/Бір белбеу, бір жол"/ Димаш: Жібек жолындағы мәдени елші
Синхуа агенттігінің сайтында Гао Фань мен Ань Шупиннің қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жайлы "/Бір белбеу, бір жол"/ Димаш: Жібек жолындағы мәдени елші" атты мақаласы жарияланды. Мақаланы қазақ тіліне аударып беруді жөн көрдік.
"Мен музыканың көмегімен екі елдің мәдениетін жақындастырып, халқымыз арасындағы достық қарым-қатынасты кеңейтіп, нығайтқым келеді", - деді Димаш Құдайберген Синхуа агенттігіне берген сұхбатында. Қазақстандық әнші Қытайда жеткен жетістігінен кейінгі жоғары марапатқа ие болуына байланысты аудиторияның одан көп дүниені күтетінін және мұның үлкен жауапкершілік екенін мойындады.
Димаштың Синхуа агенттігінің аудиториясы берген қолтаңбасы. (Синхуа/Гао Фань)
Танымалдылық
"Одан қазақ халқының мәдениеті, Ұлы даланың лебі сезіледі. Мұның қытайлық көрермендерге қызық екені сөзсіз", - деді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй 22 жастағы Димаш Құдайбергеннің қытайлық кәсіби әншілердің байқауындағы өнеріне пікір білдіре отырып. Қатысушылардың ішіндегі ең жас әнші бола тұра, Димаш Құдайберген Сянганның танымал әншісі Линь Илянға жол беріп, 2-орын алды.
Байқау кезіндегі бірнеше ай ішінде қазақстандық әншінің тек Қазақстан мен Қытайда емес, сондай-ақ, басқа елдерде миллиондаған жанкүйері пайда болды. Оның шығармашылығы Қытайдың музыкалық қауымдастығында бағаланып, Димаш Құдайберген Top Chinese Music Awards шарасында "Азияның ең танымал әншісі" аталымына лайық деп танылды.
Димаш Құдайберген отанында ел мақтанышы саналады. "Ол халқымыздың мәдениетін бүкіл әлемге танытты", - деп келтіреді қазақстандық БАҚ-тар ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін.
Ерекше дауыс, мінез, қытайлық продюсерлердің кәсібилігі, қытайлық көрермендердің өнерді бағалай білуі, дамыған әлеуметтік желілер мен басқа да факторлар жас орындаушының танымал болуына әсер етті.
Әрине, әншінің "бүкіл әлемге танымал еткісі келетін" қазақ халқының мәдениетіне деген махабаты жанкүйерлерді таңғалдырды. Байқау кезеңдерінің бірінде Димаш Құдайберген қазақ халқының ұлттық әні "Дайдидауды", кейіннен "Адай" күйін орындап шыққан еді.
"Ол тыңдармандарға бөтен бір ән болып көрінген жоқ. Олар әнді жақсы қабылдады. Көбі осы өлеңге қызығушылық танытты", - дейді әнші. Оның айтуынша, осылайша, ол музыканың ешқандай шегі жоқ екеніне тағы да көз жеткізді.
Афиша
Өзара қызығушылық
"Димаштың арқасында мен енді оның туған жері туралы көбірек білгім келеді", - дейді 19 жастағы қытайлық қыз. Дарынды әрі қарапайым орындаушымыз, әрине, жас қытайлықтардың Қазақстанға деген қызығушылығын туғызды.
"Көршілеріміздің қазақстандық орындаушыны бағалап жатқаны Қытайдың да қазақстандық қауымдастықта дұрыс қабылдануына себеп болады", - дейді халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Данияр Қосназаров.
Оның айтуынша, Жібек жолы экономикалық белбеу жобасы жүзеге асырылған соң Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс дамып қана емес, сондай-ақ, кеңейіп жатыр. "Әртараптандырылған өзара әрекеттер көбейген сайын мемлекетаралық қарым-қатынастар да күшейе түседі", - деп жазған сарапшы "Власть" интернет басылымында.
Еске сала кетейік, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы қыркүйектегі сапары барысында Жібек жолы экономикалық белбеу жобасы жайлы айтқан еді. Ал бір жылдан соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа экономикалық "Нұрлы жол" жобасын ұсынған болатын. Содан кейін екі ел "Бір белбеу, бір жол" жобасына кіріскен еді.
Осыған дейін 2017 жылдың 17 сәуірінде Бейжіңде "Жарқын Жібек жолындағы кездесу" атты концерт өткен болатын. Кеш Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толуына орай өткізілген еді. Онда Димаш Құдайберген мен басқа да қазақстандық орындаушылар симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.
Димаш бейнеленген афиша (Синьхуа/Гао Фань)
Қытаймен танысу
Ал осыған дейін I am a Singer конкурсына қатысып жатқан сәтінде қазақстандық әнші қытай мәдениетінің сұлулығы мен бірегейлігін таныстыруға арналған "Мен Қытайдамын" жобасының тұңғыш ресми елшісі болып, Чэнду /Қытайдың Сычуань провинциясының оңтүстік-батысындағы әкімшілік орталық/ қаласына барған. Әнші пандалармен "әңгімелесіп", Чэндудың мәдени ерекшеліктерімен танысты және Сычуань хогосынан /қытайдың қайнатпасы/ дәм татты.
Айтпақшы, әншінің мәлімдеуіне қарағанда, ол ащы тағамды жақсы көреді, сондықтан қытайдың көптеген тағамын ұнатып қалған. "Қытайлардың айналмалы дастарханға бірнеше тағамды бірден қоятынын білемін, сондықтан бірден көптеген тағамнан дәм татуға болады. Бұл өте қызықты процесс. Ал бізде бірінші тағамды ішіп болған соң ғана екіншісіне өтесіз. Қытайда тағамдарды қалаған тәртібіңде жей бересің, анадан бір, мынадан бір ауыз татып, тойып шыға келесің", - деп қытай асханасы жайлы әсерін бөліскен еді Димаш.
"Біздің елдердің мәдениеті әртүрлі, екеуі өзінше ерекше. Қытайлармен сөйлескенде олардың қонақжайлығын, байыптылығын, сыпайылығын және басқа да мінезін көргеніме қуаныштымын", - деді ол.
Жоспары жайлы
Үстіміздегі жылжың маусым-қыркүйек айлары аралығында Астанада "ЭКСПО-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді. Димаштың сөзінше, Орталық Азияда тұңғыш рет өтіп отырған ірі көрменің аясында маусымға жоспарланған жеке концерті Қазақстандағы және әлемнің өзге елдеріндегі концерт турының бастауы болады.
"Қытайға концерт турын өткізуге асықпын. Бұл күн тез туады деп үміттенемін", - деді ол.
/Авторлар: Гао Фань, Ань Шупин, E-mail: xinhuaru@sina.cn/
Қазақ тіліне аударған Мөлдір Қалықова