Өскемендегі зауытта болған жарылыстан зардап шеккендер саны артты, деп хабарлайды Tengrinews.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ресми мәлімет бойынша, 5 мамырда "Қазмырыш" ЖШС қорғасын зауыты аумағында электролиз цехының балқыту бөлімінде шаң ұстау құрылғысы жарылып, кейін өрт шыққан.
Құтқарушылар келген сәтті ашық жану байқалды. ТЖМ күштерімен өрт 120 шаршы метр аумақта толығымен сөндірілді, сондай-ақ 220 шаршы метр аумақта цех құрылымдары опырылып түскен.
"7 адам зардап шекті, оның ішінде 2 адам қаза тапты, 2 адам ауруханаға жатқызылып, 3 адам үйіне жіберілді", - деп хабарлады ТЖМ.
ТЖМ баспасөз қызметі оқиға орнынан жаңа кадрларды таратты.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Апат салдарын жоюға жеке құрамнан 80-ге жуық адам мен 18 техника, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, командалық-штабтық машина және ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Қазіргі уақытта үйінділерді аршу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ТЖД-де жедел желі телефоны жұмыс істейді: 8 (7232) 55-38-19.
Айта кетейік, бұған дейін "Қазмырыш" қазақстандық тау-кен металлургиялық компаниясының баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын хабарлаған болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, түтін сорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылыс болып, соңы өртке ұласқан және конструкциялар ішінара құлаған.
"Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп, салдарды жою шаралары жүзеге асырылып жатыр. Жан-жақты және объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталады", - деп хабарлама таратты "Қазмырыш" қазақстандық тау-кен металлургиялық компаниясының баспасөз қызметі.
Сондай-ақ уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерді бағалау жұмыстарын қатар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Алдын ала мәліметтер бойынша, рұқсат етілген нормалардан аспайтын және қауіпті ластаушы заттардың бөлінуінсіз шаңның жергілікті шығарындысы тіркелген.
5 мамырда таңертең Өскемен тұрғындарын қою түтін шошытты. Көкке қалың түтін көтерілген. Куәгерлер болған жайтты видеоға түсіріп, кадрлар әлеуметтік желілерде тарап кетті.