Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 21 қазандағы N 82 Заңы.

      Мәскеуде 2004 жылғы 22 желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім бекітілсін.

Қазақстан Республикасының

Президенті

Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының
Yкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек"
ғарыш зымыран кешенiн құру туралы
КЕЛIСIМ

      (2005 жылғы 15 желтоқсанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi,

      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негiзгi қағидаттары мен шарттары туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 15 сәуiрдегi Өндiрiстiк, коммерциялық, кредиттiк-қаржылық, сақтандыру және аралас трансұлттық бiрлестiктер құру мен дамытуға жәрдемдесу туралы келiсiмдi, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" кешенiн жалға беру шартын (бұдан әрi - Жалға беру шарты), 1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында жұмыстар орындау үшiн қажеттi тауарларды шекара арқылы өткiзу тәртiбi туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,

      2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенiн тиiмдi пайдалану жөнiндегi ынтымақтастықты дамыту туралы келiсiмнiң ережелерiн негiзге ала отырып,

      2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келiсiмнiң ережелерiн назарға ала отырып,

      қазақстандық және ресейлiк кәсiпорындар мен ұйымдар арасындағы дәстүрлi қалыптасқан өндiрiстiк байланысты және кооперацияны тереңдетуге, "Байқоңыр" ғарыш айлағында экологиялық қауiпсiздiктiң жоғары деңгейi бар қазiргi заманғы зымыран-ғарыш технологиясын бiрлесiп әзiрлеуге және енгiзуге тiлек бiлдiре отырып,

      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты коммерциялық ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық ғарыштық бағдарламаларын iске асыру мақсатында "Байқоңыр" ғарыш айлағының жерүстi ғарыштық инфрақұрылым объектiлерiнiң негiзiнде жаңа экологиялық қауiпсiз "Байқоңыр" ғарыш зымыран кешенiн құру және бiрлесiп пайдалану кезiндегi Тараптар ынтымақтастығының негiзгi қағидаттары мен шарттарын айқындау болып табылады.

2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаты үшiн мынадай терминдер пайдаланылады:

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені" - 2016 - 2025 жылдары Ресей Федерациясының федералды ғарыштық бағдарламасында құрылуы көзделген, экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары, перспективалы ресейлік орта класты тасымалдағыш зымыранмен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің құрамына "Байқоңыр" ғарыш айлағының "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің техникалық құралдарының, құрылыс жайлары мен коммуникацияларының негізінде құрылатын старттық және техникалық кешендер, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдары, телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау аудандары және басқа жерүсті ғарыш және қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілері кіреді;

      "құпия ақпарат" - әрбiр мемлекеттiң заңнамасына сәйкес қорғалатын, сондай-ақ Тараптар ынтымақтастығы барысында пайда болған, рұқсатсыз таралуы Қазақстан Республикасының және/немесе Ресей Федерациясының қауiпсiздiгi мен мүдделерiне нұқсан келтiруi мүмкiн кез келген нысанда берiлген мәлiметтер;

      "жасырын ақпарат" - құпия ақпарат санатына жатқызылғаннан басқа, рұқсат етiлмеген қолжетiмділіктен, таратудан және пайдаланудан ашушы Тарап (немесе оның кәсiпорындары мен ұйымдары) қорғайтын, коммерциялық құпия мен ноу-хауды қоса алғанда, сондай-ақ ақпараттың оның үшiншi тұлғаларға белгiсiздiгiне қарай пәрмендi немесе әлеуеттi коммерциялық құндылығы болғанда, оған заңды негiзде қолжетiмдiлiк болмағанда және ақпарат иесi оның жасырындылығын қорғауға шаралар қолданғанда, ғылыми-техникалық, коммерциялық, өндiрiстiк және өзге де қызметке қатысты кез келген жалпыға қолжетiмдi болып табылмайтын ақпарат. Жасырын ақпарат санатына жасырын ақпараты бар құжаттардың кез келген көшірмелерi, сондай-ақ жасырын ақпараты бар түпнұсқа құжаттарды пайдалану арқылы немесе олардың негiзiнде дайындалған кез келген құжаттар жатады;

      "тауарлар" - тасымалдағыш зымырандар, екпiндету блоктары, ғарыш аппараттары, дайындау мен ұшыруды жүзеге асыру үшiн қажеттi кез келген басқа жабдықтар, бақылау мен сынақ жабдықтары, отын, құрылыс және басқа материалдар, тетiктер мен техникалар, сондай-ақ ғарыш бағдарламаларын iске асыру кезiнде әзiрлеу, өндiру немесе пайдалану үшiн қажеттi, материалдық тасымалдаушыларда белгiленген ақпарат түрiндегi технологиялар. Ақпарат санатына кез келген материалдық нысанда берiлген өзге ақпарат (дерекқорды қоса алғанда, компьютерлiк бағдарламалық қамтамасыз ету, коммерциялық құпия, ноу-хау, өндiрiстiк құжаттама және техникалық сипаттамалар) жатады;

      "атқарушы ұйымдар" - "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және пайдалану жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн, меншiк нысанына қарамастан, "Бәйтерек" бiрлескен Қазақстан-Ресей кәсiпорны" акционерлiк қоғамы тартатын Тараптардың ұйымдары.

      ғарыш зымыран кешені" - 2016 - 2025 жылдары Ресей Федерациясының федералды ғарыштық бағдарламасында құрылуы көзделген, экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары, перспективалы ресейлік орта класты тасымалдағыш зымыранмен ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған кешен. "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің құрамына "Байқоңыр" ғарыш айлағының "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің техникалық құралдарының, құрылыс жайлары мен коммуникацияларының негізінде құрылатын старттық және техникалық кешендер, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдары, телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау аудандары және басқа жерүсті ғарыш және қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілері кіреді.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

3-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оны одан әрi пайдалану мақсатында Тараптар "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бiрлескен кәсiпорны" акционерлiк қоғамын (бұдан әрi - Бiрлескен кәсiпорын) құрады.

      Бiрлескен кәсiпорын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құруға және оны пайдалануға қазақстандық және ресейлiк мамандар мен ұйымдардың қатысуының теңдiгi қағидаттарында құрылады.

      Қазақстан Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның Құрылтайшысы болып Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген ұйым әрекет етедi.

      Ресей Тарабынан Бiрлескен кәсіпорынның Құрылтайшысы болып "M.B.Хруничев атындағы Мемлекеттiк ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталық" федералдық мемлекеттiк бiртұтас кәсiпорны әрекет етедi.

      Құрылтайшылар Бiрлескен кәсiпорынның жарғылық капиталына әрқайсысы 200 мың АҚШ доллары мөлшерiнде ақшалай қаражат енгiзедi.

      Бiрлескен кәсiпорын Астана қаласында тiркеледi және өз қызметiн осы Келiсiмге, Қазақстан Республикасының заңнамасына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

      Бiрлескен кәсiпорынға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық салынуға тиiс.

      Осы Келiсiм шеңберiнде ұшыруларды қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстар Тараптардың мемлекетаралық комиссиясының басшылық етуiмен, Ресей Федерациясының заңнамасында және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.

      Тараптар Бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталы ұлғайтылған жағдайда Тараптардың әрқайсысының акционерлеріне тиесілі дауыс беретін акциялардың тепе-тең санымен көрсетілетін акциялар саны бойынша теңдікті сақтайды.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

4-бап

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 26.06.2015 № 326-V Заңымен (Жасырын).

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру үшiн Қазақстан Тарабы Бiрлескен кәсiпорынға Тараптар келiскен нобайлық жобаның сараптау нәтижелерi бойынша бюджеттiк кредиттiң сомасын нақтылай отырып, негiзгi борышты өтеу бойынша 5 жылдық жеңiлдiктi кезеңмен, жылдық 0,5 пайыз сыйақы ставкасы бойынша сыйақы төлеу бойынша 4 жылдық жеңiлдiктi кезеңмен 19 жыл мерзiмге 223 миллион АҚШ долларына баламалы сомада бюджеттiк кредит бередi.

      Қазақстан Тарабы бюджеттiк кредит есебiнен қаржыландырылатын жобаға қызмет көрсету жөнiндегi агент функциясын орындауды "Қазақстан Даму Банкi" акционерлiк қоғамына тапсырады.

      Кpeдит бойынша сыйақыны есептеу агент ашқан Бiрлескен кәсiпорынның шотына ақша аударылған сәттен бастап жүзеге асырылатын болады.

      Бюджеттiк кредит бойынша Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету Бiрлескен кәсiпорынның мүлкi болып табылады.

      Бiрлескен кәсiпорынға оның меншiгiндегi мүлiкке өндiрiп алуды айналдыруға байланысты талап-арыздар туындаған жағдайда Тараптар жаппай қырып-жою қарулары мен оны жеткiзу құралдарын таратпаудың халықаралық режимдерiн сақтауды қамтамасыз етедi.

4-1-бап

      Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналарды (мемлекеттік тапсырма нысанында):

      Ресей Тарапы жалға алатын объектілер құрамынан оларды шығарудан кейін, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру және жұмыс істеуі үшін пайдаланылатын "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін ұстауды және пайдалануды;

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру және одан автоматты және басқарылатын ғарыш аппараттарын ұшыруды жүзеге асыру мақсатында старттық және техникалық кешендерді қоса алғанда, "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін реконструкциялауды және жаңғыртуды (старттық және техникалық кешендердегі тасымалдағыш зымыранды дайындау кезінде пайдаланылатын бақылау-тексеру аппаратураларын, сондай-ақ қолжеткізу шектелген жүйелер мен агрегаттарды қоспағанда), жерүсті ғарыш инфрақұрылымның жаңа объектілерін салуды, жерүсті ғарыш инфрақұрылымның қолданыстағы объектілерді күрделі жөндеу мен реконструкциялауды;

      старттық және техникалық кешендерді пайдалану бойынша персоналды дайындаудың оқу-жаттығу құралдарын құруды;

      Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдағыш зымыранның бөлінетін бөліктерінің құлау аудандарын бөлуді;

      телекоммуникациялық және ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды;

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін пайдалану үшін қажетті, қамтамасыз етуші инфрақұрылым объектілерін құруды және жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру жобасын қаржыландырудың мерзімдері мен көлемі жобаның техникалық-экономикалық негіздемесімен айқындалады.

      Ресей Тарапы:

      перспективалы орта класты тасымалдағыш зымыранды құруды;

      тасымалдағыш зымыранның құрамдас бөліктерін тасымалдау құралдарының жиынтығын құруды;

      екпіндеткіш блоктың техникалық кешенін, ғарыш аппаратының техникалық кешенін, ғарыштық басты бөліктің техникалық кешенін жаңғыртуды;

      басқарылатын көлік кемесінің техникалық кешенін құруды;

      телеметриялық ақпаратты өлшеу, жинау және өңдеу құралдарының кешенін жаңғыртуды;

      старттық және техникалық кешендердегі перспективалы орта класты тасымалдағыш зымыран үшін бақылау-тексеру аппаратурасын құруды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. Келісім 4-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

5-бап

      Тараптар 2022 жылы орта класты тасымалдағыш зымыранмен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінде ұшу сынақтарының басталуын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

6-бап

      Осы Келiсiмдi орындау жөнiндегi қызметтi үйлестiру мақсатында Тараптар мынадай құзыреттi органдарды тағайындайды:

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      Ресей Тарапынан - "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорация.

      Осы Келiсiм шеңберiнде ынтымақтастық бағдарламалары мен жобалары оларды iске асыруға байланысты, соңынан қызметтiң мамандандырылған түрлерiн орындауға әкеп соқтыратын ұйымдастыру, қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы қағидаттар, нормалар мен рәсiмдер сияқты, Тараптардың құзыреттi органдары, Бiрлескен кәсiпорын немесе атқарушы ұйымдар жасасатын жекелеген келiсiмдер мен келiсiм-шарттардың мәнiн құрай алады.

      Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы өзгерген кезде мұндай Тарап бұл туралы екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жiбередi.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

7-бап

      Тараптар Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды, Бiрлескен кәсiпорын Тараптардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

      Тараптардың Бiрлескен кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауапкершiлiктен бас тартуы зияткерлiк меншiкке, құпия ақпарат пен технологияларды қорғауға байланысты талап-арыздарға қолданылмайды, және де аталған талап-арыздарды қарау мүдделерi бұзылған Тарап мемлекетiнiң заңнамасымен реттеледi.

      Бiрлескен кәсiпорын Тараптар мемлекеттерiнiң құпия ақпаратты қорғау жөнiндегi заңнамасы мен өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн ескере отырып, осы Келiсiм шеңберiндегi жұмыстарды орындау үшiн атқарушы ұйымдарды дербес айқындайды.

      Атқарушы ұйымдардың тiзбесiн Бiрлескен кәсiпорын тiзбенi салық органына одан әрi беру үшiн Қазақстан Тарабының құзыреттi органына жiбередi.

8-бап

      Қазақстан Тарабы мынадай преференциялар берудi қамтамасыз етедi:

      а) Қазақстан Республикасының Бiрлескен кәсiпорнының, атқарушы ұйымдарының және Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдары мердiгерлерiнiң тiкелей ғарыш кеңiстігінде орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстарына (қызметтерiне), сондай-ақ тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) технологиялық негiзделген және тығыз байланысты жердегi дайындау жұмыстарына (қызметтерге) осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын қосымшаға сәйкес қосымша құнға нөлдiк ставка бойынша салық салынады.

      Айналымдар бойынша қосылған құнға нөлдiк ставка бойынша салынатын салықты қайтару Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Бұл ретте осы тармақшаға сәйкес қосылған құн салығы бойынша нөлдiк ставканы қолданатын атқарушы ұйымдар осы Келiсiмнiң 7-бабында көрсетiлген атқарушы ұйымдар тiзбесiнде белгiленуге тиiс.

      Қосылған құн салығы бойынша нөлдiк ставканы қолдану үшiн мыналар негiз болып табылады:

      Бiрлескен кәсiпорын үшiн - осы Келiсiмге қосымшада көрсетiлген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетiлгенiн) растайтын құжаттардың көшірмелері;

      атқарушы ұйымдар үшiн - тiкелей Бiрлескен кәсiпорынмен жасалған жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және Бiрлескен кәсiпорын үшiн жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетiлгенiн) растайтын құжаттардың көшiрмелерi;

      Қазақстан Республикасы атқарушы ұйымдарының мердiгерлерi үшiн - Бiрлескен кәсiпорынмен жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарты (келiсiм-шарты) бар атқарушы ұйыммен тiкелей жасалған жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) арналған шарт (келiсiм-шарт) және атқарушы ұйым үшiн жұмыстардың орындалғанын (қызметтердiң көрсетiлгенiн) растайтын құжаттардың көшiрмелерi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымы үшiн мердiгердiң жұмыстарды орындауына (қызметтердi көрсетуiне) арналған нұсқауы және мердiгер орындайтын жұмыстардың (көрсететiн қызметтердiң) түрлерi Бiрлескен кәсiпорын мен атқарушы ұйым арасында жасалған шартта (келiсiм-шартта) айқындалуға тиiс;

      б) Бiрлескен кәсiпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетiлген жұмыстарды орындаудан (қызметтердi көрсетуден) алынатын кiрiстер бойынша корпоративтiк табыс салығын төлеуден мемлекеттiк қабылдау комиссиясы "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалануға қабылдаған күннен бастап 15 жыл мерзiмге босату;

      в) Бiрлескен кәсiпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетiлген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) байланысты қызметтi жүзеге асыру кезiнде тiкелей пайдаланылатын салық салу объектiлерi бойынша мүлiкке салынатын салықтан босату;

      г) Бiрлескен кәсiпорынды осы Келiсiмге қосымшада көрсетiлген жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) байланысты Бiрлескен кәсiпорынның қызметiн жүзеге асыру үшiн бөлiнген және пайдаланылатын жер учаскелерi бойынша жер салығынан және жер учаскелерiн пайдаланғаны үшiн төлемнен босату;

      д) Бiрлескен кәсiпорынды және Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдарын 1993 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жұмыстарды орындау үшiн қажеттi тауарларды шекара арқылы өткiзу тәртiбi туралы келiсiмге сәйкес "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жеткiзiлетiн тауарлардың импорты кезiнде салықтардан, кедендiк баждардан және алымдардан босату;

      e) Бiрлескен кәсiпорын мен Қазақстан Республикасының атқарушы ұйымдары "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асыратын тауарлар импорты квоталауға, лицензиялауға және басқа да шектеулерге жатпайды.

9-бап

      Ресей Тарабы осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Ресей Федерациясында тiркелген атқарушы ұйымдарға Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес преференциялар бередi. "Байқоңыр" ғарыш айлағына тауарларды жеткiзу квоталау режимiн қолданусыз жүргiзiледi.

10-бап

      Тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру мақсатында Бірлескен кәсіпорынға Тараптардың құзыретті органдарымен келісу бойынша "Байқоңыр" ғарыш айлағының жерүсті ғарыш инфрақұрылымының қолданыстағы құрылыс жайларына (объектілеріне) ажыратылатын және ажырағысыз жақсартуларды енгізу және жаңа құрылысжайларды (объектілерді) құру құқығын ұсынады.

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің объектілері Тараптардың құзыретті органдары бекіткен тізбеге сәйкес "Байқоңыр" кешенінің Ресей Тарапы жалға алатын объектілерінің құрамынан шығарылады және Жалға беру шартында айқындалған тәртіппен Қазақстан Тарапына 2018 жылғы 1 маусымға дейін беріледі.

      Қазақстан Тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Бірлескен кәсіпорынға "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің көрсетілген объектілерінің сенімгерлік басқаруға берілуін қамтамасыз етеді.

      Қажет болған кезде "Байқоңыр" кешенінің өзге құрылысжайлары (объектілері) Жалға беру шартында айқындалған тәртіппен "Байқоңыр" кешенінің жалға алынатын объектілерінің құрамынан шығарыла отырып, Бірлескен кәсіпорынға берілуі мүмкін.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

11-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында құрылатын "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің объектілерін салу жобасының мемлекеттік сараптамасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.02.2020 № 302-VI Заңымен.

12-бап

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалана отырып ғарыш аппараттарын ұшыру кезiнде ұшырушы мемлекеттiң функциясын Ресей Тарабы орындайды.

      Тараптар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдалана отырып ғарыштық бағдарламаларды орындау кезiнде ғарыш объектiлерi келтiрген залал үшiн 1972 жылғы 29 наурыздағы Ғарыш объектiлерi келтiрген залал үшiн халықаралық жауаптылық туралы конвенцияға сәйкес олардың кiнәсiнiң дәрежесiне мөлшерлес ортақ жауаптылықта болады.

      "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн пайдаланып ғарыш аппараттарын ұшыруларды дайындау мен жүзеге асыру кезiндегi сақтандыруға жататын тәуекелдер түрлерi, сондай-ақ сақтандыруды жүргiзу шарттары мен тәртiбi Тараптардың құзыреттi органдары арасындағы келiсiммен айқындалады.

13-бап

      Осы Келiсiмнiң шеңберiндегi жұмыстарды орындау кезiнде келтiрiлуi мүмкiн залал үшін жауапкершiлiк, өтемақының мөлшерi, тәртiбi мен мерзiмдерi келiссөздер жүргiзу жолымен Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес айқындалады.

14-бап

      Осы Келiсiм шеңберіндегi ынтымақтастық барысында құралатын немесе берiлетiн зияткерлiк меншіктi қорғау, бөлу және пайдалану мәселелерi Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес белгiленедi.

      Осы Келiсiмнiң шеңберiндегi ынтымақтастық атқарушы ұйымдардың, құзыреттi органдардың және Тараптардың осы Келiсiмнiң шеңберiндегi немесе одан тыс бiрлескен қызметi басталғанға дейiнгi олар алған зияткерлiк меншiкке құқығын қозғамайды.

      Әрбiр Тарап осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде құпия ақпараттың қорғалуын, сондай-ақ осы Келiсiмнiң шеңберiндегi ынтымақтастық барысында берiлетiн ақпараттың жасырындылығын оның құзыреттi органдарының, атқарушы ұйымдарының және Бiрлескен кәсiпорынның сақтауын бақылауды қамтамасыз ету үшiн өзiнiң мемлекетiнiң заңнамасында көзделген барлық қажетті шараларды қабылдауға міндеттенеді. Бұл ретте жасырын ақпаратты осындай ретінде Тарап, құзыреттi орган, Бiрлескен кәсiпорын немесе жасырындылықты талап ететiн атқарушы ұйым белгiлеуге тиiс.

      Егер осы Келiсiмдi орындау үшiн оларды пайдалану тәртiбi Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасымен айқындалатын мәлiметтердi беру немесе мәліметтермен алмасу қажет деп танылған жағдайда, олар осы мақсатта Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында белгiленген нысанда тиiстi шешiмдер қабылдайды.

      Осы Келiсiмнiң шеңберiнде орындалған бiрлескен әзiрлемелер туралы кез келген ақпарат оның қатысушысы болып табылмайтын тарапқа тек Тараптардың құзыреттi органдарының жазбаша түрде ресiмделген өзара келiсiмi бойынша ғана берiлуi мүмкiн.

15-бап

      Тараптар, олардың құзыреттi органдары, Бiрлескен кәсiпорын және атқарушы ұйымдар Тараптар мемлекеттерiнің заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес осы Келiсiмнiң шеңберiндегi жұмыстарды орындауға байланысты қорғалатын тауарлар мен технологияларға рұқсатсыз қолжетiмдiлiктiң және мұндай технологиялар мен тауарларды үшiншi тұлғаларға рұқсатсыз берудің алдын алу жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайды. Осы мақсатта Ресей Тарабынан Бiрлескен кәсiпорынның құрылтайшы ұйымы атқарушы ұйымдардың және Бiрлескен кәсiпорынның қатысуымен технологияларды қорғау жоспарларын әзiрлейдi, олар Тараптардың құзыреттi органдарына бекiтуге ұсынылады.

      Технологияларды қорғау жоспарлары қорғалатын тауарлар мен технологиялардың жалпы тiзбесiн, Зымырандық технологияны бақылау режимiнiң талаптарын ескере отырып, "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құрудың және пайдаланудың барлық кезеңдерiнде қауiпсiздiк шараларын және бiрлескен бағдарламалар мен жобаларға қатысушылардың жауапкершілiгiн бөлудi қамтуға тиiс.

16-бап

      Бiрлескен кәсiпорынның қызметкерлерi "Байқоңыр" ғарыш айлағында болған уақытта қауiпсiз жұмыс iстеудің айрықша режимi бар объектiлерде болуға байланысты барлық нормалар мен ережелердi орындауға мiндеттi. Көрсетiлген нормалар мен ережелердi қызметкерлердiң назарына "Байқоңыр" ғарыш айлағының режим қызметi жеткiзедi.

17-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты дауларды шешу, сондай-ақ күтпеген және еңсерiлмейтiн жағдайларды (форс-мажор жағдаяттарын) реттеу өзара консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен немесе Тараптармен немесе олардың құзыреттi органдарымен келiсiлген басқа да рәсiмдердiң көмегiмен жүзеге асырылатын болады.

18-бап

      Егер осы Келiсiм күшiне енгеннен кейiн Тараптар мемлекеттерiнiң қабылданған заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде не Тараптар бiр мезгiлде қатысушылары болып табылатын халықаралық келiсiмдерде Бiрлескен кәсiпорын үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар көзделетiн болса, онда осы қолайлы жағдайлар қолданылатын болады.

19-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың және олардың құзыреттi органдарының олар жасасқан басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

20-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Осы Келiсiмге Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын және осы бапта көзделген тәртiппен күшiне енетiн жекелеген хаттамалар жасасу арқылы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

      Осы Келiсiм Жалға алу шартының қолданылу мерзiмi өткенге дейiн не Тараптардың бiреуi басқа Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап бiр жыл өткенге дейiн қолданылады.

      Егер Тараптар өзге туралы келiспесе, осы бапта көзделген тәртiппен осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату осы Келiсiмнiң шеңберiнде аяқталмаған жобалар мен бағдарламаларды орындауға әсерiн тигiзбейдi. Осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату заңды тұлғалардың осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтатқанға дейiнгi оған байланысты туындаған шарттық мiндеттемелердi қайта қарауы немесе бiр жақты тәртiппен сақтамауы үшiн құқықтық негiз болып табылмайды.

      2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тiлдерiнде, екi данада жасалды әрi екi мәтiннiң де күшi бiрдей.

Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясының

Yкiметi үшiн

Yкiметi үшiн

  Қазақстан Республикасының Yкiметi
мен Ресей Федерациясының Yкiметi
арасындағы "Байқоңыр" ғарыш
айлағында "Бәйтерек" ғарыш
зымыран кешенiн құру туралы
келiсiмге
ҚОСЫМША

Келiсiмнiң 8-бабына сәйкес преференциялар берiлетiн тiкелей
ғарыш кеңiстiгiнде, сондай-ақ тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде
жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) технологиялық
негiзделген және олармен тығыз байланысты жердегi дайындық
жұмыстары (қызметтерi) кешенiн жүзеге асыру кезiнде
орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстардың (қызметтердiң)
ТIЗБЕСI

      1. Тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстар (қызметтер):

      ғарыш аппараттарын, орбиталық станцияларды және басқа да ғарыш жүйелерiн ғарыш кеңiстiгiне шығару;

      байланысты қамтамасыз ету, деректердi беру, теледидар және радио хабарларын тарату үшiн ғарыш техникасын пайдалану;

      жерсерiктiк навигациялық және топогеодезиялық жүйелердi пайдалану;

      ғарыш аппараттарын объектілер мен құбылыстарды қадағалау үшiн пайдалану;

      тiкелей ғарыш жағдайында ғарыш аппараттарын сынау;

      тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде орналасқан ғарыш аппараттарын пайдалана отырып орындалатын (көрсетiлетiн) жұмыстар (қызметтер);

      ұшуды басқару және ғарыш жүйелерiн, ғарыш аппараттарын (объектiлердi) байланыспен, соның iшiнде Жер бетiнде жүзеге асырылатын байланыспен қамтамасыз ету;

      басқарылатын да, автоматты да аппараттар қолданылатын ғылыми зерттеулер (iргелi және қолданбалы);

      ғарыштан Жердi және басқа да планеталарды қашықтықтан зерттеу, ғарыш аппараттарынан, осы аппараттарды пайдалануды қоса алғанда, экологиялық мониторинг және метеорология.

      2. Тiкелей ғарыш кеңiстiгiнде жұмыстарды орындауға (қызметтердi көрсетуге) технологиялық негiзделген және онымен тығыз байланысты жердегі дайындық жұмыстарының (қызметтердiң) кешенi:

      арнайы отын және оны жеткiзу құралдарын дайындау, ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарына отын жеткiзу және құю;

      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарын оларды сынау және ұшыру орындарына тасымалдау және шығарушы кәсiпорынға қайтару;

      ғарыш аппараттарынан, орбиталық станциялардан және басқа да ғарыш жүйелерiнен ақпарат қабылдау, оны өңдеу және тұтынушыға дейiн жеткiзу;

      зымыран-ғарыш техникасының жобалау-конструкторлық әзiрлемелерiн негiздеуге және қамтамасыз етуге, зымыран-ғарыш техникасын өндiруге және оны пайдалануға байланысты теориялық және жобалық-iздестiру зерттеулерi;

      ғарыш аппараттарын, орбиталық станцияларды, шығару құралдары мен олардың құрамдас бөлiктерiн, соның iшiнде: зымыран, авиациялық және басқа да кешендердi және олардың құрамына кiретiн зымыран тасығыштарды, тасығыш ұшақтарды, екпiндету блоктарын, оларды дайындау, сақтау және тасымалдау құралдарын - жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;

      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарын басқарудың мамандандырылған жүйелерiн, сондай-ақ ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарының жұмыс iстеуiн телеметриялық бақылау құралдарын жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;

      ғарыш аппараттары мен оларды шығару құралдарының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жүйелерiн жобалау, құрастыру, өндiру және сынау;

      техникалық және технологиялық жүйелер мен олардың зымыран-ғарыш кешендерiн тасымалдауды, сақтауды, сынау мен ұшыруды және ғарыш аппараттарын ұшу кезiнде басқаруды қамтамасыз ететiн жердегі ғарыш инфрақұрылымының құрамдас бұйымдарын жобалау, құрастыру, өндiру және сынау, жете толықтыру және пайдалану (қызмет көрсету);

      ұшу-ғарыш оқиғаларын тексеру;

      сынақ және басқару орталықтарын, ұшыру және техникалық кешендердi, әуеайлақтарды және жердегi ғарыш инфрақұрылымының өзге де объектiлерiн және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтердi ұсынуды қоса алғанда, олардың құрамдас бөлiктерiн, сондай-ақ қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және сынауға, ұшыруға дайындауға, зымыранды ұшыруға, ғарыш аппараттарын (объектiлердi) ұшыруға арналған агрегаттардың, жүйелердiң және т.б. құрамдас бөлiктерiн жасау, күтiп ұстау және пайдалану;

      ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарына ұшудан кейiнгi қызмет көрсету және/немесе оларды жөндеу;

      пайдалану процесiндегi жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын қоса алғанда, ғарыш аппараттары мен оларды жеткiзу құралдарына кепiлдiк берiлген қадағалауды жүзеге асыру;

      зымыран-ғарыш техникасының жүйелерi мен жабдығын кәдеге жарату.

      Осымен 2004 жылғы 22 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келiсiмнiң бұл көшiрмесiнiң дәлдiгiн куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы iстер министрлiгiнiң

      Халықаралық-құқық департаментi

      Халықаралық шарттар басқармасының

      Бастығы

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 274627
    Қазақ тілінде 136991
    Орыс тілінде 136631
    Ағылшын тілінде 1005
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Астана уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы