ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- Кеше 12:38
Павлодардағы банкте тортты жару оқиғасы: зейнеткерлердің жағдайы белгілі болды
Павлодарда банк бөлімшелерінің бірінде тортқа салынған петарданы жағу салдарынан зардап шеккен зейнеткер ерлі-зайыптының жағдайы туралы айтылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Оқиға Павлодардағы банк бөлімшелерінің бірінде болған. Ерлі-зайыпты телефон алаяқтарының талабымен банкке петардасы бар торт әкеліп, оны тұтатқан. Пиротехниканың жарылуы салдарынан қарт адамдар жарақат алды.
Көзі мен беті күйіп, жараланған
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендер 75 жастағы әйел мен 78 жастағы ер адам. Оқиға орнынан екеуі де Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілді.
"Пациент әйелдің қолы жараланып, соққы алған және сырылған, беті, мойны мен екі қолын I-II дәрежелі термиялық күйік шалған (денесінің 5 пайызға жуығы), сондай-ақ көзі жеңіл дәрежеде күйген. Травматологиялық және офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін әйел тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілді", - деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, қарт ер адамға көздің жеңіл дәрежедегі күйігі диагнозы қойылған. Офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін ол да амбулаторлық емделуге жіберілді.
Телефон алаяқтарының құрбандары
Аталған дерек бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды, күдіктілерді ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері ерлі-зайыпты бұған дейін телефон алаяқтарына алданып, жалған инвестициялық жобаларға ақша салғанын атап өтті. Полицейлер дроппер рөлін атқарған адамдарды анықтап, жауапкершілікке тартты.
Сот тәртібімен жәбірленушілерге ұрланған қаражатты қайтару шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шығып, бұрын салынған қаражатты қайтарып беру желеуімен зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Банк ішінде алаяқтардың нұсқауымен зейнеткерлер торттағы петарданы тұтатқан.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу