2026 жылы қазақстандық фермерлердің жай-күйі қандай?

2026 жылы қазақстандық фермерлердің жай-күйі қандай? Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстандық фермерлер алдында субсидиялар бойынша көпжылдық берешек қалыптасты.

2025 жылдың аяғында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі субсидиялар бойынша жалпы берешек 341,3 миллиард теңге болғанын хабарлаған еді. Оның ішінде 152,2 миллиард теңгесі несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға тиесілі.

Бұл мәселе белсенді талқыланды, мәселен, былтырғы қарашада сенатор Сергей Карплюк былай деген болатын:

"Аграршылар екі жыл бойы субсидия ала алмай отыр, соның салдарынан өндірістерді құру мен кеңейтуге, жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға қаражат жоқ. Ірі инвестициялық салымдар туралы ойланбас бұрын, аграршылар жанар-жағармайға, тұқымға, тыңайтқышқа немесе жалақыны өсіруге басымдық беруге мәжбүр".

Бір жағынан, фермерлердің қаржылық тұрақтылығы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Екінші жағынан, бұл - тек бүкіл елді емес, өздерін де асырауы тиіс мыңдаған отбасы. Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі субсидиялар бойынша қарыздарға қатысты жағдайды анықтау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ресми сауал жолдады.

Сондай-ақ біз Ұлттық статистика бюросының деректеріне талдау жасап, еліміздегі фермерлік қожалықтарда не болып жатқанын білдік. Енді бәріне рет-ретімен тоқталайық.

Субсидиялар бойынша миллиардтаған қарыздар мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің сауалымызға берген жауабында 2026 жылдың басына қарай өткен жылдардағы субсидиялар бойынша берешек 391,7 миллиард теңге болғанын айтты. Қарыздар фермерлерден түскен 34,6 мың өтінім бойынша жинақталған - негізінен Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында.

"Берешектің жинақталуына мемлекеттік қолдау шараларына деген сұраныстың жыл сайынғы өсуі, субсидия алушылар санының артуы және салаға бағытталатын бюджет ресурстарының шектеулілігі әсер етті", - делінген сауалымызға берілген жауапта.

Шенеуніктердің сендіруінше, берешектің өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік органдар жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін қайта қарап, субсидияларға қосымша қаражат бөліп жатыр.

Сондай-ақ, 2025 жылы фермерлер алдындағы қарызды азайту үшін үкімет резерві тартылды. Одан қосымша 59,8 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде:

  • 46,4 миллиард теңге - тыңайтқыштар құнын субсидиялауға;
  • 13,4 миллиард - өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауға бағытталған.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша берешек көлемі 150,5 миллиард теңгеге қысқартылып, 241,2 миллиард теңгені құрап отыр", - деп сендіреді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қазіргі уақытта билік өткен жылдардағы берешектерді өтеп қана қоймай, жеңілдетілген қаржыландыруға қосымша қаражат бөле отырып, аграршыларды одан әрі қолдауға тырысып жатыр.

Анықтама: Субсидиялар - бұл фермерлердің шығындарын азайту және саланың дамуын ынталандыру үшін мемлекет шығындарды ішінара өтейтін немесе ауыл шаруашылығы өндірісінің белгілі бір түрлері үшін қосымша төлем жасайтын аграршыларды қолдау нысаны. Мұндай төлемдер өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына, тұқым шаруашылығына, асыл тұқымды малға, өнімділікті арттыруға, техника, тыңайтқыш, жем-шөп сатып алуға немесе басым дақылдарды өндіруге қатысты болуы мүмкін. Мысалы, өсімдік шаруашылығында субсидиялар ақпараттық жүйелер арқылы ресімделеді, ал шарттары бағытқа, өңірге, нормативтер мен тауар өндірушіге қойылатын талаптарға байланысты болады; мал шаруашылығында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және өнім сапасын арттыруға жеке шаралар қарастырылған. Фермер өтінім береді және критерийлерге сәйкес келген жағдайда мемлекет белгілеген ережелер бойынша ішінара өтемақы немесе төлем алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі борыштық жүктемені тағы қалай төмендетпек?

Фермерлерден субсидия алуға өтінімдер бұрынғысынша көп мөлшерде түсіп жатыр. Сондықтан шенеуніктер күту парағы механизмін - "резервті" қолдана бастады.

"Күту парағы - бұл белгіленген талаптарға сәйкестік тексерісінен сәтті өткен, бірақ бюджет қаражатының жетіспеушілігіне байланысты қаржыландырылмаған АӨК субъектілері өтінімдерінің тізілімі. Мұндай өтінімдер қосымша қаржы бөлінгенге немесе игерілмеген бюджеттік лимиттер қайта бөлінгенге дейін резервте сақталады. Осылайша, өтінімнің күту парағына енгізілуі субсидия беруден бас тарту болып саналмайды. Бұл қосымша бюджет қаражатының түсуіне қарай өтінімдерді ретімен қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шара", - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі жауабында.

Бұл ретте ведомство нақты бір фермердің күту парағында қанша уақыт бола алатынын нақтыламады.

Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта фермерлерді субсидиялаудан жеңілдетілген несие беруге кезең-кезеңімен көшу жүріп жатқанын алға тартты.

"Осыған байланысты аграршыларды көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, қайта өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығы қожалықтарының айналым қаражатын толықтыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бес пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, инвестициялық жобалар алты пайыздық мөлшерлемемен қаржыландырылып жатыр", - деп мәлімдеді шенеуніктер.

Бұл механизмдерді енгізу аграршыларға субсидия төлемін күтпестен, қолжетімді қаржыландыруға мүмкіндік бергені айтылып жатыр.

Қазақстандық фермерлерге тағы қандай қолдау көрсетіледі:

  • Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жылдық 5–6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті қаржыландыру беріледі.
  • Өтімді кепілдік мүліктің тапшылығы мәселесін шешу үшін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беретін қарыздарды кепілдендіру механизмі жұмыс істейді.
  • Корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі үш пайызға дейін, әлеуметтік салық - 1,8 пайызға дейін, ал мүлік және көлік салықтары - 70 пайызға төмендетілді.
  • Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, қайта өңдеушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ҚҚС 16 пайызға дейін өскеніне қарамастан, ҚҚС-ты қосымша есепке алу құқығы сақталды, бұл ретте жеңілдік мөлшері 70 пайыздан 80 пайызға дейін артты.
  • Шаруа және фермер қожалықтары үшін табыстың 0,5 пайызы мөлшеріндегі жеңілдікті мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығын төлеу қарастырылған.
  • Жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімін өткізуден түскен жылдық 282 АЕК шегіндегі табысқа, егер өнім дайындау ұйымдарына, кооперативтерге, қайта өңдеу кәсіпорындарына немесе ауыл шаруашылығы жануарларын сататын сауда базарларына өткізілсе, салық салынбайды.

2026 жылғы субсидиялардың жай-күйі

Сондай-ақ бүгінде ауыл шаруашылығының қай бағыттарына субсидия бөлу жалғасып жатқанын анықтауды жөн көрдік. Белгілі болғандай, барлық салаға: соның ішінде өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына, балық шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және тағы басқаларға бөлінеді.

"Сондай-ақ қаржы құралдары бойынша субсидиялау блогы бар, ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін несиелік және өзге де қаржылық құралдардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған, бұл олардың қаржылық тұрақтылығын нығайтуға және даму мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді", - деп хабарлады министрліктегілер.

Жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң аясында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға үш жылдық кезеңге екі триллион теңге, оның ішінде 2026 жылға - 588,3 миллиард теңге қарастырылды:

  • өсімдік шаруашылығы - 180,1 миллиард теңге;
  • мал шаруашылығы - 131,6 миллиард теңге;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу - 21,6 миллиард теңге;
  • қаржы құралдары - 249 миллиард теңге;
  • балық шаруашылығы - алты миллиард теңге.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бұл ретте 2026 жылы фермерлер субсидия алуға 39,9 мың өтінім беріп үлгерген. Шенеуніктердің сөзінше, 11,3 мың өтінім бойынша субсидия төленген. Тағы 11,5 мың өтінім мақұлданып, қаржы бөлінгенше резервте тұр.

"Өтінім беру бойынша ең жоғары белсенділік Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Жетісу облыстарында байқалады, мемлекеттік қолдау шараларын алуға бағытталған өтінімдердің негізгі үлесі осы өңірлерге тиесілі", - делінген біздің сауалымызға берілген жауапта.

Фермерлік қожалықтар жабылып жатыр. Олардың орнына не ашылып жатыр?

Қазақстандық фермерлердің жағдайы не болып жатқанын түсіну үшін ай сайын шағын және орта кәсіпкерлік мониторингі деректерін жариялап тұратын Ұлттық статистика бюросының сайтына жүгіндік. Сол жерден фермерлік қожалықтар саны қалай өзгеріп отырғанын бақылай аламыз.

  • Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтарда жұмыс істеп тұрған шаруа немесе фермер қожалықтарының саны 269 948-ге жетіп, онда 349 550 адам еңбек еткен.
  • Ал 2025 жылғы 1 қаңтарда олардың саны 261 025-ке дейін, ал онда жұмыс істейтін адамдар саны 338 280-ге дейін азайған. Яғни, 2024 жылы 8 923 қожалық жабылған.
  • 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бюро мәліметінше елде 242 921 жұмыс істеп тұрған шаруа немесе фермер қожалығы бар, онда 315 106 адам еңбек етеді. Осылайша, 2025 жылы 18 104 қожалық жабылған болып шықты.

Осылайша, екі жыл ішінде жұмыс істеп тұрған шаруа және фермер қожалықтарының саны 27 027-ге (10 пайызға), ал ондағы жұмыспен қамтылған қызметкерлер саны 34 444 адамға (9,9 пайызға) қысқарған.

Қосымша деректер де бар. 2025 жылы Қазақстанда екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтті. Бұған дейінгі фермерлерді есепке алу 2006–2007 жылдары жүргізілген болатын. Санақтың түпкілікті қорытындылары әлі жарияланған жоқ. Дегенмен, 2025 жылдың аяғында оның қысқаша қорытындылары ашық жарияланды.

Олардың айтуынша, 18 жыл ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) саны 31 пайызға - 2,2 миллионнан 1,5 миллионға дейін қысқарған.

Ұлттық статистика бюросы бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы өндірісіндегі ЖҚШ рөлінің төмендеу үрдісі жалғасып жатқанын көрсететінін атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 2,2 еседен аса - 9,5 мыңнан 20,9 мыңға дейін өскен.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған сауалымызда біз фермерлер санының азаю үрдісі байқала ма деп те сұраған болатынбыз.

Министрлік бұл саладағы жеке кәсіпкерлер санының расында да азайып жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта шенеуніктер 273 мыңнан аса жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді есепке алған, оның ішінде 239 мыңы шаруа немесе фермер қожалықтары.

"Кейінгі жылдары құрылымдық өзгерістер байқалып отыр, бұл жеке кәсіпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары санының азаюымен қатар заңды тұлғалардың, сондай-ақ кооперативтер санының артуынан көрінеді. Егер 2020 жылы елде 2,9 мың кооператив болса, бүгінде олардың саны 4,5 мыңнан асты", - деп хабарлады министрліктегілер.

Шенеуніктер пікірінше, қазіргі өзгерістер агробизнестің іріленуіне, кооперацияның дамуына және "ауыл шаруашылығы өндірісі тиімділігінің артуына" бағытталған үрдісті растайды, бұл "саланың жалпы өнімінің одан әрі өсуіне және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады".

Фермерлік және Қазақстан экономикасы

Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі кейінгі екі жылда бұл сала "жалпы өнім көлемінің рекордтық өсу қарқынын" қамтамасыз еткенін атап өтеді:

"2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 пайызға артып, 1 631,7 миллиард теңге болды. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,6 пайызға, өсімдік шаруашылығында 6,5 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді".

Анықтама: жалпы өнім - бұл белгілі бір кезеңде, әдетте бір жыл ішінде саланың, кәсіпорынның немесе экономиканың өндірген барлық өнімінің ақшалай түрдегі жалпы көлемі. Мысалы, ауыл шаруашылығында бұған ақшаға шағылған өсірілген астық, көкөніс, ет, сүт және басқа да өнімдер кіруі мүмкін. Бұл көрсеткіш өндіріс ауқымын түсінуге және оның өткен жылмен салыстырғанда қаншалықты өзгергенін байқауға көмектеседі.

Сонымен қатар ведомство келесі сандарды ұсынады:

"Осы кезеңде (2026 жылғы қаңтар-мамыр - ред. еск.) тамақ өнімдері бойынша өсім 114,3 пайыз, сусындар бойынша - 105,1 пайыз болды. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 66,2 пайызға артып, 291 миллиард теңге, тамақ өнімдері өндірісінде - 3,1 есе артып, 161,6 миллиард теңге болды".

Министрлік бүгінде ішкі нарықтың негізгі отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі "80-нен 100 пайызға дейін және одан да жоғары" екенін және ұн, ет, сүт, жұмыртқа мен көкөніс сияқты позициялар бойынша ішкі нарықтың қажеттілігі толық өтелетінін айтады.

"Сонымен қатар, өнімнің жекелеген түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр: мысалы, құс етімен қамтамасыз ету - 78 пайыз, балықпен - 75 пайыз, алмамен - 73 пайыз, шұжық өнімдерімен - 66 пайыз, ірімшік пен сүзбемен - 56 пайыз және қантпен - 34 пайыз", - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.

Бұған қоса, онда өндіріс көлемін ұлғайту және "импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс" жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл мақсатта 2028 жылға дейін 405 инвестициялық жобаны, оның ішінде импортқа тәуелді тауарлар бойынша 67 жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұл Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, өнім импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді деп сендіреді.

Тек субсидиялар емес 

Қорытындылай келе, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, фермерлер алдындағы субсидия бойынша қарыз әлі де қомақты, ал бюджет мүмкіндіктері бұрынғыша шектеулі екені анық. Сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтары санының азайғаны байқалады.

Шенеуніктер бұны агробизнестің ірілену үрдісі, кооперацияның дамуымен байланыстырады және кейінгі алты жылда кооперативтер санының екі есе өскенін алға тартады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 пайызға өскені де айтылады.

Дегенмен, егер фермерлер өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін жоспарлау үшін көбірек тұрақтылықты сезінсе, олар тезірек дами алар ма еді.

Оның үстіне, жыл басында фермерлерді қолдауға бөлінген барлық қаражат тиімді жұмсалмайтыны белгілі болды. Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауға бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексеріп, 300 миллиард теңгеге жуық заңбұзушылықтарды анықтады.

Аудит мәліметтері бойынша, 2023–2024 жылдары агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға шамамен 1,2 триллион теңге бөлінген. Бұл ретте, қаржы министрінің сөзінше, қаражаттың бір бөлігі экономика мен халық үшін айтарлықтай нәтижесіз жұмсалған. Анықталған заңбұзушылықтардың жалпы сомасынан бюджеттің тікелей шығыны 32 миллиард теңге болды.

Бұдан бөлек, қазақстандық фермерлердің өнімі импорттық тауарлардан әрдайым қорғала бермейді. Мамырдың басында Түркістан облысы Сарыағаш ауданының фермерлері Қытай мен Түркменстаннан арзан қызанақтардың әкелінуіне  байланысты өздерін банкрот деп жариялауға дайын екендерін мәлімдеді.

Су тапшылығы да фермерлердің онсыз да қиын жағдайын ушықтырып тұр. Мәселен, Қордай ауданы Степной ауылдық округінің тұрғындарына дәл егіс науқаны алдында биыл суармалы судың болмайтыны туралы хабарлама келген. Шаруалар түсініктеме алу үшін шенеуніктерге жүгінгенімен, олар тек ылғалды аз қажет ететін дақылдарды егуге кеңес берген.

Авторы: Никита Данилин

Дайындаған: Дина Шәріпхан

Жарнама
Жарнама
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама