Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаменті "Қорғас" ХШЫО (Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы) аумағындағы ірі өрттің видеосына қатысты пікір білдірді. Құтқарушылар мәліметінше, өрт Қытай жағындағы шекара маңындағы аумақта болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде өрт видеосы тарап жатыр, онда Жетісу облысы Панфилов ауданындағы "Қорғас" ХШЫО аумағын өрт шарпығаны айтылады. Кадрларда өртеніп жатқан ауыр жүк көліктері бейнеленген.
Жарияланымға жазылған пікірлерде төтенше жағдайдың "Нұр жолы" өткізу пункті жағындағы Қытай аумағында болғаны және оқиғаға қатысты түрлі болжам айтылып жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт туралы ақпаратты растап, оқиға расында да көрші мемлекет аумағында болғанын нақтылады.
"Өрт 2026 жылғы 4 мамырда ҚХР жағындағы шекара маңындағы аумақта болғаны анықталды. Бұл ретте Қазақстанның "101" және "112" шұғыл қызмет пульттеріне хабарлама түскен жоқ, өйткені бұл аумақ Қытай Халық Республикасына тиесілі", - деді Жетісу облыстық ТЖД ресми өкілі Назерке Арманқызы.
Ведомство мәліметінше, өрттің мән-жайы мен себептерін көрші мемлекеттің құзыретті органдары анықтап жатыр.