Delta Air Lines әуекомпаниясына тиесілі америкалық ұшақ Канададағы Торонтода Лестер Б. Пирсон атындағы халықаралық әуежайға қону кезінде аударылып қалды. Оқиға салдарынан кемінде 15 адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
New York Post басылымы мәліметінше, төтенше жағдай қызметтері әуежайдағы оқиғаға байланысты жедел әрекет етіп жатқанын растады.
Миннеаполистен ұшып келген борт қар басқан ұшу-қону жолағында аударылып қалған. Бұл әлеуметтік желілерде тараған суреттер мен видеокадрлардан анық көрінеді.
Канадалық CP24 телеарнасының мәліметінше, кемінде 15 адам жарақат алған. Үшеуі, соның ішінде бір бала, ауыр жарақат алып, тағы 12 адамның жарақаты жеңіл деп бағаланған. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.
Жарияланған кадрларға қарағанда, ұшақ қатты зақымданған: бір қанаты айтарлықтай майысып, ал құйрық бөлігі ішінара жұлынып қалған.
Апат аймақтағы күшті дауыл кезінде болғаны айтылады. Демалыс күндері қар қалың жауып, әуежай қызметтері жексенбі түні бойы негізгі ұшу-қону жолақтарын тазалаумен айналысқан.
Әуежай қызметкерлерінің мәліметінше, апаттан кейін әуе айлағындағы барлық рейстер уақытша тоқтатылған.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!