Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуін тежеуі тиіс мемлекеттік компаниялар бар. Олардың басшылары ұйымдар шығынға батып, баға өсіп жатқан кезде өздеріне 14 айлық еңбекақы көлемінде сыйақы жазып отырған. Мемлекет қаражатын жұмсаудың артында қандай схемалар тұрған, миллиардтар қайда кетті және бұған "майнинг-қонақүйдің" қандай қатысы бар - Tengrinews.kz материалында.
Азық-түлік бағасының өсуін тежеуі тиіс компаниялар қалай жұмыс істейді?
Біз сөз еткелі отырған компаниялар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) деп аталады. Олар толықтай мемлекетке тиесілі және еліміздің әр облысында осындай бір-бір құрылымнан жұмыс істейді. Ресми түрде ӘКК-нің міндеті ауқымды: инвестиция тарту, бизнесті қолдау, өңірлердің экономикасын дамыту және басқа да бағыттар. Бірақ ең бастысы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің: макарон, ет, көкөніс, ұн, яғни қазақстандықтар күнделікті тұтынатын және әркімге қолжетімді болуы тиіс тауарлар бағасын тежеу.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бағаға қалай әсер ете алады?
- Өнімдерді алдын ала сатып алып, дүкендер мен базарлар арқылы белгіленген/нарықтық бағадан төмен бағамен сату.
- Фермерлер мен өндірушілерге тауарды кейінірек келісілген бағамен жеткізу міндеттемесінің орнына алдын ала қаражат бөлу. Бұл форвардтық сатып алу деп аталады.
- Баға күрт өскен сәтте ӘКК бағаны түсіру үшін нарыққа қордағы тауарларды шығаруы керек. Бұл нарықтық интервенция деп аталады.
Бұл үшін оларда тиісті құралдар да, қаржыландыру да, мемлекеттен алынған қарыздар да бар - бұған біздің төлеген салықтарымыздың бір бөлігі жұмсалады.
Теориялық тұрғыда бұл қарапайым қазақстандықтың әмиянын қорғаудың мінсіз механизмі болып көрінеді: мемлекет ақша береді, ӘКК өнімдерді сатып алады, баға тұрақты сақталады. Бірақ іс жүзінде бұл механизм бюджет үшін "қара құрдымға" айналды. Халық үшін қауіпсіздік жастығы болудың орнына, көптеген корпорация өз басшылары үшін жайлы "жемсауға" айналған. Жоғары аудиторлық палатаның тексерістері жағаұстатарлық жайтты анықтады: көптеген өнімнің бағасы шарықтап рекорд орнатып жатқанда, ӘКК кеңселерінде сыйақы туралы бұйрықтарға қол қойылып, табысты тойлап жатқан.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар іс жүзінде қалай жұмыс істеді?
1. Тексеріс және 40 беттік заңбұзушылықтар
2025 жылдың аяғында Жоғары аудиторлық палата 13 ӘКК-ні тексеру туралы шешім қабылдады. Tengrinews.kz редакциясының иелігіне осы аудиттің нәтижелері түсті.
ӘКК міндетін орындай алмай отыр ма?
ӘКК бағаны тұрақтандыру үшін не істеді?
ЖАП құжаттарынан үзінді:
"Аудит барысында жүргізілген тексерулер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) сақтау жағдайларының талапқа сай еместігін, ӘМАТ тізбесіндегі өнімдер ассортиментінің шектеулі екенін, сондай-ақ тұрақтандыру қорлары "сұранысқа ие емес өндірушілердің" өнімдерінен жасақталғанын көрсетті".
Тексеріс қамтыған кезеңде бағаны тежеуге ӘКК 61 миллиард теңге бөлген. Бұл ақша екі негізгі мақсатқа жұмсалуы тиіс еді:
- тұрақтандыру қорларының жұмысына (өнімдерді төмендетілген бағамен сатып алу және сату);
- бизнес өнімдерді арзанырақ жеткізуі үшін "айналым схемасы" бойынша оларға қарыз беру.
Қарыз шарттарында нақты көрсетілген: бизнес өнімдерді келісілген кесте бойынша және белгіленген бағамен сатып, сондай-ақ сатылымдар туралы құжат жүзінде есеп беруі тиіс.
Кейбір ӘКК бөлінген ақшаны мақсатына сай пайдаланбайтыны анықталды. Өнімдер қымбаттамауы үшін жұмсалуы тиіс қаражат шоттарда жұмыс істемей жатыр.
Мәселен, 2024 жылдың соңына қарай игерілмеген қаражат көлемі:
- "Ақжайық" ӘКК - 2 миллиард теңге;
- "Павлодар" ӘКК - 1,2 миллиард теңге;
- "Көкше" ӘКК - 2,5 миллиард теңге.
Бұның азық-түлік нарығына қалай әсер еткенін нақтырақ қарастырайық.
Азық-түлік бағасы қалай өсіп, қарақұмық пен күріш қалай жоқ болып кетті?
Мәселен, Қостанай облысындағы бағаны тұрақтандыруы тиіс "Тобыл" корпорациясы сүт өнімдері мен көкөніс бағасының шарықтауына тосқауыл қоя алмады:
Бір литр айранның (2,5 пайыздық) бағасы былай өсті:
- 2022 жылы - 17 пайыз,
- 2023 жылы - 15 пайыз,
- 2024 жылы - тағы 11 пайыз.
Сүзбе бағасы көтерілді:
- 2022 жылы - 9 пайыз,
- 2023 жылы - 18 пайыз,
- 2024 жылы - 10 пайыз.
Картоп бағасы 2024 жылы - 27 пайыз өсті.
Пияз бағасы былай өсті:
- 2022 жылы - 5 пайыз,
- 2024 жылы - 31 пайыз, - делінген ЖАП есебінде.
Мәселе ӘКК-нің меншікті дүкендері жоқ, ал сатып алу көбіне маусымдық ерекшелік пен нақты сұраныс ескерілмей жасалады. Соның салдарынан теңгерімсіздік туындайды: мысалы, 2024 жылы жұмыртқа алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп сатып алынған.
Кейбір ӘКК-лер өнімнің белгілі бір түрін қажеттіліктен артық сатып алады - мысалы,"Ақжайық" 230 тонна қантты артық алған.
"Ақтөбе" ӘКК-де көкөністердің бір бөлігі мен күріш мерзімі өтіп кеткендіктен бұзылған, шығын 7,5 миллион теңге болды.
Мысалы, Шымкентте GraMad Retail компаниясына 800 миллион теңге жылдық 0,1 пайызбен берілген. Несие 2022 жылы жабылуы тиіс еді, бірақ ол 5 рет ұзартылып, 2026 жылға дейін созылған.
Ал "Байқоңыр" ӘКК-нің қоймалары өнімді талапқа сай сақтауға дайын емес: желдеткіш жүйесі мен жабдықтар істен шыққан, сөрелер мен контейнерлер жоқ, тазалық пен дезинфекция жасауға жағдай жасалмаған.
Мәселен, Павлодар облысында осының салдарынан 75 миллион теңгенің 174 тонна қарақұмығы бүлінген.
"Сарыарқа" ӘКК-де 3,4 миллион теңгелік күріштің жарамдылық мерзімі аяқталып жатыр.
"Көкше" корпорациясының қоймаларында жарамдылық мерзімі өтуге жақын 2,5 миллион теңгенің 672 канистр (3,3 мың литр) күнбағыс майы жатыр.
"Ертіс" ӘКК тұрақтандыру қорын қалыптастыруды талдау барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 6-уы бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі қамтамасыз етілмегені анықталды. Бұл аталған тауар санаттарының (сары май, сиыр еті, тауық еті, пастерленген сүт, айран, сүзбе) бағасының өсуіне себеп болған", - деп көрсетілген құжатта.
Әлеуметтік дүкендерге азық-түлік жетпей жатыр
Тексеріс барысында әлеуметтік дүкендерге негізгі азық-түлік өнімдерінің бір бөлігі жеткізілмейтіні де белгілі болды. Кейбір сауда орындарында сиыр еті, тауық еті, сүт, айран және сүзбе жоқ. Кей жерлерде тіпті қырыққабат пен сәбіз сияқты көкөніс те табылмады.
Соның бір мысалы:
"С. Бейбарыс көшесі / Жеңіс көшесі мекенжайындағы әлеуметтік дүкенде (ЖК Сейтенова) сиыр еті, тауық еті, сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), қырыққабат, сәбіз жоқ", - делінген есепте.
Мақсатсыз жұмсалған қаржы
Қаражатты мақсатты пайдалану бойынша да шикіліктер бар екендігі белгілі болды.
"2020-2024 жылдар аралығында "Ақтөбе" ӘКК тұрақтандыру қорын қалыптастыру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды орындауды "Базарларды басқару" ЖШС, "Smart Trade сауда үйі" ЖШС, Aseca ЖШС, "Табыс Маркет Ақтөбе" ЖШС-не берген. Функцияларды аталған компанияларға беру "Ақтөбе" ӘКК тарапынан тұрақтандыру қорының бақылаусыз қалып, 855 миллион теңге көлемінде дебиторлық берешектің пайда болуына әкеп соқты", - делінген құжатта.
Мәселен, "Ақтөбе" ӘКК-де бюджет қаржысының бір бөлігі, шамамен 110 миллион теңге мақсатсыз пайдаланылған. Оның 50 миллионы бөгде ұйымға "қаржылай көмек" ретінде берілген.
Сондай-ақ ӘКК "Мәртөк Сүт" компаниясына толыққанды қамтамасыз етусіз 544 миллион теңге көлемінде ірі несие берген. Берілген сома нақты жеткізілген өнім көлемінен айтарлықтай асып кеткен.
Салдарынан:
- қарыз әлі күнге дейін қайтарылмаған;
- кепілдік немесе кепілзат жоқ;
- компания өнімнің (май мен сүзбе) жартысынан астамын жеткізбеген.
Жұмсалған бюджет қаржысын корпорация енді өз күшімен қайтаруы тиіс.
Тұрақтандыру қорлары активтерді жекеменшікке сатқан
Аудит нәтижесі "Ақжайық" корпорациясы негізгі активі - тұрақтандыру қорын іс жүзінде сатып жібергенін көрсетті.
Мәселе бастапқыда азық-түлік қорын басқару және бағаны тежеу үшін құрылған "БҚО тұрақтандыру қоры" ЖШС туралы болып отыр. Есепте келтірілген деректерге сүйенсек, ол жеке серіктестер ЖК Жапбарқұлова мен ЖК Наубековаға 387 миллион теңгеге толығымен дерлік сатылған.
Мәміле кезең-кезеңімен жүзеге асырылған: алдымен үлестің 90 пайызы, кейін қалған 10 пайызы сатылған. Нәтижесінде бүкіл актив жеке тұлғалардың иелігіне өтті.
Бұл ретте аталған серіктестер ӘКК-мен бірлескен қызмет туралы шарт арқылы бірлескен жобаға алдын ала қатысқан. Шын мәнінде, бұл оларға активті сатып алуға басым құқық берген.
Қарапайым тілмен айтқанда, бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс істеуі тиіс мемлекеттік құрылым жеке қолға өтіп кеткен.
Сонымен қатар Астанада тұрақтандыру қорына бөлінген қаражат (2 миллиард теңге) әкімдіктің шешімінсіз бизнеске қарыз ретінде бағытталған. Бұл ретте несиелер заңбұзушылықтармен берілген: тиісті қамтамасыз етусіз және қайтару мерзімдеріне қатысты түйткілдер бар.
Шығынмен жұмыс істегені үшін сыйақы алған
Аудит көрсеткендей, корпорациялар көбінесе "өз ережесімен" жұмыс істейді. Іс жүзінде олар белгіленген шеңберден үнемі шығып кетеді, ал монополияға қарсы органдардың ұйғарымы жиі еленбейді. ӘКК-лер өздеріне белгіленбеген қызмет түрлерімен айналысуды жалғастырып жатыр - бұл көбінесе әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асады.
Мұндай проблемалы жұмысқа қарамастан, корпорациялар өздерін марапаттауды ұмытпаған. Сыйақы жүйесі көбінесе нәтижеге емес, басшылықтың шешіміне әрі ең алдымен басшылықтың өз пайдасына байланысты болған.
Мысалы, "Ақжайық" ӘКК-де 2023 жылы басқарма компания жылды 38 миллион теңге шығынмен аяқтағанына қарамастан, өздеріне мерекелік сыйақы ретінде жалпы саны 11 жалақыға дейін жазған. 2024 жылы төлемдер тіпті өскен: басқарманың кейбір мүшелері 14 жалақы көлемінде сыйақы алған.
Осыған ұқсас жағдай "Атырау" ӘКК-де де байқалады. Тиімділік бағасының жоқтығына қарамастан, басқарма 14,6 миллион теңге көлемінде жылдық сыйақы алған. Сонымен қатар қызметкерлерге төленген 121 миллион теңгенің 42 миллионы, яғни үштен бірі, небәрі бес басқарма мүшесіне бұйырған.
Ақтөбеде газ "майнинг-қонақүйге" жұмсалды
Аудит барысында күмәнді жобалар анықталды, мәселен, "майнинг-қонақүй" деп аталатын нысандарға қатысты жағдай.
Ақтөбеде Digital Solutions & Co компаниясы криптоактивтерді өндіруге арналған жабдықтарды орналастыратын алаң құрған. Негізінде, бұл майнерлерге арналған "хостинг": олар өз құрылғыларын қояды, ал компания олардың жұмысын қамтамасыз етеді.
Ол үшін жеке дата-орталықтар мен газдан өндірілетін электр энергиясы пайдаланылады. Бірақ жабдықтардың бір бөлігі сүт өңдеу нысандарына жалға берілген.
"2022-2024 жылдар аралығында Digital Solutions & Co ЖШС майнер емес субъектілерге мүлікті жалға беру есебінен 48,5 миллион теңге сомасында табыс тапты. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, Digital Solutions & Co ЖШС инфрақұрылымды "Айс-плюс" ЖШС-не (сүт өңдеу қызметі) жалға берген", - делінген есепте.
Бірақ ең бастысы бұл емес. Мәселе мынада, Digital Solutions & Co сағатына шамамен 5,2 мың текше метр газ тұтынады, бұл Ақтөбе индустриялық аймағының бүкіл қуатының 30 пайыздан астамы. Сонымен қатар, басқа кәсіпорындармен салыстырғанда бұл жобаның қайтарымы аз: салық та, жұмыс орындары да аз.
Нәтижесінде индустриялық аймақтың ресурстары майнингке кеткен, соның салдарынан басқа өндіріс орындары оларға қосыла алмады, бұл аймақ экономикасы үшін айтарлықтай тиімділік бермеді.
Тексерушілер Жасанды интеллект министрлігіне аталған жағдай бойынша шара қолдануды ұсынды.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның аудиторлары Энергетика министрлігінің 2026 жылдан бастап Қазақстанда газ тапшылығы күтілетіні туралы ескерткенін еске салды. Бұл ретте басымдық халыққа беріледі. Ал газды әсіресе ресурс тапшылығы жағдайында майнинг үшін пайдалану мақсатқа сай емес деп саналады.
Мемлекет активі қалай элиталы тұрғын үй кешеніне айналды?
Жоғары аудиторлық палата өкілдері Астанада мемлекеттік активтің іс жүзінде қалай жеке жобаға айналғанын айтып берді.
Бастапқыда "Астана" ӘКК-іне құны 380 миллион теңге болатын жер учаскесі нақты міндет: Халықаралық ұйымдар орталығын салу үшін берілген болатын. Учаскеде сыртқы әрлеуі дайын, ауданы шамамен 50 мың шаршы метр болатын аяқталмаған ғимарат бар еді.
ӘКК бұл учаскені құрылысы аяқталмаған нысанмен бірге Vyol жеке компаниясымен бірлескен жобаға қосты. Бұл ретте маңызды жайт: ғимараттың құны бөлек бағаланбаған. Яғни, ӘКК мәмілеге нақты бағасы тіркелмеген активті берген.
"Vyol ЖШС аяқталмаған әкімшілік ғимаратты бұзған, оның жалпы құны шамамен 22,9 миллион еуро болатын құрылыс материалдары (негізінен шыны пакеттер) Vyol ЖШС-нің иелігінде қалды", - делінген құжатта.
Нәтижесінде учаскеде халықаралық ұйымдар орталығының орнына бизнес-орталығы бар элиталық тұрғын үй кешені салынды. Кейсті сипаттаудың соңында аудиторлар қысқаша былай деп толықтырды:
"Аталған факт бойынша материалдар бұған дейін құқық қорғау органдарына берілген".
Әкім - тәуелсіз директор
Заңбұзушылықтардың келесі тобы корпорацияларда "тәуелсіз директорларды" сайлаумен байланысты. Бұл бақылау жасап, негізгі шешімдерді қабылдауы тиіс тұлғалар. Алайда бұл лауазымдарды көбіне мемлекеттік қызметшілер иеленгені анықталды. ӘКК-лердің бірінде Атырау әкімі директор болған.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет және акционерлік қоғамдар туралы қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, салық жүйесіндегі мемлекеттік қызметші К.К. Қойшынов "Ертіс" ӘКК-нің тәуелсіз директоры болып саналады. Ал Атырау әкімі Ш.Т. Кейкин "Атырау" ӘКК директорлар кеңесінің мүшесі", - делінген құжатта.
Сонымен қатар, МКК деректері бойынша, ӘКК-нің кейбір "тәуелсіз директорлары" бір мезетте бірнеше компанияның басқару құрамында болған - әр өңірдегі кемінде 5 компанияда. Кейбір жағдайда 8 ұйымға дейін жеткен, әрі бұл ақылы негізде.
"ӘКК-нің атқарушы органдары құрамында басқарма төрағаларының жиі ауысуы өңір басшылығының ауысу мерзімдерімен сәйкес келетіні, сондай-ақ ӘКК басқарма мүшелерін іріктеу мен тағайындаудың конкурстық негізде жүргізілмейтіні байқалды", - деді ЖАП өкілдері.
Барлық дерлік корпорация шығынды
Тексеріс корпорациялар көбіне мемлекеттік қаржыландыруға тәуелді екендігін көрсетті. Оларда тез пайдалануға болатын өтімді активтер аз және жеке тұрақты табыс көздері іс жүзінде жоқ. Бюджеттік салымсыз олардың қызметі іс жүзінде тұрақсыз болып шықты.
2025 жылдың басына қарай 8 ӘКК-нің жалпы жинақталған шығыны 209 миллиард теңге болды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе көп.
5 жыл ішінде ӘКК-лердің жалпы табысы шамамен үштен бірге төмендеді. 2024 жылы 76,8 миллиард теңге болды, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 30 пайыз аз.
Депозиттен қалай "бизнес" жасады
Корпорациялардың жалпы табысы төмендеп жатқанда, "қаржылық табыс" бюджет қаражатын депозиттерге орналастыру есебінен 4 есе өскен.
Жобаларды дамытуға мемлекеттен алынған ақшаны банктегі депозитке салып қойған.
Осылайша "Ақтөбе" ӘКК 4 жылда депозиттен 1,7 миллиард теңге табыс тапқан. Ал "Атырау" ӘКК ауыл шаруашылығы жобаларына ақша алғанымен, оларды банктерге орналастырып, қосымша 94 миллион теңге табыс көрген.
Сонымен қатар, Атырауда қарапайым "агент" функциясы іс жүзінде екі еселенген табыс көзіне айналған: алдымен қызметтері үшін мемлекеттен ақша алып, кейін қарыз алушылардан тағы сондай мөлшерде ақша өндіріп отырған.
Осылайша, кейбір ӘКК-лер даму құралы емес, бюджет ақшасын айналымға салу арқылы табыс табатын құрылымға айналған.
Қаражаттың бір бөлігі кірістілігі нөлге жуық құралдарға салынып, ол жерде ақша құнсызданып отырған.
Мысалы:
- "Ертіс" ӘКК 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жылдық 0,1 пайызбен салған - ықтимал шығын жылына 109 миллион теңгеге, ал бүкіл мерзім ішінде 1,6 миллиард теңгеге дейін жетеді деп бағаланып отыр;
- "Атырау" ӘКК ақшаны 0,01 пайызбен орналастырған - жыл сайынғы шығын шамамен 55 миллион теңге;
- "Көкше" мен "Ақжайық" ӘКК-лері кірістілігі 0,1 пайыз болатын облигацияларды сатып алған - бұл жүздеген миллион теңге көлеміндегі ықтимал шығын.
- "Шымкент" ӘКК кірістілігі төмен бағалы қағаздарға 12 миллиард теңге құйған.
Корпорациялар мәселелерді шешіп, жұмысын жүйелеп, тікелей міндеттерін орындауға кірісе ала ма - оны уақыт көрсетеді.
Авторы: Елизавета Аксенова
Дайындаған: Айнұр Қапышова