ПОДЕЛИТЬСЯ
18 шілде 2021 | 11:58
Токио-2020: Олимпиадаға қатысушылар арасында вирус жұқтырғандар көбейді
Жапониядағы Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жапониядағы Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Токио олимпиадасының ашылуына бір аптадай уақыт қалды. Бірақ бір жыл кешігіп келген спорттық ойындарға тағы қауіп төнді. Себебі, шараға қатысушылар арасында коронавирус жұқтырғандар көбейіп барады. Енді дерт кесірінен сайысқа түсетін спортшылар азайып, жарыстың сәні кете ме деген мәселе туды.
Телеарна тілшісінің айтуынша, Токиода шетелдік спорт делегациялары орналасқан Олимпиада ауылында коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді. Шараны ұйыдастырушы комитеттің мәлімдеуінше, СOVID-19 шетелдік делегация мүшелерінің бірінен анықталған. Комитет басшысы дертті қай елдің өкілі жұқтырғанын ашып айтпағанымен, оның спортшы емес екені белгілі болды. Науқас өзге қонақ үйге оқшауланды. Жауаптылар олимпиада ауылындағы санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін бар күшімізді саламыз деп отыр.
"Коронавирус таралуының алдын алу үшін көптеген шара қабылдадық. Спортшылар күн сайын тест тапсырып, тексерістен өтеді. Дертті жұқтырғандар анықталса, бірден оқшауланып, байланысқа түскен адамдар анықталады. Ойындар қауіпсіз өтуі үшін барлық сақтық шарасы қабылданған", - деді Олимпиада-2020 ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тоширо Муто.
Жалпы шілденің басынан Олимпиада ойындарына қатысы бар 45 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде Аустралия, Израиль, Сербия, Уганда елінің спортшылары бар. Тәртіпке сәйкес, дертке шалдыққандар екі апта карантиннен өтуі тиіс. Сондықтан кей спортшылар сайыс басталғанға дейін оқшаулаудан шықпай қаламыз ба деп алаңдайды.
"Токиодағы Олимпиада ойындарының сәтті өтуі үшін қатысушылардың бәрі коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс. Халықаралық Олимпиада комитеті спортшылар мен өзге де адамдардың бұл талапты орындауына мүмкіндік жасайды", - деді Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.
Жапония астанасында эпидемиологиялық ахуал нашарлай түскен. Шілденің 12-сінен бастап қалада төтенше жағдай енгізілді. Шаһарда Олимпиаданы өткізуге қарсы наразылық шаралары жиі өтіп жатыр.
"Соңғы 3 күнде Токиода күн сайын 1 мыңнан аса адам вирус жұқтырып жатыр. Індеттен көп адам қайтыс болды. Үкімет қаржыны олимпиаданы өткізуге емес, вирустың таралуын тоқтатуға жұмсауы керек еді", - дейді шеруші.
Індетке байланысты бірнеше ай бұрын шетелдік жанкүйерлердің келуіне тыйым салынған. Ал өткен аптада Токио мен оған көрші префектуралардағы сайыстарға жергілікті жанкүйерлерді де кіргізбеу туралы шешім шықты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также