Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2001 жылғы 19 қаңтар N 144-II. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі N 173 Заңымен

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Заңның мақсаттары

      1. Еркiн бәсекенi, кәсiпкерлiктi дамыту, тұтынушылардың мүдделерiн қорғау және тауар рыноктарының тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн жағдайлар қамтамасыз ету осы Заңның мақсаттары болып табылады. 
      2. Заң кәсiпкерлiктi қолдау, монополистiк қызметтi болғызбау, шектеу, тыю және реттеу жөнiндегi мемлекеттiк реттеудiң ұйымдастыру және құқықтық шараларын айқындайды. 

       2-бап. Заңның қолданылу аясы  

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және республиканың қазақстандық және шетелдiк заңды тұлғалар (олардың филиалдары мен өкiлдiктерi), жеке кәсiпкерлер, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар), сондай-ақ жеке тұлғалар қатысатын тауар рыноктарындағы бәсекеге ықпал ететiн қатынастарға қолданылады. 
      2. Осы Заң, айрықша құқықтар объектілерiне байланысты қатынастарды пайдалануға байланысты келiсiмдер бәсекенi шектеуге бағытталған жағдайларды қоспағанда, осы объектiлерге байланысты қатынастарға қолданылмайды. 

       3-бап. Монополияға қарсы заңдар  

      1. Монополияға қарсы заңдар Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң  , осы Заңның нормаларынан және монополистiк қызметтi, жосықсыз бәсекенi болғызбау, шектеу мен тыю және табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеу жөнiндегi ережелерi бар Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады. 

       4-бап. Негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады: 
      1) бiрiн-бiрi алмастыратын тауар - функционалдық қызметi, сапалық және техникалық сипаттамалары және басқа да өлшемдерi бойынша салыстыруға болатын, сол себептен сатып алушы оларды тұтыну процесiнде шынында да бiр-бiрiмен ауыстыратын немесе ауыстыруға даяр тауарлар тобы; 
      2) белгiлi бiр тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi - бәсекелестiк саласында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын, тиiстi тауар рыногындағы үлесi монополияға қарсы орган жыл сайын белгiлейтiн шектi шамадан асатын рынок субъектiлерiнiң атаулы тiзбесi; 
      3) бағаларды мемлекеттiк реттеу - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң тауарларына (жұмыстарына, көрсететiн қызметтерiне) бағаларды монополияға қарсы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылатын реттеу; 
      4) бәсеке - рынок субъектiлерiнiң өз бетiмен жасаған iс-әрекеттерi тиiстi тауар рыногындағы тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) айналысының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының бiржақты ықпал ету мүмкiндiгiн тиiмдi шектейтiн және тұтынушыларға қажеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) өндiрудi ынталандыратын жарыстастығы; 
      5) монополистiк қызмет - рынок субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың бәсекеге жол бермеуге, оны шектеуге немесе жоюға бағытталған және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым жасайтын, осы Заңға қайшы келетiн iс-әрекеттерi (әрекетсiздiгi); 
      6) монополиялық қымбат баға - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсi негiзделмеген шығындарды өтеу және (немесе) үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдалану нәтижесiнде қосымша табыс алу мақсатында белгiлейтiн баға; 
      7) монополиялық арзан баға - тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсi тауар рыногынан бәсекелестердi ығыстыру арқылы бәсекенi шектеу мақсатымен саналы түрде белгiлейтiн тауар бағасы; 
      8) монополиялық табыс - рынок субъектiсiнiң монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алған табысы; 
      9) рынок субъектiсiнiң тиiстi тауар рыногындағы үлесiнiң шектi шамасы - үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзу үшiн негiз болып табылатын көрсеткiш; 
      10) сөз байласу - рынок субъектiлерi арасындағы тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуге) бiрыңғай баға белгiлеуге не тауар рыногын бөлуге бағытталып, бұл тауар рыногында келеңсiз салдарға апарып соқтырған және (немесе) апарып соқтыруы мүмкiн келiсiлген iс-әрекеттер; 
      11) рынок субъектiлерi - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өндiру, өткiзу, иелену жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың филиалдары мен өкiлдiктерi; 
      12) тауар (жұмыстар, қызметтер көрсету) - қызметтiң сатуға немесе айырбастауға арналған өнiмi (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi қоса алғанда); 
      13) тауар рыногы - алмастырушылары жоқ немесе бiрiн-бiрi алмастыратын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) сатып алушының тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) иеленуге экономикалық, аумақтық және технологиялық мүмкiндiгiн негiзге ала отырып айқындалатын айналыс аясы. 

       5-бап. Монополияға қарсы орган

      1. Тауар рыноктары мен бәсекенi дамыту, монополистiк қызметтi болғызбау, шектеу мен тыю, бәсекенi және тұтынушылар құқықтарын қорғау, монополияға қарсы заңдардың сақталуын бақылау, бағаларды реттеу, сондай-ақ мемлекеттiк басқа да органдардың осы саладағы қызметiн үйлестiру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзудi бәсекенi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу жөнiндегi уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы органы жүзеге асырады. 
      Қазақстан Республикасы монополияға қарсы органының негiзгi мiндеттерi, атқаратын қызметi, өкiлеттiктерi және жауапкершiлiгi осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде айқындалады. 
      Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер (бұдан әрi - монополияға қарсы орган) монополияға қарсы органның бiрыңғай жүйесiн құрайды. Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады. 
      2. Монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган туралы ереженi және оның құзыретiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       6-бап. Монополияға қарсы органның мiндеттерi

      Монополияға қарсы органның мiндеттерi мыналар:
      1) кәсiпкерлiктi қолдау, тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) рыногында бәсекенi дамыту;
      2) монополиялық қызметтi, тауар рыногындағы үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдалануды болғызбау, шектеу мен тыю, жосықсыз бәсекенi тыю жөнiнде шаралар қабылдау;
      3) табиғи монополия субъектiлерiнiң қызметiн реттеу;
      4) мемлекеттiк органдардың қызметтер көрсету тәртiбiн реттеу мен бақылау;
      5) монополияға қарсы заңдар мен баға белгiлеу тәртiбiнiң сақталуын бақылау;
      6) рынок субъектiлерiнiң тауар рыноктарындағы үстем (монополиялық) жағдайын бақылау;
      7) мемлекеттiк органдардың тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi қызметiн үйлестiру.

       7-бап. Монополияға қарсы органның атқаратын жұмыстары

      Монополияға қарсы орган өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес өз құзыретi шегiнде мынадай жұмыстарды орындайды: 
      1) тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие, бәсекенi шектейтiн және монополистiк қызметтi жүзеге асыратын рынок субъектiлерiн анықтау мақсатында талдау жүргiзедi; 
      2) тауар рыногының жұмыс iстеуiне, бәсекенi дамытуға, баға белгiлеу және тұтынушылардың мүдделерiн қорғау мәселелерiне қатысы бар заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жобаларына сараптама жасайды; 
      3) Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен Үкiметiне тауар рыногының, ондағы бәсекенің жай-күйi туралы баяндамалар, монополияға қарсы заңдарды және оларды қолдану практикасын жетiлдiру туралы ұсыныстар жiбередi; 
      4) өз құзыретi шегiнде монополияға қарсы заңдарды бұзушылық туралы iстердi қарап, олар бойынша шешiм қабылдайды;
      5) рынок субъектiлерiнiң монополияға қарсы заңдарды сақтауын  мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
      6) рынок субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтедi.

       8-бап. Монополияға қарсы органның қызметi

      1. Монополияға қарсы орган бәсекенi сақтап тұру және дамыту мақсатында: 
      1) тауар рыногының жай-күйiн, ондағы бәсеке деңгейiн зерттейдi және осы негiзде кәсiпкерлiктi қолдау жөнiнде, монополистiк қызметтi болғызбау, шектеу, тыю және реттеу жөнiнде шаралар әзiрлейдi; 
      2) мемлекеттiк органдарға тауар рыногын және ондағы бәсекенi дамытуға бағытталған шаралар өткiзу жөнiнде ұсыныстар бередi; 
      3) қосарлас құрылымдар құру, сондай-ақ тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие заңды тұлғаларды (олардың филиалдары мен өкiлдiктерiн) бөлу жөнiнде шаралар әзiрлейдi. 
      2. Тиiстi мемлекеттiк органдарға қаралуы мiндеттi мынадай: 
      1) жеткiлiктi бәсеке жоқ, сондай-ақ басым дамытуды талап ететiн салаларда баға саясатын жетiлдiру туралы, соның iшiнде монополиялық қымбат бағаларды болғызбау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен тауарларға (жұмыстарға, қызметтер көрсетуге) тiркелген мемлекеттiк бағалар (тарифтер) белгiлеу туралы; 
      2) инвесторлар тарту және бiрлескен кәсiпорындар ашу туралы, мiндеттi лицензиялауды енгiзу, рынок субъектiлерi монополияға қарсы заңдарды бұзған жағдайда, олардың экспорт-импорт операцияларына тыйым салу не мұндай операцияларды тоқтата тұру туралы ұсыныстарды қоса алғанда, экспорт-импорт операцияларын лицензиялау тәртiбiн өзгерту және кеден баждарын жетiлдiру туралы ұсыныстар енгiзедi. 

       9-бап. Монополияға қарсы органның өкiлеттiгi

      Монополияға қарсы орган өз өкiлеттiгi шегiнде осы Заңға сәйкес: 
      1) мемлекеттiк органдар мен рынок субъектiлерi орындауға мiндеттi монополияға қарсы заңдар мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеп, бекiтуге; 
      2) рынок субъектiлерiнде үстем (монополиялық) жағдайдың бар-жоғын анықтауға; 
      3) егер тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын рынок субъектiлерiнiң пайда болуына жеткiзетiн болса, сондай-ақ тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн қайта ұйымдастыруға, таратуға әкеп соғатын болса, рынок субъектiлерiн құруға қорытынды беруге; 
      4) монополияға қарсы заңдарды мемлекеттiк органдардың, рынок субъектiлерiнiң сақтау мәселелерi бойынша тексеру жүргiзуге; 
      5) мемлекеттiк органдарға, олардың лауазымды адамдарына, тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын не тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiне, олардың басшыларына орындау үшiн мiндеттi нұсқамалар беруге; 
      6) бәсекенi дамытуға, монополияға қарсы органның нұсқамаларын орындауға кедергi келтiретiн және осы Заңда және басқа да заң актiлерiнде көзделген өзге де тәртiп бұзушылықтар үшiн рынок субъектiлерi мен олардың басшыларына, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарына айыппұл салу туралы шешiмдер қабылдауға; 
      7) монополияға қарсы заңдарды, тұтынушылардың мүдделерiн қорғау жөнiндегi заңдарды бұзушылықты жою мақсатында талаппен сотқа жүгiнуге; 
      8) тиiстi құқық қорғау органдарына жүгiнiп, оларға монополияға қарсы заңдарды бұзушылыққа байланысты қылмыс белгiлерi бойынша қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн материалдар жiберуге; 
      9) монополияға қарсы заңдар мәселелерi бойынша түсiндiрме беруге; 
      10) мемлекеттiк органдарға монополияға қарсы заңдарды бұзатын олар қабылдаған актiлердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы ұсыныстар енгiзуге; 
      11) заңдарға қайшы келетiн материалдар мен нормативтiк құқықтық актiлердi прокуратура органдарына жiберуге; 
      12) монополияға қарсы органның отырыстарында мемлекеттiк органдардың, тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын не тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң лауазымды адамдарын монополияға қарсы органның құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша тыңдауға; 
      13) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқылы. 

       10-бап. Монополияға қарсы органның ақпаратқа қол
              жеткiзу құқығы

      1. Монополияға қарсы орган қызметкерлерiнiң өздерiнiң құзыретi шегiнде және өздерiне жүктелген жұмыстарды орындау мақсатында мемлекеттiк органдарға және рыноктың басқа да субъектiлерiне кiруге құқығы бар. 
      2. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарынан, рынок субъектiлерi мен олардың басшыларынан, жеке тұлғалардан қажеттi ақпараттарды, құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн, монополияға қарсы заңдарды бұзушылыққа жол берiлгендiгi жөнiнде жазбаша (ауызша) түсiнiктеме алуға құқылы. 
      3. Тиiстi тауар рыногындағы үлесi отыз бес проценттен асатын не тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi, олардың басшылары, мемлекеттiк органдар, олардың лауазымды адамдары монополияға қарсы органның талап етуi бойынша монополияға қарсы орган өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажет сенiмдi құжаттар, жазбаша және ауызша түсiндiрмелер және өзге де ақпарат табыс етуге мiндеттi. 
      4. Осы Заңмен белгiленген құқықтарды iске асыру барысында алынған коммерциялық құпиясы бар мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс. 
      Монополияға қарсы органның қызметкерлерi коммерциялық құпиясы бар мәлiметтердi жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жауапты болады. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз.   (126-бап);  K970167_  (200-бап);  К010155_  (158, 383-баптар). 

       11-бап. Монополияға қарсы орган жанындағы
              сарапшылар кеңестерi

      1. Монополияға қарсы органның жанынан ғалымдар мен мамандардан, мемлекеттiк органдардың және рынок субъектiлерiнiң өкілдерiнен жасақталатын сарапшылар кеңестерi құрылып, жұмыс iстейдi. 
      2. Сарапшылар кеңестерi өз қызметiн белгiленген тәртiппен бекiтiлген Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 

  2-тарау. МОНОПОЛИСТIК ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ БӘСЕКЕНI ҚОРҒАУ

       12-бап. Мемлекеттiк органдардың бәсекенi қорғау
              жөнiндегi мiндеттерi

      Мемлекеттiк органдар: 
      1) тауар рыноктарын және бәсекенi дамытуға жәрдемдесуге; 
      2) жекелеген тауар өндiрушiлер монополиялық жағдайға ие болып отырған салаларда бәсекелестiк қызметтi дамытатын рынок субъектiлерiн нысаналы инвестициялауды жүзеге асыруға; 
      3) монополияландырылған салаларда қосарлас өндiрiстер қызметiн ынталандыруға; 
      4) тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие, өздерiнiң қарауындағы рынок субъектiлерiн қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруға; 
      5) тауар рыногында бәсекенi арттыру мақсатында жаңа кәсiпорындар ашуға жәрдемдесуге мiндеттi. 

       13-бап. Мемлекеттiк органдардың бәсекенi шектеуге
              бағытталған актiлерi мен iс-әрекеттерi

      1. Шаруашылық дербестiктi шектейтiн, рыноктың жекелеген субъектілерiн кемсiтетiн немесе, керiсiнше, олардың қызметiне қолайлы жағдай туғызатын актiлер және (немесе) осындай iс-әрекеттер нәтижесiнде бәсекенi шектейтiн не шектеуi мүмкiн болса, мемлекеттiк органдардың мұндай актiлер қабылдауына немесе осындай iс-әрекеттер жасауына тыйым салынады. Оның iшiнде: 
      1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, қызметтiң қандай да бiр саласында рыноктың жаңа субъектiлерiн құруға шектеулер енгiзуге және (немесе) негiзсiз кедергi жасауға, сондай-ақ қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға немесе тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) белгiлi бiр түрлерiн өндiруге тыйым салуға; 
      2) рынок субъектiлерiнiң қандай да бiр салада қызметiн жүзеге асыруына негiзсiз кедергi келтiруге; 
      3) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) республиканың бiр облысынан екiншiсiне сатуға (сатып алуға, айырбастауға, иеленуге) тыйым салуға немесе рынок субъектiлерiнiң тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) сату (сатып алу, айырбастау, иелену) құқықтарын өзге де түрде шектеуге; 
      4) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, рынок субъектiлерiне сатып алушылардың (тапсырыс берушілердiң) белгiлi бiр топтарына бiрiншi кезекте тауарлар жеткiзiп беру (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) туралы немесе басымдықпен шарттар жасасу туралы нұсқаулар беруге; 
      5) егер рынок субъектiлерiнiң бiрiгуi тауар рыногында олардың үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына әкеп соғатын болса, олардың бiрлестiктер құруына; 
      6) тауар рыногын аумақтық принцип бойынша, сату немесе сатып алу көлемi бойынша, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) түр-түрi бойынша не сатушылардың немесе сатып алушылардың тобы бойынша бөлудi жүзеге асыруға; 
      7) жүзеге асырылуы нәтижесiнде жоғарыда аталған, осы баптың 1)-6) тармақшаларында көзделген тәртiп бұзушылықтарды туғызатын немесе туғызуы мүмкiн өкiлеттiктердi рынок субъектiлерiне беруге (оның iшiнде уақытша беруге); 
      8) рыноктың жеке бiр субъектiсiн немесе рыноктың бiрнеше субъектiсiн рыноктың басқа субъектiлерiне қарағанда артықшылықты жағдайға қоятын жеңiлдiктердi және (немесе) айрықша құқықтарды негiзсiз беруге тыйым салынады. 
      2. Мемлекеттiк органдардың рынок субъектiлерiн құру қайта ұйымдастыру және тарату мәселелерi жөнiндегi шешiмдерi монополияға қарсы заңдарда көзделген жағдайларда монополияға қарсы органмен келiсiлуге тиiс. 

       14-бап. Рынок субъектiлерiнiң бәсекенi шектейтiн
              келiсiмдерi (келiсiлген iс-әрекеттерi)

      1. Белгiлi бiр тауар рыногындағы жиынтық үлесi 35 проценттен асатын (асуы мүмкiн) рыноктың бәсекелес субъектiлерiнiң (әлеуеттi бәсекелестердiң) кез келген нысанда қол жеткiзген келiсiмдерi (келiсiлген iс-әрекеттерi) нәтижесiнде бәсекенi шектейтiн не шектей алатын болса, мұндай келiсiмдер (келiсiлген iс-әрекеттер) оның iшiнде: 
      1) тауар рыногында қолдан тапшылық жасау немесе оны ұстап тұру не бағаларды қымбаттату мақсатында, оның iшiнде сөз байласу жолымен, өндiрiстi шектеуге, тауарларды айналыстан алып тастауға; 
      2) тұтынушылардың сұранысы немесе тапсырыстары бар тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өндiру немесе жеткiзiп беру мүмкiн болған жағдайда, оларды өндiру көлемiн негiзсiз қысқартуға немесе өндiрудi тоқтатуға; 
      3) тауар рыногын аумақтық принцип бойынша, сату немесе сатып алу көлемi бойынша, өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) түр-түрi бойынша не сатушылар немесе оларды сатып алушылар (тапсырыс берушiлер) тобы бойынша бөлуге; 
      4) тауар рыногына кiрудi (рыноктан шығуды) шектеуге немесе одан белгiлi бiр тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) сатушылары немесе олардың сатып алушылары (тапсырыс берушiлерi) ретiндегi рыноктың басқа субъектiлерiн ығыстыруға; 
      5) белгiлi бiр сатушылармен немесе сатып алушылармен шарттар жасасудан бас тартуға; 
      6) тауар рыногында бiрыңғай бағаларды (тарифтердi), шегерiмдердi, үстемелердi (қосымша ақыны), үстеме бағаны, оның iшiнде сөз байласу жолымен, белгiлеуге (оларды ұстап тұруға); 
      7) аукциондардағы және сауда-саттықтардағы бағаларды қымбаттатуға, арзандатуға немесе ұстап тұруға бағытталған келiсiмдерге (келiсiлген iс-әрекеттерге) тыйым салынады және олар заңдарда белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады. 
      2. Бiреуi үстем (монополиялық) жағдайға ие, ал екiншiсi оның өнiм берушiсi немесе сатып алушысы (тапсырыс берушiсi) болып табылатын рыноктың бәсекелес емес субъектiлерiнiң кез келген нысанда қол жеткiзген келiсiмдерi (келiсiлген iс-әрекеттерi) нәтижесiнде бәсекенi шектейтiн не шектеуi мүмкiн болса және (немесе) жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiне қысым жасайтын не қысым жасауы мүмкiн болса, оларға тыйым салынады және заңдарда белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады. 
      3. Осы бапта аталған талаптарды бұзушылық монополияға қарсы органның талабы бойынша рынок субъектiлерiне сот тәртiбiмен таратуға дейiнгi шараларды қолдану үшiн негiздеме болып табылады. 

       15-бап. Мемлекеттiк органдардың бәсекенi шектейтiн
              келiсiмдерi (келiсiлген iс-әрекеттерi)

      Мемлекеттiк органның басқа мемлекеттiк органмен не рынок субъектiсiмен кез келген нысанда қол жеткiзген, нәтижесiнде бәсекенi шектейтiн не шектеуi мүмкiн келiсiмдерiне (келiсiлген iс-әрекеттерiне), оның iшiнде: 
      1) бағаларды (тарифтердi) қымбаттатуға, арзандатуға немесе ұстап тұруға; 
      2) тауар рыногын аумақтық принцип бойынша, сату немесе сатып алу көлемi бойынша, өткiзiлетiн тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) түр-түрi бойынша не сатушылар немесе сатып алушылар тобы бойынша бөлуге; 
      3) рыноктың жеке бiр субъектiсiне айрықша құқықтар беруге; 
      4) тауар рыногына кiрудi (рыноктан шығуды) шектеуге немесе одан рынок субъектiлерiн ығыстырып шығаруға бағытталған келiсiмдерiне (келiсiлген iс-әрекеттерiне) тыйым салынады және олар белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады. 

       16-бап. Рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық)
              жағдайы

      1. Рынок субъектiсiнiң тауар рыногындағы бәсекеге терiс ықпал ететiн, тауар рыногына рыноктың басқа субъектiлерiнiң кiруiн қиындататын немесе олардың экономикалық қызмет бостандығын өзгедей түрде шектейтiн айрықша жағдайы үстем (монополиялық) жағдай деп танылады. 
      Тиiстi тауар рыногындағы үлесi монополияға қарсы орган жыл сайын белгiлейтiн шектi шамадан асатын рынок субъектiсiнiң жағдайы үстем (монополиялық) жағдай деп танылады. 
      Бұл орайда тиiстi тауар рыногындағы үлесi 35 проценттен аспайтын субъектiнiң жағдайын үстем (монополиялық) жағдай деп тануға болмайды. 
      Тиiстi тауар рыногындағы үлесi монополияға қарсы орган жыл сайын белгiлейтiн шектi шамадан аз болатын рынок субъектiсiнің жағдайы да, егер монополияға қарсы орган мұны: 
      тиiстi тауар рыногында рынок субъектiсi үлесiнiң тұрақтылығы; 
      рыноктағы бәсекелестерге тиесiлi үлестердiң салыстырмалы мөлшерi; 
      осы рынокқа рыноктың жаңа субъектiлерiнiң (бәсекелестердің) кiру мүмкiндiгi негiзiнде белгiлесе, үстем (монополиялық) жағдай деп танылады. 
      Тиiстi тауар рыногының шекараларын анықтау және рынок субъектiсiн үстем (монополиялық) жағдайға ие деп тану тәртiбiн монополияға қарсы саясат саласындағы орталық уәкiлеттi орган айқындайды. 
      Егер халықаралық шартта немесе келiсiм-шартта рынок субъектiне үстем (монополиялық) жағдай берiлсе, бұл шарт немесе келiсiм-шарт монополияға қарсы органмен келiсiлуге тиiс. 
      Егер рыноктың бiрнеше субъектiсiнiң кез келгенiне қатысты мынадай жағдайлар бар болса: 
      белгiлi бiр тауар рыногында рыноктың ең көбi екi субъектiсiнiң жиынтық үлесi 50 процент және одан да асатын болса; 
      белгiлi бiр тауар рыногында рыноктың көп дегенде үш субъектiсiнiң жиынтық үлесi 70 процент және одан да асатын болса, олардың кез келгенiнiң жағдайы да үстем (монополиялық) жағдай деп танылады. 
      2. Монополияға қарсы орган рынок субъектiлерiнiң қызметiн бақылау және реттеу үшiн монополияға қарсы саясат саласындағы орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен республиканың, облыстың, Астана және Алматы қалаларының, қаланың Тауар рыноктарында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмдерiн (бұдан әрi - Тiзiлiм) жасап, жүргiзiп отырады. 
      3. Тiзiлiмге енгiзiлген рынок субъектiлерi монополияға қарсы органға мынадай ақпарат беруге мiндеттi: 
      1) қаржы-шаруашылық қызметiнiң нәтижелерi туралы есеп; 
      2) кәсiпорын акцияларын (үлестерiн, пайларын) сату және (немесе) басқаруға беру туралы мәлiметтер; 
      3) өнiмнiң монополиялық түрлерi жөнiндегi ақпарат: өндiрiс көлемi, босату бағалары және өндiрiстiң табыстылығы. 
      Тiзiлiмге енгiзiлген рынок субъектiлерi монополияға қарсы органды монополиялық тауар (жұмыс, қызмет көрсету) бағасын алдағы уақытта қымбаттату туралы және оларды қымбаттатудың себептерi туралы хабардар етуге мiндеттi. 
      4. Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсiнiң нәтижесiнде бәсекенi шектейтiн не шектеуi мүмкiн, өзiнiң үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдаланатын не пайдалануы мүмкiн iс-әрекеттерiне, оған қоса: 
      1) монополиялық қымбат (арзан) баға белгiлеу; 
      2) контрагентке шарт нысанасына жатпайтын талаптарды таңу, контрагенттi рыноктың басқа субъектiлерiмен салыстырғанда тең емес жағдайға душар ететiн кемсiтушi талаптарды шартқа енгiзу, шартқа осы талаптар енгiзiлген жағдайда ғана шарт жасасуға келiсу; 
      3) тауар рыногында тапшылық жасау немесе оны ұстап тұру не бағаны қымбаттату (арзандату) мақсатында тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) айналыстан алып тастау;
      4) рыноктың басқа субъектiлерiнiң тауар рыногына кiруiне кедергi келтiру;
      5) нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген баға белгiлеу тәртiбiн бұзу;
      6) тұтынушылардың сұранысына немесе тапсырыстарына ие болып отырған тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетудi) өндiруге немесе жеткiзiп беруге мүмкiндiгi бола тұрып, оларды өндiру көлемiн негiзсiз қысқарту немесе олардың өндiрiлуiн тоқтату сияқты iс-әрекеттерiне тыйым салынады және олар жарамсыз деп танылады.

       2-1-тарау. Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және
монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасының
сақталуы нысанасына тексеру жүргiзу

       Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N  125  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңымен.

       16-1-бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және
                монополиялық қызметтi шектеу туралы
                заңнамасының сақталуын тексерулердiң түрлерi
                мен нысанасы

      1. Монополияға қарсы орган жүргiзетiн тексерулердiң нысанасы нарық субъектiлерiнiң, мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - тексерiлетiн субъектiлер) Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын сақтауы болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасының сақталуы нысанасына монополияға қарсы орган жүзеге асыратын тексеру жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкiн.

       16-2-бап. Жоспарлы тексеру

      1. Жоспарлы тексеру тексерiлетiн субъектiлердiң Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын сақтауына байланысты мәселелердiң бүкiл кешенiн қамтиды.
      2. Жоспарлы тексеру жылына бiр реттен жиi болмайтындай етiп жүргiзiледi.
      3. Жоспарлы тексеру тексерiлетiн субъектiнiң орналасқан жерi бойынша немесе оның құрылымдық бөлiмшесiнiң орналасқан жерi бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
      4. Монополияға қарсы органның басшысы жыл сайын бекiтетiн жұмыс жоспары жоспарлы тексеру жүргiзуге негiз болып табылады. Жоспарда өздерiне қатысты тексеру жүргiзiлу көзделiп отырған тексерiлетiн субъектiлердiң тiзбесi және тексеру жүргiзiлетiн кезең қамтылуға тиiс.

       16-3-бап. Жоспардан тыс тексеру

      1. Монополияға қарсы органның жоспарында көзделмеген және Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметті шектеу туралы заңнамасын бұзушылық туралы монополияға қарсы органға келiп түскен не дербес анықталған ақпаратты тексеру немесе анықтау үшiн жүргiзiлетiн тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
      2. Жоспардан тыс тексеру жүргiзуге:
      1) жеке және заңды тұлғалардың монополиялық қызметiнiң нәтижесiнде өз құқықтарының бұзылғаны туралы өтiнiштерi;
      2) Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын бұзушылық туралы басқа мемлекеттiк органдардан келiп түскен материалдар;
      3) монополияға қарсы органның тауар нарықтарын талдау, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары және өзге де мәлiметтер негiзiндегi жеке бастамасы;
      4) Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын бұзушылық мәселелерi бойынша монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуiнiң нәтижесi негiз болады.

       16-4-бап. Тексерудi ұйымдастырудың және жүргiзудiң
                ерекшелiктерi

      1. Тексеру жүргiзу үшiн монополияға қарсы орган монополияға қарсы органның басшысы қол қойған, мөрмен куәландырылған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда тiркелген қатаң есептiлiк бланкiсiндегi нұсқаманы қабылдап, тексерудi тағайындау туралы бұйрық шығарады және тексеру жүргiзу бағдарламасын бекiтедi.
      2. Тексеру жүргізу туралы нұсқама екi данада жасалып, олар тiркеу үшiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органға берiледi. Тiркеу туралы белгiсi бар бiр данасы iстiң материалдарына қоса тiркеледi.
      3. Нұсқаманың құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда тiркелгенi туралы белгiсi бар көшiрмесi, сондай-ақ тексеру бағдарламасы тексеру жүргiзiлетiн күнi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына берiледi.
      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда тiркелгенi туралы белгiсi жоқ тексерiлетiн субъектiге берiлген тексеру жүргiзу туралы нұсқаманың көшiрмесi жарамсыз болып табылады.
      Тексерудi тағайындау туралы нұсқамада көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады.

       16-5-бап. Тексеру жүргiзудiң бағдарламасы мен 
                мерзiмдерi

      1. Тексеру бағдарламасында:
      1) тексеру жүргiзудiң мерзiмi;
      2) тексеру жүргiзудiң негiзгi мiндеттерi мен мақсаттары, оларды iске асыру рәсiмi;
      3) тексеру барысында анықталуға тиiс мәселелер тiзбесi мен мән-жайлар ауқымы;
      4) тексеру жүргiзудiң кестесi;
      5) тексерiлетiн субъектi қызметiнiң ерекшелiгiне сәйкес өзге де ақпарат қамтылуға тиiс.
      2. Тексеру жүргiзудiң мерзiмi алдағы жұмыстардың көлемi мен алға қойылған мiндеттер ескерiлiп белгiленедi және тексеру жүргiзу туралы нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттiк органда тiркелген кезден бастап күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
      3. Тексерiлетiн субъектi қызметiнiң ерекшелiгіне және жұмыс көлемiнiң ауқымдылығына байланысты тексерудiң заңда белгiленген мерзiмде аяқталуы мүмкiн болмаған жағдайларда монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы монополияға қарсы органның басшысына атқарылған жұмыстың нәтижелерi және тексеру жүргiзудiң мерзiмiн ұзарту қажеттiгi туралы негiздемелер жазылған қызметтiк жазбаны табыс етедi.
      4. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргiзудiң мерзiмiн ұзарту туралы бұйрық шығаруға құқылы. Монополияға қарсы органның басшысы тексеру жүргiзу туралы нұсқамаға және тексеру бағдарламасына тексеру мерзiмiн ұзарту туралы белгiнi енгізедi.
      Тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзарту күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
      5. Тексеру жүргiзу мерзiмiн ұзарту туралы бұйрықтың көшiрмесi тiркелген күнi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына берiледi.
      6. Тексерiлетiн субъектiге тексеру нәтижелерi туралы анықтама тапсырылған күн тексеру мерзiмiнiң аяқталуы болып есептеледi, бiрақ ол тексеру жүргiзу туралы нұсқамада көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмеуге тиiс.

       16-6-бап. Монополияға қарсы органның тексеру жүргiзу
                кезiндегi құқықтары

      1. Монополияға қарсы органның лауазымды адамының тексеру жүргiзген кезде:
      1) тексерiлетiн субъектiнiң аумағына және үй-жайына кедергiсiз кiруге;
      2) тексеру нысанасына сәйкес тексерiлетiн субъектiнiң автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйесiне) қол жеткiзуге;
      3) тексерiлетiн субъектiнiң басшыларынан, лауазымды адамдарынан және басқа да қызметкерлерiнен тексеруге қатысты қажеттi ақпаратты, құжаттар мен олардың көшiрмелерiн, тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түрде түсiнiктемелердi сұратуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын бұзушылықтарға куә адамдар болған жағдайда олардан ауызша және жазбаша түрде түсiндiрмелер алуға құқылы.
      2. Тексерiлетiн субъектiнiң басшысы және лауазымды адамдары тексеру жүргiзуге жауапты монополияға қарсы органның лауазымды адамының ауызша сауалы бойынша ақпаратты, құжаттарды немесе олардың көшiрмелерiн беруден бас тартқан жағдайда оған тиiсiнше жазбаша сауал табыс етiледi. Жазбаша сауалды тексерiлетiн субъектiнiң басшысына табыс ету мүмкiн болмаған жағдайда ол тексерiлетiн субъектi басшысының атына жеткiзiлгенi туралы хабар берiлетiн тапсырыс хатпен пошта байланысы арқылы жiберiледi.
      3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ақпаратты басқа мемлекеттiк органға беру жағдайларын қоспағанда, тексеру барысында монополияға қарсы орган алған тексерiлетiн субъектi туралы ақпарат таратуға жатпайды.
      4. Тексерудi жүзеге асыратын монополияға қарсы органның лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.

       16-7-бап. Тексеру нәтижелерi

      1. Тексеру жүргiзу кезiнде Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда монополияға қарсы органның лауазымды адамы тексеру аяқталғанға дейiн тексерiлетiн субъектiге қатысты осы Заңға және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес монополияға қарсы ден қоюдың қажеттi шараларын қолдануға құқылы.
      2. Тексеру нәтижелерi анықтамамен ресiмделедi, онда барлық тексерiлетiн мәселелер бойынша талдау, қорытындылар мен ұсыныстар қамтылуға тиiс және ол екi данада жасалып, бiреуi тексерiлетiн субъектiнiң басшысына берiледi.
      3. Тексеру нәтижелерi тексерiлген деректер мен фактiлердiң негiзiнде анықтамаға жазылады, олар тиiстi құжаттармен расталады. Құжаттармен расталмаған қорытындылардың, ұсыныстардың және деректердiң анықтамаға енгiзiлуiне жол берiлмейдi.
      4. Қазақстан Республикасының бәсекелестiк және монополиялық қызметтi шектеу туралы заңнамасын бұзушылық болмаған жағдайда тексеру нәтижелерi бойынша анықтамаға тиiстi жазба жасалады.
      5. Тексеру нәтижелерi бойынша ескертпелер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда тексерiлетiн субъектiнiң басшысы оларды жазбаша түрде жазып көрсетедi.
      Ескертпелер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы анықтамаға қоса берiледi, ол туралы тиiстi белгi жасалады.
      6. Тексерiлетiн субъектiнiң басшысы тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы анықтамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы анықтамаға тиiстi жазба енгiзедi.
      7. Монополияға қарсы органның тексеру жүргiзуге жауапты лауазымды адамы анықтаманың екiншi данасын тексеру жүргiзу аяқталғаннан кейiн тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсырады.
      Анықтаманы тексерiлетiн субъектiнiң басшысына тапсыру мүмкiн болмаған жағдайда анықтама тексерiлетiн субъектi басшысының атына жеткiзiлгенi туралы хабар берiлетiн тапсырыс хатпен пошта байланысы арқылы жiберiледi.

       16-8-бап. Тексерудi жүзеге асыратын монополияға қарсы
                органның лауазымды адамдарының әрекеттерiне
                (әрекетсiздiктерiне) шағым жасаудың тәртiбi

      1. Тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда тексерiлетiн субъект монополияға қарсы органның әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға құқылы.
      2. Монополияға қарсы органның лауазымды адамдарының тексеру жүргiзу кезiндегi заңсыз әрекеттерi (әрекетсiздiктерi) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

  3-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН ТYРЛЕРI

       17-бап. Рынок субъектiлерi мен олардың бiрлестiктерiн
              құруды, қайта ұйымдастыруды, таратуды
              мемлекеттiк бақылау

      1. Рынок субъектiлерi үстем (монополиялық) жағдайын қиянат жасап пайдалану мүмкiндiгiн болғызбау мақсатында монополияға қарсы орган: 
      тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын рынок субъектiлерiн құруға; 
      тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн қайта ұйымдастыруға; 
      заңды күшiне енгiзiлген сот шешiмi бойынша тарату жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн таратуға мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда мемлекеттiк органдар мен заңды тұлғалар рынок субъектiлерiн қайта ұйымдастыру, тарату кезiнде монополияға қарсы органға, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркеушi органға табыс ететiн құжаттарға қоса, тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын рынок субъектiлерiн құруға, тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерiн қайта ұйымдастыруға, таратуға келiсiм беру туралы өтiнiш, тиiстi тауар рыноктарындағы қызметтiң негiзгi түрлерi мен өндiретiн және өткiзетiн тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) көлемi туралы мәлiметтер енгiзедi. 
      Құжаттар тiзбесiн, оларды табыс ету мен қарау тәртiбiн монополияға қарсы саясат саласындағы орталық атқарушы орган айқындайды. 
      Монополияға қарсы орган қажет құжаттарды алған күннен бастап кейiн 30 күннен кешiктiрмей, өтiнiш иесiне қабылданған шешiм туралы жазбаша нысанда хабарлайды. 
      3. Егер өтiнiштi қанағаттандыру рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына немесе күшеюiне және (немесе) бәсекенi шектеуге әкеп соғуы мүмкiн болса не табыс етiлген құжаттарды қарау кезiнде оның iшiндегi шешiм қабылдау үшiн маңызды ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтiнi байқалса, монополияға қарсы орган өтiнiштi қайтаруға құқылы. 
      Монополияға қарсы орган бәсекенi қамтамасыз етуге бағытталған талаптар орындалған жағдайда өтiнiштi қанағаттандыруға құқылы. Бұл орайда көрсетiлген талаптар, сондай-ақ олардың орындалу мерзiмдерi монополияға қарсы органның осы баптың 1-тармағында көзделген iс-әрекеттердi жүзеге асыруға келiсiм беру туралы шешiмiнде болуға тиiс. 
      4. Рынок субъектiсi басқа рынок субъектiсiнiң активтерiн толығымен немесе iшiнара иеленген жағдайда, егер бұл тиiстi тауар рыногында үлесi отыз бес проценттен асатын шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң пайда болуына әкеп соқтыруы мүмкiн болса, ол монополияға қарсы органды хабардар етуге тиiс. 
      5. Егер монополияға қарсы орган ақпаратты алдын ала зерделегеннен кейiн, өзiн хабардар еткендей, рынок субъектiсiн құру, бiрiктiру, қосу бәсекенi шектеуге әкеп соғуы мүмкiн деген қорытындыға келсе, ол рынок субъектiсiн құрудың, бiрiктiрудiң, қосудың монополияға қарсы заңдардың талаптарына сәйкестiгiн қосымша тексеру туралы шешiм қабылдайды. 
      Аталған шешiм монополияға қарсы орган хабардар ету туралы мәлiмдеменi алған күннен бастап 15 күн мерзiмде мәлiмдеушiге жiберiледi. 
      Монополияға қарсы орган түпкiлiктi шешімді осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiмде қабылдайды, мәлiмдеушiге ол туралы жазбаша нысанда хабарланады. 
      6. Рынок субъектiсiн құру, бiрiктiру, қосу бәсекенi шектеуге апарып соқтыруы мүмкiн жағдайларда құру, бiрiктiру, қосу туралы шешiм қабылдаған рынок субъектiлерiнiң құрылтайшылары, тұлғалар немесе мемлекеттiк органдар монополияға қарсы органның талап етуiмен бәсекеге қажет жағдайларды қалпына келтiру жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi. 
      7. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларда құру, бiрiктiру, қосу туралы шешiм қабылдайтын тұлғалар немесе мемлекеттiк органдар мұндай шешiмдер қабылданғанға дейiн осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен тиiстi өтiнiштердi қарауға мiндеттi монополияға қарсы органның келiсiмiн сұрауға құқылы. 
      8. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда рынок субъектiлерiн мемлекеттiк тiркеудi, сондай-ақ заңды тұлғаларды бiрыңғай мемлекеттiк тiркелiмнен шығару туралы жазба енгiзудi тiркеушi орган монополияға қарсы органның алдын ала келiсiм беруi арқылы ғана жүзеге асырады. 
      Монополияға қарсы органның алдын ала келiсiмiнсiз құрылған немесе қайта ұйымдастырылған рынок субъектiлерi мен олардың бiрлестiктерiн мемлекеттiк тiркеу монополияға қарсы органның талабы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкін. 
      9. Рынок субъектiлерiн осы баптың 4-тармағында белгiленген тәртiптi бұза отырып, рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына немесе күшеюiне және (немесе) бәсекенi шектеуге апарып соқтыратындай етiп құру, бiрiктiру, қосу, монополияға қарсы органның осы баптың 6-тармағына сәйкес қойған талаптарын орындамау монополияға қарсы органның талабы бойынша мемлекеттiк тiркеудi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тану үшiн негiз болып табылады. 

       18-бап. Рынок субъектiлерiнiң жарғылық капиталындағы
              акцияларды (үлестердi, пайларды) иелену кезiнде
              және өзге де жағдайларда монополияға қарсы
              заңдардың сақталуын мемлекеттiк бақылау

      1. Монополияға қарсы органның алдын ала келiсiм беруiмен жеке немесе заңды тұлғаның өтiнiшi негiзiнде мыналар жүзеге асырылады: 
      1) тиiстi тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсiнiң жарғылық капиталындағы дауыс беру құқығы бар акцияларды (үлестердi, пайларды) тұлғаның (тұлғалар тобының) иеленуi, бұл жағдайда мұндай тұлға (тұлғалар тобы) аталған акциялардың (үлестердiң, пайлардың) 20 проценттен астамына билiк етуге құқық алады. Бұл талап рынок субъектiсiнiң құрылуы кезiнде оның құрылтайшыларына қолданылмайды; 
      2) егер мәмiле нысанасын құрайтын мүлiктiң баланстық құны мүлiктi иелiгiнен шығарып отырған рынок субъектiсiнiң негiзгi өндiрiстiк құрал-жабдықтары мен материалдық емес активтерiнiң баланстық құнының 10 процентiнен асса, рыноктың бiр субъектiсiнiң (тұлғалар тобының) рыноктың басқа субъектiсiнен негiзгi өндiрiстiк құрал-жабдықтары немесе материалдық емес активтердi меншiкке алуы немесе пайдалануы; 
      3) тұлғаның (тұлғалар тобының) рынок субъектiсiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүргiзу жағдайларын айқындауға не оның атқарушы органының қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн құқықтарды иеленуi. 
      2. Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар активтерiнiң жиынтық баланстық құны айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiнен 100 000 есе асатын немесе олардың бiреуi Тiзiлiмге енгiзiлген рынок субъектiсi болып табылатын не осы тармақта аталған рынок субъектiлерiнiң қызметiн бақылайтын тұлғалар тобы иеленушi болып табылатын жағдайларда, осы баптың 1-тармағында аталған мәмiлелердi жүзеге асыруға алдын ала келiсiм беру талап етiледi. 
      3. Жеке немесе заңды тұлғалар осы баптың 1-тармағында аталған мәмiлелердi жасау үшiн монополияға қарсы органға оларды жасауға келiсiм беру туралы өтiнiш табыс етуге және монополияға қарсы орган бекiтетiн ақпараттар тiзбесiне сәйкес шешiм шығару үшiн қажеттi ақпаратты хабарлауға мiндеттi. 
      Осы бапта көзделген мәмiлелердi жасауға мемлекеттiк бақылауды осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген тәртiппен монополияға қарсы орган жүзеге асырады. 
      4. Егер өтiнiштi қанағаттандыру рынок субъектiсiнiң (тұлғалар тобының) үстем (монополиялық) жағдайын күшейтуге және (немесе) бәсекенi шектеуге апарып соқтыруы мүмкiн болса, сондай-ақ шешiм қабылдау үшiн маңызы бар ақпарат бұрмаланып табыс етiлген жағдайда, монополияға қарсы орган оны қайтаруға құқылы. Бәсекенi қамтамасыз етуге бағытталған талаптар орындалған жағдайда, монополияға қарсы орган өтiнiштi қанағаттандыруға құқылы. Бұл орайда аталған талаптар, сондай-ақ оларды орындау мерзiмдерi монополияға қарсы органның осы баптың 1-тармағында көзделген iс-әрекеттердi жүзеге асыруға келiсiм беру туралы шешiмiнде болуға тиiс. 
      5. Осы баптың бiрiншi тармағында аталған мәмiлелердi активтерiнiң жиынтық баланстық құны айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiнен 50 000 есе асатын тұлғалар жасаса, онда осы тұлғалар монополияға қарсы органды мәмiле жасалғаннан кейiн 15 күн мерзiмде хабардар етуге тиiс. 
      Активтерiнiң жиынтық баланстық құны айлық есептiк көрсеткiштiң мөлшерiнен 50 000 есе асатын екi немесе одан да көп рынок субъектiлерiнiң немесе белгiлi бiр тауар тобы бойынша Тiзiлiмге енгiзiлген не бiр өндiру-өткiзу процесiнiң әр түрлi сатыларындағы тауарлардың топтары бойынша Тiзiлiмге енгiзiлген рынок субъектiсiнiң атқарушы органына, директорлар кеңесiне (байқаушы кеңесiне) жеке тұлға қатысқан жағдайда осы тұлға аталған органдарға немесе кеңестерге кiргеннен (сайланғаннан) кейiнгi 15 күн мерзiмде монополияға қарсы органды хабардар етуi қажет. Монополияға қарсы органды хабардар еткен кезде мәлiмдеушi оған мәлiмдемемен бiрге осы баптың 3-тармағында көзделген ақпаратты табыс етедi. 
      6. Егер монополияға қарсы орган ақпаратты алдын ала зерделегеннен кейiн, оны хабардар еткендей, мәмiленi жасау рынок субъектiсiнiң (тұлғалар тобының) үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына немесе күшеюiне және (немесе) бәсекенi шектеуге апарып соқтыруы мүмкiн деген қорытындыға келсе, ол аталған мәмiленiң монополияға қарсы заңдардың талаптарына сәйкестiгiн қосымша тексеру туралы шешiм қабылдайды. Аталған шешiм монополияға қарсы орган хабардар ету туралы мәлiмдеменi алған күннен бастап 15 күн мерзiмде мәлiмдеушiге жiберiледi. 
      Монополияға қарсы орган түпкiлiктi шешiмдi осы заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген мерзiмдер iшiнде қабылдайды, мәлiмдеушiге ол туралы жазбаша нысанда хабарланады. 
      7. Осы баптың 5-тармағында көзделген iс-әрекеттер рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына немесе күшеюiне және (немесе) бәсекенi шектеуге апарып соқтыруы мүмкiн жағдайларда аталған iс-әрекеттi жүзеге асыратын тұлғалар монополияға қарсы органның талап етуiмен өздерiне белгiленген мерзiм iшiнде бәсекеге қажеттi жағдайларды қалпына келтiру жөнiндегi шаралар қабылдауға мiндеттi. 
      8. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда, тұлғалар аталған iс-әрекеттердi жасауға монополияға қарсы органның келiсiмiн алдын ала сұрауға құқылы, бұл орган тиiстi өтiнiштердi белгiленген тәртiппен қарауға мiндеттi. 
      9. Осы баппен белгiленген тәртiптi бұза отырып жасалған, рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық) жағдайының пайда болуына немесе күшеюiне және (немесе) бәсекенi шектеуге апарып соқтыратын мәмiлелер монополияға қарсы органның талабы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкiн. 
      Монополияға қарсы органның осы баптың 4 және 7-тармақтарына сәйкес шығарған нұсқамасы мен шешiмiн орындамау монополияға қарсы органның талабы бойынша мәмiленi жарамсыз деп тану үшiн сотқа жүгiнуге негiз болып табылады. 
      Осы баптың талаптарын монополияға қарсы органның мәмiлелер жасауға келiсiмiн (хабарламасын) алу бөлiгiнде бұзу заң актiлерiне сәйкес айыппұл санкцияларын салу үшiн негiз болып табылады. 

       19-бап. Белгiлi бiр тауар рыногында үстем
              (монополиялық) жағдайға ие рынок
              субъектiлерiн ерiксiз бөлу, бөлiп
              шығару

      1. Үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi күнтiзбелiк жыл iшiнде монополияға қарсы заңдарды бәсекенi шектеу бағытында екi немесе одан да көп рет бұзған жағдайда, егер бәсекенi дамытуға себi тиетiн болса, монополияға қарсы орган оларды ерiксiз бөлу немесе олардың құрамынан құрылымдық бөлiмшелер базасында бiр немесе бiрнеше заңды тұлғалар бөлiп шығару талабымен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      2. Рынок субъектiсiн ерiксiз бөлу, бөлiп шығару мынадай шарттардың жиынтығы: 
      1) оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң ұйымдық және аумақтық оқшаулану мүмкiндiгi; 
      2) оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң арасында тығыз технологиялық өзара байланыс жоқ (атап айтқанда, егер рынок субъектiсi тұтынып отырған оның құрылымдық бөлiмшесi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) көлемi осы құрылымдық бөлiмше өндiретiн тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудiң) жалпы көлемiнiң 30 процентiнен аспаса); 
      3) қайта ұйымдастыру нәтижесiнде бөлiп шығарылған заңды тұлғаның белгiлi бiр тауар рыногында өз бетiмен жұмыс iстеу мүмкiндiгi болған жағдайда жүргiзiлуi мүмкiн. 
      3. Рынок субъектiсiн ерiксiз бөлу, бөлiп шығару туралы шешiмдi меншiк иесi немесе ол уәкiлеттiк берген орган аталған шешiмде көзделген талаптарды ескере отырып және онда белгiленген алты айдан кем емес мерзiмде орындауға тиiс. 
      4. Рынокта монополист болып саналатын және онда үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiсiн бөлу, бөлiп шығару мүмкiн болмайтын немесе қисынды болмайтын жағдайда оған тiркелген бағалар белгiлеудi қоса алғанда, монополияға қарсы ықпал етудiң өзге де шаралары қолданылады. 
      5. Егер рынок субъектiсiнiң үстем (монополиялық) жағдайы тауар рыногында теңдесi жоқ тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруды ұйымдастыру нәтижесiнде пайда болса, ерiксiз бөлу, бөлiп шығару туралы шешiм осы үстем (монополиялық) жағдай пайда болған кезден бастап бiр жыл өткен соң ғана қабылдана алады. 

       20-бап. Бағаларды мемлекеттiк реттеудi енгiзу

      Тауар рыногында үстем (монополиялық) жағдайға ие рынок субъектiлерi тауарларының (жұмыстарының, қызметтер көрсетуiнiң) бағаларын мемлекеттiк реттеудi енгiзу туралы шешiмдi монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ережелерге сәйкес қабылдайды. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз.  P011212_  ). 

  4-тарау. МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ЗАҢДАРДЫ БҰЗУШЫЛЫҚ 
YШIН ЖАУАПТЫЛЫҚ

       21-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамаларын,
              шешiмдерiн орындаудың мiндеттiлiгi

      1. Монополияға қарсы заңдар бұзылған жағдайда рынок субъектiлерi (олардың басшылары), мемлекеттiк органдар (олардың лауазымды адамдары) монополияға қарсы органның нұсқамаларына, шешiмдерiне сәйкес тәртiп бұзушылықты тоқтатуға, оның iшiнде: 
      1) монополияға қарсы органның нұсқамасын, шешiмiн ол белгiлеген мерзiмде орындауға; 
      2) келтiрiлген шығынды өтеуге; 
      3) монополияға қарсы заңдарды бұзушылық нәтижесiнде алынған монополиялық табысты бюджетке аударуға; 
      4) осы Заңды бұзушылықты тоқтатуға және (немесе) олардың салдарын жоюға; 
      5) орын алған тәртiп бұзушылыққа дейiнгi жағдайды қалпына келтiруге немесе нұсқамада, шешiмде көрсетiлген өзге де iс-әрекеттердi жасауға;
      6) монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңдарға сәйкес келмейдi деп таныған актiлердiң күшiн жоюға;
      7) шартты бұзуға немесе оған өзгерiстер енгiзуге;
      8) рыноктың басқа субъектiсiмен шарт жасасуға;
      9) белгiленген талаптар мен мерзiмдердi сақтай отырып, бөлу немесе бөлiп шығару нысанында қайта ұйымдастыруды жүзеге асыруға;
      10) нұсқамада, шешiмде көзделген өзге де iс-әрекеттердi орындауға мiндеттi.
      2. Монополияға қарсы заңдар бұзылған жағдайда монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес әкiмшiлiк тәртiппен айыппұлдар салуға құқылы. (РҚАО-ның ескертуі:  қараңыз . (147, 565-баптар).

       22-бап. Монополияға қарсы заңдарды бұзушылық үшiн
              жауаптылық

      Монополияға қарсы заңдардың бұзылғанына кiнәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жауапты болады.

       23-бап. Рынок субъектiлерiнiң жауаптылығы

      1. Рынок субъектiлерi мынадай құқық бұзушылықтар:
      1) монополияға қарсы органның нұсқамасын, шешiмiн мерзiмiнде орындамағаны;
      2) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген тәртiптi бұза отырып iс-әрекеттер (әрекетсiздiк) жасағаны; 
      3) монополияға қарсы органның осы Заңның 17-бабының 3-тармағына және 18-бабының 4-тармағына сәйкес қоятын заңды талаптарын орындамағаны; 
      4) құжаттарды не осы Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес табыс етiлуге тиiс өзге ақпараттарды монополияға қарсы органның талап етуi бойынша мерзiмiнде табыс етпегенi; 
      5) монополияға қарсы органға күмәндi мәлiметтер бергенi; 
      6) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген өтiнiштер мен хабарламалар негiзiнде ақпарат берудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн айыппұл төлеу түрiнде жауапты болады. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген айыппұлды өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен монополияға қарсы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады. 

       24-бап. Рынок субъектiлерi басшыларының, мемлекеттiк
              органдар лауазымды адамдарының жауаптылығы

      1. Рынок субъектiлерiнiң басшылары, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалардың (олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) лауазымды адамдары мынадай құқық бұзушылықтар: 

      2) монополияға қарсы органның талап етуi бойынша құжаттарды не оның қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi өзге де ақпаратты мерзiмiнде табыс етпегенi; 
      3) монополияға қарсы орган қызметкерлерiнiң өздерiне жүктелген міндеттемелерін орындауына кедергі келтіргені үшін әкiмшiлiк жағынан жауапты болады. 
      2. Рынок субъектiлерiн монополияға қарсы органның келiсiмiнсiз тiркеген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк жағынан жауапты болады. 
      3. Жеке кәсiпкерлер мынадай құқық бұзушылықтар: 
      1) монополияға қарсы органның талап етуi бойынша құжаттарды не оның қызметiн жүзеге асыруға қажеттi өзге де ақпаратты мерзiмiнде табыс етпегенi;
      2) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген тәртiптi бұзатын iс-әрекеттер (әрекетсiздiк) жасағаны;
      3) монополияға қарсы органның осы Заңның 17-бабының 3-тармағына және 18-бабының 4-тармағына сәйкес қоятын заңды талаптарын орындамағаны үшiн әкiмшiлiк жағынан жауапты болады.
      4. Осы баптың 1, 3-тармақтарында көзделген айыппұлдарды өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен монополияға қарсы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

  5-тарау. МОНОПОЛИЯҒА ҚАРСЫ ОРГАННЫҢ НҰСҚАМАЛАРЫ
МЕН ШЕШIМДЕРIН ҚАБЫЛДАУ, ОЛАРҒА ШАҒЫМ ЖАСАУ
ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ОРЫНДАУ ТӘРТIБI

       25-бап. Монополияға қарсы органдардың монополияға
              қарсы заңдарды бұзушылық туралы iстердi
              қарауы үшiн негiздер

      1. Монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңдарды бұзушылық фактiлерiн қарап, олар бойынша өз құзыретiнiң шегiнде нұсқамалар мен шешiмдер қабылдайды.
      Монополияға қарсы заңдарды бұзушылық жөнiндегi фактiлердi тексеру үшiн мыналар негiз болып табылады:
      тауар рыноктарын талдау;
      жеке, заңды тұлғалар мен өзге де мүдделi тұлғалардың арыздары;
      мемлекеттiк органдардың ақпараты;
      құқық қорғау органдарының хабарламалары;
      қоғамдық ұйымдардың өтiнiштерi;
      бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлары;
      басқа да мемлекеттiк органдармен бiрлесiп жасалған тексерулер;
      монополияға қарсы органның өз бастамасы.
      2. Арыздар монополияға қарсы органға монополияға қарсы заңдарды бұзушылық фактiлерiн куәландыратын құжаттар қоса тiркелiп жазбаша нысанда берiледi.
      3. Монополияға қарсы заңдарды бұзушылық жөнiндегi iстердi қарауды монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырады. (РҚАО-ның ескертуі:  қараңыз . (2 тарау). 

       26-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамалары
              мен шешiмдерiн орындау тәртiбi

      1. Монополияға қарсы органның шешiмi мен нұсқамасы онда белгiленген мерзiмде орындалуға тиiс. Аталған шешiм мен нұсқаманы мерзімінде орындамау осы заңда және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген салдарға апарып соқтырады. 
      Тәртiп бұзушылыққа дейiнгi жағдайды қалпына келтiру туралы шешiм мен нұсқама орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган тәртiп бұзушылыққа дейiнгi жағдайды қалпына келтiруге мәжбүр ету туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      Монополияға қарсы заңдарға қайшы келетiн актiнiң күшiн толығымен немесе iшiнара жою туралы нұсқама мен шешiм орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган актiнi толығымен немесе ішінара жарамсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      Монополияға қарсы заңдарға қайшы келетiн шартты өзгерту немесе бұзу туралы не рыноктың басқа да субъектiсiмен шарт жасасу туралы нұсқама мен шешiм орындалмаған кезде, монополияға қарсы орган шартты толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп тану туралы не шарт жасауға мәжбүр ету туралы талаппен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      Монополияға қарсы заңдарды бұзушылық нәтижесiнде алынған табысты бюджетке аудару туралы нұсқама мен шешiм орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган сотқа монополияға қарсы заңдарды бұзушылық нәтижесiнде алынған табысты бюджетке өндiрiп алу туралы талап қоюға құқылы. 
      2. Айыппұлды белгiленген мерзiмде төлеуден жалтарған немесе айыппұл толық мөлшерде төленбеген жағдайда, монополияға қарсы орган айыппұл сомасын, сондай-ақ айыппұл сомасының немесе оның төленбеген бөлiгiнiң мерзiмi өткен әрбiр күнi үшiн 1 процент мөлшерiнде өсiм өндiрiп алу туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      Монополияға қарсы орган кiнәлі тұлғадан өндiрiп алған айыппұл сомалары республикалық бюджетке оның жеке қаражатынан төленедi. 
      Айыппұл төлеу монополияға қарсы органның нұсқамасы мен шешiмiн орындау немесе монополияға қарсы заңдарда көзделген өзге де iс-әрекеттердi жасау мiндетiнен босатпайды. 
      3. Нұсқама мен шешiм орындалмаған жағдайда, монополияға қарсы орган өз нұсқамасы мен шешімін ерiксiз орындату үшiн сотқа жүгiнуге құқылы. 

       27-бап. Монополияға қарсы органның нұсқамалары 
              мен шешiмдерiне шағым жасау тәртiбi

      1. Мемлекеттiк органдар (олардың лауазымды адамдары), рынок субъектiлерi (олардың басшылары) монополияға қарсы органның нұсқамалары мен шешiмдерiн толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп тану туралы не әкiмшiлiк шара қолдану жөнiндегi шешімнiң күшiн жою немесе оны өзгерту туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы. 
      Арыз беру монополияға қарсы органның нұсқамасы мен шешiмiн орындауды сот шешiмi заңды күшiне енгенге дейiн ары сотта қаралып жатқан уақытқа тоқтата тұрады.
      2. Талаптың ескiру мерзiмi қолданылмайтын шарттарды қоспағанда, монополияға қарсы органның нұсқамасы мен шешiмiне олар шығарылған күннен бастап 6 ай iшiнде шағым жасауға болады.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 261117
    Қазақ тілінде 130391
    Орыс тілінде 129854
    Ағылшын тілінде 872
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Астана уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы