Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі N 305 Заңы.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң машиналар мен жабдықтарға, олардың өмірлік циклы процестеріне қойылатын талаптарды айқындау, белгілеу, қолдану және орындау жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді және адам өмірін, денсаулығын және қоршаған ортаны қорғауға кепілдік беру үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін белгілейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дайындалған күн - машиналар мен жабдықтардың өндіріс процесі аяқталған күн;

      2) жабдықтар - машинаға орнатылатын және машиналардың негізгі және (немесе) қосымша функцияларын орындау үшін, сондай-ақ оларды біртұтас кешенге біріктіру үшін қажетті техникалық құрылғы;

      3) жол берілмейтін қатер - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, машиналар мен жабдықтардың адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіпсіздік деңгейінен асатын қатер;

      4) жол берілетін қатер деңгейі - машиналар мен жабдықтардың техникалық регламенттерде және жобалау құжаттамасында белгіленген қауіпсіздік деңгейі;

      5) қауіпті аймақ - адам өмірі мен денсаулығына зақым келтіретін қатері бар, машина ішіндегі немесе оның айналасындағы аймақ;

      6) қауіпті машиналар мен жабдықтар - адам өмірі мен денсаулығы, қоршаған орта үшін қауіп төндіретін және осы Заң мен техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес емес дел танылған машиналар мен жабдықтар;

      7) машина - ең болмаса біреуі қозғала алатын өзара байланысты құрамдас бөліктерден тұратын, энергияны, материалдарды және ақпаратты өзгертуге арналған техникалық құрылғы немесе құрылғылар жиынтығы;

      8) машиналардың және (немесе) жабдықтардың жобалаушысы (бұдан әрі - жобалаушы) - машиналарды және (немесе) жабдықтарды пайдалану жөнінде жобалау құжаттамасы мен нұсқаулық әзірлейтін жеке немесе заңды тұлға;

      9) машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклы - жобалау, өндіріс, пайдалану, (соның ішінде жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету), сақтау, тасымалдау, өткізу жою және кәдеге жарату процестері;

      10) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі - адам өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келуіне байланысты жол беруге болмайтын қатердің жоқтығы;

      11) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілер - машиналар мен жабдықты жобалаушы, өндіруші, уәкілетті өкіл, импорттаушы, персонал (операторлар), пайдаланушы;

      12) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігін растау – нәтижесі машиналардың және (немесе) жабдықтардың техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда немесе шарттардың талаптарында белгіленген талаптарға сәйкестігін (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік сертификаты түрінде) құжатпен куәландыру болып табылатын рәсім;

      13) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігі туралы декларация - айналысқа шығарылатын машиналардың және (немесе) жабдықтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін өндіруші куәландыратын құжат;

      14) өндіруші - машиналарды және (немесе) жабдықтарды жасайтын жеке немесе заңды тұлға;

      15) пайдаланушы - машиналарды және (немесе) жабдықтарды пайдалануды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      16) персонал (операторлар) - машиналар мен жабдықтарды іске қосумен, пайдаланумен, ретке келтірумен, ағымдық қызмет көрсетумен, тазартумен, жөндеумен, сақтаумен немесе тасымалдаумен айналысатын адамдар;

      17) сәйкестік белгісі - машиналардың және (немесе) жабдықтардың сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы сатып алушыларды хабардар ету үшін пайдаланылатын белгі;

      18) уәкілетті орган - салалық бағыттылығына сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде басшылық жасауды және машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзге де мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      19) уәкілетті өкіл - өндірушінің атынан сауда жүргізуге (жүзеге асыруға) рұқсат ететін, одан алған жазбаша өкілеттіктері бар жеке немесе заңды тұлға;

      20) шекті жай-күй - машиналар мен жабдықтардың одан әрі пайдаланылуы не жұмысқа жарамдылық жай-күйінің қалпына келтірілуі мүмкін емес немесе ұтымды болмайтын жай-күйі;

      21) істен шығу - машиналар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылық жай-күйінің бұзылуын білдіретін жағдай.

      2. Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының осы бапта көрсетілмеген ұғымдары осы Заңның тиісті баптарында айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.10.2018 № 184-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және Қазақстан Республикасында жасалатын және Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін машиналар мен жабдықтарға, сондай-ақ олардың өмірлік циклі процестеріне қолданылады.

      2. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының өзге заңдарында талаптар белгіленген машиналар мен жабдықтарға қолданылмайды.

      3. Осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін машиналар мен жабдықтар жасау, өткізу, сақтау, тасымалдау, пайдалану (соның ішінде, жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету) процестеріне жіберілмейді.

      4. Осы Заңның, техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін, көрмелерде және демонстрацияларда көрсетуге арналған машиналар мен жабдықтарды Қазақстан Республикасының аумағында сатуға тыйым салынады.

      Мұндай демонстрациялар және көрмелер барысында адам өмірін, денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау үшін қажетті шаралар қабылдануға тиіс.

4-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың мемлекеттік жүйесі

      1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың біртұтас мемлекеттік жүйесін:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      2) индустрия және сауда саласындағы уәкілетті орган;

      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган;

      4) ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган;

      5) энергетика және минералдық ресурстар саласындағы уәкілетті орган;

      6) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган құрайды.

      2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 6) тармақшаларында аталған уәкілетті органдар салалық бағытқа сәйкес машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:

      1) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу;

      2) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттерді бекіту;

      3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру;

      4) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың құзыреті

      Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың құзыретіне:

      1) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы техникалық регламенттерді келісу және әзірлеу;

      3) машиналар мен жабдықтардың сәйкестігін растау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдарда Қазақстан Республикасы атынан өкілдік ету;

      4) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      5) техникалық регламентті бекітуді қоспағанда, машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, бекіту немесе келісу;

      6) осы Заңның және машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына сай келмейтін машиналар мен жабдықтарды анықтау және оларды өткізуге жол бермеу жөнінде шаралар әзірлеу мақсатында тұтыну нарығы мониторингін жүзеге асыру;

      7) жергілікті атқарушы органдар оларды жасауды, өткізуді және айналысын тоқтата тұру туралы беретін нұсқаманы, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарының нарығын қоспағанда, осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін машиналар мен жабдықтарды жасауды, өткізуді және олардың нарықтағы айналысын тоқтата тұру туралы нұсқама беру;

      8) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілердің құқықтары мен міндеттері

      1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілердің:

      1) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы дәйекті ақпаратты уақтылы алуға;

      2) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы арызбен уәкілетті органдарға жүгінуге құқығы бар.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтармен қатар өндіруші:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілер әзірлеуге қатысуға;

      2) Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының міндетті талаптарына сәйкес келетін ұйымдастыру стандарттарын әзірлеуге және бекітуге;

      3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін өндірістік бақылау бағдарламаларын әзірлеуге;

      4) машиналар мен жабдықтардың сапасы мен қауіпсіздігі менеджментінің жүйесін енгізуге;

      5) машиналарды және (немесе) жабдықтарды қалпына келтіруге (жөндеуге) немесе айтарлықтай өзгертуге (жаңғыртуға), таратуға құқылы.

      3. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне жауапты субъектілер:

      1) Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға;

      2) машиналар мен жабдықтарға байланысты қатерлерді болғызбау немесе азайту мәселелері бойынша уәкілетті органдармен ынтымақтастық жасасуға міндетті.

      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар өндіруші:

      1) пайдаланушыларға, сондай-ақ машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарға олардың талап етуі бойынша машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды беруге;

      2) пайдаланушының ықтимал қатерлерді бағалауы және оның тиісті қауіпсіздік шараларын қолдануы үшін қажетті машиналар мен жабдықтарды пайдалану жөніндегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі нұсқаулықпен және басқа да ақпаратпен қамтамасыз етуге;

      3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін оларды жобалау, жасау, сақтау және тасымалдау процестерінде, сондай-ақ өндіруші қатысатын жөндеу, техникалық және сервистік қызмет көрсету, жаңарту және тарату жағдайларында бақылауды қамтамасыз етуге;

      4) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;

      5) егер де машиналар мен жабдықтардың қауіпті сипатты алуына әкеп соққан бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, оларды шығару процестерін дереу тоқтатуға, олардың, сатып алушылардан (пайдаланушылардан) кері қайтарып алынуын және сараптама жүргізуді қамтамасыз етуге, содан кейін бұзушылықтарды жоюдың шараларын қолдануға немесе қажет десе оларды кәдеге жаратуды немесе жоюды ұйымдастыруға;

      6) машиналар мен жабдықтардың қауіптілігін оларды өткізу, сақтау, жою және кәдеге жарату сатысында сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      7) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес еместігі анықталған жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.

      5. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар уәкілетті өкіл:

      2) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;

      3) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге;

      4) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау, тасымалдау сатысында олардың қауіптілігін сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      5) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі анықталған және олар адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.

      6. Осы Заңның 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар импорттаушы:

      1) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі туралы пайдаланушылардың шағымдарын тексеруді жүзеге асыруға;

      2) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге;

      3) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау, тасымалдау сатысында олардың қауіптілігін сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

      4) машиналар мен жабдықтардың осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігі анықталған және олар адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндірген жағдайда, пайдаланушының уақтылы және тиімді ескертілуін, сондай-ақ оларды кері қайтарып алуға дейін қажетті іс-шаралар қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.

      7. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар персонал (операторлар):

      1) айналысқа шығарылып, пайдалану, тасымалдау, сақтау, жою және кәдеге жарату процесінде қауіпті сипаттар алуына әкеп соққан машиналар мен жабдықтарда осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны және өздері қолданған шаралар туралы уәкілетті органдарды дереу хабардар етуге;

      2) машиналар мен жабдықтарды пайдалану, жою және кәдеге жарату процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.

      8. Осы баптың 3-тармағында көзделген міндеттермен қатар пайдаланушы:

      1) айналысқа шығарылған машиналар мен жабдықтардың оларды пайдалану, тасымалдау, сақтау, жою және кәдеге жарату процесінде қауіпті сипаттар алуына әкеп соққан, осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтар туралы және өздері қолданған шаралар туралы уәкілетті органдарды дереу хабардар етуге;

      2) машиналар мен жабдықтарды өткізу, сақтау және тасымалдау процесінде олардың қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.

8-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау

      1. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      2. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. МАШИНАЛАР МЕН ЖАБДЫҚТАР ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ
ТАЛАПТАРЫ

9-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жалпы талаптар

      1. Осы Заңның күші қолданылатын машиналар мен жабдықтар осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген, адам өмірі мен денсаулығының және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес болуға тиіс.

      2. Машиналар мен жабдықтарға бірнеше техникалық регламент күші қолданылатын жағдайларда, мұндай машиналар мен жабдықтар үшін өздеріне қатысты барлық техникалық регламенттің талаптары орындалуы қажет.

      3. Машиналар мен жабдықтар қауіпсіздігі:

      1) Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтар қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау;

      2) машиналар мен жабдықтардың Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растау;

      3) машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеу шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

      4. Машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклінің барлық сатыларында осы Заңда және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздіктің барлық талаптарының орындалуын бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.

      5. Егер машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклінің әрбір сатысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сынақтар кешенін жүргізу қажет болса, онда олар жобалау құжаттамасының барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргізілуге тиіс.

      6. Машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклінің барлық сатыларында жобалау құжаттамасында көзделген машиналар мен жабдықтарды қауіпсіз пайдалану шарттарынан ауытқулар жол берілетін қатер деңгейінен аспауға тиіс.

      7. Жаңғыртылған машиналар мен жабдықтарды, олардың Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін растайтын сараптаманың нәтижелері бойынша ғана, машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиісті мемлекеттік органдардың қорытындыларын ала отырып, одан әрі өз мақсатында пайдалануға болады.

10-бап. Машиналар мен жабдықтарды жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Машиналар мен жабдықтарды жобалау кезінде машинаның және (немесе) жабдықтың жобасының осы Заңның және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.

      2. Машиналар мен жабдықтарды жобалау кезінде жобалаушы өмірлік циклінің барлық сатыларында, соның ішінде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (істен шығу және сыртқы әсерлер), персоналдың ықтимал қателері пайдалану кезіндегі болуы мүмкін барлық қауіптерді сәйкестендіруге тиіс.

      3. Барлық сәйкестендірілген қауіптер үшін қатерлер есептік, эксперименттік, сарапшылық әдіспен бағалануға тиіс.

      4. Машиналар мен жабдықтардың әрбір түрі үшін қатерге жүргізілген бағалау ескеріле отырып, жобалау кезінде машиналар мен жабдықтардың өмірлік циклінің барлық сатыларында қатерді жою немесе жол берілетін (жарамды) деңгейге дейін азайту (төмендету) үшін барлық шаралар кешені айқындалуға тиіс.

      5. Қатерді жол берілетін деңгейден төмен азайту мүмкін болмаған ретте жобалаушы пайдалану жөніндегі нұсқаулықта адамның өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүйесін көздеуге тиіс.

      6. Машиналар мен жабдықтарды жобалау кезінде жобалау құжаттамасы әзірленуге және оның экологиялық сараптамасы жүргізілуге тиіс.

      Жобалау құжаттамасы жобаның техникалық сипатталымын, машиналар мен жабдықтардың, басқару тетіктерінің егжей-тегжейлі сызбаларын, машиналар мен жабдықтарды пайдалану сипаттамаларын, пайдалану жөніндегі нұсқаулықты қамтиды.

11-бап. Машиналар мен жабдықтар өндірісі кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Өндіріс кезінде машиналар мен жабдықтарды дайындау процесінің жобалау құжаттамасы, осы Заң және техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.

      2. Машиналар мен жабдықтар өндірісі кезінде өндіруші жобалау құжаттамасында айқындалған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау жөнінде барлық шаралар кешенін орындауға міндетті.

      3. Өндіріс кезінде қауіпсіздікке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.

      4. Машиналар мен жабдықтардың өндірісі кезінде пайдалану жөніндегі нұсқаулық әзірленуге тиіс.

      Пайдалану жөніндегі нұсқаулық:

      1) монтаждау, жинау, жөнге келтіру немесе реттеу жөніндегі нұсқауларды;

      2) пайдалану кезінде сақталуы қажет, машиналарды немесе жабдықтарды штаттық пайдалану жөніндегі және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жөніндегі нұсқауларды (пайдалануға беруді, тікелей мақсаты бойынша пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді, жөндеудің және техникалық куәландырудың барлық түрлерін, зиянды өндірістік факторлардың өршуін азайтуға және оқшаулауға бағытталған қорғану құралдарын, тасымалдауды және сақтау жағдайларын қоса алғанда);

      3) қызмет ету мерзімінің тағайындалған көрсеткіштері және (немесе) тағайындалған ресурсты;

      4) оқыс оқиғаға (апатқа) әкеп соғатын қауіпті істен шығудың, персоналдың (пайдаланушының) ықтимал қателерінің және аталған қателерді болдырмайтын іс-қимылдардың тізбесін;

      5) шекті жай-күйінің критерийін;

      6) тасымалдау, сақтау жөніндегі пайдаланудан шығару, жою және кәдеге жарату жөніндегі нұсқауларды;

      7) персоналға қойылатын талаптарды қамтуға тиіс.

      5. Барлық машиналар мен жабдықтарда мынадай ақпаратты қамтитын, анық әрі өшірілмейтін таңбалау болуға тиіс:

      1) дайындаушының атауы және (немесе) оның тауарлық белгісі;

      2) машинаның және (немесе) жабдықтың атауы, сериясының немесе типінің белгісі, нөмірі;

      3) арналған мақсатының негізгі көрсеткіштері және қолданылу шарттары;

      4) дайындалған күні.

      Таңбалаудың барлық белгілері пайдалану жөніндегі нұсқаулықта түсіндірілуге тиіс.

      6. Егер техникалық регламенттерде қауіптер туралы қажетті ескерту жазбалары немесе белгілер көзделсе, машиналар мен жабдықтарда аталған жазбалар мен белгілер болуға тиіс.

      7. Машиналар мен жабдықтар үшін қолданылатын материалдар мен заттар техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.

      8. Машиналар мен жабдықтардың жекелеген түрлері үшін техникалық құжаттаманың мазмұны техникалық регламенттерде белгіленеді.

      9. Өндіруші, уәкілетті өкіл машиналар мен жабдықтар жасалған кезден бастап немесе машиналар мен жабдықтар сериялы өндірілген жағдайда, олардың соңғы данасын жасаған кезден бастап он жыл бойы техникалық құжаттаманы сақтауға міндетті.

12-бап. Машиналар мен жабдықтарды тасымалдау және сақтау кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Машиналар мен жабдықтарды тасымалдау және сақтау Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.

      2. Машиналар мен жабдықтарды, олардың тораптары мен детальдарын тасымалдауды, сақтауды жүзеге асыратын тұлғалар жобалаушы көздеген қауіпсіздік жөніндегі барлық талаптарды, тасымалдау мен сақтау кезінде қабылданған технологиялық процестерді және шарттарды ескере отырып, қатерге бағалау жүргізуге тиіс.

      3. Тасымалдау және сақтау процесінде машиналар мен жабдықтардың сақталуын, олардың қауіпсіздігіне септігін тигізетін техникалық сипаттамаларының сақталуы, қамтамасыз етудің барлық қажетті талаптары, соның ішінде орауға, тасымалдау мен сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгіленген сақтау мерзімдері, жай-күйін қайта куәландыру, сақтау мерзімдері өткен жекелеген элементтерді, детальдарды, тораптарды ауыстыру мерзімдері бойынша нұсқаулар машина мен жабдықтың техникалық құжаттамасында көзделуге тиіс.

      4. Машиналар мен жабдықтарды тиеуді, түсіруді, тасымалдауды және жинап қоюды оқытылған персонал қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізуге тиіс.

13-бап. Машиналар мен жабдықтарды нарықта орналастыру және олардың айналысы кезіндегі қауіпсіздік талаптары

      1. Қазақстан Республикасында жасалған немесе Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін машиналар мен жабдықтар, егер олардың адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін болса, нарықта өткізуге жатпайды.

      Машиналар мен жабдықтар тиісінше орнатылған, қызмет көрсетілген, пайдаланылған, сақталған, жойылған, кәдеге жаратылған жағдайда олардың қауіпсіздігі мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеп соғатын жарнамалық өнімдерге және өзге де ақпаратқа жол берілмейді.

      2. Өндіруші, уәкілетті өкіл, олар болмаған жағдайда, сәйкестігі міндетті түрде расталуға жататын машиналар мен жабдықтарды Қазақстан Республикасының нарығында орналастырушы тұлға олардың осы Заңның және техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растау үшін шаралар қолдануға міндетті.

      3. Осы Заңның талаптарына және техникалық регламенттерге сәйкестігі куәландырылған құжаттары жоқ машиналар мен жабдық нарықта орналастыруға және айналысқа жіберуге жатпайды.

      4. Басқа машинаға орнатуға арналған, жеке жұмыс істей алмайтын жабдыққа тиісті техникалық регламенттерде белгіленген нысан бойынша өндірушінің декларациясы қоса берілуге тиіс.

14-бап. Машиналар мен жабдықтарды монтаждау, пайдалану және жөндеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін талаптар

      1. Машиналар мен жабдықтарды монтаждауды, пайдалануды және жөндеуді жүзеге асыру кезінде техникалық регламенттер, жүйеге арналған жобалау құжаттамасы және машиналар мен жабдықтарды пайдалану жөніндегі нұсқаулық талаптарының орындалуы қамтамасыз етілуге тиіс.

      2. Машиналардың немесе жабдықтардың конструкциясына өзгерістер енгізу кезінде олардың техникалық құжаттамасында белгіленген қауіпсіздік жөніндегі талаптардың төмендетілуіне жол берілмейді.

      3. Машиналарды немесе жабдықты жөндеуді жүзеге асыратын тұлға өндіруші техникалық құжаттамада белгілеген, машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жобада айқындалған барлық шаралар кешенін орындауға міндетті.

      4. Машиналарға немесе жабдықтарға монтаждау немесе жөндеу жүргізілгеннен кейін оператор (персонал), егер техникалық құжаттамада жұмыстың тиісті түрлеріне көзделсе, машиналар мен жабдықтардың қатеріне бағалау жүргізуге тиіс.

      Техникалық құжаттамаға сәйкес келмейтін, жөнделген машиналар мен жабдықтар техникалық регламенттерге сәйкес келген жағдайда пайдаланылуы мүмкін.

15-бап. Машиналар мен жабдықтардың өндірісін, өткізілуін, нарықтағы айналысын тоқтатуға қойылатын талаптар

      1. Қауіпті машиналарды және (немесе) жабдықтарды өндіруші, уәкілетті өкіл, импорттаушы және пайдаланушы осы Заңды және техникалық регламенттерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздігі анықталған кезден бастап немесе мемлекеттік органның нұсқамасы негізінде өндіріс, өткізу және айналыс процестерін дереу тоқтатуға міндетті.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қолданбау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

3-тарау. СӘЙКЕСТІКТІ РАСТАУ РӘСІМДЕРІ

16-бап. Сәйкестікті растау

      1. Машиналар мен жабдықтардың сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Шет мемлекет берген сәйкестікті растау саласындағы құжат, оны Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесі таныған жағдайда, Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледі.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттер

      Техникалық регламенттер сәйкестігі расталуға жататын машиналар мен жабдықтар қауіпсіздігінің талаптарын, сәйкестікті бағалау рәсімдерін, техникалық құжаттардың нысандары мен мазмұнын, машиналардың қауіпті түрлерінің тізбесін белгілейді.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

18-бап. Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

      Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

19-бап. Өтпелі ережелер

      1. Тиісті техникалық регламенттер және олармен үйлестірілген стандарттар қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік реттеу осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған және пайдалануға берілген машиналар мен жабдықтар үшін олардың сәйкестігін растайтын құжаттар оларда көрсетілген қолданылу мерзімі ішінде күшін сақтайды.

      3. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін пайдалануға берілген және сәйкестігі міндетті расталуға жататын машиналар мен жабдықтар үшін олар осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағында еркін айналысқа қайта түскен кезде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес міндетті түрде сәйкестікті растау жүргізілуге тиіс.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Президенті

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 262810
    Қазақ тілінде 131206
    Орыс тілінде 130710
    Ағылшын тілінде 894
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Астана уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы