиiс. Бiз бұл үшiн бәрiн де жасаймыз.
      Бұл бiздiң жетiстiктерiмiздiң бағасы болмақ.

  4. Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңi

       Құрметтi қазақстандықтар!
       Осы жылдары бiз "әуелi экономика, содан кейiн саясат" деген қағидатты ұстана, елiмiздiң нақты мүмкiндiктерiн, ескере отырып, демократияландыру бағытында алға жылжыдық . Бұл өзiн өзi ақтады. Байсалдылықтан жамандық көргенiмiз жоқ. M. Тэтчердiң: "Мен тиiстi жағдайы әрi тәжiрибесi жоқ кез келген елде, мейлi ол азиялық немесе азиялық емес ел болсын, ешбiр проблемаларға ұрынбай бiр деммен демократияны енгiзу мүмкiн дегенге сенбеймiн" деген сөздерiн еске түсiрген орынды.
      Басқа елдердiң тәжiрибесi көрсетiп отырғандай, демократия дегенiмiз қоғамның барлық топтары үйренуге тиiс барынша ұзақ процесс. Көптеген елдердiң ғасырлар бойы қалыптасқан либералдық дәстүрлерi бар, алайда олар шырқау биігіне әлі де жете қойған жоқ. Бiз бәрiн жоқтан бастаған едік қой және демократияны өзі - адамның ой-санасы мен мінез-құлық мәдениеті екенін ұмытпағанымыз жөн.
      Осы пікiрлер құрметтеуге лайық деп санаймын.  Бiздiң шығыс даналығы, сабырлылығы мен сақтығы дәстүрлерiне адал болғанымыз абзал .

        4.1. Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы

      Бiздiң ортақ жетiстiктерiмiз саяси жүйенi одан әрi жаңарту және демократияны дамыту жөнiндегi жүйелi және көп бағытты жұмысқа көшуiмiзге мүмкiндiк бередi.
      Мен бүгiн бастамалар дестесiн -  Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын ұсынып отырмын .
      Бұл бағдарлама  мемлекеттiк, саяси және қоғамдық институттарды реформалауға бiрыңғай әрi бiртұтас тұрғыдан келудi көздейдi . Мұндай қадамның мәнi -  Қазақстанды Батыс демократиясының дәстүрлерi мен қағидаттарына және Оңтүстiк-Шығыс Азияның iргелi мемлекеттерiнiң тәжiрибесiне, бiздiң көпұлтты және көпдiндi халқымыздың дәстүрлерiне сәйкес одан әрi демократияландыру .
      Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы  бүкiл қоғаммен үндесу негiзiнде  ғана жүзеге асырылуға тиiс екенi анық.
       2005 жыл  тарихқа  саяси реформаларды белсендi түрде алға бастыру мен оларды бүкiлхалықтық талқылау жылы  ретiнде енуi керек.
      Бұл жұмысқа Қазақстанның барлық азаматтары, көрнектi тұлғалар, қоғамдық пiкiрдiң көшбасшылары, ел дегдарлары тартылуы тиiс деп санаймын, мұның өзi оған барынша ашық әрi бұқаралық сипат берер едi.
      Мен батыстық демократия елдерi мен серпiндi дамып келе жатқан Азия мемлекеттерiнен (Малайзия, Сингапур, Оңтүстiк Корея, Түркия және басқалары) сыртқы сарапшы мамандар, сондай-ақ беделдi саяси қайраткерлердi ынтымақтастық үшiн шақыру мүмкiндiктерiн жоққа шығармаймын.
      Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасының талқылануын үйлестiрудi  Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi ұлттық комиссияға  жүктеймiн.
      Бұл комиссия осы Жолдауда өзiм баяндаған саяси бастамалар негiзiнде:
      - жалпыхалықтық пiкiрталастың нәтижелерiн талдау және қорытындылауға;
      - пiкiрталас нәтижелерi бойынша Жалпыұлттық бағдарламаның алғашқы заңнамалық сұлбасын әзiрлеуге;
      - Саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жүзеге асыру жөнiнде Президентке және Парламентке ұсыныстар әзiрлеуге;
      - сондай-ақ саяси реформалар пакетiн түпкiлiктi қабылдау және күшiне енгiзу жөнiндегi жұмысты үйлестiруге тиiс.

       4.2. Қолданылып жүрген Конституциямыздың әлеуетiн одан әрi
           пайдалану

      Ең әуелi қолданылып жүрген  Конституциямыздың  әлеуетiн барынша пайдалануымыз қажет.
      Бiздiң Конституциямыздың әлемде демократиялық қоғамның негiзгi мiндеттерiне сәйкес келетiнi танылып отыр. Егер атына сын айтылып жүрсе, оның ережелерiнiң орындалуына ғана қатысты болып жүр. Бүкiл әлемде демократия мен заңды сақтау ажырағысыз болып танылады.
      Халқымыз қабылдаған ел Конституциясы бiзге не бердi?
      Тиiмдi жұмыс iстеп жатқан қос палаталы Парламент - елiмiздiң заң шығарушы билігі.  Конституция  оған ел бюджетiн бекiту мен оның орындалуын бақылау құқығын бердi.
      Парламент көпшiлiк дауыспен Премьер-Министрдiң, Ұлттық банк төрағасының тағайындалуына келiсiмiн бередi, Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруге, оны орнынан түсiру қажеттiлiгiн мойындатуға құқылы, сондай-ақ кез келген министрдi қызметiнен босатуды талап ете алады.
      Парламентте саяси партиялардың фракциялары өкiлдік етедi.
      Парламент ел Конституциясына өзгерiстер енгізу құқығына ие.
      Yкiмет мүшелерi Парламент палаталары алдында тұрақты есеп берiп отырады.
      Сенат Жоғары сот судьяларын сайлайды, Бас прокурор мен ҰҚК төрағасын тағайындауға келiсiмiн бередi.
      Бiздiң елiмiзде Президент, Парламент депутаттары мен мәслихат депутаттары баламалы негiзде еркiн және жасырын дауыс беру арқылы сайланады.
      Конституциялық Кеңес, Есеп комитетi сияқты маңызды мемлекеттiк органдарды тең негiзде Президент, Мәжiлiс және Сенат құрады. Орталық сайлау комиссиясын өз кезегiнде Мемлекет басшысының ұсынысы бойынша Мәжiлiс сайлайды. Бұл тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiнiң айқын белгiсi.
      Мұндай жағдайда әңгiме  Конституцияда  берiлген құқықтарды айқын пайдалану жайында болуға  тиiс. Сондай-ақ заңдардың бұзылмауы нақтылы сақталуы жайында болуға тиiс.

        4.3. Атқарушы билiк реформасы

      Қолымыз жеткен жағдайды және дамудың алдағы келешегiн ескере келе,
      - билiктi одан әрi орталықсыздандыру;
      - мемлекеттiк басқару жүйесiн реттеу мен оның тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған  атқарушы билiктi реформалауды одан әpi жүргiзу  қажет деп санаймын.
      Бiз  атқарушы билiк жүйесiн орталықсыздандыру бағытында белгiлi бiр қадамдар жасадық, әкiмдердiң сайланбалылығын  енгiзуге кабинеттi жағдай туғыздық. Бiз биылғы тамыз айында  облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аудандар әкімдерiнiң  сынақ түрiндегі сайлауларын өткiземiз және кезең-кезеңiмен ауылдық округтер, ауылдар, кенттер әкімдерін сайлауды қолға алып, 2007 жылы оны аяқтаймыз.
      Сонымен бір мезгілде Үкімет  Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн айқындайтын, мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердi шектеу процесiн аяқтайтын заң жобаларын әзiрлеп , Парламенттiң  қарауына  енгiзуi керек. Бұған қоса Үкiмет Қазақстандағы Жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың дамуын қолдау жөнiнде мемлекеттiк бағдарлама әзiрлеуге тиiс.
      Содан кейiн ғана елiмiзде жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды түпкiлiктi енгiзуге болады.  Атқарушы билiк қызметiнiң ашықтығы  ережеге айналуы керек.
       Қазiр жергiлiктi атқарушы билiк халықпен кездесiп , есеп беруде. Бұл дұрыс.
      Олар халықтың елiмiзде жүргiзiлiп жатқан әлеуметтiк-экономикалық және саяси реформалардан хабардар болуына, пiкiр алмасулар мен ұсыныстар жасауға мүмкiндiк туғызуы тиiс. Бұл - атқарушы органдардың халықтың алдындағы жауапкершілігi мен есептiлiгiн арттыруға қол жеткiзудiң, халықты мемлекеттiк басқару процесiне кеңiнен тартудың бiрден-бiр жолы. Мұндай кездесулер қоғамдық-саяси өмiрдiң бұлжымас ережесiне айналуы керек.
       Әкiмшілiк реформаларды одан әрi тереңдете беру қажет . Бұрынғы көнерген және ырыққа көнбейтiн мемлекеттiк тетiктi үздiк әлемдiк тәжiрибеге сүйене отырып, азаматтарымыз мүддесi үшiн осы заманғы қоғамдық-саяси процестердi серпiндi басқаруға қабiлеттi тетiкке айналдыру iсiн аяқтауымыз керек.
      Алқалы орган ретiнде  Үкiметтiң өзінің жұмысының тиiмділігін  және әрбiр Үкiмет мүшесi - министрдің дербес жауапкершiлігін арттыру қажет.
      Үкiмет дербестiкке ие және барлық атқарушы билiк тармақтары үшiн жауап бередi. Оның елiмiз  Конституциясы  өзiне берген құқықтар мен өкiлеттiктердi толығымен пайдалануы керек.
      Жергiлiктi органдарға өкiлеттiлiктiң бiр бөлiгiн беру арқылы билiктiң орталық деңгейiнiң басы артық мемлекеттiк функцияларының санын қысқарту қажет.
      Осы заманғы басқарушылардан тұратын пәрмендi әрi ең бастысы құрамы жағынан " аз да болса саз " болсын дегендей, оңтайлы  мемлекеттiк аппарат  жасақталуға тиiс.
      Мемлекеттiк органдар тарапынан азаматтар мен ұйымдарға көрсетiлетiн қызметтердiң сапасын жақсарту мен мерзiмiн қысқарту үшiн  "электронды Үкiмет"  қалыптастыруды жеделдету қажет.
       Мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiндегi  шаралар кешенiн iске асыру - атқарушы билiкті реформалаудың кiлтi болмақ.
      Бұл үшiн:
      - мемлекеттiң әкiмшiлiк қызметтер көрсетуiн жетiлдiру;
      - басқарудың бюрократтануын төмендету;
      - мемлекеттiк аппараттың кәсiби деңгейiн оңтайландыру қажет.
      Оған негiз бар. Қазақстанда қазiрдiң өзiнде  "Мемлекеттiк қызмет туралы" заң  қабылданған. Мемлекеттiк қызметке қабылдау конкурстық негiзде компьютерлiк тестiлеу арқылы жүзеге асырылады. Жылына мың жарымнан астам адам бiлiм алатын Мемлекеттiк қызмет академиясы құрылған.
       Үкiмет өзiнің күш-жiгерiн жалпы реттеушілік функциялар мен ереже туындатушылық жұмыстарға шоғырландыруы керек .
      Оның құрылымы мемлекеттiк саясат басымдықтарына сәйкес түзiлуге тиiс болса, министрлiктер - мемлекеттiк қызметтiң түрлерiне қарай нақты функционалдық бөлiнiс негiзiнде жасақталуы тиiс.
      Үкiметке мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмділiгi мен сапасын бағалаудың бірыңғай жүйесiн әзiрлеудi тапсырамын. Әрбiр мемлекеттiк ведомствоның тұтастай және жекелей алғандағы шенеунiктiң  қызметiн бағалаудың стандарты  атқарылған жұмысының тиiмділігі болуға тиiс.
      "Жалғыз терезе" қағидаты бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталықтарын құру, мемлекеттiк қызметшiлер үшiн сапа менеджментi жүйесiн (ИСО) енгiзу; сыйақыны қазiргiдей жалақыға қосылып кететін үстемақыға айналдырмай, таңдаулыларға ғана беру; мемлекеттiк қызметтiң тәртiбi мен этикасын сақтауды қамтамасыз ету керек.

       4.4. Биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін
           күшейту туралы

      Жоғарыда айтқанымдай, саяси жаңару процесi, ең әуелi,  билiктің заң шығарушы тармағының саяси беделiн күшейтудi  талап етедi. Мұны қолданылып жүрген  Конституцияның  шеңберiнде атқарған жөн және солай iстеу қажет. Конституцияның әлеуетi әлi де толық пайдаланылып бiткен жоқ.
      Орталық сайлау комиссиясын, Конституциялық Кеңестi және Есеп комитетiн  құрудағы  Парламенттiң қос палатасының рөлін арттырудың қажеттігiн талқылау керек.
       Парламенттiк көпшiлiк негiзiнде Үкiмет құрамын жасақтаудың тетіктерi  мен әлеуметтік-экономикалық сала министрлерiнің кандидатураларын тиiстi комитеттерде талқылау мәселелерi де егжей-тегжейлi пысықтауды талап етедi.
      Мұндай мәселелердi шешу халық өкілдерiнiң атқарушы билiк органдарына деген ықпалы мен бақылауын жаңа деңгейге көтередi.
      Сондай-ақ мәслихаттардың бақылау өкiлеттiктерiн кеңейтудi де қарастыру қажет. Бұл мемлекеттiк, билiк жүйесiн орталықсыздандыру, жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiнiң рөлiн арттыру жолындағы маңызды қадам болады.

        4.5. Сот жүйесi мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы

      Бiз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сәйкес келетiн кең ауқымды сот жүйесi реформасының қарсаңында тұрмыз.  Cот жүйесін жетілдіру  және осы заманғы қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін тиімді сот төрелігін жүргізу  жөніндегі ұсыныстар әзірлеу үшiн  Комиссия  құрылып отыр.
      Бiздiң алдағы уақытта мынадай мәселелермен:
      - сот өндiрiсiн оңайлату, оның объективтiлiгiн, сондай-ақ сот актiлерiнiң тұрақтылығы мен уақтылы орындалуын қамтамасыз ету;
      - сот жүргiзу шеңберiнде және сот шешiмдерiн атқару кезеңiнде азаматтар құқығына берiлетiн кепiлдiктердi күшейту;
      - сот корпусының тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету заң шеңберiндегi әдiлеттi шешiмнiң кепiлiне айналуға тиiс; судьялардың бiлiктiлiгiн арттыру - мұның өзi Қазақстанның сот жүйесiн XXI ғасырдағы шаруашылық, инвестициялық және сауда проблемаларына сәйкес келтiруге мүмкiндiк бередi;
      - қылмыстық сот жүргiзу мен сот шешiмдерi шеңберiнде адвокаттардың рөлiн арттыруды қамтамасыз ету;
      - қылмыстық сот жүргiзу тәжiрибесiне алқа билер соты институтын енгiзу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы "Алқа билер туралы" заң қабылданып, "Сот жүйесi мен судьялар мәртебесi туралы"  Конституциялық заңға  және алқа билер сотын енгiзу мәселелерi жөнiнде басқа да заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлуге тиiс;
      - сот рәсiмдерiнiң ашықтығы мен анықтығын барынша қамтамасыз ету мәселелерiмен шұғылдануымыз қажет.
      Судьялардың  тәуелсiздiгi және әдiлеттiлiгi жөнiндегi мәселеге  арнайы назар аударғым келедi. Бiз судьялардың жалақысын көтердiк, сөйтiп олар бүгiнде табысы ең жоғары мемлекеттiк қызметшiлерге айналды. Бiз судьялардың зейнетақымен қамтамасыз етiлуiн қоса есептегенде, оларға берiлетiн барлық әлеуметтiк кепiлдiктер пакетi жайында да ойланғанымыз жөн. Судьяларды лайығымен материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз етудi қажырлы да адал еңбектерiнiң өтеуi деп қана емес, жемқорлықтан сақтандыратын өтiмдi шараның бiрi ретiнде қарастырған жөн. Судьялар арасындағы парақорлықты адамгершiлiк тұрғыдан алғанда абыройсыздық деп бағалап қоймай, мұны экономикалық жағынан да тиiмсiз етуiмiз керек. Судья өз қызмет орнын қадiрлеуге тиiс және заңды немесе кәсiби этиканы бұзған жағдайда өзiнiң мемлекеттiк қызметте болу құқығынан ғана емес, барлық әлеуметтiк кепiлдiктерден де айырылатынын бiлуi керек.
      Мұның бәрi де қосымша бюджеттiк шығындар жасауға мәжбүр етедi, бiрақ ол өзiн ақтайды. "Арзан сот төрелiгi тым қымбатқа түседi" дейтiн ежелгi мәтел осыдан шықса керек.

        4.6. Сайлау туралы

       Сайлау заңнамасын одан әрi жетiлдiру  қажеттiгiн де талқылау мiндет.
      Орталық сайлау комиссиясына  сайлау процесiн құқықтық қамтамасыз етудегi  кемшiлiктерге байыпты талдау жасауды тапсырамын. 2005 жыл iшiнде Орталық сайлау комиссиясы халықаралық стандарттар мен қоғамымыздың даму деңгейiне толық сай келетiн, сайлау тетiктерiн сапалық жағынан жақсарту жөнiнде тиiстi ұсыныстар әзiрлеп, енгiзуге тиiс.
      Мен тек осындай тұрғыда ғана  барлық азаматтардың еркiн әрi кепiлдi ерiк-ниетiн бiлдiруiн қамтамасыз ететiн  дәйектi бағытты жүзеге асыруға болады деп бiлемiн.

        4.7. Азаматтық қоғам институттарын дамыту туралы

      Ең бастысы -  Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының, сөз бостандығының, бiрлестiктер мен саяси ерiк-жiгердi білдiрудiң кепілдіктерiн одан epi дамыта беру .
      Бiзде қазiрдiң өзiнде тиiстi нормативтік база бар.
      "Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары жүйесiн одан әрi жетiлдiру туралы"  Жарлыққа  сәйкес омбудсменнiң құқық қорғау мүмкіндіктері кеңейтiлдi, ендiгi жерде нақтылы iс-қимыл қажет.
       Сөз бостандығы  - Қазақстанның аршынды демократиялық дамуының негiзгі шарттарының бiрi. Тәуелсiз Қазақстанда саяси себептер бойынша сотталған адамдар жоқ.
      Сөз бостандығын, ақпарат алу мен таратуды қамтамасыз ететiн барлық қажеттi құқықтық және басқа да шарттар алдағы уақытта да дәйектi түрде жасалады әрi қорғалатын болады.
      Сонымен қатар сөз бостандығын пайдаланудағы шектен шығушылыққа қатаң тосқауыл қойылуы шарт.

        4.8. Сыбайлас жемқорлық пен қылмысқа қарсы күрес туралы

      Қазақстан кеңестен кейiнгi кеңiстiкте алғашқылардың бiрi болып  жемқорлыққа қарсы заңнама қабылдап, халықаралық конвенцияларға қосылды . Жазаланған шенеунiктер де аз емес. Көп iс тындырылды. Соған қарамастан, бiз ocы проблемамен шұғылданатын әрi өзiмiз берген ақпараттарға сүйенiп бiздiң жұмысымызға баға беретiн халықаралық ұйымдармен тиiсiнше жұмыс iстей алмай жүрмiз. Қазақстан бiздiң өңiрде ғана емес, басқа да жерлерде  кейiнгi кезекке ығысып кетпегенiн толық сенiммен айта аламын . Алайда өтпелi экономика сырқатының өзiне тән шығасысы да болмай қалмайды.
      Уақыт өттi, ахуал өзгердi, ендiгi жерде  заңнама iзерлей талдау мен жетілдірудi талап етiп отыр . Шенеунiктердің сыбайластық iс-әрекетiне ерiктi немесе ерiктен тыс тиiстi жағдай туғызатын заңға тәуелдi барлық актiлер қайта қаралуға тиiс.
       Бизнестi мемлекеттiк қызметтен түбегейлi бөлiп тастау керек .
      Акционерлiк қоғамдардың, олардың қожайындары мен соларға іш тартатын тұлғалардың көмескiлігін, банк жүйесiнiң көмескiлігін, рұқсат беруші органдардың көптігін, заңды айналып өту үшін пара беретіндердің жазасыздығын және тағы басқа келеңсiздiктердi түбiрiмен отап тастайтын уақыт келдi.
      Бұл үшiн не iстеу керек?
      1. Бiр жерде ғана төлқұжат тiркеп, салық төлеушiнiң есептiк нөмiрi, жүргiзушi куәлiгi және т.б. құжаттар ала алатын, "жалғыз терезе" қағидасы бойынша тұрғындарға қызмет көрсететiн орталықтар құру. Тәжiрибе ретiнде биыл Астана мен Алматыға осыны жасап көру керек.
      2. Лицензиялар мен рұқсаттамалар санын күрт қысқарту.
      3. "Қазақстан Республикасындағы акционерлiк қоғамдар туралы"  заңға  тиiстi өзгертулердi қабылдау.
      4. Мемлекеттiк қызметшi өз бизнесiн сатқанын немесе басқаруға бергенiн мiндеттi түрде жария етуге тиiс.
      5. Мемлекеттiк қызметшiнiң жеке бизнеспен айналысуына және компаниялардың мүдделерiн жақтауына тыйым салатын Ар-ұждан кодексiн әзiрлеу керек.
      6. Тәртiптiк кеңестердi Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi агенттiкке түпкiлiктi беру, орталық бюджетке ауыстыру және оларды заңгер мамандармен нығайту керек. Оған зейнет жасына жақындаған шенеунiктердi орналастырумен шұғылданудың әсте қажетi жоқ. Кеңес мемлекеттiк қызметшiлердiң этиканы және Ар-ұждан кодексiн орындауын қадағалауға тиiс.
      7. Пара алушыларды ғана емес, пара берушiлердi де жазалау керек.
      8. Бизнестегi жалақы деңгейiне жақындата отырып, мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын көтеру керек.
      Мен тиiстi  мемлекеттiк құрылымдар мен лауазымды тұлғалардың iс-қимылын реттеу  туралы жиi айтып келемiн. Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi агенттiк дербес әрi тәуелсiз болуға тиiс. Оны Президенттiң тiкелей бағынысына көшiрген дұрыс.
      Үкiметке  осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар енгiзу мен оның орындалуын бақылауға алуды  тапсырамын.
      Сонымен бiрге  мемлекеттiк қызметшiлердi жемқор етiп көрсетiп, жөн-жосықсыз айыптауларды тыйып тастайтын кез де жеттi . Егер бұл көпе-көрiнеу жала болса, онда мұны мемлекеттiк қызметшi сот арқылы дәлелдеуi керек. Егер олай болмаған жағдайда, дабыл тексерiлуi тиiс.

* * *

      Мен сiздерге өзiмнiң саяси реформаларға көзқарасымды баяндап бердiм. Аталған барлық мәселелердi қолданылып жүрген  Конституцияның  шеңберiнде жүзеге асыруға әбден болады. Менiң бастаған реформалардың талқылануы, және оны оппозицияның да талқылауы барысында, елiмiздiң бұдан былайғы саяси құрылымының түрлi нұсқаларының да қарастырылып жатқанын бiз бiлемiз. Егер олар ел мен халықтың мүддесiн көздейтiн болса, онда оппозицияның пiкiрiн де құрметтеу керек.
      Мен 2005-2007 жылдары алға қойған жұмысты аяқтауды ұсынамын. Сол кезде әрi қарай қалай жылжуымыздың керектiгi айқындалады.
      Мен  Конституцияның  тұрақтылығы - қоғамның тұрақтылығы екенiне кәмiл сенемiн. Ойланбай жасалған өзгерiстер ел iшiнде берекетсiздiк туғызады. Конституцияның қандай да бiр ережелерiне түзетулер енгiзудi ұсынбас бұрын, қолымыздағы нұсқасын зейiн қоя зерделегенiмiз жөн.
      Өзара бас қосып, осы мәселенi егжей-тегжейлi талқылаған танымал заңгерлерiмiздiң үлкен тобына мен зор ризашылығымды бiлдiремiн. Олар маған Конституцияны қорғау, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету жайында өтiнiш жасады.
      Негiзгi заңға өзгертулер енгiзуге болады. Бұл өзгертулердiң басты мәселесi - халқымыз президенттік басқарудың қазiргi жүйесiн бұдан былай да қолдай ма әлде елдегi толып жатқан саяси партиялардың билік жүргiзуiн қалай ма? Нақ сол себептi мен төл Конституциямыздың мүмкiндiктерi жайында тағы да қайталап айтып тұрмын. Ең демократиялық шешiм халықтың өзiнiң еркi деп ойлаймын. Уақыты жеткенде, бiз азаматтарымызға бұл жөнiнде сауал салатын боламыз. Сөйтiп, бiз халқымыз бен елiмiздiң қажетiне қарай шешiм шығаратын боламыз.

  5. Қазақстан қазiргi әлемде

        5.1. Біздің сыртқы саясаттағы басымдықтарымыз

       Бiздiң басымдықтарымыз өзгерiссiз күйiнде қалады . Бұл - XXI ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабiлеттi әрi ұзақ мерзiмдi ұлттық мүдделердi қамтамасыз етуге бағытталған, белсендi, жан-жақты және үйлесiмдi сыртқы саясат.
      Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала бередi. Азия мен Таяу Шығыстың негiзгi елдерiмен өзара iс-қимылға зор маңыз берiледi.
      Қазақстанның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ел iшiндегi реформаларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Үкiметтiң алдында осы мемлекеттермен арадағы негiзгi шарттар және келiсiмдердi бұлжытпай жүзеге асыру мiндетi тұр.
      Осыдан бiр ай бұрын Мәскеуде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы  шекараны делимитациялау туралы шарттың  тарихи маңызы зор. Тарихымызда тұңғыш рет бiз өзiмiздің стратегиялық әріптесiмiз Ресеймен заң жүзiнде ресімделген мемлекеттік шекараға ие болдық.
      Осылайша біз соңғы жылдары ұзына бойы 14 мың километрден асатын шекараны толығымен межелеуге қол жеткiздiк. Бұл бiздiң мемлекеттік құрылыстағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды кепілі.
      Бiз стратегиялық тұрғыдан Қазақстанның мүдделерi толығымен ескерiлген жағдайда  Бүкiләлемдiк Сауда Ұйымына тезiрек  кiруге ықыластымыз.
      Қазақстан  Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына, ТМД, ЕурАзЭҚ-тi  реформалауға,  БЭК-тi  құру жөнiндегi жұмыстарға да ерекше мән бередi.
      Бiздiң елiмiз үшiн барлық бағыттар бойынша ЕҚЫҰ-мен бұрынғысынша iс-қимыл жасау маңызды болып қала бередi.  2009 жылы осы ұйымға төрағалық етуге бiздiң кандидатурамыздың ұсынылуына барынша жауапкершілікпен қараймыз . Бүгiнгi бастамалар сонымен қатар осы мақсаттарға қол жеткiзудi көздейдi.
      Қазақстанның әлемде қуатты экономикасы бар әрi халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берiк өңiрлiк держава ретiнде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебенi қастерлеуiмiз және елiмiздiң қазiргi әлемдегi беделiн нығайту үшiн қосымша күш-жiгер жұмсауымыз керек.

        5.2. Бiздi бүгiн не алаңдатып отыр?

      Мен бұдан әрi  экономикалық, әлеуметтiк және саяси жаңаруымыздың жолында елеулi кедергi болуы ықтимал XXI ғасырдың қазiргi кезде көрiнiп жүрген объективтi қатерлерiне  сiздердiң назарларыңызды арнайы аударғым келедi. Бұл қатерлер қыр астында жатқан жоқ. Бiздiң елiмiздiң бейбiт еңбегi мен прогресi баршамызға және әлемдiк қоғамдастықтың ұстанымына байланысты.
      Әңгiме не туралы болып отыр?
      Бiрiншiден, осы  өңiрде  тұрақсыздық пен  дiни экстремизм  етек жая бастады.
      Екiншiден, географиялық орналасуы жағынан алғанда Қазақстан белортасында тұрған  өңiрде есiрткi таратудың тыйылмай отыруы .
      Сондықтан да бiз осы проблемаларды шешу үшiн барлық мүдделi мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен бұрынғысынша  белсене ынтымақтасатын  боламыз.
      XXI ғасыр қатерлерiнiң iшiнде  халықаралық лаңкестiк  ерекше орын алып отыр. Қаңтар айының аяғында Алматыда 40 халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуымен БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Лаңкестiкке қарсы комитетiнiң көшпелi отырысы өттi. Осы халықаралық зұлматқа қарсы күрес жүргiзу үшiн әлемдiк қоғамдастықтың үлкен күш-жiгер жұмсауы керек.
      Бiз өзiмiз лаңкестiкке қарсы коалицияға және Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға саперлiк отрядымыздың қатысуын нақ осындай ұстанымдар тұрғысынан пайымдаймыз.
      Осы тұрғыда елiмiздiң өз iшiнде де белсендi iс-қимыл жасалып жатыр. Жоғарғы Сот төрт лаңкестiк ұйымды заңсыз деп жариялады. "Экстремистiк қызметке қарсы қимыл жасау туралы" Заң қабылданды.
      Лаңкестiктiң ушығуы жағдайында бiз  өңірдегі барлық мемлекеттер мен мүдделi елдердiң iс-қимылы мен белсендiлiгiн үйлестiрудi сапалық жаңа деңгейге көтеру жолында қадамдар жасауға әзiрмiз .

        5.3. Өңiрдегi жағдай туралы

      ХV ғасырдың соңына дейiн Орталық Азия әлемдiк экономиканың маңызды өңiрi болып келдi. Бiздiң өңiрiмiз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлiнген жоқ. Жiбек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды.  Тәуелсiздiк алғанымыздан кейiн соңғы 500 жылда алғаш рет бiздiң өңiрiмiз әлемдiк экономика үшiн қайтадан экономикалық маңызына ие болды . Бiз өзiмiздiң транзиттiк мүмкiндiктерiмiздi нығайтып келемiз, әлемдiк рынокқа бағалы тауарлар - мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикiзатын шығаратын өңiрге айнала бастадық. Қазiрдiң өзiнде көне Жiбек жолының бойымен өтетiн XXI ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырлары, авто және темiржолдарының торабтары айқындала бастады.
      Бiз Азия "жолбарыстары" мен Еуропалық Одақ табыстарының сырына қаныға бастадық. Келесi бiр жағынан Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн тәуелсiздiк алған елдер арасындағы халықаралық жауығу мен қақтығыстар да тоқтаған емес. Жаhандық экономикада iрi рыноктардың маңызы да үлкен. Бiз, сонымен қатар, ұлы державалардың осы өңiрде экономикалық басымдыққа ие болу жолындағы бәсекелестiгiн де байқап отырмыз. Осы жаhандық геоэкономикалық проблемаларға қатысты дұрыс ұстанымның маңызы үлкен.
      Бiздiң алдымызда  таңдау  тұр: бiрi - әлемдiк экономиканың мәңгiлiк шикiзаттық шылауы болып қалу, екiншiсi тағы бiр империяның келуiн күту немесе Орталық Азияның барынша интеграциялануына қарай қадам жасау.
      Мен осының соңғысын ұсынамын.
       Бұдан былайғы интеграциялануымыз - бiздiң өңiрiмiздің тұрақтылығына, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсiздiкке апаратын жол . Тек осындай жағдайда ғана бiздiң өңiрдi әлем құрметтейтiн болады. Тек сонда ғана бiз қауiпсiздiктi қамтамасыз етiп, лаңкестiк пен экстремизмге қарсы пәрмендi күрес жүргiзетiн боламыз. Мұндай бiрлестiк, сайып келгенде, бiздiң өңiрде өмiр сүрiп жатқан қарапайым адамдардың мүдделерiне толық сай келедi.
      Мен  Орталық Азия елдерi Одағын  құруды ұсынамын. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан арасында жасалған мәңгілік достық туралы шарт осындай бiрлесу үшiн берiк негiз бола алады. Мен өңiрiмiздегi басқа да елдердi де естен шығарып отырғанымыз жоқ.
      Бiздiң  экономикалық мүдделерiмiз де, мәдени-тарихи тамырымыз да, тiлiмiз, дiнiмiз де, экологиялық проблемаларымыз да, керек десеңіз сыртқы қатерлерiмiз де  ортақ. Еуропалық Одақтың сәулетшiлерiнiң өздерi де осындай алғышарттарды армандаған да болар. Біз  тығыз экономикалық интеграцияға көшуімiз және ортақ нарық пен ортақ валютаға қарай iлгерiлеуiмiз керек .
      Бiз осылай жасағанда ғана өзiмiздің әрқашан бiрге болуымызды аңсаған арғы ұлы бабаларымызға лайық бола аламыз. Алайда алдымен патшалық империя, кейiннен сталиндiк ұлттық саясат осы бiрлiктен қорқып, өңiрдi әкiмшiлiк-ұлттық аумақтарға бөлшектеп тастаған едi. Ол кезде "Бөлiп ал да, билей бер" деген саясат үстемдiк eттi. Қазiр бiзге  келесі ұрпақтарымыз үшiн өңiрiмiздегi теңқұқылы халықтар жүруге тиіс жаңа жолды  нұсқайтын сәт туды.

       Қымбатты қазақстандықтар, отандастар!
      Түйiндеп айтқанда, таяу жылдардағы экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару жөнiндегi менiң пайымым мен көзқарасым осындай.
      Көрiп отырсыздар, алда әлi талай алынбаған асулар бар.
      Жүрер жолымыздың жеңiл боларына мен бұрынғы жылдардағы сияқты бұл жолы да уәде бере алмаймын.
      Реформаларды жүргiзу тактикасы, оларды жүзеге асырудың мерзiмдерi мен тетiктерi жөнiнде бiздiң көзқарастарымыздың әртүрлi болуы мүмкiн.
      Бiрақ мен барша қазақстандықтарды, барлық саяси бiрлестiктердi ортақ прогресс пен елiмiздiң болашағы жолында бiрлесуге шақырамын.
      Бiз  баршаға барынша мүмкiндiктер беретiн қоғам : әрбiр адамның жеке басы мен бостандығын құрметтейтiн, өзiне өзi қызмет етуге жағдайы жоқ жандарды қамқорлыққа бөлейтiн, қандай еңбектi болса да қадiрлейтiн, ана мен баланы қорғайтын, зейнеткерлерге қамқор болатын, ардагерлер мен отан қорғаушыларды ардақ тұтатын қоғам құруды аяқтауға тиiспiз.
      Бiз ұлтына және дiни наным-сенiмiне қарамастан, әрбiр қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дiндi таңдауға ерiк беретiн еркiн әрi ерiктi қоғамның негіздерiн нығайтуға тиiспiз.
      Бiздiң құқық қорғау органдары тыныштық пен тәртiптi қамтамасыз ететiн, ал iскер адамдарға өз мақсатын iске асыруға мүмкiндiк беретiн қоғам құруымыз керек.
      Бiз әркiмнің ар-ұжданы, абыройы мен беделi қадiрленетiн,  мәртебелi мораль , этикалық негiздер мен рухани құндылықтар iрге тепкен қоғам құруға тиiспiз.
      Бiз жолымызды дұрыс таңдай бiлдiк. Бұған бүгiнгi қолымыз жеткен нәтижелерiмiз айқын дәлел бола алады. Осы негiзде өзiмiздiң iлгерi басқан жүрiсiмiздi одан әрi жеделдете түсуге тамаша мүмкiндігімiз бар. Қазақстанды әлемнiң дамыған әрi көркейген елдерiнiң қатарына қосатын жол осы.
       Мен Қазақстан халқының өзiмнiң осы бастамаларымды қолдайтынына, оған ықылас қойып, өзiмiздің осы жоспарларымыздың iске асырылуына лайықты үлес қосатынына кәмiл сенемiн .
      Мемлекеттiгiмiздiң бастауында тұрған, әрi өзiне халықтың алдында ел тағдыры үшiн жеке дара жауапкершiлiк алған менiң жалғыз мұратым: осындай күннiң келуiн жақындата түсу.
      Осы ұлы мақсаттар мен мұраттардың орындалуы жолында баршаларыңызға мол табыс тiлеймiн.

Назад к документу

Заңдар - Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында (өзгертулер 18 ақпан 2005) K050002006_

Соңғы құжаттар
Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 341211
    Қазақ тілінде 169086
    Орыс тілінде 170118
    Ағылшын тілінде 2007
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Astana уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы