Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды соттардың қарауы туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабы)

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 27 маусымдағы № 3 Нормативтік Қаулысы.

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "тергеу және анықтау органдарының", "тергеу, анықтау органдарының", "анықтау, тергеу органдарының", "анықтау, тергеу органының" деген сөздер "қылмыстық қудалау органдарының" деген сөздермен ауыстырылды;
      "ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
      "анықтау немесе алдын ала тергеу", "анықтау, алдын ала тергеу", "алдын ала тергеу мен анықтаудың" деген сөздер тиісінше "сотқа дейінгі тергеп-тексеру", "сотқа дейінгі тергеп-тексерудің" деген сөздермен ауыстырылды;
      "ізге түсу", "ізге түсуді" "іс жүргізушілік", деген сөздер тиісінше "қудалау", "қудалауды" "процестік", деген сөздермен ауыстырылды;
      "109" деген цифрлар "106" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды қарау бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асырылатын іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне келтірілген шағымдарды соттардың қарауы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2 тармағында, 76-бабының 1 тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 8-бабында бекітілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады, сондықтан соттар сот төрелігіне қол жеткізуді, сотқа шағыммен жүгіну негіздерін көздейтін және оларды қарау тәртібін реттейтін заң нормаларын дұрыс қолдануды қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) және шешімдері жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер еткен жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар), сондай-ақ ұйымдар, егер көрсетілген актілермен олардың заңды мүдделеріне әсер етсе, сотқа шағыммен жүгінуге құқылы. Тұлғалардың ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен сотқа шағыммен жүгіну құқығын тексеру кезінде "Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын соттың қорғауы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысының 4-тармағын соттардың басшылыққа алғаны жөн.

      3. Тұлға өз қалауымен тікелей сотқа шағыммен жүгінуге, не тиісті прокурорға шағыммен жүгінгеннен кейін оның шешімімен келіспеген немесе одан заңда белгіленген мерзімде шағымына жауап ала алмаған жағдайда жүгінуге құқылы.

      4. ҚПК-нің 106-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттер (әрекетсіздік) пен шешімдер сот тәртібімен шағымдануға жатады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Заңда өзге тәртіппен шағымдану көзделген процестік әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдердің күшін жою туралы шағымдар, атап айтқанда, дәлелдемелерді жарамсыз деп тану туралы, айыптаудың дұрыс тұжырымдалмауы туралы не оның дәлелденбегендігі туралы, әрекетті саралау кезінде заңның дұрыс қолданылмағаны туралы, сот санкциялаған бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштер көрсетілген шағымдар, сондай-ақ прокурордың сотталғандарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 162-бабына сәйкес жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы немесе жазаны басқа жеңілірек жазаға ауыстыру туралы мәселе бойынша шығарған шешімдеріне, сот актілерінің заңсыздығы туралы шағымдар және басқалар ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен қарауға жатпайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Шағымдар сотқа ҚПК-нің 106-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім сақтала отырып, қылмыстық іс бойынша барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу барысында, соның ішінде айыпталушыны сотқа беру сатысында берілуі мүмкін, осы мерзім адамға тиісті іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер), шешімдер туралы белгілі болған сәттен бастап есептеледі.

      Тиісті прокурорға шағыммен жүгінгеннен кейін тұлға прокурордың жауабымен танысқан күннен бастап он бес тәуліктің ішінде, егер осы уақытта прокурордан жауап алмаса, не сол мерзімде сотқа осындай шағыммен жүгінуге құқылы.

      Сотқа шағым беру үшін өтіп кеткен мерзім мүдделі тұлғаның өтініші бойынша ҚПК-нің 50-бабында көзделген жалпы ережелер бойынша қалпына келтірілуі мүмкін.

      Қылмыстық іс сотқа жіберілгеннен кейін келіп түскен прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің), шешімдерінің заңсыздығы туралы шағымдардың ҚПК-нің 305-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қаралуын сот қылмыстық істі мәні бойынша қарау кезінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. Сотқа жолданатын шағым жазбаша түрде жазылады, онда арыз беруші мен өз мүддесі үшін шағым беріліп отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты, олардың мекенжайы мен байланыс телефондары, органның атауы мен орналасқан жері, шағым жасалып отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған, шешім қабылдаған лауазымды адам көрсетіледі. Шағымда қашан, кім (қандай орган немесе оның лауазымды адамы) және қандай процестік іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасалғаны, қандай шешім қабылданғаны көрсетілуге тиіс. Бұл ретте шағымда заңның қандай нормалары бұзылғанын, осылардың арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қалай әсер еткендігін, сондай-ақ арыз берушінің өтінішінің мәнін көрсету қажет. Сонымен бірге сотқа жүгінгенге дейін шағымда көрсетілген іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің), шешімдердің прокурорға шағымдалған-шағымдалмағанын, жауаптың қашан алынғанын (не алынбағанын), прокурордың жауабының мәнін және олармен келіспейтіндігі туралы уәждерді көрсету қажет.

      Шағымға оны берген адам қол қояды. Шағымға оның көшірмелері (прокурорға және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған адамдарға тапсыру үшін); шағымдалып отырған процестік актінің көшірмесі; арыз берушінің пікірі бойынша шағымдағы уәждерді растайтын материалдар; прокурордың шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауабы; прокурорға жолданып, жауап алынбаған шағымның көшірмесі; шағым берген адамның өкілінің құқығын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.

      Келіп түскен шағымда және оған қоса берілген материалдарда қажетті мәліметтер болмаған кезде, судья шағымды қабылдаудан бас тартпастан және оны қараусыз кері қайтармастан, арыз берушіден немесе өзге де тұлғалар мен органдардан оларды талап етеді және оларды ұсыну мерзімін белгілейді. Арыз иесі нұсқауларды орындамаған жағдайда судья шағымдарды өндіріске қабылдаудан бас тартады және оны иесіне қайтарады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Арыз беруші сот отырысы басталғанға дейін не судья кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін берілген шағымды жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы кері қайтарып алуға құқылы. Өкілдер сотқа берілген шағымды тек өздері мүддесін білдіріп отырған адамның келісімімен ғана кері қайтарып ала алады. Шағымды қайтарып алу процестік әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге шағым беру үшін ҚПК-нің 106-бабының бесінші бөлігінде белгіленген мерзімдердің ішінде іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін сотқа оны қайтадан беруге кедергі болмайды.

      Заң анықтау, қылмыстық қудалау органдарының, прокурордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне сотта қылмыстық істі қарау кезеңінде де шағым беруге тыйым салмайды. Мұндай жағдайларда сот шағымды сот ісін жүргізудің заңдылығы және іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті), шешімдерді шағымдаудың нәтижесінде алынған дәлелдемелердің жарамдылығын тексеру тұрғысынан қарайды және қаралып жатқан іс бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде тиісті шешім қабылдайды.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      9. Арыз берушінің шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен сотта қарау үшін беруі және оны соттың қарауы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға, соның ішінде және шағым жасалатын іс-әрекетті жалғастырмауға және шағым жасалатын шешімді орындамауға әкеп соқпайды.

      10. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын процестік әрекеттерді жасау кезінде заңның бұзылуы жөніндегі шағымдарды аудандық және оған теңестірілген соттар (тергеу судьясы) қарайды. Шағымдардың сотта қаралуы іс-әрекеттеріне шағым жасалып отырған тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының орналасқан жері бойынша, ал прокурордың шағымды қанағаттандырудан бас тартуын немесе одан шағымға жауап алмауды шағымдау кезінде – тиісті прокуратураның орналасқан жері бойынша айқындалады.

      Егер судья шағымды алған кезде шағымның осы сотта қаралуға жатпайтынын анықтаса, ол шағымды соттылығы бойынша басқа сотқа жіберу туралы дереу қаулы шығаруға тиіс.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      11. Заңға сәйкес осы процестік іс-әрекетке (әрекетсіздікке), шешімге шағым беру құқығы жоқ адамдар шағым берген, не ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен қаралмайтын іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге шағым берілген немесе шағым беру мерзімі өткен және оны қалпына келтіру туралы өтініш болмаған жағдайларда, сондай-ақ арыз берушіден сот отырысы басталғанға дейін шағымды кері қайтару туралы арыз түскен кезде судья шағымдарды қараусыз қалдыру туралы дәлелді қаулы шығарады.

      12. Шағымды өз өндірісіне қабылдау және оны іс жүргізіп мәні бойынша қарау үшін сот отырысын тағайындау судьяның қаулысымен ресімделеді, онда шағымды қарау уақыты мен орны туралы, бұл туралы арыз берушіге, прокурорға, сондай-ақ іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушіге хабардар етілгені туралы көрсетілуге тиіс.

      Шағымдарды қарау кезінде сот отырысына куәлар, сарапшылар, мамандар және басқа да адамдар ретінде жауап алу үшін өзге адамдарды шақыруға заңмен тыйым салынбайды. Қажет кезде судья қылмыстық қудалау органдарының, прокурордың шағымдалған іс-әрекеттерге (әрекетсіздікке), шешімдерге қатысты тиісті материалдарды ұсынуын қаулыда міндеттей алады. Судьяның аталған талабы үш тәуліктен аспайтын мерзімде мүлтіксіз және дер кезінде орындалуға жатады.

      13. Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті адамдар мен прокурордың қатысуымен қарайды, олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді. Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында сот отырысының хаттамасы жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті адамдарды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.

      Сот отырысын өткізу кезінде тергеу судьясы қандай шағым қаралуға жататынын хабарлайды, осыдан кейін, егер арыз иесі сот отырысына қатысып отырған болса, ол шағымды негіздейді, содан соң басқа да келген адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер ұсынуға құқылы. Шағым жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) немесе шешімнің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған адамға жүктеледі.

      Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар екенін не жоқ екенін тексеруге тиіс.

      "Сот отырысының хаттамасы жөнінде қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын қолдану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен шағымдарды қарау кезінде сот отырысының хаттамасын жүргізу міндетті.

      Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қараған судья ҚПК-нің 87-бабының бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес, бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыларындағы соттарда қылмыстық істі қарауға қатыса алмайды.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Сот отырысының дайындық бөлігінде төрағалық етуші тиісті шағымды қарау бойынша сот отырысының басталғаны туралы хабарлай келіп, отырысқа қатысушы арыз берушіге, оның қорғаушысына және өкіліне, прокурорға олардың қарсылық білдіру құқығы мен шағымдарды қарау бойынша іс жүргізілуіне байланысты олардың өзге де процестік құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, сондай-ақ оларда өтініштің бар-жоғын анықтауға, егер өтініштер мәлімделсе, оларды қарауға, одан кейін арыз берушіден оның шағымды қолдайтынын анықтауға тиіс.

      Шағымдарды қарау шағым беріліп отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті), шешімді тексеру, шағым жасалған іс-әрекеттің (әрекетсіздіктің), шешімнің заңға сәйкестігін зерделеу мақсатында арыз берушіні, өзге де тұлғаларды тыңдаудан, шағымдағы, шағымға қоса тіркелген материалдардағы және тараптар қосымша ұсынған немесе сот талап еткен материалдардағы дәлелдерді зерттеуден тұрады.

      Шағымдарды қарау кезінде судья шағымдағы уәждердің шегінен шықпауға тиіс, сондықтан арыз беруші, прокурор ұсынған немесе соттың өзі талап еткен материалдарды шағым бойынша дұрыс шешім қабылдау үшін қажет болатындай көлемде зерттеуге құқылы.

      15. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыздарды немесе хабарламаларды қабылдаудан бас тартуға шағымдарды қарау кезінде сот арыз берушінің хабарламаны қашан және қай органға жібергенін, қандай себептермен хабарламаның қабылданбағанын тексеруге тиіс. Осындай шағымдар бойынша шешім қабылдау кезінде сот қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау туралы хабарламаның ҚПК-нің 185-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес міндетті түрде қабылдауға, тіркелуге және қаралуға жататынын назарға алғаны жөн.

      Жеке айыптау тәртібімен қылмыстық қудалау туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы сот қаулысы ҚПК-нің 422-бабына сәйкес жоғары тұрған сотқа шағымдануға жатады.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      16. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы тіркелген арызды немесе хабарды тергеулігі бойынша беру туралы қылмыстық қудалау органының шешіміне шағымдарды қараған кезде, тергеулігі бойынша беру ҚПК-нің 186-бабында көзделген жағдайларда ғана жол берілетінін соттардың ескергені жөн. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы тіркелген арызды немесе хабарды тергеулігі бойынша заңда көзделмеген басқа негіздермен беру туралы шешім заңсыз деп танылуға жатады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      18. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу немесе қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы қаулыға шағымды қарау кезінде, істегі дәлелдемелерге баға бермей, арызданушы шағымда көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін, сондай-ақ бұл мән-жайлардың іс жүргізуді сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу немесе қысқарту туралы шешімінің заңдылығына әсер ету мүмкіндігін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, жинақталған материалдардың жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы тұжырым жасамай, істі қысқарту не тоқтату үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар-жоғын тексеруге тиіс.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. Сот отырысына қатысушылардың шағымның мәні бойынша түсіндірмелерін тыңдағаннан кейін және материалдарды зерттегеннен кейін судья кеңесу бөлмесінде ҚПК-нің 106-бабының сегізінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды, бұл туралы дәлелді қаулы шығарады.

      Бұл ретте, егер судьяның шағымды қарауға байланысты материалдарды ұсыну туралы талабын тиісті органдар орындамаса, судья шағымды олар жоқ кезде қарайды және егер қолда бар материалдар шағымның уәждерін жоққа шығармаса, шағымды қанағаттандыру туралы қаулы шығарады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. Егер қылмыстық қудалау органы, істі қысқарту туралы, шешім қабылдаған кезде заң талаптары сақталса, шағымдалған қаулыны тек формальды негіздер бойынша (мысалы, қабылданған шешім туралы мүдделі тұлғаларға хабарланбаса, тиісті тұлғалар жәбірленуші немесе азаматтық талапкерлер болып танылмаса не аталған тұлғаларға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттері түсіндірілмесе) заңсыз деп тануға болмайды.

      Егер сот отырысында қабылданған шешімдердің процестік нысандарын елеулі бұзудың расталуы нәтижесінде (мысалы, істі ақтау негіздері бойынша қысқарту туралы қаулыға адамның кінәлілігіне күмән келтіретін тұжырымдамалар енгізілген кезде) немесе сот өзге де тәсілмен арызданушының құқықтарына, бостандықтарына, заңды мүддесіне нұқсан келтірілді деп таныса, бұл процестік актілерді заңсыз деп тануға әкеп соқтыруы мүмкін.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      22. Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша:

      заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы;

      тиісті лауазымды адамның әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы;

      прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы;

      шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті қаулы шығарады.

      Егер сот отырысында шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетін (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп тану үшін негіздер анықталмаса сот шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулы шығарады.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      23. Прокурордың арыз беруші сотқа шағыммен жүгінгеннен кейін шағымдалған шешімнің күшін жою туралы қабылданған шешімі арыз берушінің шағымын қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз болып табылмайды. Сот мұндай жағдайларда шағымдалған шешімді ол қабылданған сәттен бастап прокурор күшін жойғанға дейінгі кезеңде заңсыз деп тану туралы қаулы шығарады.

      Прокурордың прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру барысында істің барлық мән-жайының толық анықталмауына не заңның өзге талаптарының сақталмауына байланысты тергеушінің немесе анықтаушының істі қысқарту туралы қаулысының күшін жою туралы шығарған қаулысы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталғандықтан заңсыз деп танылуға тиіс емес. Аталған қаулыларды шығару кезінде жол берілген арыз берушінің құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзу жойылуға тиіс.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      24. Арыз беруші шағыммен прокурорға жүгінгеннен кейін прокурордан жауап алынбағаны және шағымды берген сәттен бастап 15 тәулік мерзімнің өтпегені не арыз беруші сотқа жүгіну үшін ҚПК-нің 106-бабының бесінші бөлігімен белгіленген мерзімді өткізіп алғаны сот отырысында анықталса, судья тиісті негіздемелерді көрсетіп, арызды қарамай кері қайтару туралы қаулы шығарады. Өзгеше тәртіппен шағымдалатын іс-әрекетке (әрекетсіздікке) немесе тиісті лауазымды адамдардың, прокурордың шешіміне шағым берілген жағдайларда не осы сәтте сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған және іс сотқа жіберілген жағдайларда да судья тап осындай қаулы шығарады.

      Соттың шағымды ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен қарау кезінде, мысалы, шағымды басқа органның немесе лауазымды адамның қарауына беру туралы қаулыларды шығаруы заңмен қарастырылмаған.

      25. Соттың шағымды қараудың қорытындылары бойынша шығарған қаулысы заңды әрі негізді болуға тиіс. Қаулының кіріспе бөлігінде оны шығару уақыты мен орны; қаулыны шығарған соттың атауы; сот отырысына төрағалық етуші, хатшы, процеске қатысушылар, олардың өкілдері, аудармашы; шағым берушінің тегі, аты, әкесінің аты, қаралуға жататын актінің атауы, іс-әрекеті (әрекетсіздігі), шешімі шағымдалып отырған орган көрсетілуге тиіс. Қаулының сипаттама-дәлелдеме бөлігінде шағымдалып отырған іс жүргізу әрекеті (әрекетсіздік) кезінде бұзушылыққа жол берілгені-берілмегені, заң нормасы бойынша қандай шешім қабылданғаны, осы бұзушылықтардың арыз берушінің жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтыны-қозғамайтыны, сондай-ақ соттың тиісті дәлелдерді келтіре отырып осы бұзушылықтарды жою мақсатында шағым бойынша қандай шешімдерді қабылдауға тиіс екені көрсетілуі қажет. Қаулының қарар бөлігінде шағымды қанағаттандыру, шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетін (әрекетсіздікті), шешімді заңсыз деп тану туралы шағымдалып отырған актінің атауы, актіні кімнің, қашан, кімге қатысты немесе қандай себептер бойынша шағымдалып отырғаны (шағымдалмағаны) немесе шығарылғаны көрсетіліп, актінің күшін жою туралы шешім немесе тиісті лауазымды адамға азаматтың немесе ұйымның жол беріліп бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру туралы берілген нұсқау көрсетілуге тиіс.

      Азаматтың немесе ұйымның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін жою міндетін тиісті лауазымды адамға немесе прокурорға жүктеп, шағымды қанағаттандыру туралы қаулы шығару кезінде қаулыда қандай бұзушылықтар жойылу керектігі нақтылы көрсетілуге тиіс.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      26. Сот қаулысы жарияланғаннан кейін арыз берушіге және прокурорға сол күні тапсырылуға тиіс, ал егер олар сот отырысына қатыспаса, онда қол жететін байланыс құралының көмегімен оларға жіберілуге тиіс, арыз берушінің, прокурордың соттың қаулысына шағым беруі, наразылық келтіруі үшін ҚПК-нің 107-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімді сақтауы олардың қаулының көшірмесін алу уақытымен байланысты емес, көрсетілген мерзім қаулы жарияланған сәттен бастап есептеледі. Сот қаулысын шағымдау мерзімін өткізіп алған жағдайда осы мерзім ҚПК-нің 50-бабының қағидаларына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.

      Шағым/наразылық түскен жағдайда тергеу судьясы олардың көшірмелерін тараптарға жібереді, ал қаулы жария етілгеннен бастап үш тәулік өткеннен кейін істі жоғары тұрған сотқа жібереді, бұл туралы арыз берушіге және прокурорға хабарлайды. Тараптар жеке шағымға/наразылыққа қарсылықты жоғары тұрған сотқа жазбаша түрде бере алады не істі осы соттың судьясы қарауы кезінде ауызша білдіре алады.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Жеке шағымды/наразылықты түскен сәттен бастап облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы жабық сот отырысында үш күн мерзім ішінде жеке-дара қарайды. Сот отырысына шағым беруші және прокурор қатыса алады, олар шағымның және сот қабылдаған қаулының мәні бойынша түсіндірме беруге, сондай-ақ қарама-қарсы тараптың шағымына/наразылығына қарсы қарсылық білдіруге құқылы, алайда олардың келмеуі жеке шағымды/наразылықты қарауға кедергі болмайды, сондай-ақ шағымды кері қайтарып алу, шағымды қараусыз қалдыру немесе шағымды қанағаттандырусыз қалдыру үшін негіз ретінде қарастырылмайды. Апелляциялық сатының судьясы ҚПК-нің 430-бабына сәйкес, берілген шағымды шешу үшін қажетті қосымша материалдарды тараптардың өтінімі немесе өз бастамасы бойынша сұратуға құқылы. Соттардың қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қарау кезінде, оларда келтірілген дәлелдерді тексерумен қатар, облыстық соттар прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының заңның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын емін-еркін шектеуге тыйым салатын талаптарын сақтауына тиісті назар аударулары қажет, сондай-ақ соттардың шағымды қарау кезінде заң талаптарын сақтауына назар аударуға тиіс.

      Жеке шағымды/наразылықты қараудың қорытындылары бойынша облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады, онда шағымның/наразылықтың қанағаттандырылғаны не оларды қанағаттандырудан бас тартылғаны туралы көрсетіледі. Шағым/наразылық қанағаттандырылған кезде, қаулыда тергеу судьясының шағым жасалған қаулысының күшін жою туралы көрсетілуге және шағымның мәні бойынша жаңа шешім жазылуға тиіс. ҚПК-нің 106-бабында көрсетілмеген шешімдерді, атап айтқанда, тергеу судьясының қаулысының күшін жойып, істі қайтадан қарау үшін сол сотқа жіберу туралы, тергеу судьясының қаулысын өзгерту туралы, шағымды өзге органның немесе лауазымды адамның қарауы үшін жіберу туралы шешімдерді қабылдауға жол берілмейді.

      Облыстық сот судьясының қаулысы жарияланғаннан кейін дереу заңды күшіне енеді, түпкілікті болып табылады, арыз берушінің осы шағымын ҚПК-нің 106-бабымен көзделген тәртіппен, сондай-ақ кассациялық тәртіппен қарау жөнінде одан әрі іс жүргізуге жол бермейді.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      28. Арыз берушінің шағымы қанағаттандырылған және шағымдалып отырған іс жүргізу әрекетінің (әрекетсіздіктің), шешімнің күшін жою туралы қаулы етілген не заңды тұлғаның немесе ұйымның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру тиісті лауазымды адамға, прокурорға жүктелген қаулы заңды күшіне енгеннен кейін тергеу судьясының өкімі бойынша дереу орындау үшін тиісті органға, лауазымды адамға, прокурорға жіберіледі, олар сотты қаулының орындалуы туралы хабардар етуге тиіс. Сот қаулысының орындалмауына кінәлі адамдар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      29. Сот қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде азаматтың немесе ұйымдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы шағымды қарау кезінде алдағы уақытта осындай заң бұзушылықтардың алдын алу және осы заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті шаралар қабылдау үшін ҚПК-нің 53-бабына сәйкес жеке қаулы шығарады.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      30. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы

Б.Бекназаров

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының судьясы,

жалпы отырыс хатшысы

Д.Нұралин

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 280076
    Қазақ тілінде 139469
    Орыс тілінде 139188
    Ағылшын тілінде 1419
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Астана уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы