Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 Жарлығы

Президент пен Үкімет  
актілерінің жинағында 
жариялануға тиіс   

      Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітілсін (бұдан әрі - Стратегия).

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері:
      1) өз қызметінде Стратегияны басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
      2) қабылданатын мемлекеттік, салалық (секторлық) және өңірлік  бағдарламалардың (жоспарлардың) Стратегиямен келісілуін қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 20 қаңтарға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға Стратегияның іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2006.02.01  N 56 , 2008.05.15  N 593 Жарлықтарымен. 

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жыл сайын 15 ақпанға Стратегияның іске асырылу барысы туралы Мемлекет басшысын хабардар етіп отырсын.
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2008.05.15  N 593 Жарлығымен. 

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1)  алынып тасталды - ҚР Президентінің 2008.05.15  N 593 Жарлығымен. 
      2) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2008.05.15  N 593 Жарлығымен. 

      6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2005 жылғы 29 қарашадағы
N 1677 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН       

  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА
2006-2016 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК
СТРАТЕГИЯСЫ

Астана, 2005 жыл

МАЗМҰНЫ

Кіріспе

Негізгі ұғымдар

1-бөлім.   Ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің
         нақты теңдігін қамтамасыз ету - уақыт талабы

2-бөлім.   Қоғамдық-саяси өмірдегі гендерлік теңдікке қол
           жеткізу

3-бөлім.   Экономикадағы гендерлік теңдікке қол жеткізу

4-бөлім.   Гендерлік білім беру. Құқықтық және гендерлік
           оқу-ағарту

5-бөлім.   Ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын
           бекемдеу

6-бөлім.   Қоғамдағы жынысқа байланысты зорлық-зомбылықтың
           алдын алу

7-бөлім.   Отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу. Отбасын
           нығайту және отбасындағы тәрбиенің рөлін күшейту

8-бөлім.   Гендерлік сезімтал қоғамдық сананы жетілдіру

9-бөлім.   Стратегияны іске асырудан күтілетін нәтижелер

  КІРІСПЕ

      Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуді өзінің сыртқы саясат саласындағы басымдығы ретінде айқындады.
      Әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында (2000 ж.) ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалған.
      Қазіргі кезде бүкіл дүние жүзінде тарихи қалыптасқан ерлердің әйелдерден басым болу жағдайы өзгерістерге ұшырауда. Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді.
      Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында да белгілі бір дәрежеде ілгеріледі.
      1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның "Әйелдердің   саяси құқықтары туралы" және "Тұрмыс құрған әйелдің  азаматтығы туралы " конвенциялары да бекітілді. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық  пакт пен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіге және басқаларына қол қойылды. Қазақстан адам құқықтары туралы барлығы 60-тан астам халықаралық шартқа қосылды.
      Үкіметтің 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Гендерлік саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол еліміздегі гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын - ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізуді, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі, өз бизнесін дамытуы мен мансап жолында ілгерілеуі үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең жүзеге асырылуы үшін жағдайлар жасауды, жыныс нышаны бойынша зорлық-зомбылықтан азат болуды айқындады.
      2004 жылғы қыркүйекте Астана қаласында өткізілген Қазақстан әйелдерінің IҮ Форумында ел Президенті Үкімет пен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияға аталған Тұжырымдаманың негізінде Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын әзірлеп, онда экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларды қоса алғанда, қызметтің негізгі бағыттарын анық белгілеу, әйелдерге тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін шаралар жүйесін мерзімдері бойынша әзірлеу керек екенін тапсырды.
      Стратегия - мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат, оны іске асырудың және мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан оның мониторингін жүзеге асырудың құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты Стратегияның әр бөліміне БҰҰ Әйелдер қорының өңірлік офисімен (ЮНИФЕМ) бірлесіп әзірленген, саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі көрсеткіштер енгізілген.
      Гендерлік теңдік стратегиясы 2006-2016 жылдар аралығындағы кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу жөніндегі міндеттердің шешілуін көздейді, 9 бөлімнен тұрады.
      Қазақстан Республикасында Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын жынысқа байланысты кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал ететін болады.

  НЕГІЗГІ ҰҒЫМДАР

       Уақытша арнайы шаралар - қоғамда гендерлік теңгерімге қол жеткізуге бағытталған шаралар (мысалы, оң дискриминация нысаны ретінде билік органдарындағы әйелдер өкілдігінің квотасы), БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы  конвенциясына сәйкес ол кемсіту ретінде қарастырылмайды.
       Гендер - бұл ерлер мен әйелдердің мінез-құлқын, сондай-ақ олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдерінің жиынтығы.
      "Gender" сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс (еркек, әйел) дегенді білдіреді.
      "Гендер" термині әлеуметтік процестерді түсінуге арналған талдау құралы болып табылады.
       Гендерлік талдау - әзірленіп жатқан және қолданыстағы дамыту жобаларының ерлер мен әйелдерге түрлі әсерін жүйелі түрде зерттеу. Ол саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да факторлардың әйелдер мен еркектерге қалайша әсер ететінін көруге және салыстыруға мүмкіндік береді.
       Гендерлік теңгерім - ұйымдастырушылық құрылымның барлық деңгейлеріндегі ерлер мен әйелдердің теңдігі.
       Гендерлік бюджет - барлық салалар мен қызметтердің түрлері бойынша мемлекеттік бюджеттің ерлер мен әйелдердің түрлі топтарына ықпал етуін бағалау құралы. Гендерлік бағдарланған қаржыландыруды талдауды көздейді, барлық салалар мен қызметтердің түрлері бойынша негізгі шығыстардың әйелдер мен ерлерге жеке әсерін қарастырады, мемлекеттік қызметтер саласындағы мүмкіндіктердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған стратегиялар мен қаржыландыруды талдайды.
       Гендерлік зерттеулер - әйелдер мен ерлердің әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени мәртебесін, гендерлік рөлдері мен гендерлік қарым-қатынасын зерттеу. Қоғамдағы гендерлік қатынастарға ықпал ету жөніндегі саясатты, стратегиялар мен бағдарламаларды әзірлеу мен жоспарлау үшін ақпарат беру.
       Гендерлік-құқықтық   сараптама - халықаралық стандарттар мен нормалардың ұлттық заңнамада қандай дәрежеде іске асырылатынын айқындау.
      Ерлер мен әйелдер үшін тек тең құқықтар мен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар тең мүмкіндіктерді де қамтитын гендерлік әділетті саясатты қалыптастыруға ықпал ететін, өкілді және атқарушы органдардың, әлеуметтің гендерлік сезімталдығының дәрежесін айқындау.
       Гендерлік ескі нанымдар - белгілі бір жыныстық тегімен және "жыныстардың мақсатымен" деп аталатын өзара байланысты артықшылық немесе кембағалдық болуы туралы таптаурындар.
       Гендерлік саясат  - қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
       Гендерлік теңдік - әлеуметтік функцияларды орындау кезінде жыныстық тегіне қарамастан әйелдер мен ерлердің ресурстар мен игіліктерге тең дәрежеде қол жеткізуі.
       Гендерлік тең құқықтылық - әйелдер мен ерлердің заң алдындағы тең құқықтығы гендерлік теңдікке жету жолдарының бірі болып табылады.
       Гендерлік рөлдер - белгілі бір қоғамда және тарихи жағдайда қолданылатын әлеуметтік және мәдени нормаларға сәйкес ерлер мен әйелдерге берілетін әлеуметтік рөлдер.
       Гендерлік статистика - ерлер мен әйелдердің әлеуметтік-саяси өмірдің барлық салаларындағы тиісті жағдайын бейнелеу және қоғамдағы гендерлік проблемаларды көрсетеді.
       Гендерлік таптаурындар - лайықты "әйелдік" және "еркектік" мінез-құлық, олардың мақсаты, әлеуметтік рөлдері мен қызметі туралы қоғамда жалпыға бірдей қабылданған орнықты көзқарастар.
      Гендерлік сезімталдық - жыныс нышаны бойынша кемсітудің негізінде жататын әлеуметтік жағынан ұштасқан факторларды түсіну және назарға алу.
       Гендерлік сезімтал жоспарлау - әйелдер мен қыздарға даму процесіне қатысуға көбірек мүмкіндік беруге арналған және жоспарланған іс-қимылдардың әйелдер мен ерлерге әсерін өлшеуге арналған арнайы әдістер мен құралдар.
       Гендерлік сараптама - мемлекеттік бағдарламалар мен өзге де актілердің ерлер мен әйелдер теңдігінің конституциялық құқығына сәйкес келуін айқындау және жыныс нышаны бойынша кемсітуді болдырмау мақсатында оларды қоғамдық-құқықтық тұрғыдан талдау.
       Жынысы бойынша кемсіту - жынысы бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген шектеу немесе қысым көрсету, сондай-ақ оның қадір-қасиетін түсіру. Кемсітудің ең кең таралған түрі жынысы нышаны бойынша кемсіту болып табылады.
       Жанама түрде кемсіту - жынысы бойынша жалаң ажыратуға (шектеуге, ерекшелеуге) негізделмеген, бірақ жынысы түрлі адамдардың өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалануында оларға әр түрлі әсер ететін іс-әрекеттер.
       Оң тұрғыда кемсіту - ерлер мен әйелдердің арасында іс жүзіндегі теңдік орнатылуын жеделдетуге бағытталған уақытша арнайы шараларды енгізу мүмкіндігі. Жынысы бойынша дәстүрлі түрде кемсітілетін топтардың өкілдеріне қызмет сатысы бойынша жоғарылату, биліктің сайланатын органдарына ұсынылу, жұмысқа орналасу, білім алу кезінде артықшылықтар беру.
       Тікелей кемсіту - жыныстық тегін оны тікелей көрсете отырып іс-әрекеттерде пайдалану мақсатында кемсіту.
       Астыртын кемсіту - жыныстық тегін тікелей көрсетпейтін, бірақ жынысы әр түрлі адамдар үшін бірдей нәтиже бермейтін қасақана кемсіту.
       Үйдегі зорлық-зомбылық  (отбасындағы зорлық-зомбылық) - егер бұл іс-әрекет отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсетсе, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтірсе немесе отбасы мүшесінің дене жағынан немесе жеке басының дамуына қатер келтіретін болса, отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне қатысты кез келген қасақана іс-әрекеті.
       Үй еңбегі - әйелдердің үй шаруашылығын ұстап-күту жөніндегі ақысы төленбейтін, сандық баламасы мен әлеуметтік тұрғыдан мойындалған мәні жоқ қызметі (үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау және т.б.). Үй ішілік міндеттердің тең бөлінбеуі әйелдерді кемсіту нысандарының бірі болып табылады.
       Көрсеткіштер  - алға қойған мақсаттарға жетудегі ілгерілеушілікті (немесе оның жоқ екенін); зерделенетін процестің жай-күйін көрсететін көрсеткіштер; сан, сапа және уақыттық қатынаста жоспарланғанмен салыстырғанда іс жүзінде ненің өзгергенін өлшейтін құрал.
       Квоталар - сайлауда үміткерлердің тізімін жасаған кезде әйелдер мен ерлер өкілдігінің, сондай-ақ олардың заңнамалық және атқарушы билік органдарына қатысуының белгіленген деңгейі. Квоталау қоғамдағы гендерлік теңгерімге қол жеткізуге арналған уақытша шара ретінде қарастырылады.
       Дағдарыс орталықтары - зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы адамдарға, көбінесе әйелдерге қызметтер көрсететін (консультациялар, уақытша баспана беру, оңалуға көмектесу) ұйымдар.
       Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық - қоғамдық немесе жеке өмірде жынысы негізінде жасалған, әйелге тәни, жыныстық немесе психологиялық залал немесе азап келтіретін немесе келтіруі мүмкін кез келген зорлық-зомбылық әрекеті, сондай-ақ осындай әрекеттің жасалу қатері, бас бостандығынан мәжбүрлеп немесе ерікті түрде айыру.
       Тең мүмкіндіктер - құқықтар теңдігіне іс жүзінде қол жеткізу үшін қажетті құралдар мен жағдайлардың жүйесі.
       Тең құқықтар  - мемлекет кепілдік беретін, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен басқа да заңнамалық актілерінде бекітілген, азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да құқықтарды жүзеге асырудың әйелдер мен ерлер үшін тең құқығы.
       Ұрпақты болу денсаулығы - адамның толыққанды ұрпақ әкелу қабілетін көрсететін денсаулығы.
       Ұрпақты болу құқықтары - азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау, азаматтардың некеде немесе некеден тыс бала тууға немесе бала туудан бас тартуға, бойына бала бітіру мен оларды туу әдістеріне, балалардың санына, туатын уақыты мен жеріне, бала туу арасындағы уақыт аралығына қатысты шешім қабылдау мен оны іске асыру, сондай-ақ осы салада медициналық-әлеуметтік, ақпараттық және консультациялық көмек алу құқығы.
       Жұмыс орнындағы нәпсілік қол сұғу - нәпсілік қол сұғу тәни жанасу мен ұсыныстар, нәпсілік реңкі бар сөздер, порнография көрсету және сөзбен немесе іс-әрекетпен нәпсілік талаптар қою сияқты жағымсыз нәпсілік мінез-қылықты қамтиды.
       Отбасындағы нәпсілік зорлық-зомбылық - бұл отбасының басқа бір мүшесінің жыныстық қол сұғылмаушылығына және жыныстық еркіндігіне қол сұғатын әрекет, сондай-ақ жасы кәмелетке толмаған адамға қатысты нәпсілік сипаттағы іс-әрекет.
       Адамдарды саудалау - адамдарды пайдалану мақсатында жүзеге асырылатын, күш жұмсау туралы қоқан-лоққы немесе күш қолдану немесе мәжбүрлеудің басқа нысандарының қолдану, ұрлау, алаяқтық жасау, алдау, билікті немесе біреудің осал жағдайын теріс пайдалану жолымен немесе бір тұлғаны бақылайтын екінші тұлғаның келісімін алу үшін оны төлем жасау немесе пайдалар түрінде сатып алу жолымен адамдарды үгіттеп тарту, тасымалдау, табыстау, жасыру немесе қабылдап алуды білдіреді. Пайдалану ең аз дегенде, үшінші бір адамдардың жезөкшелікті пайдалануын және/немесе нәпсілік пайдаланудың басқа нысандарын, мәжбүрлі еңбекті немесе қызметтерді, құлдықты немесе құлдыққа ұқсас салттарды, бас еркі жоқ жағдайды немесе ағзаларын алуын қамтиды.
       SWOT-талдау - ахуалдың немесе құбылыстың әлсіз және күшті жақтарын, сондай-ақ осы ахуалды немесе құбылысты жақсарту жөніндегі қатерлер мен мүмкіндіктерді айқындауға мүмкіндік беретін талдау әдістері.

  1-БӨЛІМ. ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МҮМКІНДІКТЕРІНІҢ
НАҚТЫ ТЕҢДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ МАҚСАТЫ

      Қазақстан Республикасының  Конституциясы мен Қазақстан қосылған халықаралық актілерде жарияланған, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ олардың қоғам өмірінің барлық салаларына тең жағдайда қатысуы.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      2005 жылдың басына қарай республикадағы халықтың жалпы саны 15074,8 мың адамды құрады, соның ішінде әйелдер - 7817,9 мың адам (51,9 %), ерлер - 7256,9 мың адам (48,1 %). 1000 ер адамға орта есеппен 1077 әйелден келеді.
      Жасы 24-ке дейінгі аралықтағы халықтың гендерлік құрамы ерлердің сан жағынан артық екенін көрсетеді, себебі ұл балалардың қыз балаларға қарағанда туылуы көбірек. 25 жастан бастап ерлердің үлесі 50 %-дан кеми түседі, одан әрі жас ұлғайған сайын бара-бара азая береді.
      Қазақстанда адамның орташа өмір жасы 66,2 жылды, соның ішінде ерлердікі - 60,6 жылды, әйелдердікі - 72,0 жылды құрайды. Әйелдер ерлерден 11,3 жыл артық өмір сүреді.
      Әлеуметтік рөлдерді бөлудегі қалыптасқан таптаурындыққа байланысты нақты өмірде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері ерлерге қарағанда азырақ болады.
      Қазіргі уақытта төрт әйел ғана министр, 8 әйел - министрдің орынбасары, 3 әйел - комитет төрайымы, 5 әйел - облыс әкімдерінің орынбасарлары, 1 әйел - аудан әкімі болып тағайындалған. Аудан әкімдері орынбасарларының арасында әйелдер 17 %-ды, ауылдық және кенттік округтер әкімдерінің арасында - 11 %-ды, олардың орынбасарларының арасында - 18 %-ды құрайды. Облыстар мен қалалар әкімдерінің арасында әйелдер жоқ.
      Мемлекеттік саяси қызметшілер арасындағы әйелдер санының 2000 жылғы 9,5 %-дан 2004 жылы 10,3 %-ға дейін біршама артуы байқалады.  Бұл орайда биліктегі әйелдердің саны лауазымдық сатының жоғарылығына қарай кеми береді.
      Әйелдердің Парламентте өкілдік етуі 1999 жылғы 11,2%-дан 2004 жылы 9,5%-ға дейін төмендеген. Мәслихаттардың депутаттығына ұсынылған кандидат әйелдердің саны 1999 жылмен салыстырғанда 16 %-ға  артып, 2004 жылы 1619 адамды құраса да, жергілікті өкілді органдардағы әйелдердің саны 1999 жылғы 19,2%-дан 2004 жылы 17,1%-ға азайған.
      Әйелдер еңбек нарығында азырақ сұранысқа ие. 2004 жылы еңбекпен қамту қызметтеріне жұмысқа орналасу мәселелері бойынша келгендердің ішінен әрбір алтыншы әйелге ғана жұмыс берілген. Жоғары және орта арнайы білімі бар 45 жастағы және одан үлкен әйелдердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі мүлде аз.
      Қазіргі кезде жалданып жұмыс істейтін адамдардың жартысына жуығын әйелдер құрайды. Бірақ олардың еңбекақысы ерлердің еңбекақысының 61%-ын ғана құрайды. Мұның себебі, әдетте әйелдер денсаулық сақтау мен білім беру ісі сияқты дәстүрлі "әйелдер" салаларында еңбекақысы азырақ қызметтерде жұмыс істейді, 2004 жылы әйелдердің еңбекақысы тиісінше ерлердің еңбекақысынан 85% және 81%-ын құрады.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен оларды нәпсі үшін пайдалану фактілері әлі жойылған жоқ.
      Гендерлік аспектілер шешімдер қабылдау және мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесінде жеткілікті ескерілмейді.
      Ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының  Жарлығымен 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Үкіметтің 1999 жылғы 19 шілдедегі N 999  қаулысымен Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспары бекітілді, оның бүгінгі күні 85 %-ы орындалды.
      Әлеуметтік мәні бар проблемаларды шешуге отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында жұмыс істейтін 300-ге жуық үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер белсене қатысады, олардың қатарында 150 әйелдер ұйымы бар.
      Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктерге қол жеткізу мақсатында Мемлекет басшысы мынадай міндеттер қойды:
      билік органдарында шешімдер қабылдау деңгейінде мүмкіндігінше әйелдердің көп болуына ұмтылу;
      заңнаманы жетілдіру және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру, "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануын жеделдету, әйелдерді қорғаудың құқықтық тетіктерін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру;
      әйелдердің экономикалық өмірге белсенді араласуы үшін жағдайлар жасау;
      әйелдер үшін экономикалық жеңілдіктер мен артықшылықтар жасау, ана мен баланың денсаулығын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау, әйелдер үшін құқықтық және әлеуметтік кепілдіктердің елеулі түрде артуын қамтамасыз ету;
      адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды бейнесін әспеттеу.

  Күшті жақтары

      Қазақстан адам құқықтары жөніндегі 60-тан астам халықаралық шарттың қатысушысы болып табылады. Олардың қатарында Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы  конвенция (бұдан әрі - СИДО) бар.
      СИДО-ны орындау жөніндегі Қазақстанның есебіне БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитеті жоғары баға берді.
      Әйелдердің азаматтық белсенділігінің артуы, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары санының ұлғаюы.
      Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған кредиттік желіні Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауы.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің әйелдердің мүдделерін мемлекеттік саясатқа енгізуге деген ниеттілігі.
      Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның құрылуы, Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың ұлттық жоспарының және Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасының қабылдануы.      
      Қазақстан Республикасының Парламентінде "Отбасы" депутаттық тобының құрылуы. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі сектордың құрылуы.
      Гендерлік теңдік мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық.
      Ұлттық заңнамаға гендерлік сараптаманың басталуы.
      "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы", "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасында заңдары жобаларының және Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының
әзірленуі.

  Әлсіз жақтары

      Гендерлік теңдіктің қажеттілігін қоғамның жеткілікті түсінбеуі. Әйелдің қоғамдағы рөлі мен орны туралы қалыптасқан дәстүрлі таптаурын болуы.
      Мемлекеттік органдардың гендерлік теңдік саясатын мардымсыз іске асыруы. Заңнамалық базаның жетілмегендігі, гендерлік бағдары бар заңнаманың жоқтығы, ерлер мен әйелдердің аз жүзіндегі теңдігі. Ерлер мен әйелдердің іс жүзіндегі тең құқықтылығына қол жеткізудің тетіктерінің жетіспеуі.
      Мемлекеттік мекемелердің және ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылының жеткіліксіздігі.
      Мемлекеттік органдарда шешімдер қабылдау деңгейінде және экономиканың түрлі салаларындағы еңбекақысы жоғары жұмыстарда әйелдерден өкілдік етуі нашар.
      Гендерлік саясатты іске асырудағы мемлекеттік мониторинг жүйесінің, сондай-ақ гендерлік талдаудың және гендерлік көрсеткіштердің болмауы.
      Статистикалық ақпарат көлемі мен оның пайдаланылуының жеткіліксіздігі.

  Мүмкіндіктері

      БҰҰ-ға мүше мемлекеттер өз елдеріндегі гендерлік теңсіздікті жеңу жөнінде міндеттемелер алды.
      Ел басшылығы шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізуге белсенді түрде ықпал етуде.
      Экономиканың барған сайын өсе түсуі және халықтың әл-ауқатының артуы ерлер мен әйелдердің өз құқықтарын іске асырудағы мүмкіндіктерін ұлғайтады.
      Түрлі елдердің гендерлік проблемаларды шешу жөніндегі тәжірибесін зерделеу үшін жағдайлар жасалуда.
      Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің гендерлік теңдік проблемаларын шешу мәселелері жөніндегі қызметін жандандыруда.
      Гендерлік мәселелермен айналысатын ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуда.

  Қатерлер

      Биліктің шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің көрінеу азшылығы олардың әділетті әлеуметтік қоғам құруға қатысу мүмкіндіктерін азайтады.
      Жұмысқа қабылдау, мансап сатысымен көтерілу, біліктілікті арттыру, кадрларды қысқарту және т.б. кезінде әйелдерді кемсіту.
      Халықтың елеулі бөлігінің құқықтық сауатсыздығы және құқықтық көзқамандығы.
      Білімнің жоғары деңгейі жұмыс істейтін маман әйелдерге лауазымдық өсу перспективаларына кепілдік бермейді.
      Халықтың гендерлік білімі мен танымының жеткіліксіздігі, бұл әйелдер мен ерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру мүмкіндігін азайтады.
      Жұмыссыздар мен кедейлер арасында әйелдердің басым болуы.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенциясының соттарда қолдану тетіктерінің болмауы олардың құқықтарын қорғауды қиындатады.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕРІ

      Мемлекеттік органдар мен бүкіл қазақстандық қоғамның әлеуметтік жағынан әділетті гендерлік саясатты іске асыру жөніндегі күш-жігерін біріктіру. Бұл мақсаттарда мыналар қажет:
      азаматтардың өзін-өзі жан-жақты көрсетуі, сондай-ақ саясатты, әлеуметтік-еңбек және отбасы қарым-қатынастарын қоса алғанда, өмірдің барлық салаларында жыныстық теңдікті қамтамасыз ету үшін қоғамның құқықтық және саяси мәдениеті деңгейін көтеру;
      әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеудің және шешімдер қабылдаудың барлық деңгейлерінде гендерлік сезімталдықтың артуына қол жеткізу;
      өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тең серіктестігі қағидатының (қарым-қатынастардағы үйлесімдік, тепе-теңдік пен төзушілік) сақталуын қамтамасыз ету;
      қызметтің қандай бір саласында мүдделері бәсең білдірілетін жыныстың өкілдері үшін уақытша қосымша артықшылықтар беру;
      ұлттық заңнаманы, республикалық және жергілікті бюджеттерді және мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру және орындалуын бақылау ісіне гендерлік әдістерді ендіру;
      ерлер мен әйелдердің құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін іске асыру мақсатында заңнаманы жетілдіруді және гендерлік теңдік институттарын қалыптастыруды қамтамасыз ету;
      гендерлік көрсеткіштерді және гендерлік статистиканы ендіру, нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік жоспарлар мен бағдарламаларға, оқулықтар мен оқу құралдарына міндетті гендерлік сараптама жүргізу.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Мемлекеттік органдар мемлекеттік гендерлік саясаттың іске асырылуына бақылауды күшейтуі қажет:
      барлық мемлекеттік құрылымдарда мемлекеттік гендерлік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға жауапты адамдар тобын айқындау;
      шешімдер қабылдау деңгейінде гендерлік теңгерімді сақтау;
      шешімдер қабылдау және мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесінде гендерлік аспектілерді ескеру;
      әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру және бағалау кезінде мемлекеттік қызметшілерді гендерлік ерекшеліктерді есепке алу жөніндегі жұмыс тәсілдеріне үйрету;
      орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне гендерлік аспектілерді енгізу;
      облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң жанындағы отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi комиссиялардың отбасы және гендерлiк саясат мәселелерiмен айналысатын хатшылары лауазымдарын енгiзу;
      ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық тетіктерін қамтамасыз ету мақсатында "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы" және "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының қабылдануын жеделдету;
      гендерлік ерекшеліктерге немқұрайлы қараумен байланысты әлеуметтік тәуекелдер мен ықтимал залалды азайту мақсатында барлық қолданыстағы және әзірленетін нормативтік құқықтық актілерге міндетті түрде гендерлік сараптама жасау туралы норманы енгізу. Осы мақсатта республикалық және жергілікті бюджеттерді қалыптастыру кезінде де, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдардың осы Стратегияны іске асыру жөніндегі қызметін бағалау кезінде қосымша гендерлік көрсеткіштерді қолдану мүмкіндігін қарау. Гендерлік статистиканы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.
       Ескерту. 1-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2006.02.01.  N 56 жарлығымен.

  2-БӨЛІМ. ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ӨМІРДЕ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІККЕ ҚОЛ
ЖЕТКІЗУ МАҚСАТЫ

      Атқарушы және өкілдік билік органдарында, шешімдер қабылдау деңгейіндегі басқару процестерінде ерлер мен әйелдердің тең (паритетті) өкілдік етуіне қол жеткізу.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасы Конституциясының  33-бабына сәйкес "Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекет ісін басқаруға қатысуға құқығы бар".
      2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметте 49713 әйел жұмыс істейді немесе мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 57,4 %-ы. 2000 жылы олардың саны азырақ, 54%   болды.
      Мемлекеттік саяси қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 11 %-ды құрайды (2000 жылы - 8,8 %), олардың ішінде орталық аппараттарда - 9,7 % (2000 жылы - 9,5%).
      Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 59,2 %-ға дейін көбейді (2000 жылы - 56,2 %), олардың ішінде орталық аппараттарда - 60,1 %-ға дейін (2000 жылы - 55,2 %). Өңірлерде де жағдай осындай.
      "Мемлекеттік қызметтің кадр резерві туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 4 желтоқсандағы N 1243  Жарлығына сәйкес шешімдер қабылдау деңгейіне жоғарылату үшін өңірлерде кадрлар резерві құрылған.
      2003 жылы өткен мәслихаттарға сайлау барысында әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігінің артуы байқалды. 1484 әйел немесе тіркелгендердің жалпы санының 20 %-ға жуығы депутаттыққа кандидаттар болып тіркелді. Олардың ішінде қатал бәсекелестік күресте 568 әйел немесе сайланған депутаттардың жалпы санының 17,1 %-ы жеңімпаз болды.
      Қазақстан Республикасының Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия әйелдерді саяси тұрғыда одан әрі жоғарылату үшін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, соңғы 3 жылда елдің барлық өңірлерінде 1200-ден астам конференциялар, тренингтер және семинарлар өткізді.

  Күшті жақтары

      Әйелдердің білім деңгейінің анағұрлым жоғары болуы. Әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестікті құрап, елдегі істің жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
      Басқарушылық құрылымдарда әйелдердің қатысуы едәуір икемдірек, үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға бағдар алған басқару нысандарын дамытады.
      Әйелдер әлдеқайда тындырымды, ұқыпты, тіл табысқыш, адамдарға үлкен ынтамен қарауға және қамқорлық жасауға бейім.
      Әйелдердің азаматтық белсенділігінің артуы, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының қызметінің жандануы.

  Әлсіз жақтары

      Әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы қоғамда сақталып отырған таптаурындар, жыныстар теңдігі мәселелеріне патриархаттық тұрғыдан келу.
      Әйелдерді жоғарылатудың пәрменді тетіктерінің жетіспеуі.
      Әйелдердің және әйелдер ұйымдарының бастамаларын мемлекеттік органдар тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі.
      Саяси партиялардың әйелдерді билікке жоғарылату стратегиялары мен бағдарламаларының болмауы.
      Әйелдердің үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының дәйексіз қызметі, әйелдер ұйымдарының әйелдердің мүдделерін қорғауға бағытталған күш-әрекетінің бытыраңқылығы.
      Әйелдердің саяси тәжірибесінің жетімсіздігі.

  Мүмкіндіктер

      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы  конвенциясына сәйкес әйелдердің атқарушы және өкілді билікке неғұрлым кеңірек қатысуын қамтамасыз етуге арналған уақытша шара ретінде әйелдер үшін квоталар енгізу мүмкіндігі.
      Әйелдер мен ерлер үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізу, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.
      Дамыған елдердің әйелдерді саяси тұрғыдан жоғарылату мәселелері жөніндегі тәжірибесін зерделеу мүмкіндігі.

  Қатерлер

      Ерлер мен әйелдердің тек сөз жүзіндегі теңдігі демократияға және қоғамның одан әрі дамуына ықпал етпейді.
      Биліктің шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдер санының аз болуы олардың елде реформалар жүргізудегі рөлін төмендетеді.
      Әйелдерді саяси жоғарылатуға ықпал етпейтін қоғамдық таптаурындар мен ақылға сыймайтын түсініктердің болуы.
      Ерлер мен әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерінің жеткіліксіз қорғалуы шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін қатер тудырады.
      Отбасы, әйелдер мен балаларға қатысты заңнамалық актілердің және халықаралық шарттардың мемлекеттік органдар тарапынан да, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан да тиісінше деңгейінде орындалмауы қоғам өмірінің барлық салаларында әйелдердің және үкіметтік емес әйелдер ұйымдарының өз құқықтарын іске асыруындағы бәсеңдетуі мүмкін.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және жағдайын жақсарту, олардың қоғамдық-саяси өмірге теңдік негізінде жан-жақты қатысуы.
      Шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің өкілдігін арттыру үшін пәрменді тетіктер мен уақытша шараларды енгізу.
      Басқару органдарында кадр мәселелерін шешу кезінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету.
      Әйелдердің саяси әлеуетін және олардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі саяси белсенділігін арттыру жөнінде шаралар қолдану.
      Лидер әйелдерді лидерлік мектептері арқылы және оларды оқытудың басқа да тетіктері арқылы даярлау мен жоғарылату практикасын жалғастыру.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың Пекин платформасының (1995 ж.) талаптарына сәйкес әйелдердің биліктің шешімдер қабылдау деңгейінде 30% өкілдігі болуына қол жеткізу. Бұл мақсатта:
      бекітілген кадр резервінен әйелдерді түрлі лауазымдарға жоғарылату;
      мемлекеттік қызметшілердің қызметтік нұсқаулықтарына кәсіби міндеттерді орындау кезінде гендерлік кемсітушілікке жол берілмеу туралы ережені енгізу;
      басшы орындардағы ерлер мен әйелдердің арақатысын теңестіру үшін уақытша шаралар қолдану (квоталау) мүмкіндігін қарастыру.
      Халықаралық ұйымдардың жәрдем көрсетуі мен саясаткер әйелдерді оқыту мен даярлау практикасын (әйелдер көшбасшылығы орталықтары, мектептері) жалғастыру.
      Отбасының, әйелдердің, балалардың және ерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктермен және ҮЕҰ-мен мемлекеттік органдардың ынтымақтастығын дамыту.
      Республикалық, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде де басшылық қызметтерге және сайланушы органдарға әйелдер мен ерлерді ұсынған кезде партиялық тізімдердің гендерлік теңгерімді ескере және сақтай отырып түзуге ұмтылу. Партиялардың басшыларымен де, сондай-ақ саяси қызметпен айналысқысы келетін әйелдермен де семинарлар мен тренингтер ұйымдастыру жолымен ағартушылық жұмыс жүргізу.

  Көрсеткіштер:

      1. "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының болуы.
      2. Шешімдер қабылдау деңгейінде басшылық қызметтердегі әйелдердің саны.
      3. Парламенттегі әйелдердің үлесі.
      4. Саясаттағы/саяси партиялардағы әйелдердің үлесі.
      5. Әйелдерді мемлекеттік мекемелерге жоғарлату жөніндегі тетіктердің болуы.

  3-БӨЛІМ. ЭКОНОМИКАДА ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ МАҚСАТЫ

      Экономика саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Ішкі тұрақтылықтың, Индустриялық-инновациялық даму  стратегиясының , ауылды қайта өркендету, шағын бизнесті дамыту және кедейшілікті азайту мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуына орай Қазақстанда жұмыссыздықты азайту және ерлер мен әйелдердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін үлкен мүмкіндіктер жасалуда.
      Нақтылы жұмыс істейтін нарықтық экономика құрылды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 жыл ішінде 4 есе дерлік өсті және 2004 жылы 2700 долларды құрады. 2008 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есеге өсіру болжанып отыр. Халықтың банктердегі салымдары шамамен республикалық бюджеттің 40 %-ына жуық жетті. Дүниежүзілік банктің сыныптамасы бойынша Қазақстан бүгінде табыс деңгейі орташа елдер тобына кіреді.
      Қазіргі кезде Қазақстанның экономикасында 3,7 млн. әйел жұмыс істейді, бұл жұмыс істейтіндердің жалпы санының 49 %-ын құрайды.
      Қазақстан Республикасындағы кедейшілікті азайту жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған  бағдарлама 2005 жылдың соңына қарай 2003 жылдың бас кезімен салыстырғанда, төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдардың үлесін 17,4 %-ға, кедейшілік шегінен төмен өмір сүретіндердің үлесін 48,8 %-ға, жұмыссыздық деңгейін 9,3 %-дан 8,1 %-ға дейін кемітуге мүмкіндік береді.
      "Микрокредиттік ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы қабылданды, ол осы ұйымдардың құқықтық жағдайын реттейді және құрылу тәртібін оңайлатады. Өткен 7 жыл ішінде ең аз қамтамасыз етілген азаматтарға микрокредит беру бағдарламасы бойынша 12 млрд. теңгеден астам сомаға 125 мыңға жуық микрокредит берілді.
      2004 жылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарға жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу туралы өтінішпен 282 мың жұмыссыз жүгінген, оның 142,8 мыңы - әйелдер (51 %), оның ішінде ауылдық жерлерде тұратын әйелдер - 43,5 мың адам (30 %). Жұмысқа орналастырылғаны - 74,5 мың әйел (52 %), оның ішінде ауылдық жерлерде тұратыны - 21,6 мың (50 %). 79,9 мың жұмыссыз әйел (жалпы санының 59,5 %-ы) қоғамдық жұмыстарға қатысты.
      Қазіргі кезде әйелдер тіркелмейтін секторда тезірек жұмыс таба алады. "Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық" деп аталатындардың қатарында негізінен әйелдер басым, олар үшін сауда - бұл табыс табудың және бүкіл отбасы үшін күн көрудің бірден-бір көзі. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің үлесі әсіресе аграрлық секторда жоғары, онда бұл 60 %-ға жетеді.
      Ерлер мен әйелдер арасында салалық және кәсіптік жағынан саралану еңбекақы төлеу деңгейіндегі айырмашылыққа айтарлықтай ықпал етеді. Саладағы еңбекақының жоғары деңгейі онда ерлердің жұмыспен қамтылуының артуына және тиісінше әйелдердің еңбекақысы төмен қызмет салаларына ығыстырылуына әкеледі.
      Әйелдердің орташа айлық жалақысы 2004 жылы 21 мың теңгені (160 АҚШ долл.) құрады. Әйелдер мен ерлердің орташа еңбекақысының арақатысының төмендегені байқалады. Егер 1999 жылы әйелдердің орташа жалақысы ерлер жалақысының 67,6 %-ын құраса, ал 2004 жылы - 61,7 %-ын құрады. Бұл үрдіс тіпті экономиканың дәстүрлі "әйелдер" салаларында да (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызметтер көрсету саласы, мәдениет) сақталып отыр.
      2004 жылы зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 1340,4 мың адамды құрады, соның ішінде әйелдер - 528,6 мың адам (39,4 %).
      Шағын кәсіпорындарда жалданып жұмыс істейтін қызметкерлердің ішінде әйелдердің үлес салмағы 34 %-ды, әйелдер басқаратын шаруа қожалықтарының үлесі 10 %-ды құрайды.
      Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың саны 19,8 %-ды құрайды.

  Күшті жақтары

      Маңызы жағынан елдің экономикалық дамуына құйылатын инвестициялардан кем түспейтін "адами капиталға" инвестицияларды мақсатты түрде ұлғайту келешектегі экономикалық жаңартудың аса маңызды алғышарты әрі гендерлік теңдік қағидаты негізінде жүзеге асырылатын ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлаудың қажетті шарты болып табылады.
      Әйелдерге қатысты кемсітудің кез келген нысандарын болдырмау қажеттілігін Ел басшылығының түсінуі.
      Негізінен әйелдер жұмыс істейтін салаларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдау көрсете бастауы.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіпкер әйелдерге арналған кредиттік желіні қолдауы.
      Әйелдердің экономикадағы белсенділігінің артуы.
      Әйелдерді экономикалық жағынан жоғарылатумен айналысатын әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарын құру мен дамыту.

  Әлсіз жақтары

      Ерлер мен әйелдердің арасындағы ресурстарды бөлудегі біркелкіліктің болмауы.
      Әйелдер бірқатар әлеуметтік, мәдени ерекшеліктер мен дәстүрлерге байланысты ерлерге қарағанда қиынырақ жағдайға тап болды.
      Әйелдердің кредит алуы қиын, себебі олардың көпшілігінің кепілге салатын мүлкі жоқ.
      Ерлермен салыстырғанда әйелдердің арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі әлдеқайда жоғары болуы және жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату кезіндегі жасырын түрдегі кемсітушілік.
      Ерлермен салыстырғанда әйелдердің арасындағы кедейліктің деңгейі әлдеқайда жоғары болуы.
      Әйелдерге ақысы төленбейтін үй жұмысының негізгі бөлігі жүктелген, сондықтан мансапқа, біліктілігін жоғарылатуға, өздігінен білім алуға олардың уақыты аз қалады. Біздің қоғам әйелдердің ақысы төленбейтін үй еңбегінің, соның ішінде бала күтімінің экономикалық құндылығын осы уақытқа дейін мойындамай келеді.
      Бюджетті жасау кезінде гендерлік әдістің болмауы.
      Экономикада гендерлік саясаттың жүзеге асырылуының нәтижелерін тіркеп отыратын гендерлік талдау мен гендерлік көрсеткіштердің болмауы.

  Мүмкіндіктер

      Әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету жөніндегі ел басшылығы қабылдайтын шаралар және осы мәселе бойынша мемлекеттік саясаттың әзірленуі.
      Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізу үрдістерін қолдауы.
      Үкіметтік емес ұйымдардың әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету мәселелері жөніндегі қызметін жандандыру.
      Түрлі келісімдер шеңберінде мамандарды шетелде және ТМД елдерінде даярлау мүмкіндігі.
      Әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету мәселелерімен айналысатын ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату.
      Әйелдердің кредит алудағы мүмкіндіктерін кеңейту. Жоғары ақы төленетін өндірістік салаларға қажет болатын жаңа мамандықтар мен дағдыларға әйелдерді оқытып-үйрету.

  Қатерлер

      Ерлердің кедей болу қатері жұмыссыздардың, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектердің арасында жоғары. Әйелдердің кедей болуына қатысты қатер тобын жалғызбасты аналар, мүгедек әйелдер, асырауында мүгедек балалары бар аналар және жұмыссыз әйелдер құрайды.
      Әйелдердің әлсіз бәсекелестік позициялары бірінші кезекте олардың ақы аз төленетін салаларда шоғырлануынан көрінеді. Жұмыс істейтін әйелдердің кедейшілігін ерлер мен әйелдердің экономика салалары мен мамандықтар, сондай-ақ позициялар мен лауазымдық саты бойынша біркелкі бөлінбеуі тереңдете түседі.
      Білім деңгейінің жоғары болуы жұмыс істейтін маман әйелдерге мансаптық өсу келешегіне кепілдік бермейді.
      Республика азаматтары қалың жігінің құқықтық санасының төмендігі сияқты қарапайым фактіге байланысты ерлер мен әйелдердің экономикалық құқықтарының іске асырылу тетіктері жоқ. Дәл осы фактор экономикалық құқықтардың бұзылуы жөніндегі талаптардың пайда болуы мен оларды қарау мүмкіндіктерін шектейді.
      Жұмыспен қамту саласында әйелдерге қатысты кемсітуге қарсы күрес проблемалары жөнінде зерттеулердің және ақпараттық науқандардың болмауы.
      Жұмыссыздық жағдайында әйелдер нәпсілік қудалану және кемсіту қатеріне көбірек тап болады, соның ішінде жұмыс орнында да ұшырайды.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Елде гендерлік жағына бағдар алған, әділетті әлеуметтік және экономикалық жағдай жасауға бақылау жасауды енгізу мен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын кеңейту үшін сектораралық ынтымақтастықты үйлестіру және дамыту.
      Барлық деңгейлердегі бюджеттерді жасау процесінде гендерлік әдісті пайдалану. Мамандарды гендерлік бюджеттер әзірлеуге және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыруға үйрету. Гендерлік теңсіздікті жеңудің күтілетін салдарлары тұрғысынан шығыстар сметасына талдау жасау.
      Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық болжамының гендерлік құрауышын әзірлеу. Жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясаттың макроэкономикалық нәтижелеріне ерлер мен әйелдердің қосқан үлесін талдау.
      Экономиканың барлық салаларында жұмыспен қамтылудың гендерлік теңгерімділігінің мониторингін жүргізу. Гендерлік теңдік қағидаттарының негізінде жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату. Жұмыссыздық деңгейін төмендету.
      Жұмыссыздықты азайту және өндірістің сұраныс төмен әрі еңбекақы аз төленетін салаларында жұмыспен қамтуда басым болып отырған әйелдердің басым болуына байланысты еңбек нарығындағы гендерлік ассиметрияны жеңу мүддесінде экономиканы қайта құрылымдау әдістерін оңтайландыру.
      Гендерлік сараптама (экономикалық, әлеуметтік және құқықтық) жүргізу тетігін әзірлеу.
      Экономика салалары арасындағы еңбекке ақы төлеу деңгейін теңдестіру және тең еңбек үшін тең ақы төлеу талаптарын сөзсіз орындай отырып, әйелдер мен ерлер арасындағы еңбектің сипаты мен ақысындағы айырмашылықтарды азайту. Ерлер мен әйелдердің ақы төленбейтін жұмысының макроэкономикалық салдарларын әлеуметтік қайта молықтыру аясында талдау.
      Еңбек нарығында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және әйелдердің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу.
      Ауыл әйелдерінің экономикалық ресурстарға қол жеткізуіне тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды қабылдау.
      Халықтың барлық топтарына экономикалық және құқықтық білім беру.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Халықаралық еңбек ұйымының "Еңбеккер ерлер мен әйелдерге тең қарау мен тең мүмкіндіктер туралы: отбасы міндеттері бар еңбеккерлер" және "Әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы" конвенцияларына Қазақстанның қосылуы туралы мәселені қарау.
      Мыңжылдықтың даму мақсаттарын орындауға бағытталған:
      қолдау жүйесін (кеңес беру, оқуға және еңбекке орналасуға көмек көрсету) қолдана отырып, әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға;
      әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті және өзін өзі жұмыспен қамтуды одан әрі дамытуға;
      әйелдерді кәсіби жағынан қайта даярлауға, бизнеске әкімшілік етуді және басқаруды үйретуге ықпал ететін іс-шараларды әзірлеу. Бұл ретте оқыту мынадай тақырыптарға бағытталатын болады: бизнес-менеджмент, өзіне өзі сенімділікті тәрбиелеу және біліктілік құзыреттілігін арттыру.
      Экономикалық білім беру орталықтарының ауқымды желісін құру, кәсіпкерлікке қаржылық қолдау көрсету, кеңес беру және маркетинг қызметтерін кеңінен дамыту жолымен шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі іс-шараларды жетілдіру.
      Әйелдерді бизнеске тарту және олар құрған кәсіпорындардың одан әрі дамуына жәрдемдесу жөніндегі тетіктерді әзірлеу. Экономикада кейіннен өзгерістер болған кезде әйелдердің еңбекке деген мұқтаждығын ескеру. Әйелдердің ауыл шаруашылығында, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жұмыспен қамтылуын дамытуға айрықша көңіл бөлу.
      Қызмет бойынша жоғарылатылған кезде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі кепілдіктер жүйесін құру және табысты мансапты үй ішіндегі міндеттермен және бала тәрбиелеумен ұштастыру үшін жағдайлар жасау.
      Бала күтімімен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету жөніндегі шараларды әзірлеу. Ерлерді бала күтіміне тартудың тетіктерін әзірлеу.
      Гендерлік теңдік мәселелерін шешудегі әлеуметтік серіктестіктің тетіктерін жетілдіру және рөлін арттыру. Қызметкерлердің, әкімшіліктің және кәсіподақтардың ерік білдіре алуын қамтамасыз ету үшін еңбек ұжымдарында, жұмыс орындарында ахуал талдау мен зерделеу жүргізу кезінде түрлі әдістемелерді қолдану: жиналыстар, әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерін сақтау жөнінде ұсыныстарды жинау, өз пікірлері мен ойларын жазбаша түрде көрсету.
      Техникалық мамандықтарға қыздар мен әйелдерді көбірек оқытып-үйрету.
      Гендерлік аспектілерді ескере отырып:
      еңбек қызметінің және бизнестің өзінің "адами капиталға" инвестициялар салуының ізгілік жағын күшейтуге;
      отбасы институтын нығайтатын отбасылық бизнесті тарату мен дамытуға; еркін еңбек кестесі мен еңбек бөлісінің жаңа нысандары бар "үйдегі" жұмыс орындарының кең желісін құруға;
      әлеуметтік серіктестікті және өзара көмек рухын дамыта отырып, бизнесті басқару саласындағы шешім қабылдаудың күш қолдану және әміршілдік әдістерін экономикалық әдістермен ығыстырып шығаруға бағытталған әлеуметтік бағдар алған кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау.
      Экономиканың түрлі салаларындағы және түрлі басқару деңгейлеріндегі гендерлік теңсіздіктің себептерін анықтау мақсатында арнайы зерттеулер жүргізу.
      Жекелеген өңірлердің және өндіріс секторларының гендерлік ерекшеліктерін, сондай-ақ кедейшілік мониторингінің деректерін ескере отырып, халықтың экономикалық белсенділігінің болжамын жасау.
      Гендерлік аспектіні ескере отырып, Қазақстанның экономикасы үшін мамандарға деген мұқтаждықтың болжамдық есебін жүргізу.
      Гендерлік аспектіні ескере отырып, еңбек режимі мен еңбекті қорғау жөніндегі заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіру, жұмыспен қамтудың икемді нысандарын енгізу және кеңейту, еңбек жағдайларын жақсарту. Жүкті әйелдер мен балалы әйелдер үшін ерекше нормаларды енгізу.
      Гендерлік ерекшелікті ескере отырып, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шараларды іске асыру, олардың жүргізілуін бақылауды қамтамасыз ету.
      Бала күтімі бойынша демалыста жүрген, жалданып жұмыс істейтін әйелдердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарына қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру.

  Көрсеткіштер:

      1. Халықтың жалпы санындағы жер иеленуші әйелдердің үлесі.
      2. Кіріс әкелетін қызметке арнап кредит алған адамдардың саны, соның ішінде ерлер, әйелдер, қала-ауыл.
      3. Меншік иелері әйелдер болып табылатын тіркелген кәсіпорындардың саны.
      4. ІЖӨ-ді қалыптастырудағы еркектер мен әйелдердің үлесі.
      5. Жұмысқа орналастыру органдарына өтінішпен жүгінген халықтың саны, барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдер.
      6. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ерлер мен әйелдердің саны.
      7. Ауыл шаруашылығы өндірісінде жұмыс істейтіндердің саны, барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдер.
      8. Ерлер мен әйелдердің жалақысының қала-ауыл бөлінісіндегі арақатысы.
      9. Ауылдық жерде жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдер.
      10. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жас шамасы, қала-ауыл бөлінісіндегі деңгейі.
      11. Ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ұзақтығы.
      12. Азық-түлік себетінің құнынан төмен кіріс кіретін халықтың үлесі, барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдер, қала-ауыл.
      13. Кедейшілік шегінен төмен өмір сүретін адамдардың саны, барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдер.
      14. Ауыл шаруашылығымен байланысы жоқ еңбек салаларындағы ақы төленетін жұмыс орындарындағы әйелдердің үлесі.
      15. Әлеуметтік төлемдер (жәрдемақылар мен зейнетақылар, олардың ортада мөлшері) алушылардың барлығы, соның ішінде ерлер, әйелдердің саны.
      16. Бір асыраушысы бар үй шаруашылықтарының жыныс бойынша бөліністегі саны.

  4-БӨЛІМ. ГЕНДЕРЛІК БІЛІМ БЕРУ. ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ГЕНДЕРЛІК
ОҚУ-АҒАРТУ МАҚСАТЫ

      Білім беру жүйесіне гендерлік білім-білікті енгізу. Қоғамды ерлер мен әйелдер арасындағы құқықтық және гендерлік теңдіктің, әділетті әлеуметтік қарым-қатынастың қажеттігін түсінетіндей етіп оқыту бойынша ағарту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      1999 жылғы санақтың деректері бойынша 15 және одан жоғары жастағы халықтың сауаттылығы 99,5 %-ды құрайды. Білім беруге қол жеткізе алу индексі 1999 жылғы 0,927-ден 2004 жылғы 0,944 %-ға дейін өскен.
      Жасы 15-тегі және одан үлкен халықтың жалпы санынан әйелдердің 33,5 %-ның және ерлердің 40,0 %-ның жалпы орта білімі, әйелдердің 24,6%-ның және ерлердің 19,9 % арнайы орта білімі бар.
      Жоғары білімі бар әйелдердің үлесі 13,2 %-ды, ерлердің үлесі - 12,0 %-ды құрайды.
      6-24 жастағы білім алушыларды оқумен қамтудың (мектептерде, кәсіптік-техникалық мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында) жиынтықты үлесі 2004/2005 оқу жылының бас кезіне қарай 74 %-ды құрады. Әйелдердің арасында бұл көрсеткіш 75 %, ерлер арасында - 73 % деңгейінде қалыптасты.
      Тұтастай алғанда елдің білім беру жүйесінде әйелдер басым. Жалпы орта білім беру ұйымдарында әйел оқытушылардың саны басым (80 %), мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуды әйел тәрбиешілер ғана жүзеге асырады. Облыстардың, Астана қаласы мен Алматы қаласының білім департаменттерінің 16 бастығының арасында 6 әйел бар (37,5%).
      Білім берудің барлық сатыларындағы (6 мен 24 жас арасы) әйел жынысты оқушыларды қамту 81,1 %-ды, ер жыныстыларды - 70,9 %-ды құрайды. Жалпы орта білім алмаған бозбалалардың үлесі қыздардың үлесінен екі есе жоғары.
      Бастапқы кәсіптік білім беру жүйесінде хатшы-референт, тігінші, аспаз, шаштараз және басқа сияқты мамандықтар бойынша 99,8 %-ды қыздар құрайды. Жалпы орта білім беретін мектептердің оқулықтарына гендерлік сараптама жүргізілді. Балалардың санасында орнытып, қайта жаңғыратын гендерлік ассиметрия анықталды, бұл орайда ұл балалар мен қыз балалардың ескірген таптаурын рөлдері сіңіріледі.
      Мектепке дайындық сыныптарына (6-7 жас), 1-4 сыныптарға және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған гендерлік білім беру жөніндегі оқу бағдарламалары әзірленді, 2005 жылы олар 5-11 сыныптар үшін де әзірленетін болады. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған оқу құралдарын әзірлеу жүріп жатыр.
      Жоғары білім жүйесіне гендерлік әдістерді енгізу мақсатында студенттерге арналған "Гендер теориясына кіріспе" атты оқу-әдістемелік курс енгізілді.
      Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зертеу институты құрылды. Олар педагогикалық мамандықтар бойынша оқып жүрген жоғары оқу орындарының студенттері үшін қазақ және орыс тілдерінде "Гендерлік білім негіздері" оқу құралы, сондай-ақ бүкіл білім беру жүйесі үшін гендерлік көрсеткіштер әзірледі.
      ЮНЕСКО-ның қолдауымен "Баршаға арналған білім" ұлттық бағдарламасының шеңберінде гендерлік білім беру бойынша жоба іске асырылуда.
      Гендерлік курстар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (социология, психология, педагогика, тарих, құқық, әлеуметтік жұмыс, филология бөлімдерінде), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында, Қарағанды, Өскемен, Орал, Талдықорған, Семей, Қостанай қалаларының университеттерінде және т.б. оқытылады.
      Ішкі істер министрлігінің жүйесінде колледждердің оқу бағдарламаларына "Ішкі істер органдарының гендерлік проблемалары мен міндеттері" тақырыбы бойынша факультативтік сабақтар (10 сағат) енгізілген. Гендерлік мәселелер "Жедел іздестіру қызметі" және "Қылмыстық құқық" курстарын өткізу кезінде сөз болады.
      Сонымен бірге өткізіліп жатқан барлық іс-шаралар шашыранды сипатқа ие. Халыққа гендерлік білім беру мен құқықтық жағынан оқу-ағарту жөнінде ойластырылған саясат қажет.

  Күшті жақтары

      Гендерлік білім беру қоғам өмірінің барлық деңгейлерінде және барлық салаларында гендерлік теңдік саясатын жүргізуге ықпал етеді.
      Жалпы білім беретін мектептердің оқулықтарына гендерлік сараптама жүргізілді, бағдарламалар мен оқулықтар әзірленуде, ал жақын арадағы жылдарда олар білім беру жүйесіне енгізілетін болады.
      Әйелдердің білім деңгейі жоғары.
      Қазақ қыздар педагогикалық институтында Әлеуметтік және гендерлік зерттеулердің ғылыми-зертеу институты (2000 ж.), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Гендерлік білім беру орталығы (2005 жыл) және басқа да зерттеу орталықтары құрылды. Білім берудің түрлі салаларында гендерлік зерттеулер жүргізіледі.
      Гендерлік ағарту мәселелерімен айналысатын әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары жұмыс істейді.
      Әйелдерді саяси және экономикалық жағынан ілгерілету мәселелері бойынша оқыту жүргізіледі.

  Әлсіз жақтары

      Қоғамның елеулі бөлігі гендерлік оқу-ағартудың және гендерлік білім беру жүйесін құрудың маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсінбейді.
      Арнайы құқықтық білімнің болмауы ерлер мен әйелдердің құқықтарын қорғауды толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
      Әйелдерге ақысы төленбейтін үй жұмысының негізгі бөлігі жүктелген, осыған байланысты біліктілігін арттыруға және өздігінен білім алуға олардың уақыты аз қалады.
      Гендерлік білім беру бойынша ауқымды зерттеулер жеткілікті түрде жүргізілмейді.
      Гендерлік білім беру бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдары аз шығарылған. Кітапханаларда олар іс жүзінде болмайды.

  Мүмкіндіктер

      Ғылыми-зерттеу орталықтарының гендерлік теңдік проблемаларын зерделеу жөніндегі қызметін жандандыру негізгі стратегиялық міндеттерді шешуге ықпал ететін болады.
      Гендерлік пәндерді оқыту ерлер мен әйелдер арасындағы тең құқықтылыққа, төзімділікке, адамның өз қабілеттерін жан-жақты көрсетуге және өзіндік басының ерекшелігіне деген құқықтарын құрметтеушілікке негізделген қарым-қатынас мәдениетінің дамуын жеделдетеді.
      Халықаралық ұйымдар гендерлік білім беру бағдарламаларын қолдауды жүзеге асырады.
      Әр түрлі келісімдердің шеңберінде мамандарды гендерлік білім беру бойынша шетелдерде және ТМД-ға қатысушы елдерде даярлау мүмкіндігі бар.
      Гендерлік білім беру және ерлер мен әйелдерді экономикалық жағынан ілгерілету мәселелерімен айналысатын ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнатылуда.
      Үкіметтік емес ұйымдар өздерінің гендерлік білім беру мәселелері бойынша қызметін жандандыра түсуде.

  Қатерлер

      Гендерлік оқу-ағарту мәселелеріне жеткілікті түрде назар аудармау қоғамдағы демократиялық процестердің даму қарқынын төмендетуі мүмкін.
      Білім деңгейінің жоғары болуы жұмыс істейтін маман әйелдердің кәсіптік және лауазымдық өсу перспективаларына кепілдік бермейді.
      Республика азаматтарының қалың көпшілігінің гендерлік сауатының деңгейі төмен болуына байланысты ерлер мен әйелдердің құқықтары жеткілікті түрде іске асырылмайды.
      Азаматтардың өз құқықтарын жеткіліксіз білуі олардың бұзылуы жөнінде талап-арыз беру мүмкіндіктерін пайдалануды шектейді.
      Гендерлік ағарту қажеттілігі туралы ақпараттық науқандардың болмауы қабылданатын шаралардың тиімділігін кемітеді.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Тиімді жұмыс істейтін гендерлік білім беру жүйесін құру.
      Халықтың барлық топтарына арнап кең ауқымды гендерлік ағарту ісін ұйымдастыру үшін жағдайлар жасау.
      Саясаткерлер мен көшбасшылардың - әйелдер мен ерлердің гендерлік санасын қалыптастыру.
      Ерлер мен әйелдерді саяси және экономикалық жағынан ілгерілету мәселелері бойынша оқыту.
      Гендерлік аспектіні ескере отырып, адам құқықтары бойынша сауат ашу саласында оқу бағдарламаларын әзірлеу.
      Қолданыстағы бағдарламаларды мониторингтеу мақсатында гендерлік теңдік мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Білім беру жүйесіне гендерлік білім-білікті енгізу, халықты гендерлік ағартудың тиімділігі жұмыс істейтін жүйесін құру. Осы мақсатта:
      білім берудің барлық деңгейлеріндегі оқу бағдарламаларына гендерлік құрауышты енгізу. Мектеп жасына дейінгі білім беру мекемелерінің, мектептердің, орта арнайы және жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тиісті түзетулер жүргізу;
      педагогтар (мұғалімдер), білім беру ұйымдарының (мектепалды даярлаудың, мектептердің, жоғары оқу орындарының) оқытушылары үшін оқыту пакетін әзірлеу;
      жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары мен оқулықтарға гендерлік сараптама жүргізу;
      педагогикалық жоғары оқу орындарында гендерлік білім беру саласындағы мамандар даярлауды ұйымдастыру. Білім беру жүйесінің педагогтары (мұғалімдері), оқушылары, мамандары үшін гендер-тренингтер өткізу;
      жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтардың аясында гендерлік білім беру бойынша мамандандыру ісін ұйымдастыруды ұсыну;
      мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың, жалпы орта, кәсіптік білім берудің, соның ішінде жоғары оқу орындарынан кейін білім берудің барлық деңгейлерінің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан оқу орындары тәрбиешілерінің, мұғалімдері мен оқытушыларының гендерлік білім беру саласындағы біліктілігін арттыру жобаларына қолдауды кеңейту;
      ата-аналарды гендерлік ағарту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу және енгізу;
      гендер проблемалары бойынша оқу-әдістемелік әдебиет пен бейнефильмдер шығару. Гендерлік білімдерді насихаттау үшін "Гендерлік білім беру" ақпараттық бюллетеньдерін шығаруды ұйымдастыру;
      білім беру саласындағы гендерлік теңгерімсіздік проблемасын шешуге ерлер мен әйелдердің білім беру ісінің барлық деңгейлеріне тең қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетіктерді жасау;
      білім берудегі гендерлік көрсеткіштерді және гендерлік статистиканы жетілдіру;
      қыз балалар мен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтетін гендерлік көрсеткіштерді ескере отырып гендерлік зерттеулер жүргізу;
      гранттар мен демеушілік қаражат есебінен әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының және гендерлік проблемалармен айналысатын басқа да институттардың мәртебесін көтеру және материалдық-техникалық базасын нығайту;
      Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру республикалық институтының (БЖ РБАИ), өңірлік БАИ-лардың мұғалімдердің гендерлік білім бойынша біліктілігін арттыру жөніндегі курстарды ұйымдастыруы.
      Қызметтің түрлі салаларында мамандар даярлау кезінде арнайы гендерлік білім беру курстарын енгізуді ұсыну.
      Барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер, Парламент пен мәслихаттардың депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері үшін гендерлік оқу-ағарту жүйесін құру.
      Саясаткерлердің, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсіподақтар өкілдерінің, журналистердің гендерлік санасын қалыптастыру мақсатында гендерлік сезімталдықты күшейту практикасын кеңейту.
      Гендерлік саясатты жүргізу үшін жауапты адамдар үшін арнайы курстар енгізу.

  Көрсеткіштер:

      1. Білім беру жүйесіндегі басшылық деңгейіндегі ерлер мен әйелдердің арақатысы.
      2. Гендерлік сезімталдық оқу бағдарламалары мен курстарының саны.
      3. Орта кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде ауыл қыздары үшін арнайы квотаның болуы (ауыл шаруашылығы, медицина, техникалық мамандықтар, құқық, қызмет көрсету саласы, мәдениет).
      4. Жоғары білімді әйелдердің үлесі.
      5. Ғылыми дәрежесі бар әйелдердің үлесі.
      6. Ғылымдағы ерлер мен әйелдердің арақатысы.
      7. Қуатты ведомстволардың білім беру жүйесінде оқып жатқан әйелдердің үлесі.

  5-БӨЛІМ. ЕРЛЕР МЕН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҰРПАҚТЫ БОЛУ ДЕНСАУЛЫҒЫН
БЕКЕМДЕУ МАҚСАТЫ

      Халықтың қалыпты өсіп-өнуін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін ерлердің, әйелдер мен жасөспірімдердің ұрпақ әкелетін денсаулығын сақтау және нығайту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруының нәтижесінде бірқатар медициналық-демографиялық оң өзгерістер болды.
      Бала туудың өсу үрдісі байқалды. 2004 жылы бала туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 18,1-ді құрады және 2000 жылмен салыстырғанда 1,2 есе көбейді. Халық санының табиғи түрде өсуі 1,7 есе артты, көрсеткіш 2004 жылы 1000 адамға шаққанда 8,05-ті құрады.
      Сонымен бірге халық арасындағы өлім-жітімнің көбеюі байқалады. 2004 жылы көрсеткіш 1000 адамға шаққанда 10,2 оқиғаны құрады (1999 жылы 10,1), соның ішінде әйелдер - 8,5, еркектер - 11,9. Қайтыс болу себептерінің құрылымында 84%-ы қан айналысы жүйесінің ауруларына, жазатайым жағдайларға, жарақаттар мен улану жағдайларына, ісік аурулары мен тыныс жолдарының ауруларына келеді.
      Нәрестелердің шетінеуі көрсеткішінің төмендегені байқалады, бірақ Еуропаның елдерімен салыстырғанда жоғары болып қалуда және 2004 жылдың бас кезіне тірі туған 1000 нәрестеге шаққанда 14,5 оқиғаны құрайды.
      Аналар арасындағы қайтыс болу көрсеткішінің 2000 жылғы 60,9-дан 2004 жылғы 100 мың тірі туған нәрестеге шаққанда 36,9 оқиғаға дейін төмендегені байқалады. Алайда бұл Еуропалық қоғамдастықтағы орташа деңгейге қарағанда 4 есе жоғары және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айқындамасы бойынша шекті деңгейден 3 есе жоғары.
      Туберкулез, АҚТҚ/ЖҚТБ, нашақорлық, маскүнемдік сияқты бірқатар әлеуметтік мәні бар және қатерлі аурулардың көрсеткіштері жоғары болып қалып отыр.
      Өршімелі туберкулезбен ауыру әйелдердің арасында 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 130,3, ерлердің арасында 178,8 оқиғаны құрады.
      Жыныстық жолмен берілетін аурулар күрделі проблема болып табылады. Мерезбен ауыру 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 79,3 оқиғаны құрады, соның ішінде әйелдердің арасында - 78,1, ерлердің арасында - 79,8, гонококк жұқпасымен ауыру 100 мың адамға шаққанда 76,2 оқиғаны құрады.
      Наркологиялық дімкәстікпен бастапқы сырқаттанушылық көбейді. 2000 жылғы 294,9 оқиғамен салыстырғанда ол 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 404,1 оқиғаны құрады.
      Есірткіге тәуелділікпен есепте 50 мыңнан астам адам тұрады. Есірткіге бой ұрған әйелдер санының арту үрдісі байқалады. Мысалы, егер 2000 жылы есепте 3,8 мың әйел тұрған болса, ал 2004 жылы - 5 мыңнан астам әйел тұрды.
      Республикада АҚТҚ жұқпасы бар 4696 адам, соның ішінде - 874 әйел тіркелген. Олардың арасында 229 жүкті әйел болды, оның 89-ы босанды, 91 нәресте туылды.
      Қан аздығымен ауыру өзекті проблема болып отыр. 2004 жылы диспансерлік есепте тұратын, қан аздығымен ауыратын науқастардың саны 296,8 мың адамды құрады, олардың ішінде жартысынан астамы (52,4 %) - 14 жасқа дейінгі балалар.
      Қан аздығымен және Орталық Азияда кең таралған йод жетіспеу дерттерімен ауырудың алдын алу және санын азайту үшін қазіргі уақытта елде ас тұзын йодтандыру және ұнды темір препараттарымен және витаминдермен байыту жүргізілуде.
      Қатерлі ісіктермен сырқаттанудың да өсу үрдісі бар. 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда оның көрсеткіші ерлер арасында - 4,2 %-ға, әйелдер арасында - 9,2 %-ға көбейді. 2004 жылдың соңына қарай есепте тұратын науқастардың саны барлығы 114628 адамды құрады.
      Осы аурулардың барлығы еркектер мен әйелдердің ұрпақ әкелу денсаулығына әсерін тигізеді. Ұрпақты болу, денсаулығын сақтау, отбасын жоспарлау, контрацептивтер қолдану және т.б. бойынша іске асырылып жатқан іс-шаралар жағдайдың жақсаруына әзірге елеулі әсер етіп жатқан жоқ.
      Соңғы үш жылдың ішінде халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған бірқатар заңдар қабылданды. Олардың ішінде "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы бар.
      Қазіргі кезде ерлердің денсаулығы едәуір өзекті әлеуметтік проблема болып табылады. Олар үшін еңбекке қабілетті жаста (16-62 жас) қайтыс болу тән - 100 мың адамға шаққанда 957,23 жағдай, әйелдерде (16-57 жас) бұл көрсеткіш 3 есе төмен - 313,37.
      Мұның себебі жүйкеге күш түсу, жүйке тозуы, ширыққан жұмыс ырғағы, жүрек-қан тамыры аурулары, атеросклероз, өкпе рагы, ішімдік пен есірткіні пайдалану, жарақаттанудың жоғары деңгейі және басқалар болып табылады.
      Ерлердің ұрпақ әкелу денсаулығына жыныстық жолмен берілетін аурулар, қуық безі мен ұрық арқауының аурулары, белсіздік және басқалары әсер етеді.
      Әйелдердің денсаулығы аса үлкен алаңдаушылық тудырады. Олардың денсаулығының индексі 20-30 %-ды, жекелеген аймақтарда - 10 %-ды және одан да төмен көрсеткішті құрайды.
      Әйелдерде көбінесе гипертония, невроздар байқалады, олар жыныстық жолмен берілетін аурулардан, бедеуліктен, сүт безі рагынан, остеопороздан және басқа аурулардан көбірек зардап шегеді. Әйелдердің 60 %-дан астамы анемиядан зардап шегеді.
      Аборт аналардың өлімінің басты себептерінің бірі болып қалып отыр. Аборттан туындаған асқынулар 2004 жыл ішінде 1826 оқиғаны, аборттан қайтыс болу - 1,2 промиллені құрады.
      Аборттардың саны 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда бала туатын жастағы 1000 әйелге шаққандағы 30,9-дан 30,3-ке дейін шамалы ғана төмендеді. Аборттардың ең көп саны 19-34 жас тобында (75 %), жасөспірімдерде (15-18 жас) - 4,9 % тіркелген.
      Бала туатын жастағы әйелдердің 38,3 %-ы контрацепцияның қандай да бір түрлерін қолданады. Контрацепцияның негізгі әдісі жатыр ішіне салынатын спираль болып қалып отыр - 62,5 %.
      Некеде тұрғандардың шамамен 16 %-ы баласыз, бұл үшін ерлер де, әйелдер де тең дәрежеде жауапты. Қазіргі кезде бедеулікті емдеудің жаңа бағыты - ұрпақ әкелетін көмекші технологиялар жасалған, оларды ел халқының өсіп-өнуін жақсарту үшін дамыту қажет.
      Сүт безінің қатерлі ісігімен әйелдердің сырқаттануы 2000 жылғы 100 мың әйелге шаққандағы 33,9-дан 2004 жылы 38,9-ға дейін көбейді. Олардың үлесіне әйелдердің ұрпақ әкелу жүйесінің онкологиялық ауруларының жартысынан астамы келеді.
      Жасөспірімдердің денсаулық жағдайына жасалған талдау жасөспірім қыздардың денсаулық индексінің деңгейі төмен екенін куәландырады, олардың әрбір екіншісінің дерлік (46,9 %) қандай да бір аурулары бар. Гинекологиялық патология тексерілген 100 мың қыз балаға шаққанда 1466 қызда байқалды. Олардың жартысынан астамының ұрпақ әкелу жүйесінде дисфункционалдық ахуал бар.
      Жасөспірімдер арасындағы аборттардың үлес салмағы 2004 жылғы деректер бойынша 5 %-ды,   жасөспірімдердің жүктілігінің көрсеткіші 1000 қыз балаға шаққанда 22,9-ды құрады. Басты себептері - ақпараттың жоқтығы, зиянды әдеттер, ата-аналар жауапкершілігінің төмендігі, жастар арасында есірткі құмарлық пен маскүнемдіктің таралуы.

  Күшті жақтары

      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы қабылданды.
      Денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеп тұрған медициналық мекемелердің базасында ерлердің денсаулығын қорғау жүйесін құру үшін мүмкіндіктер бар.
      Ерлердің өздерінің ұрпақты болу денсаулығын ұзартуға, неғұрлым биік деңгейдегі өмір сүру сапасына қол жеткізуге деген ынтасы.
      Әйелдердің денсаулығын қорғау жөнінде қызметтер көрсететін медициналық ұйымдардың жүйесі дамыған.
      Әйелдердің ұрпақты болу денсаулығының мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар құрылған.
      Қоғам жасөспірімдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнінде кейінге қалдыруға болмайтын шараларды қолдану қажеттігін түсінді:
      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында кәмелетке толмағандардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау туралы  бап бар;
      Осы Заңға сәйкес жасөспірімдерді отбасылық өмірге дайындау Білім және ғылым министрлігінің міндетіне енгізілген.

  Әлсіз жақтары

      Ерлердің ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнінде мақсатты түрде бағытталған саясат жоқ:
      ерлер дәрігерге сирек қаралады, сирек тексеріледі, профилактикалық шараларды елеусіз қалдырады және соның салдарынан аз өмір сүреді;
      денсаулық сақтау органдары ерлердің денсаулығын сақтауға аса назар аудармайды;
      денсаулық сақтау жүйесінде ерлерге арналған арнайы инфрақұрылым құрылмаған;
      денсаулық сақтау мәселелері жөнінде ерлердің хабардар етілуі төмен.
      Әйелдердің ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөніндегі тиімді тетіктері жеткіліксіз:
      әйелдердің ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мәселелері жөнінде ақпараттық науқандар өткізілмейді;
      әйелдердің, әсіресе жүкті әйелдердің тамақтануы жеткіліксіз;
      неғұрлым сапалы ем алу үшін әйелдердің ресурстары мен қаржы қаражаты жеткіліксіз.
      Жасөспірімдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтау мен білікті медициналық көмек алу мәселелерінде хабардарлығы мардымсыз. Бұл бағыттағы мақсатты жұмыс жеткілікті дәрежеде ұйымдастырылмаған.

  Мүмкіндіктер

      Ұрпақты болу денсаулығының проблемаларын шешуге барлық жұртшылықты, денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін және т.б. тарту.
      Қоғамдық денсаулық сақтауды пайдаланудың кең мүмкіндіктері.
      Ел басшылығының ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын жақсарту қажеттілігін түсінуі.
      Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтауға қолдау көрсетуі.
      Әр түрлі келісімдердің шеңберінде мамандарды шетелдерде және ТМД елдерінде даярлау мүмкіндігі.
      Ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мәселелерімен айналысатын ұлттық, өңірлік және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнату.
      Ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жандандыру.

  Қатерлер

      Ерлер денсаулығының дағдарыс ахуалы сақталуда:
      ерлердің мезгілсіз қайтыс болуының деңгейі жоғары;
      ерлердің есірткі қолдануға және ішімдік ішуге бейімдігі;
      ерлердің өзіне-өзі қол көтеру жағдайларының көбеюі. Ерлер мен әйелдер арасында өзіне-өзі қол көтеру жағдайларының арақатысы 3:1-ді құрайды;
      ерлер әйелдерге қарағанда денсаулық пен өмір сүру үшін жоғары қатері бар жұмыстарда көбірек істейді.
      Гестоздармен, акушерлік қан кетулермен, септикалық асқынулармен қатар аборттардың таралуының жоғары деңгейі, аналар өліміне, бедеулігіне себеп болады.
      Жүкті әйелдердің денсаулығының төмен индексі жүктілік пен босанудың күрделілігіне әкеледі.
      Балалардың денсаулығына ата-аналарының маскүнемдігі мен нашақорлығы кері әсер етеді.
      Балаларға мерез бен АҚТҚ жұқпасы тікелей берілуі мүмкін.
      Жасөспірімдердің денсаулығы алаңдаушылық туғызады. Жастардың елеулі бөлігі әскери қызметке жарамсыз деп танылады.
      Жастардың арасында нашақорлық пен ішімдік ішу кең таралған.
      Елдің бірқатар өңірлеріндегі қолайсыз экологиялық ахуал халықтың ұрпақ әкелу денсаулығының жағдайына кері әсерін тигізеді.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Ұрпақты болу денсаулығын сақтау саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі жетілдіру.
      Халықтың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететін аурулардың деңгейін төмендету.
      Жасөспірімдер мен жастардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау шаралар кешенін қолдану.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының  Заңын іске асыру мақсатында халықтың ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнінде шаралар қолдану.
      Жоғары қатер топтарын қазіргі заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану.
      Сенім телефондары, дағдарыс орталықтары желісін, психиатр дәрігерлердің, психологтардың, психотерапевтер мен әлеуметтік қызметкерлердің қызметін дамытуды қоса алғанда, өзіне-өзі қол көтеру жайттарының алдын алу жөнінде шаралар қолдану.
      Халықтың арасында ерлердің де, сондай-ақ әйелдердің де контрацепциясының қазіргі заманғы құралдары саласындағы білімін арттыру жөнінде ақпараттық жұмыс жүргізу.
      Ерлердің өз денсаулығын сақтау жөнінде жауапкершілігін арттыру, ерлер денсаулығының түрлі мәселелері бойынша тегін ақпарат беру, отбасы мәселелері бойынша консультация беруді қамтамасыз ету.
      Ана мен баланы қорғау саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, аталған қызметті дамытудың басымдығын қамтамасыз ету және оны қаржыландыруды жақсарту.
      Әйелдердің денсаулық индексін жоғарылату мақсатында:
      қан аздықпен, сүт бездері рагымен ауыруды азайту;
      жұмыс істеп тұрған онкологиялық диспансерлердің базасында сүт бездерінің рагын ертерек анықтауға (скрининг) арналған орталықтар құру;
      отбасын жоспарлау және аборттар санын азайту жөнінде шаралар кешенін жүзеге асыру;
      жыныстық өмір мен бала туу, ана болудың қауіпсіздігі және бала емізу, тамақтану, психобелсенді заттарға бой ұру, адамдардың денсаулығына және аман-есен болуына ғұмыр бойында әсер етуі мүмкін қолайсыз экологиялық факторлардың әсер етуі мәселелері бойынша оқу-ағартуға халықтың қол жеткізе алуын қамтамасыз ету;
      ұрпақты болу функцияларын қалпына келтіру мен осы салада зерттеулер жүргізу әдістерін әзірлеу мен енгізуді, сүт безінің рагы, жыныс жолдарының жұқпасы, жыныс аурулары, АҚТҚ/ЖҚТБ сияқты денсаулыққа айрықша күрделі немесе өзіндік түрде әсер ететін аурулардың биомедициналық, эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық жақтарын зерделеуді нормативтік құқықтық қолдауды қамтамасыз ету;
      ерлер мен әйелдердің бедеулігінің алдын алуды (ерте бала жасынан бастап) жүргізу және емдеу бойынша шаралар қабылдау;
      ДДҰ ұсынған тірі туылу өлшемдеріне көшуді қамтамасыз ету;
      жүкті әйелдерді қосымша тамақтандыруға, сондай-ақ балаларды мектепте тамақтандыруға қол жеткізу;
      егде адамдардың белсенді өмірін ұзарту үшін олардың денсаулығын сақтау жөнінде шаралар қабылдау.
      Жарақат алу мен уланудың алдын алуға, зиянды әдеттерге қарсы күреске бағытталған шараларды жетілдіре отырып, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамыту, бос уақытты ұйымдастыру жолымен жасөспірімдер мен жастардың денсаулығын нығайту:
      жасөспірімдер мен жастардың ұрпақты болу құқықтары мен оларды жүзеге асыру туралы білімін көтеру;
      жасөспірімдер мен жастардың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететін аурулардың деңгейін төмендетуге ұмтылу;
      жасөспірімдер мен жастарды адамгершілік және жыныстық жағынан тәрбиелеуді іске асыру, күтпеген жүктілікті, аборттардың таралуын азайту мақсатында білім деңгейін жоғарылатуға ықпал ету;
      медициналық-әлеуметтік көмек көрсету үлгілерін қалыптастыру, көмекке мұқтаж жасөспірімдер мен жастарды әлеуметтік жағынан оңалтуды жүргізу.

  Көрсеткіштер:

      1. Ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына әсер ететін
аурулардың деңгейі.
      2. Ерлер мен әйелдердің өмірінің ұзақтығын арттыру.
      3. Әйелдердің денсаулық индексі.
      4. Аналар өлімінің деңгейі.
      5. Аналар өлімінің құрылымы.
      6. Жүкті әйелдер арасындағы АҚТҚ таралуының деңгейі.
      7. Аборттардың таралу деңгейі.
      8. Бала туу мекемелеріне уақтылы есепке тұрған жүкті әйелдердің үлесі.
      9. Мамандандырылған бала туу мекемелерінде, өзге де медициналық мекемелерде, оның ішінде үйде (бөлек) босану үлесі.
      10. Контрацептивтерді пайдалану деңгейі.
      11. Қан аздығымен, сондай-ақ йод тапшылығына байланысты аурулармен сырқаттану деңгейі.
      12. Жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялардың таралу деңгейі.
      13. Сүт безі рагынан қайтыс болу деңгейі.
      14. 5 жасқа дейінгі жастағы балалар өлімінің деңгейі.
      15. Нәресте жастағы өлім деңгейі.

  6-БӨЛІМ. ҚОҒАМДАҒЫ ЖЫНЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ
АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫ

      Адамдардың зорлық-зомбылықсыз лайықты өмір сүруі үшін жағдайлар жасау. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нысаны ретіндегі зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Зорлық-зомбылықтың барлық көріністерін барлық әлеуметтік салаларда, соның ішінде отбасында түбірінен жою.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      2004 жылы 143 мың қылмыс, соның ішінде әйелдерге қатысты 35 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде 551 кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр нұқсан келтірудің 405 оқиғасы, 1,3 мың әйел зорлау, 1,1 мың ұрып-соғу мен азаптау жайттары. Зинақорлық пен жеңгетайлық жасауға арналған орындарды ұйымдастыру мен ұстауға байланысты 357 қылмыс жасалған.
      Кейбір сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда барлық әйелдердің 60 %-ынан астамы өмірінде ең болмағанда бір рет тәни немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әйел зорлау оқиғаларының сотта қарауға дейін жеткізілуі 10 %-дан төмен. Тұрмыстағы әйелдердің 28 %-ы өз жұбайлары тарапынан болған зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 19 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше құрылды, ол Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік полициясының құрылымдық бірлігі болып табылады.
      Елдің барлық дерлік өңірлерінде әйелдер мен балаларға арналған 38 дағдарыс орталығы ашылды. Олар негізінен халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен ұсталады.
      2004 жылы дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына 27 мыңнан астам қоңырау түсті. Қоңыраулардың басым бөлігі тәни (23 %) және психологиялық (17 %) зорлық-зомбылыққа байланысты болды. Көмек сұрағандардың барлығына консультациялық көмек көрсетілді, олардың көпшілігі - психологтар мен заңгерлердің көмегі.
      2001-2003 жылдары ЮНИФЕМ-мен бірлесіп отырып, "Зорлық-зомбылықсыз өмір - бұл біздің құқығымыз" атты ірі ақпараттық науқан өткізілді.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларын шешуге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты алғаш рет қатыстырылды. Осы мәселелер бойынша сот тәжірибесін жақсарту жөнінде бойынша нақты ұсынымдар қабылданды.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 наурыздағы N 346  қаулысымен Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру ережесі бекітілді.
      "Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиіс адамдардың тобын және зардап шеккендерге көмек көрсетуге тиіс ұйымдарды айқындайды. Зорлық-зомбылықтың одан әрі жолын кесу мақсатында сот практикасына күзет ордерлерін енгізу көзделіп отыр. Заң жобасы елдің барлық дерлік өңірлерінде талқылаудан өтті және Үкіметтің 2007 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының перспективалық  жоспарына енгізілді.
      " Кейбір заңнамалық актілерге заңсыз көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ", " Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне толықтырулар енгізу туралы " Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына толықтыру енгізілді, олар бойынша адамдарды Қазақстанның шегінен тысқары жерлерге заңсыз әкету немесе олардың заңсыз транзиті мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуға тиіс қылмыс болып танылады.
      Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп "Әйелдер трафигінің алдын алу жөніндегі ақпараттық науқан" және "Қазақстаннан, Қазақстанда, ол арқылы және оның ішінде адамдардың саудасына (трафигіне) қарсы күрес" жобалары іске асырылды.
      Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудалауға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Адамдарды сату жөніндегі қылмыстарға қарсы күрес, оларды болдырмау және алдын алу жөніндегі 2004-2005 жылдарға арналған ұлттық жоспар әзірленді.
      2004 жылғы қарашада Қазақстан Адамдарды сатуға және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қарсы күрес туралы  Конвенцияға және аталған Конвенцияға қорытынды хаттамаға қол қойды.
      Адамдарды жыныстық немесе басқа жолмен пайдалану үшін заңсыз тарту (трафик) фактілері бойынша 1999 жылы - 8, 2000 жылы - 3, 2001 жылы - 5, 2002 жылы - 0, 2003 жылы - 4, 2004 жылы - 14 қылмыс тіркелген.

  Күшті жақтары

      Гендерлік теңдік мәселелері бойынша қоғамда оңды өзгерістер байқалады, бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбірімен жоюдың басты факторлардың бірі болып табылады.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейі туралы ақпарат беретін статистикалық ақпарат алудың тетігі жолға қойылған.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпараттық деректер қоры құрылып, қалыптастырылуда.
      Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылының тетігі жолға қойылған және оның нормативтік базасы бар.
      Коммерциялық жыныс қатынасы және жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатер келтіру мәселесіне қоғамның назары аударылды.
      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның көмегімен және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) техникалық қолдау көрсетуімен әлеуметтік-психологиялық қызметтің ғылыми-тәжірибелік орталығы "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мінез-құлыққа үйрету" жобасын іске асырды. 5-10 сынып оқушылары үшін оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдістемелік жиынтық әзірленді. Пысықталғаннан кейін оларды білім беру жүйесіне енгізу жөнінде шаралар қолданылатын болады.

  Әлсіз жақтары

      Көтеріліп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ойдан шығарылған, отбасы - бұл қоғамның қол сұғылмауға тиіс ұяшығы, сондықтан оның ішкі істеріне араласуға жол берілмеуге тиіс деген қалыптасқан таптаурын бар. Үй ішіндегі зорлық-зомбылық құрбандарының жартысы моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағынбайды.
      Ішкі істер органдарының әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын бөлімшелері техникалық жағынан әлсіз жарақталған, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге нақты көмек көрсету үшін жеткілікті мүмкіндіктері жоқ.
      Әйелдер трафигі елеулі әлеуметтік құбылысқа айналуда. Сонымен қатар, оның ауқымы, нысандары мен түрлері туралы ақпарат сөзсіз жеткіліксіз.
      Трафиктің құрбандары, әдетте, визасыз және төлқұжатсыз немесе жалған паспорттармен қалады да, заңсыз мигранттарға айналып, соның салдарынан өмір сүру мен жұмыс істеудің құқыққа қайшы жағдайларына қарамастан, олар құқық қорғау органдарымен байланыс жасауды қаламайды.

  Мүмкіндіктер

      Мемлекеттік бағдарлама жасау және биліктің барлық деңгейлері мен барлық бөлімшелерін зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күреске қосу.
      Қоғамдық бірлестіктерді жандандыру және бастамашылық топтардың ауқымды бөлігін зорлық-зомбылықты болдырмау мен түбірінен жою жүйесіне тарту.
      Зорлық-зомбылық нышандары бар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтін заңнаманы жетілдіру, оны халықаралық нормаларға сәйкес келтіру.
      Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған дағдарыс орталықтары мен панажай желісін дамыту. Келешекте олар отбасы мен балаларға әлеуметтік қызмет көрсетудің барлық мекемелері үшін әдістемелік және ақпараттық базаға айналуы мүмкін.
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдар саудасына қарсы тұру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау.
      БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясын бекіту. Оқып-үйрету және зорлық-зомбылықты ерте, бастапқы сатысында анықтау жолымен үйдегі зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу.

  Қатерлер

      Гендерлік ассиметрия адамдық қарым-қатынастар жүйесіне негіз бола отырып және ерлердің артық "жаратылғаны" туралы түсінікке негізделген кез келген зорлық-зомбылық көріністеріне дем беруші орта ретінде әрекет ете отырып, жағымсыз түрлерге ие болуы мүмкін. Оның үстіне, ол зорлық-зомбылық көріністеріне тап болған тұлғаның күйреуіне әкеледі.
      Зорлық-зомбылықтың салдарлары өмірдің барлық қырларына әсер етеді. Бұл әлеуметтік оқшаулануға және қоғамға қарсы мінез-құлыққа, экономикалық мүмкіндіктердің шектелуіне, саяси, қоғамдық немесе білім беру қызметіне қатысуға деген құлықтың болмауына әкелуі мүмкін. Зорлық-зомбылық тұлғаның және қоғам өмірінің барлық қырларына теріс әсерін тигізеді. Ол оны көзімен көрген балаларға күшті әсер етеді. Зорлық-зомбылыққа шыдамдылықпен қарау және оны жасау - бұл келісілген және мақсатқа бағытталған іс-қимылдар арқылы ғана үзуге болатын шеңбер.
      Кең таралған таптаурындардың салдарынан ерлер өздерінің зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы сирек айтады. Олар "ер-азаматқа тән төзімділік" танытуға тиіс деп саналады.
      Отбасындағы зорлық-зомбылық - ерлер мен әйелдердің өзіне-өзі қол көтеруінің, кісі өлтіру мен ауырлығы орташа дене зақымдарының себептерінің бірі, сондай-ақ балалардың, жасөспірімдер мен жастардың арасындағы қылмыстың басты себептерінің бірі.
      Трафиктің құрбандарына қатысты адам құқықтары, соның ішінде өмір сүруге, жеке бостандығына, заң алдындағы теңдікке, жүріп-тұру мен некеге тұру бостандығына, босқа тұтқындалудан және ұсталудан қорғалуға деген құқығы жиі бұзылады.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Зорлық-зомбылықты және жезөкшелік пен адамдарды саудалауға байланысты қылмыстарды болдырмау жөніндегі ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту және оны айтарлықтай төмендетуге қол жеткізу.
      Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына нақты көмек көрсететін, уақытша баспана беріп, материалдық қолдау жасайтын әлеуметтік қызметтерді дамыту. Зорлық-зомбылық құрбандарын еңбекпен емдеу және еңбекпен оңалту.
      Зорлық-зомбылықтың барлық көріністерінің қауіптілігі туралы халықты оқу-ағарту жөнінде ақпараттық науқандар өткізу.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы  конвенциясының ережелерін сот практикасында қолдану.
      БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясын және оның хаттамаларын бекіту.
      Отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде қарастыратын "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына шет елдердегі және елдің ішіндегі трафиктің құрбандарын, соның ішінде адамдарды саудалады деген күдікті адамдарға қарсы сот процестеріне куәгерлік жасайтындарды қорғау мәселелері бойынша тиісті өзгерістер енгізу.
      Адамдарды (соның ішінде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығын құру мүмкіндігін қарастыру.
      Қазақстаннан және ТМД-ға қатысушы елдерден келген трафик құрбандарының шетелде болуының мән-жайы анықталғанға дейін оларды орналастыра тұру үшін мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде оңалту орталықтарын құру мәселелерін қарастыру.
      Үй ішіндегі зорлық-зомбылықты жасағаны үшін кінәлі адамдарға шара қолдану жөнінде іс жүргізу әрекеттерін оңайлату жөнінде шаралар қолдану.
      Зорлық-зомбылықтың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерін нығайту.
      Қолдау көрсетуге, зорлық-зомбылықтан қорғауға, оңалтуға және уақытша баспана берілуіне мұқтаж әйелдерге тұрақты қамқорлық жасауды жүзеге асыру.
      Ерлер мен әйелдерге олардың өмірдегі күрделі жағдайларды жеңіл шығуы үшін жеке мүмкіндіктері мен ішкі ресурстарын жұмылдыра білу проблемаларын шешуге психологиялық қолдау көрсету.
      Зорлық-зомбылықты, соның ішінде трафикті болдырмау проблемаларымен байланысты ақпараттық-насихаттау және білім беру жұмысын (оқып-үйрету бағдарламалары, буклеттер мен бюллетеньдер шығару) жүргізу.
      Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін таратуға жәрдемдесу. Әйелдердің саяси және құқықтық мәдениетіне жеке және корпоративтік тұрғыдан өзіне-өзі баға беруін көтеру жолымен зорлық-зомбылықты түбірімен жоюға өздерінің қатыстылығын түсінуіне жәрдемдесу.
      Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп құқық қорғау және әділет органдарында жұмыс істейтін мамандарды, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерін гендерлік оқытуды тұрақты түрде жүргізу.
      Әлеуметтік мәні бар жобаларға берілетін мемлекеттік гранттар есебінен дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету.
      Ерлерге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары, отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ нәпсілік қол сұғудың салдарларын бағалау жөнінде арнайы ғылыми зерттеулер жүргізу.
      Зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу мақсатында қиюы қашқан отбасылармен және халықтың ықтимал контингентімен алдын алу жұмысын жүргізу.
      Білім беру жүйесіне "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мінез-құлыққа үйрету" бағдарламасын енгізу.
      Еңбек ұжымдарында жынысына байланысты кемсітудің кез келген түрлеріне, сөз жүзіндегі зорлық-зомбылыққа, нәпсілік қол сұғуға және әйелдер мен еркектердің абыройын түсіретін басқа да мінез-құлық түрлеріне тыйым салу жөнінде жұмыс жүргізу.

  Көрсеткіштер:

      1. Тиісті заңдардың ("Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және т.б.) және тиісті іске асыру тетіктерінің болуы
      2. Өткен жыл ішіндегі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны
      3. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің саны
      4. Дағдарыс орталықтарының, соның ішінде панажайлар саны (көмек сұраған ерлер мен әйелдердің саны, барлығы, соның ішінде зорлық-зомбылық түрлері бойынша)
      5. Гендерлік зорлық-зомбылыққа арналған теле-, радиобағдарламалары хабарларының, ақпараттық роликтердің, жарияланымдардың саны.

  7-БӨЛІМ. ОТБАСЫНДАҒЫ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ.
ОТБАСЫН НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕНІҢ РӨЛІН КҮШЕЙТУ МАҚСАТЫ

      Отбасы және отбасы-неке қарым-қатынастары институтын нығайту, отбасының беделін көтеру, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ететін және азаматтық қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының факторы болып табылатын отбасы қарым-қатынастарында гендерлік теңдікке қол жеткізу.
      Гендерлік теңдік қағидаларына бағдар алған эгалитарлық отбасының жаңа үлгілерін қалыптастыру. Ерлерді үй жұмысы саласына және балаларды тәрбиелеу процесіне тарту.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан Республикасының Конституциясының  27-бабына сәйкес "Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады".
      "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының   Заңы отбасы-неке қатынастарын белгілейді және реттейді. Олардың басты қағидаттары - отбасындағы ерлі-зайыптылардың құқықтарының теңдігі, балаларды отбасында тәрбиелеудің басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау.
      Халық санағының деректері бойынша (1999 ж.) Қазақстанда 3,5 млн. отбасы бар. Отбасының орташа шамасы - 4 адам, соның ішінде ауылда - 4,6 адам, қалада - 3,6. Некеде әйелдердің 56 %-ы және еркектердің 62 %-ы тұрды.
      Некеге тұрудың орташа жасы ұлғайып келеді. 2004 жылы ол әйелдерде 24,0 жасты, еркектерде - 26,9 жасты құрады.
      Шамамен 1 млн. адам (9,1 %) жесір болып табылады, әрі олардың арасындағы әйелдер саны еркектерге қарағанда 6 есе көп, негізінен үлкен және егде жас есебінен.
      Шамамен 700 мыңға жуық адам (6,4 %) - ажырасқан және айырыласқан азаматтар, мұндағы әйелдердің саны да еркектерге қарағанда екі есе дерлік артық.
      23 жастан асқан әйелдердің 0,5 миллионнан астамында немесе әрбір тоғызыншысында бала жоқ.
      445 мың үй шаруашылығы немесе 11 %-ы балалары бар аналардан ғана тұрады, оның ішінде үштен екісіне жуығы - жасы кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер.
      Отбасы ішіндегі міндеттердің бөлінуі дәстүрлі сипатқа ие және әйелдерді кемсітеді. Еркектердің уақытының бюджеті әдетте еңбекақы төленетін жұмыстан және бос уақыттан құралады, әйелдердікі - еңбекақы төленетін жұмыстан, үй ішіндегі міндеттерден, бала тәрбиесінен және отбасы мүшелерінің қажеттіліктеріне қызмет көрсетуден құралады.

  Күшті жақтары

      Қазақстанда отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша жеткілікті құқықтық база жасалған.
      Қоғамда отбасының маңыздылығын, оның жаңа ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық тұрақтылық пен үдерісті қамтамасыз етудегі рөлін түсіну.
      Отбасы мен балалардың мүдделерін ескеру қажеттігін мойындау, сондай-ақ оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің арнайы шараларын қолдану.
      Отбасының патриархаттық құрылымын іс жүзінде реформалау және гендерлік серіктестік пен ынтымақтастыққа бағдар алған түрлі жаңа үлгілердің пайда болу үрдісі байқалады.

  Әлсіз жақтары

      Бір ата-анадан және балалардан тұратын толық емес отбасылар негізінен аналарға тән болып табылады. 1999 жылғы халық санағына сәйкес басшысы әйелдер болып табылатын толық емес отбасылар 91%-ды құрады.
      850 мыңға жуық адам немесе халықтың 6%-ы отбасынан тыс өмір сүреді.
      Отбасындағы балалар тәрбиесіне әкелердің ықпалы азайды.
      Ажырасу саны артып келеді, отбасының беделі түсуде, отбасының ішкі өміріндегі шиеленіс, әйелдерге қатысты жанжалдар мен зорлық-зомбылық фактілері күшейе түсуде.

  Мүмкіндіктер

      Отбасына қолдау көрсетудің әлеуметтік кепілдіктерін одан әрі жетілдіру оның нығаюына ықпал ететін болады.
      Барлық отбасыларының қолы жете алатын мектептен тыс мекемелер, мектеп оқушыларына арналған жазғы сауықтыру лагерьлері жүйесін дамыту.
      Отбасылы ерлердің өмірі бойдақ адамдарға қарағанда ұзақ.

  Қатерлер

      Ресми некеде ешқашан тұрмаған адамдар санының өсуі байқалады. 23 жастан асқан осындай әйелдер мен 26 жастан асқан еркектердің саны шамамен тең, барлығы 1,2 млн. шамасында немесе әрбір бесінші дерлік. Зерттеулер көрсеткендей, бүгінде жас адамдардың елеулі бөлігі батыс елдердің тәжірибесімен тіркелмеген некеде тұрады.
      Көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен жас отбасылар неғұрлым қиын жағдайда қалып отыр.
      Болашақ адами әлеуеттің дамуындағы отбасының жасампаздық рөлін қазіргі заманғы қоғам толық түсінбейді және оған қолдау көрсетуі төмен.
      Көптеген отбасы жұптары мен күйеуі жоқ әйелдер бір баламен шектеледі немесе баланың тууын белгіленбеген мерзімге кейінге қалдырады.
      Демографиялық жағдайдың нашарлауы, жалғызбасты еркектер мен әйелдер санының ұлғаюы мүмкін.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Ұлттық неке-отбасы заңнамасын одан әрі жетілдіру және отбасына әлеуметтік қолдауды жақсарту.
      Отбасы мүшелерінің өз қабілеттерін көрсетуі мен бала тәрбиесі үшін тиісті әлеуметтік-экономикалық, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасау.
      Отбасындағы қарым-қатынастарда гендерлік теңдікке қол жеткізу. Отбасының беделін көтеру, неке-отбасы қарым-қатынастарын нығайту, неке мен отбасы құндылықтарын насихаттау.
      Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің жағымды бейнесін дәріптеу.
      Эгалитарлық отбасын қалыптастыру. Бала тәрбиесі мен үй ішіндегі міндеттерді орындаудағы жауапкершілікті тең бөлісу.
      Неке-отбасы қарым-қатынастарындағы гендерлік теңдік мәселелері бойынша халықты ақпараттық-құқықтық ағартуды жақсарту.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Неке-отбасы қарым-қатынастарын нығайту және отбасының мәртебесін көтеру жөніндегі заңнаманы жетілдіру. Балалары бар отбасыларына, соның ішінде көп балалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін реттеу жөніндегі нормативтік базаны қамтамасыз ету.
      Неке мен отбасының рухани және адамгершілік негіздерін нығайтуға ықпал ететін озық отбасылық, этномәдени дәстүрлерді жаңғырту.
      Отбасының экономикалық, ұрпақ әкелу және мәдени-психологиялық функциясын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, отбасыларының өмір сүру сапасын жоғарылату.
      Неке-отбасы қатынастарында және бала тәрбиелеуде ерлер мен әйелдердің құқықтары мен міндеттерінің іс жүзіндегі теңдігін қамтамасыз ету.
      Отбасы мен балаларды әлеуметтік қамсыздандырудың жұмыс істеп тұрған мамандандырылған институттарын, дағдарыс жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан бейімделу жөнінде отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету қызметтерін дамыту.
      Отбасы мен неке институтының перспективалары мен бағыттарын айқындай отырып, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитетін ескере ала отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайына көп жоспарлы зерттеу жүргізу. Аталған зерттеудің негізінде Қазақстандағы отбасының мәртебесін көтерудің кешенді бағдарламасын әзірлеу.
      Радио-, телеарналарда, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі салалардың мамандарын тарта отырып, неке-отбасы қатынастары тақырыбына арналған тұрақты хабарлар (бағдарламалар) ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру.
      Әр түрлі жас топтарындағы жалғызбасты азаматтардың танысу клубтарының және басқа қарым-қатынас түрлерінің желісін дамыту.
      Қазақстан азаматтарының бала асырап алу рәсімін оңайлату және халықаралық бала асырап алудың проблемалық мәселелерін шешу.
      Отбасына әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту тетіктерін дамыту, соның ішінде жалғызбасты ата-аналарға, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына, соның ішінде көп балалы отбасыларына жеңілдіктер беру.
      Отбасындағы міндеттердің тең бөлінуін көтермелейтін және жұмыс істейтін аналар үшін баланы емізуді жеңілдететін жағдайлар жасайтын жұмыс берушілерді ынталандыру мүмкіндігін қарастыру.
      Мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқу курстарына "Отбасындағы гендерлік теңдік" бөлімін енгізу мүмкіндігін қарастыру.
      Тәрбиелеу міндетін әйелдерге ғана тән міндет деген көзқарасты өзгерту. Әкенің беделін көтеру. Ана болу әйелдердің мансаптық өсуі мен өз қабілеттерін жан-жақты көрсетуіне кедергі болмауы үшін жағдайлар жасау.
      Үй ішіндегі жұмысты бағалауды өзгерту, оның әлеуметтік және экономикалық функцияларын анықтау.

  Көрсеткіштер:

      1. Ұлттық заңнаманың халықаралық талаптарға сәйкестігі.
      2. Отбасы мен балаларды әлеуметтік қамсыздандырудың мамандандырылған институттарының, дағдарыс жағдайлардан шығу және жаңа жағдайларға әлеуметтік-психологиялық бейімделу жөнінде отбасыларына мамандандырылған психологиялық-педагогикалық көмек көрсету орталықтарының саны.
      3. Мектеп жасына дейінгі мекемелер мен медициналық мекемелердің саны.
      4. Тіркелген ажырасулар саны.
      5. Толық емес отбасылар саны.
      6. Балалар жәрдемақысын алушылардың саны және жәрдемақы мөлшері.
      7. Арнайы радио-теледидар бағдарламаларының, сондай-ақ мерзімді баспасөздегі айдарлардың болуы.

  8-БӨЛІМ. ГЕНДЕРЛІК СЕЗІМТАЛ ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ЖЕТІЛДІРУ МАҚСАТЫ

      Қоғамдық санада қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігінің қажеттігін қалыптастыру.
      Қоғамдық сананы түбірімен өзгерту, бір жыныстың екінші жыныстан артықшылығы мен басымдығы туралы пікірмен байланысты гендерлік таптаурындарды түбірімен жою. Ерлер мен әйелдердің өмір тәжірибелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, құқықтар мен мүмкіндіктердің гендерлік теңдігі қағидатына негізделген гендерлік өзіндік сана мен мінез-құлық түрлерінің жаңа үлгілерін қалыптастыру.

  ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ

      Қазақстан қоғамын демократияландыру барысында қоғам жағдайының барынша сезімтал көрсеткіші ретінде бұқаралық ақпарат құралдарына айрықша рөл беріледі.
      Мемлекеттік және мемлекеттік емес теледидар бағдарламаларында гендерлік теңдік тақырыбы белсенді түрде талқылануда.
      Әйелдер тақырыбы - республикалық және өңірлік БАҚ беттеріндегі ең танымал және сан жағынан көп тақырыптардың бірі. Әйелдердің үкіметтік емес секторға қатысуына баса назар аударылады, бұл орайда ең әуелі әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары ерекшеленеді.
      Ана болу проблемалары, өскелең ұрпақты адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеудегі отбасы институты мен ана рөлінің маңызы жөнінде мамандандырылған журналдар шығарылады.
      2004 жылы мемлекеттің гендерлік саясатын көрсету мемлекеттік тапсырыстың тақырыптық тізбесіне жеке жол болып енгізілді.
      Барлық жұмыс істейтін БАҚ-тар меншік нысанына қарамастан, ашық конкурстарға қатысу жолымен мемлекеттік тапсырыс алу мүмкіндігіне ие болады. 2004 жылы тапсырыстарды 33 газет, 26 журнал, республикалық деңгейдегі 1 ақпарат агенттігі мен 36 орталық және өңірлік телерадиокомпаниялар алды. Бұл орайда газеттердің, журналдардың, радио және телеарналардың 80 %-ы мемлекеттік емес болып табылады.
      "Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының  Заңы қабылданды, ол мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылының қазақстандық үлгісін орнықтыруға арналған. Ол әлеуметтік мәні бар жобаларды мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен шешуге үкіметтік емес ұйымдардың кеңінен қатысуы үшін құқықтық негізді қамтамасыз етеді, халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
      "Гендерлік тақырыпқа сезімтал журналистерді" даярлау жөнінде жұмыс жүргізілуде. Соңғы 2 жыл ішінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы бойынша БҰҰ-ның "Гендер және даму" бюросымен бірлесіп, электрондық және басылымдық бұқаралық ақпарат құралдарының 150 журналисі оқытылды.
      Мемлекет пен құқық қорғау ұйымдарының міндеті ерлер мен әйелдердің гендерлік теңдігінің негізіндегі рөлі мен мәртебесі туралы жастарға арналған бағдарламаларға қолдау көрсету және жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар көптеген хабарларда, көркем және тіпті мультипликациялық фильмдердің өзінде зорлық-зомбылықты насихаттау элементтері бар. Теледидарда әлі де гендерлік таптаурындар насихатталады, әйелге деген дөрекі қатынасқа, порнографиялық импликацияларға жол беріледі.
      Әйелді және гендерлік рөлдерді таптаурын түрде бейнелеу әсіресе жарнамалық және коммерциялық ақпаратқа тән.

  Күшті жақтары

      Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамға, көпшілік аудиторияға ықпал етудің зор мүмкіндіктері, ерлер мен әйелдердің теңдігін жария көрсету мәселелерінде жедел нәтиже алу мүмкіндігі бар.
      Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде қоғамдық қатынастардың демократияландырылуы, БАҚ саласындағы ырықсыздандыру гендерлік теңсіздік проблемаларына қатысты материалдардың көбеюіне ықпал етіп отыр.
      Әйелдер қозғалысының жандануы, әйелдердің арта түскен саяси әлеуеті, әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының тиімді қызметі, әйелдер кәсіпкерлігі құбылысының қалыптасуы.
      БАҚ басшыларының құрамында әйелдер санының көбеюі жағына бағдар алу отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты проблемалардың шешілуіне оңды әсер етеді. Аталған проблеманы бұқаралық ақпарат құралдарында көтеру, басшы әйелдердің жұмысын көрсету, әйелдердің мүдделерін түрлі билік органдарында қолдау - осы және басқа да шаралар әйелдерді басшылық қызметтерге жоғарылатуға ықпал етуі мүмкін.

  Әлсіз жақтары

      Қоғамның менталитетін өзгерту жөніндегі ағартушылық жұмыс жеткілікті жүргізілмейді.
      Ерлер мен әйелдерге қатысты кемсітуге қарсы күрес мәселелері жөнінде ақпараттық науқандар аз.
      Мемлекеттің гендерлік саясатын түсіндіру бойынша мақсатты бағдарламалар жоқ.
      Журналистер гендерлік теңдікті жария көрсету мәселелеріне жеткілікті дайындалмаған.
      БАҚ әзірше гендерлік мәселелерді шешуде белсенді серіктестерге айналған жоқ.

  Мүмкіндіктер

      Халықты құқықтық және гендерлік жағынан ауқымды түрде оқу-ағарту.
      Гендерлік проблемаларды көрсетуге арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс осы мәселе жөніндегі бағдарламалардың санын айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік береді.
      Журналистерді оқытып-үйрету БАҚ-тарда гендерлік мәселелердің толығымен ашып көрсетуге ықпал ететін болады.

  Қатерлер

      Мемлекеттің гендерлік саясатының БАҚ-тарда жеткілікті түрде көрсетілмеуі жүргізіліп жатқан шаралардың тиімділігін белгілі бір дәрежеде төмендетуі мүмкін.
      Гендерлік таптаурындардың жариялануын жалғастыру елдегі демократиялық қайта құруларды іске асыруда елеулі тежегішке айналуы мүмкін.

  СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТТЕР

      Гендерлік таптаурындарды жеңу және тең құқықтар мен мүмкіндіктер идеологиясына бағдарланған гендерлік мұраттар мен ұстанымдардың жаңа жүйесін құру. Бұл ретте гендерлік теңдік гендерлік айырмашылықтарды, әйелдің және еркектің мінез-құлық типтерінің бірегейлігін есепке ала отырып түсіндірілуге тиіс.
      Әйелдер мен ерлердің тең құқықтығы қағидатының сақталуы аясында сөз бостандығын қамтамасыз ету.

  ІС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ

      Гендерлік сезімтал қоғамдық сананы дамыту жөніндегі ұлттық гендерлік саясатты жүргізу. Бұл мақсатта білім беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты қолда бар қуатты тетіктерді пайдалану.
      Қоғамның гендерлік мәдениетін көтеруге, мемлекеттік билік пен басқару органдарындағы ерлер мен әйелдердің тең өкілдігі болуына оңды көзқарасты қалыптастыруға бағытталған кең ауқымды, ақпараттық, ағартушылық науқандар өткізу.
      Мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігіне қол жеткізу мәселелеріндегі ынтымақтастығын қамтамасыз ету.
      БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы  конвенциясы ережелерінің, Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі іс-қимылдардың  ұлттық жоспарының, адам құқықтары жөніндегі халықаралық құжаттардың іске асырылу мәселелерін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрсету.
      Барлық саяси, әлеуметтік процестердің толық құқықты әрі белсенді қатысушысы ретіндегі қазіргі заманғы әйелдің, лидер әйелдің өркениетті бейнесін қоғамдық санада белсенді түрде қалыптастыру, әйелдің елдің саяси өміріндегі рөлін көрсету.
      Гендерлік теңдікті насихаттау бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау жасалуын қамтамасыз ету.
      БАҚ-тардың гендерлік сезімталдығын арттыру жөнінде шаралар қолдану. Болашақ журналистерді кәсіби жағынан даярлау ісіне гендерлік білім беруді енгізу, ақпарат өндірушілер - баспагерлер, редакторлар, журналистер арасында ағартушылық жұмыс жүргізу.
      Ерлер мен әйелдердің бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына тең дәрежеде қатысуына, мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының басқарушы және бақылаушы органдарына тағайындау кезінде олардың тең өкілдік етуін қамтамасыз етуге жәрдем көрсету.

  Көрсеткіштер:

      1. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған бағдарламалардың болуы.
      2. Әлеуметтік тапсырыс есебінен әзірленетін, ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі мәселелері жөнінде әлеуметтік мәні бар жобалардың саны.
      3. Халықты құқықтық және гендерлік оқу-ағарту жөніндегі бағдарламалардың болуы.
      4. БАҚ-тағы басшылық деңгейіндегі ерлер мен әйелдердің арақатысы.
      5. Гендерлік мәселелерді көрсету жөнінде оқытылған журналистердің саны.

  9-БӨЛІМ. СТРАТЕГИЯНЫ ІСКЕ АСЫРУДАН КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

      1. Мемлекеттің жалпы саясаты мыңжылдықтың даму, соның ішінде елдегі гендерлік теңдікке қол жеткізу мақсаттарын орындауға бағдарланатын болады.
      2. Қоғамдық сананың гендерлік парадигмасының ауысуы - бір жыныстың басым болуынан - екі жыныстың серіктестігі мен ынтымақтастығына ауысу жағына бірте-бірте өзгеруі орын алады. Мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен барлық деңгейдегі басшылар, шешімдер қабылдау деңгейінде тұрғандардың барлығы "гендерлік жағынан сезімтал" болады.
      3. Әйелдер өздерінің жеке басының әлеуеті мен адами әлеуетін іске асыра отырып, әлеуметтік дамудың барлық процесстеріне тең дәрежеде қатысатын болады. Олар тең дәрежеде қоғамдық салаларға, ал еркектер - отбасы, үй еңбегі және бала тәрбиесі сияқты қарапайым салаларға кіретін болады.
      4. Осының бәрі елдегі азаматтық қоғамның одан әрі жетілуіне және "паритеттік демократияның" қалыптасуына ықпал ететін болады.

  Қоғамдық-саяси салада гендерлік теңдікке қол
жеткізу бойынша:

      1. Қазақстандық заңнамаға гендерлік ерекшеліктерге немқұрайды қарауға байланысты әлеуметтік тәуекелдер мен ықтимал залалды азайту мақсатында, қолданыстағы және әзірленетін барлық нормативтік құқықтық актілерге, мемлекеттік бағдарламаларға, әлеуметтік мәні бар жоспарлар мен жобаларға, салалық стратегиялар мен тұжырымдамаларға міндетті түрде гендерлік сараптама жасау туралы норма енгізілетін болады.
      2. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету институттарын қалыптастыру көзделуде, әйелдердің құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылады.
      3. Іс-қимылдардың Пекин платформасы ұсынатын, әйелдердің шешімдер қабылдау деңгейіндегі, соның ішінде Үкіметте, Парламентте, әкімдіктерде, мәслихаттар мен сот органдарында өкілдік ететін әйелдер саны 30%-ға дейін көбейеді.
      4. Әлеуметтік мәні бар жобаларға бөлінетін қаражат көлемінің ұлғаюының арқасында отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік органдардың ынтымақтастығы сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерілуде.

  Экономикада гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша:

      1. Әйелдер жер, материалдық, қаржылық және басқа да ресурстарға ерлермен тең дәрежеде қол жеткізетін болады. Еңбек нарығындағы әйелдердің бәсекеге қабілеті артады. Кәсіпкерліктегі, соның ішінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің саны артады. Әйелдерге тиесілі кәсіпорындардың саны артады.
      2. Дәстүрлі түрде әйелдер еңбек ететін экономика салаларын (жеңіл, тігін, тағам өнеркәсібін және басқаларын) дамыту тетіктері әзірленетін болады.
      3. Әйелдер ақпаратқа, білім алуға, кәсіби даярлыққа, кеңес алу көмегіне кеңінен қол жеткізе алатын болады. Олар үшін экономикалық білім берудің арнайы орталықтары, кредиттік желілер мен қорлар құрылатын болады.
      4. Ата-аналардың еңбекке белсенділігін арттыру мақсатында мемлекеттік және мектепке дейінгі жекеше балалар мекемелерінің саны артады. Бала күтімімен және оларды тәрбиелеумен айналысатын әйелдер мен ерлерге қолдау көрсету жөнінде шаралар қолданылатын болады. Ерлерді бала күтіміне тартудың тетіктері әзірленетін болады.
      5. Бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің үздіксіз міндетті зейнетақы жинақтауларына құқықтары заңнамалық түрде бекітілетін болады.

  Гендерлік білім беру бойынша:

      1. Гендерлік білім беру мен ағарту жүйесі халыққа бала кезден бастап оқытып-дамытылатын болады.
      2. Қыздар мен әйелдерге Қазақстан экономикасының басым салаларында (мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс, көлік) жұмыс істей алуы үшін оларды техникалық мамандықтарға оқыту үшін жағдайлар жасалатын болады.
      3. Саясаткерлердің, қоғамдық қозғалыс көшбасшыларының, кәсіподақтар өкілдерінің, журналистердің гендерлік санасын және гендерлік сезімталдығын арттыру мақсатында оларды оқыту іске асырылатын болады.

  Ұрпақты болу денсаулығын сақтау бойынша:

      1. Ерлер мен әйелдердің ұрпақты болу денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау мемлекеттік органдардың және осы мәселелермен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар қызметінің басымдығына айналады. Қоғамдық денсаулық сақтаудың халықтың денсаулығын жақсарту жөніндегі тетіктері дамитын болады.
      2. Қан аздығы, йод тапшылығы дерттерімен, сүт безі рагымен және халықтың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететін басқа да сырқаттармен ауыру айтарлықтай төмендейді.
      3. Ерлер мен әйелдерді қазіргі заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қолданылатын болады.
      4. Ерлердің өз денсаулығын сақтауы үшін жауапкершілігі артады, өндірістегі жазатайым оқиғалардан болатын жарақаттану мен өлімді азайту жөнінде шаралар қолданылатын болады.
      5. Әйелдердің ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөніндегі арнайы бағдарламаларды іске асырудың арқасында олардың денсаулық индексі жоғарылайды.
      6. Балалар мен жастардың денсаулығы нығайтылады, темекі тартуға, нашақорлық пен маскүнемдікке қарсы күреске бағытталған шаралар қолданылатын болады, дене шынықтыру мен спорт, жастардың бос уақытын ұйымдастыру кеңінен дамиды.

  Зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша:

      1. Зорлық-зомбылықтың, соның ішінде адамдарды саудалаудың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын ІІМ-нің құрылымдық бөлімшелері нығайтылатын болады.
      2. БҰҰ-нің трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы  конвенциясы және оның екі хаттамасы бекітілетін болады.
      3. Адам саудасы құрбандарының, соның ішінде адам саудалады деген күдікті адамдарға қарсы сот процестерінде куәгерлік жасаған адамдардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық шаралары қабылданатын болады.
      4. Адамдарды (соның ішінде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығын құру туралы мәселе қаралатын болады.
      5. Қазақстанның барлық аудандары мен қалаларында, соның ішінде жергілікті бюджеттер мен әлеуметтік мәні бар жобаларға арналған гранттар есебінен дағдарыс орталықтары жұмыс істейтін болады.
      6. Балалар мен жастар зорлық-зомбылықсыз мінез-құлыққа оқытылатын болады.
      7. Осы жұмыстың нәтижесінде адамның зорлық-зомбылықсыз лайықты өмір сүруі үшін үнемі жағдай жасалатын болады.

  Отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізу бойынша:

      1. Әке - асыраушы және табыскер, ана - қазан-аяқ иесі және отбасын сақтаушы болатын патриархаттық отбасынан гендерлік теңдік қағидаттарына негізделген отбасының эгалитарлық үлгілеріне бірте-бірте көшу жүргізілетін болады.
      2. Ерлер мен әйелдер еңбекақы төленетін жұмысты бала тәрбиесімен ұштастыру мүмкіндігіне ие болады. Отбасылардың өмір сүру сапасы артады, отбасының экономикалық, ұрпақты болу және мәдени-психологиялық функцияларын іске асыру үшін жағдайлар жасалатын болады.
      3. Қазақстан азаматтарының бала асырап алу рәсімдері оңайлатылып, халықаралық бала асырап алу проблемалық мәселелері шешілетін болады.
      4. Отбасы мен неке институтын дамытудың келешегі мен бағыттарын айқындаумен, ұлттық дәстүрлер мен халықтың менталитеті ескеріле отырып, Қазақстандағы отбасының жағдайы туралы зерттеулер жүргізілетін болады. Қазақстандағы отбасының мәртебесін жоғарылатудың кешенді бағдарламасы әзірленетін болады.
      5. Эгалитарлық отбасыларының саны артады.

  Гендерлік теңдікті ақпараттық қамтамасыз ету бойынша:

      1. Ұлттық гендерлік саясат гендерлік теңдік белгісі аясында қоғамдық сананы өзгертуге бағытталатын болады.
      2. Қоғамның гендерлік мәдениетін көтеруге бағытталған кең ауқымды ақпараттық, ағартушылық науқандарды өткізу тәжірибесі жалғасатын болады.
      3. Елдегі барлық саяси және әлеуметтік процестердің толық құқықты әрі белсенді қатысушысы ретіндегі қазіргі заманғы әйелдің, лидер әйелдің өркениетті бейнесі қоғамдық санада белсенді түрде қалыптастырылатын болады. Қоғамның саяси өмірінде әйелдердің рөлі үнемі көрсетіліп отырады.
      4. БАҚ-тар, білім беру мен мәдениет саласы гендерлік теңсіздік идеологиясын уағыздайтын бағдарламалардың санын барынша азайтып, гендерлік теңдік пен ынтымақтастық бағытында жұмыс істейтін болады.
      5. Осының барлығы өмір мен қызметтің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің әлеуметтік теңдігі жағына қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал ететін болады.

Базаның жай-күйі
  • Барлық құжат 263986
    Қазақ тілінде 131760
    Орыс тілінде 131310
    Ағылшын тілінде 916
    Қолдау қызметі
    E-mail: support@rkao.kz
    Телефондары: +7 7172 58 00 58, 119
    Жұмыс уақыты: 09:00 - 18:30
    (Астана уақыты бойынша)
    Демалыс күндері: сенбі, жексенбі

    Жоба Туралы