Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында Қазақстан құрамасының жаңа олимпиадалық формасын таныстырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, спорттық киімнің эскизі бекітіліп, қазір Халықаралық Олимпиада комитетімен келісу сатысында тұр. Сондай-ақ форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.
"Экипировка жиынтығына спортшылардың ашылу және жабылу салтанаттарына киетін салтанатты форма, сондай-ақ спорттық жарыстар өтетін кезеңде пайдалануға арналған жылы сырт киім қарастырылған", - деді министр.
Министрдің айтуынша, жинаққа спорттық жаттығуларға, қыздыруға және күнделікті қолдануға арналған жаттығу және күнделікті форма да кіреді. Жалпы экипировка жиынтығы 22 атаудан тұрады.
Бұған дейін Спорт министрлігінің басшысы Олимпиада-2026 дайындығына 13 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған болатын.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!