ПОДЕЛИТЬСЯ
26 наурыз 2017 | 21:28
Журналистер арасында үздік шахматшы анықталды
Алматыда Оқушылар сарайының ғимаратында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының жаңадан ашылған филиалында журналистер мен блогерлер арасында турнир өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысып, кіл мықтыны анықтап, жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматыда Оқушылар сарайының ғимаратында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының жаңадан ашылған филиалында журналистер мен блогерлер арасында турнир өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысып, кіл мықтыны анықтап, жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Шараның ашылу салтанатында Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов, "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, әлемге шахмат ханшайымы болып танылған әрі әйелдер арасында ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің анасы Алма Әшірова, Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының ортақ құрылтайшысы әрі осы академияның PR және маркетинг менеджері, актер Әнуар Нұрпейісов, Air Astana әуе компаниясының ресми өкілі Тілек Әбдірахимов және "Айқын" газетінің жауапты хатшысы Асқар Беков сөз сөйледі.
Бұл шараны "Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газеті 13 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырды. БАҚ өкілдерінің басын қосқан турнирге жас журналистерден бастап ардагерлерге дейін қатысты. Ойын швейцар үлгісінде өтті, яғни жалпы саны 7 турда жинаған ұпай сандары есептеліп, қорытынды шығарылады.
"Газетіміз биыл бір мүшелге келіп отыр. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ойландық. Нәтижесінде шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы журналистердің қолынан шахмат ойнау келетінін көрсетіп, мықтылар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді. Елімізге белгілі жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы ашылды. Ұсынысымызды жерге тастамай, осы жерде өткізуімізге келісім берді. Осы шараның өтуіне ат салысқан барша жандарға алғыс білдіргіміз келеді. Турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұрамыз деген жоспармыз бар", - дейді "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
"Ұйғыр авази" республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Арсилан Алахунов осы сайыста бас жүлдені жеңіп, Тегеранға бизнес-класқа екі билет ұтып алды. Жеңімпаз бұл жолдамамен Иранның астанасына биыл қалаған күнінде бара алады.
Жас блогер, шахматтан І-разрядқа ие Қуаныш Сүлеймен екінші орын алып, планшет жеңіп алды.
Жарыс қорытындысында ұпай сандары тең түскен төрт ойыншыға да үшінші орын берілді. Дегенмен коэффициент бойынша Құмар Бақдәулет басым түсіп, планшет иегері атанды.
Сәйкесінше, Нұрбек Түсіпхан, Асқат Байпейісов пен Қанат Қаматаев есімді журналистер де жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұдан бөлек белсенді қатысқан бірқатар тілшіге бағалы сыйлықтар табысталды.
© Айтжан Мұрзанов
Показать комментарии
Читайте также