АБЫЗ ("Менің ағаларым" циклынан)
Қазақ драматургиясының қайталанбас тұлғасы, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың 90 жылдық мерейтойына арналған эссе.
Кей адам білім биігіне тынымсыз
еңбекпен жетеді. Енді біреулердің жүрегіне
Жаратушының өзі білім нұрын құяды.
Осы екеуін ұштастыра білген
адам ғана нағыз абыз бола алмақ.
Сұлтан САНЖАР,
ортағасырлық сопы
АБЫЗ
("Менің ағаларым" циклынан)
- Ой, жолбарысым-ай!
Ағасының осы сөздерін естігенде жолбарысты хайуанаттар паркінен ғана көрген інілеріңнің ілезде-ақ жалы күдірейіп, арқаланып шыға келуші еді.
Сөздің сыралғысы ретінде ғана айтыла салатын Қалекеңнің осы бір қысқа қаратпасынының өзінде "өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер" дейтін халық даналығы жатқандығын кезінде аңғара қоймаған екенбіз.
Тіршілігінде тағылымын көріп, тәлімін алған абыз ағаның дүниеден озғанына бірнеше жылдың жүзі болса да, оның күлкісінің өзіне иман ұялаған нұрлы бейнесі санадан өшер емес. Ендеше бүгінгі әңгіме Қалтай аға туралы болмақ.
Қалекең, ең алдымен арқалы ақынымыз Темірхан Медетбек айтқандай: "ұлтымыздың ұланғайыр күлкісі" екені даусыз. Дегенмен, үлкен әдебиетке "Бөлтірік бөрік астында" атты комедиясымен келіп, тырнақалды туындысының өзімен-ақ Мұхтар Әуезов бастаған ұлт әдебиеті ұлыларын "дән риза" еткен Қалтай Мұхамеджанов туралы баянды оның нағыз абыздарға тән бекзат болмысынан бастағанымыз жөн сияқты.
Өнер адамының өмірбаянынан ұлағат іздеген жан оның жауабын өнерпаздың өлмес туындыларынан табатыны белгілі. Ал, мен абыз аға ұлағатының нәр-құнарын оның кәдімгі адами тыныс-тіршілігінен көп байқадым. Жадымда қалған соның бірін жаңғыртып көрейін.
Қалекеңнің жетпіс жылдық мерейтойы еліміздің өміріндегі ең бір қиын кезең - жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіле жаздаған тоқсан тоғыздың жазында өтті. Ал дұрысында тоқсан сегіздің соңында өтуге тиіс еді.
Ол мерейтойды өзгелерден дараланып, сырт көзге сырбаз қалып таныту үшін емес, тағылымы той иесінен гөрі, ағасын алқалаған ағайынға ғибрат болып қалар өнеге үшін жасады.
Бұл өзі абыз ағаның көл-көсір білімі, ақжарма тілек-бейілі қарт Тараздың Дулати университетінде басталып, шуақты Шымкенттегі Әуезов атындағы университетте жалғасын тауап, киелі Түркістанның Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде арналы ағысқа түсіп, Қызылордадағы Қорқыт Ата университетінде дарияның толқынындай жөңкіле аққан тағылымы мол той болды.
Оқыған дәрісі өз алдына, Қалекең төрт университеттің кітапханасына төрт мың кітап сыйлап, оқытушылар мен студенттер қауымының да зор ризашылығына бөленді.
Сол жолы Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің орталық акт залындағы кездесуде Қалекең шешілір бір сөйлесін дерсің. Түркістандық дін зиялылары алдында әрісі Таурат, Зәбүрден бастап, берісі Інжілге дейін түгел талдап, қасиетті Құранның аяттары мен пайғамбарымыздың хадистерін жатқа соқты. Білмекке құштар жас буынға Әбубәкір ас-Сыдықтан басталып, Зүнүн, Аттар, Әл-Ғазали, Әл-Бистами, Әл-Ансари, Ибн-Араби, Руми, Нақшбанди, Қожа Ахмед Ясауимен ұштасатын, Абай жырларымен әдіптеліп, Шәкәрім шығармаларымен көмкерілген білім бұлағының таңдайдан шығар тұнығымен сусындатты. Суфизмнің нақшбандия, маулауия, қассирия, маламатия, чиштия, құбрауия сияқты сан алуан мектептерін санамалап, арғы-бергі сопылардың тарихынан ағыл-тегіл әңгіме айтты. Ұлттық тәлім-тәрбие жайынан да талай тағылымды сыр шертілді. Түрік ғалымы Ф.Көпрулу, татар тектісі И.Гаспарлы, башқұрт ғұламасы Уәлидиден бастау алып, Ахмет Байтұрсыновқа дейінгі түрколог еңбектері де ұмыт қалған жоқ. Қалекеңнің сөздері жас қауымның жанарына от, денесіне қуат, жүрегіне шуақ болып құйылды.
Үзілісте қаумалай қоршаған студенттерге қолтаңба беріп, енді орнынан тұра бергенде жасамыстау келген түрік профессоры ағамыздың алдын кес-кестеп:
- Сайын Қалтай бей! Сөзіңізге бек риза болдым. Нағыз ғұлама екендігіңізге еш шүбәм қалмады. Бірақ осы айтқандарыңыз қазақ жастарының құлағында қалатынына күмәнім бар. Айналаңызға қараңызшы: қазақ қыздарының бәрі ашық-шашық жүреді. Шаш пен көйлектің етегін қысқартқаны өз алдына, олар кейінгі кезде кіндігін жалаңаштауды да әдетке айналдыра бастады. Ал осының бәрі Сіз айтқан ұлттық дәстүр, діни жоралғыларға үйлесе қояр ма екен, - деп күтпеген жерден күлбілте сауал тастады.
Жаңа ғана шалқып, толқып тұрған көңіл су сепкендей басылды. Ағайынның әбестеу қылығына қарап тұрып біз де қысылдық. Бірақ Қалекең саспады. Жуан жұдырығымен қолағаштай мұрынын бір сүйкеп өтіп, оң қолының сұқ саусағын көтере былай деді:
- Жастық шақ тіршіліктің көктемі емес пе. Ал көктемде түріктің түкті кілеміндей тіршілік атаулының бар бояуы бетіне шықпайтын ба еді. Гәп тіршілік көктемінің махаббат деген қан базарында, Сіз айтқандай, ашық-шашық емес, менің ақын досым айтқандай, асып-тасып жүрген жастарда болмай, солардың ашық-шашық жерін сығалап жүрген сіздерде ме деп ойлап қалдым. Құдайға шын сенген адамның көзі қаннен қаперсіз жүрген жастардың о жер, бұ жерін емес, қашанда рахманлы, рахымды Жаратушы Иеміздің нұрлы бейнесіне ғана түспейтін бе еді? Әзәзілдің азғыруымен онда-мында қарай берген адамның көзін қойып, өзінде не береке болушы еді.
Әлгінде ғана мойнын созып, иығын қомдап, басын кегжеңдетіп тұрған әлгі бейшара табан астында тауып айтылған қорғасындай салмақты жауаптан әп-сәтте еңсесі түсіп, біздің көз алдымызда мықшиып, жаншылып бара жатты.
Қиғаш сұрақ қоям деп күпті болған ағайынды біржолата жер қылмау үшін:
- Жас кезімде мен де жалаң аяқ, жалаң бас жүруші едім. Қысы-жазы жалаңаш жүргендіктен мына башайларымның арасына дейін шөп шығып кетуші еді, - деп аяғына бір қарап, екі иығын селкілдете мырс-мырс күлген бойы таяғына сүйеніп, тапқыр жауапқа тапжылмай тұрып қол соққан жастардың ортасына сіңіп кете барды.
Қалтай аға дегдар ғана емес, діндар да жан еді. Оның әкесі "Қара молда" деген атпен Арқа мен Сырға есімі қатар кеткен Мұхамеджан атамыз кезінде Бұқара шәріптегі Мір-Араб медресесін тәмәмдап, Құран Кәрімді жатқа айтатын қари ("Қара молда" лақабының шығу тегі де осы қари молдалықта болса керек) хадис-шарифті тереңнен талдайтын дін ғұламасы болыпты. Содан болар ол өз кіндігінен тараған үш ұлының үшеуіне де діни есім беріпті (Қалиолла - Қалтай, Әбиболла - Әби, Ибраһим - Қырғызбай).
Мұхамеджан атамыз кеңес заманының өзінде мешіт-медресе ұстап, Сыр өңіріне имандылық ұрығын сеуіпті. Атақты ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуовпен дос-жар болып, оған «Шаһнамені» аударуға да кеңес берген де осы Мұхамеджан қари екен. Сыр елінің Асқар Тоқмағамбетов, Қуаныш Баймағамбетов сияқты әйгілі ақындары да осы Мұхамеджан атамыздың алдын көрген шәкірттері болып шықты.
Қалекеңнің туған ағасы Әбиболланың өз қолымен жазып қалдырған деректері бойынша Мұхамеджан атамыз 1937 жылы 22 сәуірде сол баяғы "халық жауы" деген жалған жаламен ұсталған. Ол кезде Әби - 10-да, Қалтай - 8-де, Қырғызбек - 3 жаста, ал кіші қарындастары Рыскүл әлі емшектен де шықпаған нәресте екен. Ұсталған жылы-ақ 49 мүшеліне енді ғана шыққан Мұхамеджан атамыз сталиндік қанды қасапқа түсіп, атылып кете барған.
Бар ғұмырын қолындағы үш ұлын жеткізуге арнаған Қалтайдың анасы 1975 жылға дейін өмір сүріп, әкесінің атын ұлы күллі әлемге танытып, атақты жазушы болғанын көріп кетіпті.
Қалекең 1997 жылы біздің әкейдің 70 жылдық мерейтойына қатысу үшін Семей өңіріне жол тартты. Мың шақырымға жуық ұзын жолдың бойында әншейінде айтыла бермейтін әңгіме мен шертіле бермейтін сырдың тиегі ағытылды. Сол әңгімеден ұққаным: Қалекеңнің насабнамасы: Қалтай - Мұхамеджан - Нұреке - Нарбота - Күдері - Көшек болып өріледі екен.
Мұндағы Күдері - атағы Сарыарқа мен Сырға тете жайылған әйгілі ақын Күдеріқожа Көшекұлы. Шығармашылық мұрасын кезінде академик В.В.Радловтың өзі бастап зерттеген, хан Кененің жорық жырауы һәм ақылман кеңесшісі атанған осы бір ақиық ақынның бар мұрасы әлі күнге дейін түгенделіп бітпесе де, оның ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясындағы алар орны ерекше екендігін әдебиет зерттеушілері әлдеқашан мойындаған. Күдеріқожа - заманында Ұлбике, Майлықожалармен жыр сайысына түсіп, айтулы айтыскер ақын ретінде даңқы шыққан адам.
Қашанда "шөп шыққан жеріне шығады" емес пе. Күдерінің бел баласы - Нарбота сөз ұстаған әйгілі би, немересі Нұреке ел ұстаған пір, шөбересі Мұхамеджан дін жолына түскен дегдар, ал шөпшегі Қалтай қазақ әдебиетін әлем биігіне көтерген айтулы тұлғалар қатарын толықтырды.
Қалекең отыз күн ораза ұстап, бес уақыт намазға жығылмаса да хақ жолынан таймай өткен жан. Жүрген жерінде мешіт-медреселерге, аруақты орындарға ат басын тіреп, әдемі қоңыр мақаммен қатым түсіруді ұмытпаушы еді. Қадыр түні, айт-арапа, мәуліт күндерінде үнемі құран аударып отырушы еді.
Қалекең өмірінің соңына қарай алған жаңа үйіне көшкенде, түсіне кірген аруақтарға арнап жеті шелпек пісіртіп, құдайы тамақ берді. Ас пісіп, дастархан жайылғанда өзі құтханам деп атайтын кітапханасына кіріп, аруақтарға бағыштап құран оқуға кірісті. Ұзаққа созылыңқырап кеткен дұғаға шыдамсыздық танытқан достарының бірі кабинеттің есігінен сығаласа Қалекең Құранды оңтүстік-батысқа емес, басын солтүстік-батысқа беріп оқып отыр екен. Кезінде Қалекеңнің талай әжуасына қалған әлгі досы қарымта қайтарғысы келіп, дастарханға отыра берген отағасына:
- Қалеке, қанша мақамдасаң да осы жолғы намазың қаза болды-ау деймін. Өйткені құбылаң Меккеге емес, Мәскеуге қарап кетіпті, - деп тырқ-тырқ күлді.
- Қайтейін, қаншама болдым-толдым десең де, надандығың әлі қалмапты-ау, бейшара. Құдайды Меккеде отырады деп саған кім айтып еді. Біле-білсең пайғамбардың заманында әуелі мұсылмандар бес намазын Меккеге емес, Құддысқа қарап оқыған. Миғраж түні Әл-Буракқа мінген пайғамбарымыз сол Меккені тастап, Жаратушымыздың нұрлы жүзін көру үшін Құддыс арқылы көкке ұшпап па еді. Мәселе намазды Меккеге қарап оқуда емес, біржолата иманға ұйып, шын көңілмен ниет етуде. Сонда ғана көктегі Құдайдың нұры жердегі пендесінің жүрегіне құйылады. Біздей қарапайым пенделерге Жаратушыны көзбен көру мүмкін емес, бірақ жүрекпен сеземіз. Құдіреті Күштінің бір аты Хақ, ал оған барар жол Хақиқат деп аталады. Сонда "хақтың" қазақшасы "рас" болмай ма? Абайдың "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" дегендегі "расы" осы "хақ" емес пе? Сонда шын ықыласпен сәждеге бас иіп тұрған менің ниетімнің растығын Хақ тағалам көрмей отыр дейсің бе. Не Алланың, не Абайдың кітабын оқымаған сен бе маған ақыл үйрететін, - деп орнына отырмастан құтханасына кіріп кетті. Әлгі сорлыға дастарханнан дәм ауыз тиіп, жөніне кетуден басқа амал қалмады. Бірақ Қалекеңнің айтуы да, қайтуы да тез болушы еді. Кейін ашуы тарқаған соң ескі "досымен" емен-жарқын араласып кеткенінің де куәсі болдық.
Шындығында Меккеден Мединеге қоныс аударған алғашқы жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бен оның уммасы Құддыс (Иерусалим) бағытына ("қыбла" араб тілінен аударғанда "бағыт" деген мағынаны білдіреді) қарап намазға жығылған екен. Хижраның екінші жылы ғана пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла тағаламыздан бағытты Меккеге бұру жөнінде уахи алған. Мұсылмандар бетін құбылаға бұрғанда Қағбаға немесе қара тасқа табыну үшін емес, тек бір Аллаға сыйыну үшін бұрады. Қасиетті Құранның 2-сүресінің 142-аятында: "Аллаға шығыс та, батыс та тиесілі. Ол кімді қаласа, соны тура жолға бастайды", - делінген. Мұның мәнісі: қай жаққа қарай жүзіңді бұрсаң да, Алла тағала жүрегіңде болсын. Сонда ғана Жаратушымыз сені тура жолға бастайтын болады деген сөз. Ал Құранда Қағба Алланың жердегі үйі, ежелгі үй (ал-байт ал-атик), киелі үй (ал-байт ал-харам) немесе тыйымды үй (ал-байт ал мұхаррам) деп аталады.
Миғраж түні (Құрандағы толық аты - ал-Исра уа-л-Миғраж - түнгі сапар және көкке ұшу) Меккедегі Қағбаның түбінде жатқан пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Жебірейіл періште әл-Бурақ (қазақтың "пырақ" сөзі осыдан шыққан) атты қанатты атқа мінгізіп, Құддысқа алып ұшады. Онда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Ыбырайым, Мұса және Иса пайғамбарлармен (ғ.с.) бірге намазға жығылып, Жебірейіл періштенің желеуімен жеті қат аспанға көтеріліп, Жаратушымыздың нұр сипатын көру бақытына ие болады.
Алла тағаланың 99 есімінің бірі - Хақ (қазақша - ақиқат) екені де және рас.
Осы тұста менің ойыма "Хақ - мына мен, менің өзім" ("ана-л-хаққ") деген сөзі үшін тұтқынға алынып, түрмеге жабылған, ақыр соңында өртеліп, күлі Ефратқа шашылған Х ғасырдың атақты сопысы Әл-Халладж түседі. Егер Хақ - Жаратушының өзі де, біз сол Құдіреті Күштінің әмірімен жаратылған пенде болсақ, онда біз сол Алла тағала дем беріп, жан салған хақтың бір бөлшегі болмаймыз ба. Ендеше "Ана-л-хаққты" айтқан Әл-Халладж жарықтық шындықтың ауылынан көп ұзап кетпегені-ау шамасы деп ойлайсың. Соңына "Китаб ат-тауасин" ("Көпшілікке арналған кітап") атты өлмес кітап жазған Әл-Халладж өмірінің соңында Үнді еліне сапар шеккенде біздің Түркістанға да ат басын тіреген екен.
Қалекеңнің Алланы жүрекпен сезіну туралы ойы әйгілі ортағасырлық сопы Бахауаддин Нақшбандидің: "Алланы шексіз сүйгенде сенің жүрегің Құдіреті Күшті жүзінің айнасына айналады. Сонда сен өз жүрегіңе үнілгенде, одан Жаратушымыздың нұрлы жүзін көретін боласың", - деген сөздерімен ұштасып жатқан жоқ па? Ал осы ойдың нүктесі Қалекең келтірген жоғарыдағы Абай өлеңінің: "Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла, Пендесіне қастықпен кінә қойма", - деген жолдарында жатқан жоқ па?
Қалтай Мұхамеджанов, ең алдымен, драматург. Драматург болғанда, Мәскеудің Мемлекеттік театр өнері институтын бітірген тұңғыш профессионал қазақ драматургы. Қазақ әдебиетінің көптеген классиктері сияқты драматургияға поэзиядан, прозадан келген әмбебаптар қатарынан емес, бар білімі әлемдік театр өнерінің тарихы мен теориясының жілік майын шағуға арналған кәнігі кәсібилер қатарынан. Тек осы қасиетімен-ақ өзге қазақ драматургтерінен оқшау тұрған қаламгер.
Қалекең жалпылама әдебиет немесе өнер мамандығын емес, соның ішінен даралап "театр өнері" мамандығын таңдады және осы саладағы кемел білімді кешегі Кеңес Одағындағы ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі ең әйгілі театр өнері институтында алды.
Ол шығармашылық қарымы еркін жетсе де, драматургияны бөтен жанрмен былғамай өтті. Кез келген шығармасына кірісерде өзіне зор талап қойып, мол дайындық жасауды әдетке айналдырды. Таңдап-талдап жазды. Мәселен, ол өмірінің соңына дейін Шыңғыс хан туралы тарихи драма жазуға өз дайындығын олқысынып жүрді.
Қазақ драматургтерінің көпшілігі өз шығармаларын қазақ театрының (кей жағдайда нақты режиссер мен актерлердің) мүмкіндігіне лайықтап жазды. Жастайынан Мәскеу театрларының тәрбиесімен өскен Қалтай Мұхамеджановтың пьесалары әлдеқашан әлемдік театр өнерінің ең биігін бағындырған орыс театрларының, керек десеңіз, еуропалық сахналардың деңгейінде жазылды. Содан болар, Қалтайға дейін де, одан кейін де бірде бір қазақ, тіпті кеңес драматургиясының өкілі ол шыққан биіктерді бағындыра алған жоқ.
Театр маманы болмасам да осы үш уәжді оның үш шығармасының деңгейінде дәлелдегім келеді.
Қалтай қазақ драматургиясына 1958 жылы жазылып, 1959 жылдың ақпанында сахнаға қойылған «Бөлтірік бөрік астында» атты комедиясымен келді. Сырт қараған адамға саясатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жастар тақырыбына арналған, оның үстіне төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалған осы бір талантты туындының тағдыр жолы даңғыл, айдыны ашық болып көрінуі әбден мүмкін. Шындығында, "Бөлтіріктің" жолы өте бұралаң болды.
Әуелі оған бәз-баяғы "ұлтшылдық сарыны басым", "тілдер арқылы ұлттарды бір-біріне қарсы қою әрекеті бар", "коммунизм құрылысшылары - совет жастарына жабылған жала" деген сияқты стандартты саяси айыптар тағылып, сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі қаһарлы хатшысы Н.Жанділдиннің аузынан қатты-қатты сындар айтылады. Оның үстіне "Бөлтіріктің" дүркіреп өткен премьерасынан екі ай өтпей жатып, жас талантқа жығылған үстіне жұдырықтай болып, қазақ театр, кино өнерінің тарланы Шәкен Айманов ағамыздың "Өнерлі жасқа өткір сын" атты атауының өзі айбат шашып тұрған рецензиясы жарық көрді.
Автор да, көрермен де әрі-сәрі күй кешкен осы бір қысылтаяң шақта шындықтың текеметін тіліп сөйлейтін аяулы Тахаң - Тахауи Ахтанов жазған "Жас адамға жанашыр сөз" атты мақала авторға әжептәуір демеу болса да, "Бөлтірік" жөніндегі бөрідей шулаған топтың дауысы басым түсіп жатты. Тырнақалды туындысы республиканың бүкіл әдеби, мәдени қауымын былай қойғанда, саясат, идеология қайраткерлерінің өзін әжептәуір дүрбелеңге салған Қалтайдың үлкен әдебиетке бұл келісін есік қағып келу емес, ақбоз атпен атой салып келу деген жөн.
"Бөлтіріктің" дауы мұнымен бітпеді. Тіпті соңы одан әрі ушыға түсіп, жас таланттың тағдыры саясат қошқарларының көкпарға тартар көк лағына айналып кете жаздаған шақта ұлы Мұхаңның кең пейіл, мол мейірмен жазылған "Бұл күлкіге дән ризамыз" атты мақаласы жарқ ете түседі. "Бұл комедия қызыл-қырғын күлкіге қарқ қылған анық талантты табыс" деген балталасаң да бұзылмайтын бағамен аяқталған осы батадан соң "Бөлтірік" республиканың үлкенді-кішілі сахналарын шарлап кете барды. Қырық жыл бойы қазақ театрлары сахнасында үздіксіз қойылған "Бөлтірік" ғасырлар тоғысында - 1998 жылы сахна саңлағы Асанәлі Әшімовтің жетекшілігімен М.Әуезов атындағы академиялық театрда тағы да зор табыспен сахналанды. Пьесаның осыншама өміршеңдігінің сыры неде?
Ең алдымен, Қалекеңнің қоғам дертін кәнігі тамыршыдай тап баса білгендігінде. Пьесада көтерілген проблема күні бүгінге дейін өзінің көкейкестілігін жоғалтқан емес. Өйткені әр буынның өз Марфуғасы бар. Қазақ университетінде оқып жүргенде "Бөлтірікті" біздің заманның студенттері де әуесқой сахнаға шығардық (Марфуға - Салтанат Айбергенова, Сапар - Сағатбек Медеубеков, Сұңғат - Бейбіт Сапаралин, т.б.). Оны енді біздің балаларымыз да өз өмірінің шындығындай көріп, соларға арнап жазылған шығармадай қабылдады.
Кейде ойланасың: шапқан аттай, атқан оқтай зымырап өтіп бара жатқан заман емес, адам - мына біздің өзіміз сияқты көрінеді. Өз өсін айналып тұрған жер сияқты өмір сахнасы да зыр айналып, әр кезеңде адамдардың әр буынының шындығын сахнаға шығарады. Өмір өзгермесе де, тіршілік тегершігі тағы бір айналғанда адамзат буыны алмасады. Біз "өттің дүние-ай" деп қанша күрсінсек те, дүние, шіркін, "әй, пенделер-ай, өтіп бара жатқан мына мен емес, өздерің екенін аңғармайтын қандай алаңғасар едіңдер" деп Құдіреті Күштінің өзі жаратқан орнында тапжылмай тұра береді.
Пьеса өміршеңдігінің тағы бір сыры оның профессионал драматург қаламынан туындағанында. Кемел білімді автор сахна техникасын қамырдай илеп, қорғасындай балқытады. Оның үстіне "Бөлтірікті" кейін қазақ өнерінің айтулы тұлғаларына айналған режиссер Ә.Мәмбетов, композитор Ғ.Жұбанова сияқты аса талантты жас буын сахналады.
Иә, өмір өзгермейді. Өзгеретін біз. "Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінерді" жазған Абай шығармасының бір әрпі де өзгерген жоқ, ал соны әр буын өз биігімен оқып, оқыған сайын өзінше жаңалық ашады. Бар қазақтың маңдайына біткен данышпан Абайдың мың бөлініп, әркімнің Абайына айналатыны да осыдан. Қалтай шығармасын қазақтардың әр буыны жатсынбай қабылдап, одан өз бейнесі мен өз өмір сүрген ортасының шындығын көре білетіндігі шығарманың осы өміршең рухынан деп білемін.
Тоғыз тілге аударылып, талай жұрттың сахнасына жол тартқан "Бөлтірік" қазақ драматургиясына талантты комедиограф келгендігін бірден танытты. Бұдан кейін М.Әуезов айтқан «анық талантты табыстың» кездейсоқ еместігін дәлелдегісі келген Қалекең "Құдағи келіпті" (1960), "Қуырдақ дайын" (1962), "Өзіме де сол керек" (1964) атты бірінен бірі өтетін комедияларды ұсынып, күлкіге сусаған көрерменді әбден қарқ қылды.
Қалекеңнің қалам қарымын өзгеше қырынан көрсеткен тағы бір талантты туындысы - "Жат елде". Драма 1964 жылы Жазушылар одағындағы қырғын талқылаудан кейін Ғабит Мүсіреповтің зор беделі арқасында үлкен сахнаға жолдама алып, 1966 жылы Әуезов театрында қойылды. Мұның алдында жазылған «Біз періште емеспіз» драмасы «қырағы көздер» сынынан өте алмай қалса да (қырық жыл сартап болған бұл драма 1988 жылы ғана сахнаға шықты) Қалекең таудай толқындары бірде тас, бірде бас жарып тұрған ашулы теңіздей толқыған тақырыпқа қайсар шабыттың қайығын қайыра салады. "Жат елдені" жазу әкесі отыз жетінің қансоқтасында атылып кеткен Қалтай үшін ерлікпен пара-пар еді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ежелден еншісі бөлінбеген Еуропа екіге жарылды. Тіпті ғасырлар бойы азуын айға білеген әуелі Пруссия, кейін Германия империясының бөлінбеген астанасы болған Берлиннің өзі қақ айырылып кетті. Екі жүйенің арасындағы текетірестің шиеленіскені соншалық, әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың табалдырығын аттап барып әрең тоқтады. Әлем картасындағы алуан реңк оңғақ тартып, ақ пен қарадай социализм мен капитализм деген екі түс қана қалды. Осылайша бүкіл адамзат тағдыры апокалипсис атты қылкөпірдің үстіндегі қос қошқардың текетіресіне қарап қалды.
Тіршілік атаулының түйткілі әбден шиыршық атқан осы бір шырғалаң сәтте Қалтай аға шыбын жанын шүберекке түйіп, қаны сорғалаған тақырыпқа қалам тартады.
- Не сор түрткенін өзім де білмеймін. Бір жағы, өзім күнде тыңдайтын "Азаттықтың" әсері ме екен, әлде, біреу біліп, біреу білмейтін ақиқатты айтсам деген ой болды ма, әйтеуір, осы тақырып мені өзіне тартты да тұрды. Әбден ширығып жүргендіктен, шығарма бір демде жазылды. Қазір ойлап отырсам: жанынан безген адам ғана баратын сол тақырыпты жастықтың қызуымен алған екенмін. Дәл бүгінгі Қалтайдың биігінен қарар болсам, оның тіпті маңынан да жүрмес едім, - деп еді абыз аға сексенінші жылдардағы әңгімелерінің бірінде әзіл-шынын араластыра сөйлеп.
Қаншалықты көркем шығарма болса да "Жат елде" кейіпкерлерінің өмірде нақты прототиптері бар. Мысалы, Түркістан легионы тарихынан хабардар адамға Уәли Хасан - Уәли Каюмхан, Бекмырза - Баймырза Хаит, Сайын - Зәки Уәлиди, Құрбан - Қарыс Қанатбаев, Асан - Мәжит Айтбаев екендіктерін аңғару қиын емес. Автор шығармасын жай ғана драма дей салмай, "деректерге құрылған үш бөлімді драма" деуінде осындай үлкен ишара жатыр.
Мысалдап, мысқылдап, әсірелеп, астарлап жазудың асқан шебері саналатын Қалекең бұл шығармасында сол кездегі жазуды қойып, айтуға тыйым салынған біраз ақиқатты жеткізе білген.
Біріншіден, шығармада алаштың ардагер ұлы Мұстафа Шоқайдың аты аталады. Ол кезде Шоқайдың аты мүлде аталмайтын, аталған күннің өзінде оны әдеттегі "ұлтшыл", "алашордашыл" деген айыптармен емес, "опасыз", "сатқын", "фашист", "сілімтік" деген небір сұрқия сөздермен жерден алып, жерге салатын. Қалекең осының біріне де соқтықпай, қиыннан қиыстырып жол табады. Ол Бекмырза деген кейіпкердің аузына салған "Ағаң Мұстафа Шоқайдың басын мүжіген осы ғой" деген бір ауыз сөз арқылы алаш арысының бүкіл тағдырын көрерменнің көз алдына жайып салады. Енді осы бір ауыз сөздің астарына үңіліп көрейікші.
Біріншіден, автор есімін атауға тыйым салынған Мұстафа Шоқай деген қайраткердің болғандығын еске салады.
Екіншіден, автор жай ғана "Мұстафа Шоқай" дей салмай "ағаң Мұстафа Шоқай" дейді және бұл сөзді қазақ кейіпкері қазаққа қарата айтпайды, қырғыз кейіпкері қазаққа қарата сөйлейді. Мұның өзі Мұстафа бір әулеттің немесе атаның емес, бүкіл қазақ халқының ағасы деген ұғымды соқырға таяқ ұстатқандай айқын да анық білдіріп тұрған жоқ па?!
Үшіншіден, М.Шоқайдың "басын" анау-мынау емес, Түркістан Республикасы президенттігінің тағынан үміткер Уәли Хасан "мүжіген" деген деректі де алға тартады.
Бұл М.Шоқай тұтас түркі жұртының талассыз көсемі болды деген ишара. Шындығында Мұстафа Шоқай түркі халықтарының талассыз лидері еді. Оның фашистер тұтқынына түсіп, Бухенвальд, Освенцим, Дахау концлагерьлерінде тірідей шіруге айналған түркі жұрағатын аман сақтау үшін әрі Орталық Азияда Түркістан Республикасын құру мақсатында "Түркістан легионын" жасақтауға әрекет жасағаны шындық.
Мұстафа опасыз досы Уәли Каюмханның қастандығынан құрбан болған жан. Автор әлгі сөзінде сол кезде біреу біліп, біреу білмейтін бұл фактіні де қазақ қауымына құлағдар етіп тұр. Қалекең мұнымен де тоқтамай, осы бір опасыздықтың қазақтардың арқасына аяздай бататынын да Асан деген кейіпкердің: "Енді кім деп едің. Дертім ішімде, кек қайтарар күн қайда? Түркістан азат етілген күні бұл иттің сыбағасын өзім берем", - деген сөздерімен сездіріп өтеді.
Пьесаның осы уақытқа дейін кейбір зерттеушілер тарапынан қаға беріс қалып келе жатқан тағы бір ерекшелігі онда Қазақ елінің егемендігі туралы идеяның көрініс бергендігі. Бір қарағанда, "Жат елденің" кейіпкерлері туған Отанынан жырақтап қалған, басында билігі жоқ бейшара жандар болып көрінуі мүмкін. Бірақ, олардың бәрі бірдей ас ішіп, аяқ босатқанына мәз боп жүрген жандар емес, көпшілігінің арманы - Қазақстанның тәуелсіз ел болуын көру. Қалекең тағы сол Асанның (бұл кейіпкерге прототип болған Қорқыт, Қобызшы Қорқыт бүркеншік атын пайдаланып, талай-талай туындылар жазған талантты ақын - Мәжит Айтбаев) аузына: "Монако, Андорра, Люксембург те дербес мемлекет қой. Жинала бастасақ, олардан әлдеқайда асып түсеміз" деген сөз салады. Алпыс алтыншы жылы мұндай сөзді жүрегінің түгі бар қаламгер ғана жаза алатын еді.
"Ер туған жерінде". Қалекеңнің тағы бір кейіпкері Жұманның есіл-дерті "есебін тауып, туған елге жету". Ақыр соңында ол солай істеді де.
Осы шығармасында Қалекең жазу, айтуды былай қойып, естіген адамның есін кетіретіндей сөздерді драмалық жанрдың бар мүмкіндігін асқан шеберлікпен пайдалана отырып, біресе ана, біресе мына кейіпкерінің аузына салып, отша ойнатып отырған. Мысалы, америкалық кейіпкердің аузына: "коммунизмнің бос қиял екендігін ұғындыру - бүкіл Россияны большевизмнен азат етудің бастамасы" деген сөздерді салу арқылы барлық алаш қайраткерлері мұрат еткен ұлы идеяны да жарқырата жайып салады.
Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов және Қалтай Мұхамеджанов
Әрине, қазір заман өзгерді, қоғам өзгерді. Тәуелсіз мемлекет құрдық. Идеологиялық шектеуліктердің бәрі де келмеске кетті. Қай тақырыпқа болмасын еркін қалам тартатын болдық. Ал қылышынан қан тамған алпыс алтыншы жылы көп ойларды ишарамен, тұспалмен, кейіпкер сөзі, сахна тілімен жеткізген бұл шығарма бүгінде тақырыбы көмескі тарта бастаса да, қазақ драматургиясы тарихындағы кезеңді әрі кесек туынды ретінде қала бермек.
Қалекең драматургиясының шыңы деуге тұрарлық тағы бір шығарма - "Көктөбедегі кездесу". Шығарма бұған дейін әлем әдебиетінде мың мәрте шиырланып, сан рет сараланған тақырыпқа арналса да, Қалекең оған өзгеше қырынан келеді.
Әуелі "Көктөбенің" жазылу тарихына тоқтала кетейік. Өйткені спектакль сарайына бастайтын кілт осы тарихта жатыр.
Келесі жылы өзінің жарты ғасырлық тарихын атайын деп отырған Мәскеудің "Современник" театры 70-жылдардың басында дағдарысқа ұшырады. Театрдың көркемдік жетекшілігінен орыс театрының тарланы, режиссер һәм мәшһүр актер Олег Ефремов кетіп, кейін оның орнына есімін сол кезде біреу біліп, біреу білмейтін Галина Волчек келді. Өзінің бұл орынға кездейсоқ келмегендігін әрі театрдың ендігі тірлігінде Ефремов салған ескі жолдан өзгеше сүрлеу сала алатынын дәлелдеу үшін ол тың ізденістерге барады. Волчекке театрдың атына сай осы заманның өзекті проблемаларына батыл бара алатын жаңа автор керек еді. Оның үстіне дәл осы кезеңдегі орыс драматургиясы, бір жағынан, орыс әдебиетінің алтын ғасырында дүниеге келген әйгілі туындылардың көлеңкесінен шыға алмай, екінші жағынан, социалистік реализм әдебиетінің әбден сартап болған ескі тақырыптарын шиырлаудан аса алмаған мүсәпір хал кеше бастаған болатын. Осы кезде қырық айлалы әйел затынан шыққан Волчек құрықты әр шығармасымен күллі кеңес әдебиетін сілкінтіп, серпілтіп тұрған жас пері Шыңғыс Айтматовқа салады. Прозада айдарынан жел ескен Айтматовтың драматургиядан дәмесі зор да, дәрмені шамалы болатын. Міне, осы тұста шоң қырғыз қолқаны Қалтай Мұхамеджановқа салады.
"Көктөбенің" жазылу тарихы ары қарай төмендегідей өрісте өрбиді.
Шығарманың идеясы мен болашақ повеске лайықталған сюжетінің ұзын-ырғасын Шыңғыс 1972 жылдың қаңтарында айтады. Ұсынысты қабыл алған Қалтай "жобасы бар да жотасы жоқ" пьесаны жазуға отырады. Әуелден "түйе толғақпен" жүретін Қалекең ешуақытта үш айда пьеса жазып көрмепті. Бірақ Бішкектегі Шыңғыс, Алматыдағы Әбдіжәміл досының қайрауымен қайта-қайта жазу үстеліне отырады. Қанша тырысса да "Көктөбенің" көк мұнарасын ұстап тұратын жонарқа табылмайды. Сөйтіп әрі-сәрі күйде жүргенде оның үйіне Шыңғыстың қайын апасы, соғыс кезінде интернатта тәрбиеші болған Айша апай келеді. Міне, осы Айша апайдың образы "Көктөбеге" осы есімдес кейіпкер болып енгеннен кейін пьеса жонданып шыға келеді.Бәрі орын-орнына түсіп, қиюласа кеткен оқиғаны Қалекең тез арада хатқа түсіріп, әлем сахнасын шарлап кеткен шиыршық атқан шығарманың соңғы нүктесін қояды.
Төрт аяғын тең басқан туындыны Шыңғыс та шырайын келтіріп-ақ орысшаға аударады. Пьесаны екі алақанын жайып күтіп отырған Г.Волчек жаңа туған шаранадай тосып алып, сол жылдың аяғында "Современник" сахнасында жарқырата қояды.
Қалтайдың жаңа туындысы кеңес қана емес, әлемдік драматургияның үздік туындыларының бірі, дұрысы, бірегейі ретінде қабылданды.
"Көктөбе" "Современник" сахнасына шығысымен-ақ әлем театрларын шарлап кетті. Қаны сорғалаған шындыққа құрылған бұл шығарманы әуелі Рига, Вильнюс, Таллин театрлары қойды. Оны келесі жылы-ақ Вашингтонның "Арена стенш", Лондонның "Ханстед" театры сахналады. Бұдан кейін ол Варшава, Будапешт, Пловдив, Стокгольм, Хельсинки, Токио, Бомбей, барлығы 19 шет елдің сахнасында зор табыспен қойылып, әлем халықтарының ондаған тілдеріне аударылды.
Кеңес әдебиетінің 70 жылдық тарихында бірде-бір совет драматургының шығармасы мұндай даңққа бөленіп, осындай абыройға ие болған емес. Бұған дейін де қазақ сахнасының бар шырайын кіргізген шығармаларымен көзі тірі классиктер қатарынан берік орын алған Қалтай Мұхамеджанов тек "Көктөбедегі кездесу" арқылы-ақ әлемдік драматургияның ең таңдаулы тұлғалары қатарынан ойып тұрып орын алды десек ешбір артық айтқандық бола қоймас, сірә.
Осы тұста айтпаса атасы өлетін тағы бір сөз бар. Жол арасынан кінәрат іздейтін кейбір қызылкөздерге алдын ала ескерте кетейін: мақсатым бірі дүниеден озып, екіншісі жер ортасына жақындаған қос таланттың ортасына сына қағу үшін емес, ақиқатты айқындау ғана.
"Көктөбенің" авторы - Қалтай Мұхамеджанов. Иә, дәл осы жерден ары қарай қойылатын үтір мен және бір автордың аты-жөнін іздемей-ақ қойыңыз. Қосалқы автор, бүгінгі заман тілімен айтқанда, шығарманың емес, жобаның, идеяның авторы. Мұны Шыңғыс Айтматовтың өзі де ешқашан жоққа шығарған емес. Әділдік үшін Шықаңның өзін сөйлетіп көрейікші: "Я не скажу, что мое вступление в "ранг" драматурга было безоблачным. Материал предназначался первоначально не для пьесы, а для повести. Но когда театр в лице Галины Волчек и Олега Табакова убедил меня, что мой сюжет более всего подходит для сцены, я рассказал сюжет своему другу, казахскому драматургу Калтаю Мухамеджанову, который потом стал моим соавтором. Он писал на казахском языке, который я перевел на русский".
Шықаң тек шындықты айтқан. Онда тек сюжет қана бар. Шықаң оны Қалтай досына айтады. Ал Қалтай болса осы сюжет негізінде жеке-дара пьеса жазып шығады. Шықаң дайын дүниені орыс тіліне аударады.
Ал осы туралы Қалекең не дейді? Енді оған да кезек берейік.
"1972 жылдың январь айының орта шенінде Шыңғыс Алматыға келді... Маған Шыңғыс өз ойындағы бір повестің оқиғасын тәптіштеп айтты...
- Осыдан пьеса жазу керек. Москва театрының басшыларына айтып едім, енді соңымнан қалмай, басымды әлекке салды. Осыны екеуміз бірігіп жазсақ қайтеді деген оймен келдім. Алматыда дәл қазір осыдан басқа шаруам жоқ.
Мен ойланып қалдым... Ол түні бізде ұйқы болған жоқ. Таң сыз бере бөлмеге кіріп, қолда қағаз жоқ екен, үстел үстіндегі календарьдың үш-төрт парағына болашақ драманың жоспарын жасадық. Уәде осы болды да Шыңғыс жүріп кетті... Арада бір ай өтпей Шыңғыс "Батыр-әкесі, хал қалай?" деп телефон соқты. Халдың мәз емес екендігін айттым... Ар жағы 11 күнде пьеса бітті. Өзім Ыстықкөлге бара жатып, майдың ортасында сол нұсқаны Фрунзедегі Шыңғысқа беріп кеттім".
Екі автордың да деректері бірдей, тек Қалағаңның біз ықшамдап келтірген естелігіндегі деталь, нақтылық басым.
Енді "Көктөбенің" жұлын омыртқасын ұстап тұрған кейіпкер Айша апайдың тарихына оралайық. Шықаң айтады: "Мы оба понимали, что здесь нужно найти какой-то особый "ход", который связал бы и объединил героев, ярче и значительное проявил бы их характер и поступки. Нужен был персонаж высокого нравственного звучания, судья, оппонент, друг... И вот именно он, драматург Калтай Мухамеджанов, нашел этот персонаж - Айшу апа, бывшую учительницу, старого, благородного человека, вырастившего и воспитавшего наших героев и все вдруг встало на свои места, ожило".
Бұл жолы да бекзат болмысты қырғыз жазушысы шынайы шындықты айтқан.
Енді бұл туралы Қалекең не дейді.
"Екі білекті сыбанып іске кірістім. Сыбанғаны құрысын қанша отырсам да бел беретін түрі жоқ... Сөйтіп жүргенде осында университетке оқуға түсуге келген Шыңғыстың үлкен ұлы Санжармен бірге тұратын қайын апасы Айша бір күні үйге келді. Әңгімеден әңгіме шығып, Айша апай соғыс кезінде интернатта тәрбиеші болғандығын айтты. Біздің басты кейіпкерлеріміз интернаттан майданға кетіп, содан аман қайтқандары болатын. Мен Айша апай кетпей-ақ жазу үстеліне отырдым". Айша апайдың бұдан кейінгі оқырманға әбден таныс тарихын ары қарай ежіктеудің қажеті жоқ деп білемін.
Екі қаламгердің бар шындықты жайып салып, ақтарыла ашылған осы пікірлерінен қандай қорытынды шығаруға болады? Сюжеттің авторы - Шыңғыс Айтматов, оны пьесаға айналдыру идеясының авторы - Галина Волчек, шығарманы жеке-дара жазып шыққан - Қалтай Мұхамеджанов, оны орыс тіліне аударған - Шыңғыс Айтматов. Осы тұста сахна сыртында тұрған "Көктөбеге" қатысты тағы үш адамның есімін атай кеткен ләзім: Қалтайға дем беруші досы - Әбдіжәміл Нұрпейісов, сахналанған спектакльдің продюссері - "Современниктің" директоры Олег Табаков, промоутері - Роман Кармен.
Қолмен қойғандай осы деректерден кімнің кім екендігі жөніндегі ендігі қорытындыны көзі қарақты оқырман өзі-ақ жасап алатынына еш күмәнім жоқ. Менікі тек айтылмаса атасы өлетін шындықты тірілту ғана.
"Көктөбедегі кездесу" орыс, қазақ, тіпті әлемнің әр түкпіріндегі аузымен құс тістеген театр сыншылары тарапынан әбден талданып, әлдеқашан жіктеліп, жіліктенген туынды. Менің драматургияға алты аласы, бес бересім жоқ. Сөйтсе де көрермен, оқырман ретінде өз пікірімді білдіре кеткенді жөн санадым.
Шығармада: бірі - өзі де, сөзі де жоқ, екіншісі - өзі жоқ та сөзі бар, үшіншісі - өзі де, сөзі де болса да шығарма соңында екеуінен де айырылып шыға келетін үш бас кейіпкер бар.
Мұның біріншісі - Фудзияма. Жапондар оны Фудзи, кейде жаны бар адамдай Фудзисан дейді («Фудзияма» деп тек шетелдіктер ғана айтады). Бұл тау дегенді былай қойып, шоқы деуге тұрмайтын төбешік қана. Сонысына қарамай күллі жапон еліндегі ең биік нүкте, бірақ оның биіктігі біздің Алатаудағы Абай шыңын былай қойғанда, Талғар шоқысының жанында да жіп есе алмайды. Бірақ еңсесі төмен болса да ертегідей тарихы бар әлі сөнбеген жанартау. Оның үстіне кесенің түбіне құйылған бір ұрттам шайын демдеп қана емес, дәсерсітіп беретін жапондар үшін Фудзидің орны әр заманда да ерекше болған. "Фудзи" сөзінің түп-төркіні Жапонияның солтүстігін мекендейтін байырғы халық айндардың "фусхи" - от құдайы" сөзінен алынғандығы да біраз жайдан хабар беріп тұрған жоқ па. Ата-бабаларының әрбір дәстүріне ерекше құрметпен қарайтын жапондардың бүгінгі буыны үшін де Фудзи киелі орын, қасиетті мекен саналады. Сондықтан жыл сайын олар тілек-ниеттерінің тазалығын білдіретін ақ киімге оранып, Фудзидің төбесіне шығады. Пьесада автор аллегория ретінде алған Фудзи әр кейіпкердің ар-ұятын айқындайтын таразы бейнесін атқарған. Таразыға түскен зат тартылуға тиіс болатыны себепті, дүниеге келген әр адам да мезгіл-мезгіл өз ар-ұятының алдында есеп беріп отыруға тиісті. Ендеше Көктөбеге шықтың екен - жан дүниеңді жалғанның жарығына жайып сал.
Таразы бар жерде оның өлшемі - тасы болуы керек. Көктөбенің басына шыққан әр кейіпкердің ар-ұятын Айша апай шығармада біз "өзі жоқ та сөзі бар" деп жұмбақтап отырған кейіпкер Сабырмен безбендейді. Өйткені Сабыр адалдық пен әділдіктің, достық пен махаббаттың эталоны. Сабырды сату - достықты сату, Сабырды күстаналау - әділдіктің ақ жолын аттау.
Драматургияның жазылмаған заңы бойынша сахнаға таразы да, тас та шыққан соң оны қозғалысқа келтіретін тағы бір тұлға керек. Осы тұста қазақтың ұлы драматургы Айша апайды ойлап табады. Орыстың атақты режиссері К.С.Станиславскийдің әлдеқашан афоризмге айналған: "Когда играешь злого, - ищи где он добрый", - деген сөзі бар. Көктөбеге жиналғандардың бәрі бірдей жауыз болып дүниеге келген жоқ. Кезінде адал достықты ту көтеріп, майданға аттанған бір кездегі шәкірттерінің ар-ұятын Айша апай Сабырға деген көзқарастарымен өлшейді. Есімі пьесаға қатысушылар санатында мүлде аталмайтын Сабырды менің бас кейіпкер дәрежесіне қарастыруымның сыры да осында.
Өз басым Жапонияда қанша болсам да Фудзиді көрген емеспін. Тіпті көрудің де қажеті жоқ деп есептеймін. Мен онымен әйгілі жапон суретшісі Кацусика Хокусайдың "Фудзидің 36 келбеті" және "Фудзидің 100 бейнесі" атты картиналары арқылы әлдеқашан таныспын. Мұның алғашқысы түрлі-түсті ксилографиямен (ағаштағы гравюра) салынған. Маған Қалекең кейіпкерлерінің образын Хокусайдың осы суреттеріне қарап жасаған сияқты көрінеді де тұрады.
Хокусай гравюраларындағы Фудзи бірде Абай айтқан "арыстанның жалындай бұйра толқынның" тасасындағы кішкентай ғана төбешік, енді бірде қызуы бет қаратпайтын от боп жанған жанартау, жақын келсең етегі сыңсыған орманға толы жазиралы алқап, алыстан көз тіксең ақша бұлттары аспанмен таласқан асқақтаған тау, тағы бірде бар құпиясын сұрғылт тұман көмкеріп, сағымға оранған киелі мекен сияқты алуан қырынан көрінеді. Қалекеңнің кейіпкерлері де құдды осы Фудзидей бірде ашылып, бірде шашылып, бірде басылып, бірде тасынып, бір төбенің басында қырық құбылады. Айырмасы: Хокусай өлі табиғатқа жан бітірсе, Қалтай жан иелерін тірі өлікке - құр сүлдерге айналдырады. Хас шебердің өнерді - өмірге, ал өмірді өнерге айналдыратын құдіреті осында болса керек.
Қалекеңнен қалған мол мұраның үлкен бір саласы - публицистика. Ағамыздың 70 жылдығы қарсаңында "Атамұра" баспасы Қалтай Мұхамеджанов шығармаларының таңдамалы үш томдығын шығарды. Өзіне де, өзгеге де өте үлкен талап қоятын Қалекең соның бір томын шекесінен шертіп отырып, әр жылдардағы ой-толғаныстарының жемісіндей болған публицистикалық шығармаларына арнады. Ағамыздың кескін-келбетін аша түсу үшін соның бірсыпырасына тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Қалекең көзі тірісінде академик С.Кеңесбаев пен қаламгер досы Ә.Әбішев пен Ә.Әлімжановтарға ашық хат жазып, мүфти Р.Нысанбаевпен телесайысқа шықты.
Қалекеңнің қаһарлы қаламына іліккендердің алғашқысы өмір бойы қазақ тілінің арқасында шен алып, шекпен киген академик С.Кеңесбаев болды. Не түлен түрткенін кім білсін, дәл осы адам қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалып-қалмауы таразыға түскен кезде өзіне өмір бойы нан жегізген ана тілін орыс тілінің қанжығасына бөктере салды. Және мұны абайсызда бір рет емес, әдейілеп бірнеше рет айтты. Мұнымен де қоймай одақтық басылымның бірінде арнайы мақала жариялап, күллі қазақ қауымын тағы да жерге қаратты. Бұл өзі Одақ орнында, Компартия әлі қаһарында болған кез болатын. Зиялы қауым үнсіз қалды. Міне, дәл осы тұста Қалекеңнің күндей күркіреген құдіретті дауысы естіліп, "Ақиқатқа жүгінейік, аға" (1989) деген ашық хаты жарқ ете қалды.
Құдай Қалтайдың қаламына іліктірмесін деңіз. "Ағалап" отырып-ақ академикті тірідей іреп, бітеудей сойды. Қазақ тілі туралы кешегі Клапрот, Радлов, Мелиоранскийден бастап, бүгінгі Бельгер, Гарковец, Щеголихиндердің, арғы-бергі замандағы қазақ зиялыларының келісті пікірлерін келістіре келтіріп, академикті "өткірдің жүзіне" салды-ай дерсің. Басынан аяғына бұтарласаң бұза алмайтын бұлтартпас дәлел, өрнекті ой, қисынды пікірге құрылған хат қалай тапқанын автордың өзі ғана білетін ұлы Мұхаңның қолжазба қорынан алынған: "көрінеу мақтаншақ, тарқылдақ, іші арам, қиқарлығы көп, екі жүзді, нендей қиянат, арам саудаға оп-оңай бара салатын, арзан "арамшылығы" бар жігіт" деген жаза басқан академиктің өңменінен өтердей пікірімен қорытындыланып, "сізден шындық табудан гөрі маған піскен жұмыртқадан балапан алу оңай" деген тек Қалтайға ғана тән тіркеспен аяқталады. Ашық хат ана тілі жанашырларының айызын қандырып қана қоймай, қазақ тіліне шабуылдаушы өлермен топтың өңешіне құм құйып, тәубесіне түсірді. Нағыз азаматтық позиция болса, осындай-ақ болар деймін.
Кеңесбаевқа жазған хат бүкіл зиялы қауымды дүр сілкіндірген сол оқиғаға тура екі жыл өткенде Қалекеңнің жазушы Әлжаппар Әбішевке арналған "Барымызды бағалай білейік" атты тағы бір хаты жарияланды.
Әлжекең кезінде Компартия қолынан білеу-білеу май асап, Дінмұхаммед Ахметұлының шексіз шарапатын көрген жан екендігінің шет жағасын біз де естіген едік. Сол ағамыз Колбин келгенде өте бір әбес қылық жасапты дегенге кезінде сенер-сенбесімізді білмей дал болып жүруші едік. "Бақсам - бақа екен" дегендей, мұның өзі шындық болып шықты. Дәл осы оқиға туралы қашанда қара қылды қақ жаратын Қалекең жазған ашық хатта былай делінген: "Бастық атаулыға жолыңыз төте жататынын білем, әлі есімде, республиканың жаңа басшысы Г.В.Колбин жазушылармен дидарласуға келгенде, "Сіздің келуіңізді жиырма бес жылдан бері арман етіп едім" деп жоғалған жиеніңізді жаңа тапқандай құшағыңызды жайғаныңызды көргенде "тым асығыс кетті-ау, ақсақал басына лайық болмады" дегеніміз бар". Осы жолдарды оқығанда әлдеқашан пайғамбар жасынан асқан ақсақал жазушымыздың тым асығыс қана емес, өте әбес кеткеніне біз де жағамызды ұстадық. Әлжекеңнің кезінде ұлы Мұхаңның өзіне де тете автор болып, "Намыс гвардиясы" атты шала-жансар пьеса жазысқанын, тіпті соның кеселінен өмірі шашасына шаң жұқтырмаған Мұхаң айбыны бет қаратпас Бауыржандай батыр бауырынан сұрапыл сын-ескертпелер алғанын да білетін едік. Осы бір жай туралы Қалекең кәнігі драматургтің тәсілімен бір ақсақалдың аузына: "Пәшту, Мұхаңдай мұхитқа біз секілді жиған-тергенінен қысыр жылан кебісін шешпей өте шығатын жылымшы жылғашықтар ақыл қосып не қарық қылатын еді", - деген сөз салып, ағасын тірідей табаға шыжғырады.
Ел егенмендігінің елең-алаңында жарияланған осы хат: "Ұлымыздың ұлылығын, үлкеніміздің үлкендігін, жақсымыздың жақсылығын дәлелдей алу үшін де жалпының түгел, тұтас болғаны лазым", деген нағыз абыздың ғана аузынан шығатын елдікке, ынтымаққа, тұтастыққа шақырған баталы сөзбен аяқталушы еді.
Шабыт шіркіннің көктегі құсы тағыға ғана емес, тасқа түсетін адамның кейбір сәттерінде Қалекеңнің қаламы Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов сияқты замандас інілеріне де шүйлігіп, артық-ауыс кеткен жерлері де болды. Осы бір жазбаларды таңдамалының үш томдығына кіргізер тұста «ескіні жаңғыртып қайтеміз" деген менің ұсынысыма:
- Мұхтаржан, мына жұрт "әй дейтін әже жоғын білсе де, қой дейтін қожа" барын біліп жүрсін де, - деп әзіл-шынын араластыра жауап қатып, жеңсік бермей кеткен.
Қалекеңнің қаламынан қаһарлы хаттар ғана емес, шуақ шашып, мейірім төккен шығармалар да молынан туындады.
Абыз аға әр жылдары данышпан Абай, Жамбыл жәкесі, Кенен атасы, Мұхтар ағасынан бастап, қазақ әдебиеті мен өнерінің қайталанбас тұлғалары С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Құсайынов, Т.Ахтанов, А.Тоқмағамбетов, А.Тоқпанов, т.б. жайлы төгілдіре тербеп, тағылымы зор портреттер сериясын жазды. Талантты інілері Ә.Кекілбаев, С.Оразбаев, Р.Нұрғалилардың творчестволық табыстарына қуана қол соқты. Ислам дүниесі, түркі әлемінің ұлы тұлғалары жайлы терең тебіреніске толы мақалалар шоғырын жариялады. Солардың ішінде түріктің әйгілі сатирик жазушысы Ә.Несин мен қырғыздың шоң жазушысы Ш.Айтматов жайлы мақалалары қаламдас қаламгерлерге деген зор сүйіспеншілікпен жазылған таңдаулы туындылар қатарынан орын алды.
Бір топырақта туып, бір ортада өскен, қырық жыл арасынан қыл өтпеген қимас досы Әбдіжәміл Нұрпейісов жайлы әдемі әзілмен әдіптеп отырып жазған "Бір ауыз сөзінің" өзі неге тұрады.
Қалекең - дүниеден озғанша қаламы құрғамай жазған қаламгер. Ол ел өміріндегі барлық саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік сапарларында Елбасы жанында болып, көрген-білген, көкейге түйгендерін мөлдірете жазды. Елбасы да ел өміріндегі ең шешуші сәттерде әрдайым жанынан табылатын ақылман ағасын үнемі құрметтей білді.
"Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді" деген екен Жиренше деген данышпан бабамыз. Қалекең - ұрпақтардың жадында жақсы деген аты, мәңгі өлмес хаты қалған бақытты қаламгер.
"Білектей арқасында өрген бұрымын" көргенде "шіркін, осы бұрымға буынып өлген жігітте арман бар ма екен" деп ғашық болып жарты ғасыр жарасты ғұмыр кешкен жары Фарида жеңешеміз ағамыздың шаңырағының да, шығармасының да шырағын сөндірмей, ұрпақтар игілігіне жаратып отыр.
***
Эссенің соңғы нүктесі қойылғаннан кейін біз абыз ағаның аруағына дұға бағыштау үшін жеңешемді ертіп, Қалекеңнің биік рухы мәңгілік байыз тапқан Кеңсайға келдік. Құран да оқылып, бет те сипалып, енді аттана бергенде Көктөбенің басындағы көп зираттан оқшау орналасқан аға құлпытасына қимас көңілмен тағы бір қарадым.
Тізесіне бір құшақ гүл толтырған мәрмәрдан қашалған ескерткіш-бейне өмір-театрдағы қым-қуыт тірліктің қам-қарекетінде жүрген алуан-алуан пендені ар-ұят таразысына тарту үшін жазылған "Көктөбедегі кездесудің" премьерасында отырғандай әсер қалдырды. Алға ұмтыла бере тас бейнеге тағы бір көз тастадым. Жүзінде әлдебір жұмбақ жымиыстың болар-болмас табы бар екен...
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД